Аймақтар • 04 Қараша, 2021

Мұғалжардағы оңды істер

405 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елді мекендерді газдандыру, жол құрылыстары, спорттық нысандар мен тұрғын үй салу жағынан өңірдегі он екі ауданның арасынан Мұғалжар ауданы көш бастап тұр. Өңір басшысы Оңдасын Оразалин, еңбек ардагерлері мен облыстық мәслихаттың депутаттары бастаған топ осы ауданның алты елді мекенін аралап, жұртшылықпен жүздесті. Сапар барысында құрылысы жүріп жатқан «Ақтөбе-Қандыағаш» тасжолының жөндеу жұмыстарын да көріп қайттық.

Мұғалжардағы оңды істер

Ажарлы Ақкемер

Облыс орталығын Мұғал­жар, Темір, Байғанин аудан­да­ры­мен байланыстырып жат­қан 90 шақырымдық «Ақ­тө­бе-Қандыағаш» тас жолы рес­пуб­ликалық «Ақтөбе-Атырау» магис­тралының маңызды бөлі­гі ғана емес, сонымен қатар 67 мың­нан астам тұрғыны бар мұ­най­лы ауданның жылдар бойы жа­малған мәселесінің басты түйі­ні де. Экономиканың негіз­­гі күретамыры – сапалы са­лын­ған жол екендігі күре жолдың бойын­да жан біткен шағын елді ­ме­кен­дер мен жол бойында кө­бей­ген көліктерден де бай­қа­ла­ды. Бұ­рын ойқы-шойқы жолдармен жүріп бара жатқанда мидай даладан ұшқан құстан өзге ештеңе көзге түспейтін. Бүгінгі көрініс басқаша. Ауылдарға жан бітсе, қаладағы баспанасыз жүрген ағайынға да ой түсері анық.
3 шағын қала, 12 ауылдық округ пен 34 ауылдық елді мекенді бі­рік­тірген Мұғалжар ауданында бел­сенді әлеуметтік жобалар қар­қынды іске асырылып келеді.

 Ақтөбе қаласынан шыққан бойы ең бірінші Ақкемер ауылына аялдадық. Бұл ауыл – Ақкемер ауылдық округінің орталығы. Ақтөбе қаласынан 65 шақырым жерде орналасқан, 4 мыңға жуық тұрғыны бар. Округ құрамына Елек, Көктөбе, Көтібар, Жарық ауылдары да кіреді. Ақкемердің іргесінен Елек өзені ағып жатыр. Кезіндегі Електің бойында бау-бақша егіп, мыңғыртып мал өсірген бай шаруашылықтардың бірі болған осы округте 64 шар­уа қожалығы, 23 жеке кәсіп­кер тіркелген. Көп ауылдан артық­шы­лығы – Ақкемерге көгілдір отын ертерек жүргізілді. Биыл жазда ауылдың төрт көшесі мен кіреберістегі жолы күрделі жөн­деу­ден өтті. Асфальт жолдар ауыл­дың ажарын ашып, адамдар­ды жинақылыққа үйретеді, Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Шериязданов Ақкемер ауы­лының бірнеше көшесіне орташа жөндеу жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» және Жұмыспен қам­ту­дың жол картасы арқылы қар­жы­ландырылып, ауданның бір­не­ше жұмыссыз азаматтары тар­тылғанын баяндады.

 Ақкемерден шыққан соң 600 тұрғыны бар Елек ауылына келіп, ауылішілік газ құбырын қосу рәсіміне қатыстық. Екі ауылдың арасы – 20 шақырым. Ақкемерден Елекке газ құбырын тартумен «АСУ-К» ЖШС-і айналысты. Жоба құны – 229,3 млн теңге. Бүгінде Елек ауылындағы 106 тұрғын үйге газ құбыры жетіп тұр. Өңір басшысы Оңдасын Оразалин мердігерге ауыл мек­тебі мен балабақшаны газ желі­сі­не қосуды жеделдетуге тапсыр­ма берді. Айта кетерлігі, екі жыл бұрын салынған екі қабатты Елек орта мектебінде оқушыларға барлық жағдай жасалған. Был­тыр осы ауылға ауыз су құ­бы­­ры тартылып, әр үйге су кел­ді. Су жаңа мектебі бар, газ жүр­гі­зі­ліп, ауыз су құбыры тар­тыл­ған ауылға көшіп келуге ықы­лас­ты­­лар көбейген. Ақке­мер ауыл­дық округінің әкімі Дамир Қо­жа­ниязов Елек ауылы­ның ірге­сі­нен жеке тұрғын үйлер са­лу­ға 208 жер телімі әзір­лен­ген­ді­гін ха­барлады.

Қандыағаштағы қарбалас тіршілік

36 мыңнан астам тұрғыны бар аудан орталығында бес мек­теп, он балабақша, бір спорт мектебі, екі колледж орна­лас­қандығына қарамастан әлеу­мет­тік нысандарға деген сұра­ныс артпаса, кеміген емес. Қан­ды­ағаш қаласының әкімі Талғат Өтемұратов «Жұмыспен қам­ту­­дың жол картасы» аясында республикалық бюджет­тен бөлінген қаржыға жөн­дел­ген әлеуметтік нысандар құ­ры­­­лысымен таныстырды. Ал жер­­­гілікті бюджеттен бөлінген қаржыға Қандыағаштағы орталық стадион қайта жөнделіп, дзюдо, самбо, қазақ күресі, футбол, шахмат және пауэрлифтингтен оқу-жаттығу сабақтары өтетін болды. Сондай -ақ Қандыағашта екі жүзу бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Осы ғимараттың сыртқы бөлігі аяқталған. Бас мердігер «Ерзат» кооперативінің басшысы алдағы жылы толық бітіреміз деп отыр.

Қандыағашта газ-бетонды кірпіш мен изовер шығаратын екі кәсіпорын жаз айынан бері тоқ­таусыз жұмыс істеп жа­тыр.«Неохим» ЖШС-і кү­ні­не 100 мың текше метр газ-бетон кірпішін өндіріп, 50 адамды жұмыспен қамтыған. Осы меке­менің кірпіштері бүгінде еліміз­дің батыс облыстарына, Қара­ғандыға, Ресейге шыға­ры­лады. Кәсіпорын басшысы В.Алек­сан­дров өндірісті толық автоматтандыру жұмыстарымен айналысатын неміс мамандарын күтіп отырғанын, қондырғылар жаңаланған бойы өндіріс қуатын арттыруға мүмкін болатынын айтты. Газ-бетонды кірпіш құра­мындағы әктас пен құм Қан­ды­ағаш қаласының түбіндегі карьерден алынса, цемент Ресей­дің Новотроицк қаласынан жет­кі­зіледі. Екінші кәсіпорын – ба­заль­т­ті минералды мақта өндіру цехы. Бүгінде айына 2,5-2,6 мың тонна изовер өндіріп, сатылымға шығарып отырған «Қаз Термо Групп» ЖШС-і директоры Мұрат Абжанов кәсіпорын жағдайымен таныстырды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша алынған 1,5 млрд теңге жеңілдетілген несие арқа­сын­да осыдан алты жыл бұрын тоқ­тап қалған өндіріске былтыр жан бітті. Осы қаржыға бал­қыту пештері қайта салынып, италиялық қондырғылар орна­тылған. Қазір минералды мақ­та­ларды Өзбекстан, Ресей сатып ала бастады. Құрылыста изовер ретінде танымал ми­не­рал­ды мақтаның шикізаты Хромтаудан әкелінсе, доломиті Қы­зылордадан, кокс Ресейден алды­рылады. Себебі кокс Қазақ­стан­да шығарылмайды. Цехта қазір 230 адам жұмыс істейді, мұндағы ең төменгі еңбекақы – 100 мың теңге. 

Жұрында құрылыс қарқынды

Қандыағаштан кейін Жұрын елді мекеніне келіп, кентішілік газ құбырын қосу рәсіміне қатыстық. Газ құбыры осы жылдың мамыр айында 26 шақырым жердегі темір жол бекетінен тартыла бас­та­ды. Басқа елді мекендерге қара­ғанда игіліктің бәрінен құр қалып, күйі кеткен бұрынғы аудан орталығы Жұрынға газ өткізу жұмысы он алты жыл бұрын басталып, бірақ еш себеп­сіз тоқтап қалған еді. Жұрын тұр­ғындары алдында Оңдасын Ора­залин өңірде пайдалануға бе­ріліп жатқан жаңа әлеуметтік нысандар жөнінде баяндады. Өңір басшысының айтуынша, пандемияға қарамастан биыл да әлеуметтік нысан құрылыстары тоқтаған жоқ. Бірнеше ауылдарда медициналық амбулаториялар салынып, ауруханалар жөнделіп, жаңа мектептер бой көтерді, шалғай елді мекендерге газ, су құбырлары жүргізіліп, кө­ш­елеріне асфальт төселді. «Мақ­­сат – ауыл адамдарының тұр­мыс жағдайын оңалту. Елді мекендерде интернет байланысын жақсарту оқушыларымыздың сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Жасыратыны жоқ, кей­бір әлеуметтік жобаларды қар­жы­ландыруда қиындықтар туып, не жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге уақыт тапшы болып жатады. Егер жергілікті бюджеттен қаржыландыру мүмкін болмаса, Үкіметке шығып, «Ауыл – ел бесігі», Жұмыспен қамтудың Жол картасы бағдарламалары арқылы қаржыландыру жобасын ұсынамыз», деді өңір басшысы.

Ембі еңсе тіктеп келеді

Ендігі жол – Ембі қаласы. Ауылдарды аралаған топ 65 шақырымды жүріп өтіп, Ембіге жеттік. 13 мың тұрғыны бар Ембі қаласы өтпелі кезеңнің уақыт иірімінде тұрып қалғандай күй кешіп жатыр. Кәсіпорындары жоқ, жұмыссыздық жайлап, сәні бұзылыңқыраған Ембі еліміздің моноқалаларымен тағдырлас. Алайда кәсіпкерлік дамып, әлеу­мет­тік нысандар бой көтеріп, Ембі біртіндеп еңсе тіктеп келеді. Соның бір дәлелі, қаланың Жиенғали Тілепбергенов атын­дағы бас көшесіне асфальт төсе­ліп, Бауыржан Момышұлы көше­сін­дегі №11 көпқабатты тұрғын үйге 198 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. 1990-жыл­дардың аласапыранды заманын еске түсіретін қаңыраған үйге жан бітіп, осы үйден 45 отбасы баспаналы болды. Тұрғын үйге кезекке тұрған көпбалалы отбасылар, мүгедектер, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар осы үйде қоныс тойын тойлады. Ата-анасы қайтыс болған тоғыз жасөспірімнің де осы мекенжайдан баспана кілтін алғанына куә болдық. Жеті баланың әкесі, тракторшы-механизатор Ерлан Бірмановтың отбасы үш бөлмелі пәтерге қоныстанды. Алайда осы үйге қарама-қарсы 90 пәтерлі көпқабатты үйге күрделі жөндеу жұмыстары биыл жыл соңында аяқталуға тиіс болса да мердігер «Қолғанат Құрылыс» ЖШС-і үш жылдан бері тапжылмады. Серіктестік басшысы тапсырыс берілген жылу құбырлары мен есіктер ел шетіне жетпеді деген сылтау айтады. Алайда панель қабырғалары үңірейіп, қаңыраған тұрған үйге отыз жылдан бері құрылысшының қолы тимегені анық.

Ембіге жан бітірген тағы бір әлеуметтік нысан – Samruk-Kazyna Trust қоры тұрғызған ангар үлгісіндегі спорт кешені. Неміс-украин технологиясымен әзірленіп, ауа ағынымен жылытылатын су жаңа кешен көптеген спорт түрінен жаттығулар өткі­зу­ге лайық. Осыдан кейін қала шетіндегі биотазарту нысанына келдік. Бұл жерде кәріз сулар сүзгіленеді. Ембідегі 32 көпқабатты тұрғын үй мен орта­лық кәріз желісіне қосылған жеке үйлерден шығатын ағын­ды сулар осы жерде жиналып, зарарсыздандырылып, төрт деңгейлі тазартудан өтіп, техникалық су ретінде қаланың жасыл желек­те­рін суаруға қолда­ныл­мақ­шы. Бұл жобаның қүны – 2 млрд теңге. Ембінің шетінде жо­ңыш­қа егумен айналысатын шаруа қожалығы биотазартудан өткен суды жаз бойы егістікке пай­да­лан­ған.

Жағабұлақ – мұнайшылар ауылы

Мұғалжар ауданының елді мекен­деріне сапарымызды Бат­пақ­­көл ауылдық округінің ор­талығы Жағабұлақта аяқ­та­дық. Бұрынғы «Жаңажол» кеңша­ры­ның ізіндегі Жағабұлақ бүгінде мұнайшылар ауылына айналған. Жағабұлақ, Жаркемер, Қожасай, Саға ауылдарын біріктіретін осы округте 3 мыңнан астам адам тұрады. Олардың басым көп­шілігі Жаңажол газ өңдеуші зауы­тында немесе «СНПС-Ақтө­бе­мұнайгаз» АҚ-на қарасты ке­ніш­терде жұмыс істейді. Жаға­бұ­лақ ауылынан басқа жаққа көшкендер жоқ. Керісінше мектеп салынғалы бері осы ауылға көшіп келушілер көбейген. Бат­пақ­көл ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Боқашев өңірдегі ауыл әкімдерінің арасынан озып шығып, республикалық кон­курс­қа қатысып келген. Ауыл әкімдерінің сайысында жүзім өсіруден тың идея ұсынған. Жа­ға­­бұлақты көріктендіруге үле­с­ін қосуға ықыласты жас ауыл әкімі жаз бойы Жағабұлақ елді мекенінің бес көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізудің басы-қасында жүрді. Ол жол жөндеудің жобалық-сметалық құжаттарын тезірек әзірлеуге өзі бас болды.

Республикалық бюджет қар­ж­ы­сымен «Ауыл – ел бе­сі­гі» бағ­дарламасы аясында жөн­дел­ген бес көше қазірде ауылдың сәнін келтіріп тұр. Енді мектепке қарама-қарсы тұста ангар үлгісіндегі спорт кешені са­лына бастады. Ауылының гүл­денуі үшін жанын салып жүр­ген жас әкім Мейрамбекке сәттілік тіледік. Байқауымызша, биылғы ауыл әкімдерінің сайлауы елдегі еңбекқор көп жастың көкірегіне ой салған. Ауылына қарап әкімін таны демекші, ел ішінде іскер, шаруақор, патриот­ жігіттердің билікке келуі көп мә­селенің түйінін шешетінін түсіндік. Жағабұлақ тұрғындары да әкімінің бастамасымен ауыл көшелерін таза ұстап отыр. Кө­ше­де көлденең қоқыс жатпайды, мал көшеде бей-берекетсіз жа­йылмайды. Мұғалжар ауда­ны­ның алты елді мекенін аралау кезінде осындай өнегелі істердің куәсі болдық. Ең бастысы – ауыл­ға келген игіліктерді жұрт көріп отыр, қолға алынған жақсы іс­тер­ге ел тілекші.