20 Ақпан, 2014

Жас ақындар клубы ашылды

815 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Семей ежелден еліміздің рухани орталықтарының бірі ғана емес, бірегейі саналады. Өйткені, мұнда Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлылардың, Алаш қайраткерлерінің табанының ізі қалған. Оның сыртында еліміздегі алғашқы өлкетану мұражайы мен кітапхана ашылып, алғашқы футбол командасы да осында құрылған. Қазір де сол игі дәстүр өз жал­ғасын табуда. Соның айғағындай, мұнда айтыскер ақындар мектебінің жұмыс істей бастағанына бірнеше жылдың жүзі болды. Белгілі айтыскер ақын Дәмеш Омарбаева жетекшілік ететін осы мектеп түлектерінің есімі бүгінде республика көлемінде кеңінен танылып отыр. Соңғы бірер жылда Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті жанынан ашылған Абай атындағы зиялылар клубында да игі шаралар көптеп атқарылуда. Жуырда, Семейдегі Абайдың рес­публикалық қорық мұражайында «Асыл қазына» деген атпен жас ақындар клубы ашылды. Аталған клубтың ашылу салтанатында мұра­жай директоры Жандос Әубәкір атап айтқандай, клубтың мақсаты – бұлақтың көзін ашумен бірге, жас өскіндердің жырларын талқылап, бағыт беру, топтама жыр жинақтарын шығаруға қамқорлық таныту болып табылады. Рәсімде жергілікті этнограф қаламгер Молдабек Жанболатұлы жеткіншектерге аталы да баталы сөз айтса, жоғарыда есімі аталған ай­­тыскер ақын Дәмеш Омарбаева жаңадан ашылған жас ақындар клубына игі тілектестігін білдірді. Мұнан кейін жастар мен жетіншек ақындар тебіреніске толы жыр шумақтарын оқыды. Кеш соңында жеткіншек ақындарға клубтың мүшелік билеті салтанатты жағдайда табыс етілді. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. СЕМЕЙ.