Спорт • 04 Қараша, 2021

Спорт жаңалықтарына шолу

155 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Спорт жаңалықтарына шолу

Федерация басшылығы өзгерді

Қазақстандық балуандардың Токио Олимпиадасындағы және Норве­гияда өт­кен әлем біріншілігіндегі сәтсіз­дік­те­рінен кейін грек-рим, еркін және әйел­­дер күресі федерациясының бас­шы­­лық құрамында бірқатар өзгеріс болды.

Қазақстан күрес түрлері федерациясының мәліметі бойынша, грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті болып бұған дейін вице-президент қызметін атқарған Ерлан Қожасбай сайланды. Ал әйелдер күресі бойынша еркін күрестен 2006 жылғы Азия чемпионы Нұржан Қатаев, грек-рим күресі бойынша Талғат Жылысбаев, бапкерлер мен төрешілердің кураторы бойын­ша Алматы қаласы спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов, өңірлік даму бағыты бойынша Нұр-Сұлтан қаласының «Дене шынықтыру және спорт басқармасы» ММ басшысы Самат Ерғалиев вице-прези­денттікке тағайындалды.

Сонымен қатар еліміздің даңқты балуаны, Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, әлем біріншілігінің бес дүркін жүлдегері Алмат Кебіспаев грек-рим күресі құрамасының үйлестірушісі, 2018 жыл­ғы Азия чемпионы Асхат Ділмұхаметов феде­рацияның маркетинг бағытындағы үйлестірушісі, үш дүркін Азия чемпионы, әлем біріншілігінің жүлдегері Дәулет Ниязбеков еркін күрес құрамасының үйлестірушісі болды.

Ал балуандардың жетістігіне тікелей қа­тысы бар ұлттық құраманың бас бапкерлер құрамында әзірге өзгеріс бола қойған жоқ.

 

 

Екінші кезеңде сүрінді

Теннистен Қазақстанның – бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Александр Буб­лик Парижде өтіп жатқан жүлде қоры 2,6 млн еуродан асатын ATP 1000 тур­нирінің екінші айналымында сүрінді.

Жерлесіміз турнирдегі тұсаукесер кез­­де­суінде әлемнің 24-ракеткасы, ұлы­бри­таниялық Дэниел Эванспен кездесіп, үш сеттің қорытындысы бойынша 2:6, 7:5, 7:5 нәтижесімен жеңіске жеткен еді. Өкінішке қарай, екінші айналымда әлемнің сегізінші, осы доданың 6-ракеткасы, норвегиялық Каспер Руудтың осал тұсын таба алмады. Норвегиялық теннисші 1 сағат 17 минутқа созылған бәсекеде өзінің шеберлігі арқасында отандасымыздан екі сетте 6:4, 6:0 есебімен басым түсті.

Бәсеке барысында Бублик 6 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін ғана пайдаланды. Қарсыласы 2 эйс, 6 брейкке (16 брейк-пойнт) қол жеткізді. К.Рууд жарыстың ширек финалына шығу үшін аргентиналық Диего Шварцман немесе америкалық Маркос Гиронның бірімен таласады. А.Бублик жекелей сындағы жарысты аяқтағанымен, жұптық бәсекесінде испаниялық Роберто Баутистамен бірге өнер көрсетеді.

 

Промоутерсіз қалды

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев (18-1, 14 КО) ка­надалық Eye of The Tiger Management промоутерлік компаниясымен жұ­мыс істемейтін болды. Бұл туралы бокс­шының өзі мәлімдеді.

«Канадада кәсіпқой боксшы ретінде жолымды ашқан ЕОТТМ промоутерлік компания­сына және оның басшысы Камиль Эстефанға алғыс айтқым келеді. Ендігі мансабымдағы оң нәтижелерді көздей отырып, өзара бейбіт келісіммен, қос тараптың серіктестігі аяқталды. Десе де әлем чемпионы атану мақсатым өз күшінде қала береді», деп жазды спортшы әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Айта кетейік, Батыр Жүкембаев шаршы алаңдағы соңғы жекпе-жегін осы жыл­дың 30 мамырында АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында пуэрто-рикалық Сабриэль Матиаспен (17-1-0, 17 КО) өткізіп, техникалық нокаутпен жеңіліп қалған еді.