Қазылар алқасы елуден астам туынды ішінен Жезқазған қаласында тұратын фотограф Ғалия Әбдіғаппарова түсірген суреттерді үздік деп таныды.
Жеңімпаз Жезқазғанда шығатын «Сарыарқа» қалалық газетінің фототілшісі болып алты жыл жұмыс істеген. Қазір ол өзінің тағы бір сүйікті ісі – үстел теннисінен бапкер болып, балаларды жаттықтырып жүр.
– Бұған дейін Жезқазғанда өткен осындай фото байқауға қатысып, бас жүлде алған едім. Ал бұл конкурсқа оншақты сурет жібердім. Олар, негізінен, қаламыздағы түрлі іс-шаралардан, Мемлекет басшысының Ұлытауға сапары кезінде түсірілген фотолар болатын, – дейді Ғалия.
Жүлделі бірінші орын Фёдор Лобовқа берілді. Ал екінші және үшінші жүлделерге Татьяна Летнева мен Екатерина Ткаченко ие болды. Бұл үш фотосуретшінің үшеуі де Теміртау қаласында тұрады.
«Тәуелсіздіктің 30 сәті» байқауын ұйымдастырушылар жеңімпаздар мен жүлдегерлерді сертификаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапаттады. Ал жас фотографтардың туындылары қойылған көрменің есігі қараша айының сегізіне дейін ашық болады.
ҚАРАҒАНДЫ