Коронавирус • 11 Қараша, 2021

Қайта егу қарашаның ортасында басталады

223 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жұмыр жердегі жұрттың бәрі жұқпалы дертпен күресіп, жанталасып жатқаны белгілі. Әлемді әбігерге салған індет әртүрлі кейіпке еніп, құрылымы сан құбылып та үлгерді. Дүниенің түкпір-түкпіріндегі ахуал да бір-біріне ұқсамайды. Бір қуантарлығы, еліміздегі жағдай тұрақталғаны байқалады. Оған дәлел, Үкімет отырысында баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой соңғы үш айда науқастар саны 2,3 есеге азайғанын айтты.

Қайта егу қарашаның ортасында басталады

Қазақстанда соңғы екі айда ауру­шаңдық 3,4 есеге, ал өлім-жітім 4 есеге төмендеді. Коро­на­­ви­рус инфекциясының таралу қар­­қыны бойынша «жасыл аймақ­та» Шымкент қаласы, Ақтөбе, Аты­рау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстары, «сары аймақта» – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Ақмола және Қарағанды облыстары орналасқан. «Қызыл аймақта» Қостанай, Павлодар және Солтүс­тік Қазақстан облыстары қалады. Бү­гінгі таңда 8,5 млн адам вакци­на­ның бірінші компонентімен, 7,7 млн адам екінші компонентімен егілді.

Екпе алуда елордалықтар да белсенді. Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қоймасына Pfizer вакцинасын сақтауға арнал­ған мұздатқыш жеткізілді.

«Өткен демалыс күндері -45-тен -80 градусқа дейінгі темпера­тура­да жұмыс істейтін екі мұз­датқыш әкелінді. Вакцина егу ка­би­нет­теріне арнайы термоконтейнер­лермен жеткізіледі. Бірінші ке­зеңде жасөспірімдер мен жүкті әйел­дерді Pfizer вакцинасы­мен вак­циналау тек медицина­лық ұйым­дар жанындағы вакциналау пунк­терінде жоспарланғанын атап өткен жөн. Pfizer қаланың меди­циналық мекемелеріне түс­кені туралы қосымша хабарланатын бо­лады», деді басқарма өкіл­дері.

Қала бойынша барлығы 90-нан астам вакциналау пункттері жұмыс істейді, сондай-ақ еңбек ұжымдарына вакцина салу үшін көшпелі бригадалар жұмысын жал­ғастыруда.

«Елорда бойынша инфекция­лық стационарлардағы науқастар­дың саны – 477. Бүгінде 10 стационар инфекциялық болып бейімделген, төсектік орын қуаттылығы – 1 097. Бір тәулікте 50-60 адам емделіп, үйге шығарылады. Екпенің 1 ком­по­нентін – 454 579 адам, 2 ком­понентін 419 473 адам алды», деді Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.

Елордада COVID-19-ға қарсы ревакциналау қарашаның екінші жартысында басталады. №15 қала­лық емхананың ЖТД бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Сыздықова бустерлік вакцинаны бірінші болып азаматтардың қандай санаттары алатынын айтты.

«Коронавирус инфекциясына қарсы ревакциналау КВИ-мен күресте иммунитетті нығайту үшін жүргізіледі. Оны бірінші ке­­зек­­­те ауруға бейім азаматтар са­­наты алады. Сондай-ақ меди­ци­на қызметкерлері, педагогтер, құ­қық қорғау органдарының қыз­мет­керлері вакцинамен қайта егіледі. Әрине, бәрі ерікті негізде. Сондай-ақ бірінші кезектегі ревакциналаудан созылмалы аурулары бар адамдар, қарт адамдар өткені абзал, өйткені олар тәуекел тобына кіреді», деді Г.Сыздықова.

Қалалық әкімдіктің мәліме­тін­ше, Нұр-Сұлтанда мектеп оқу­шы­ларының ата-аналарымен қауіп­сіздік үшін екпенің маңызы туралы әңгімелесу белсенді түрде жүріп жатыр. Қала мектептерінде екпенің қажеттілігі туралы сауалдамалар мен жадынамалар таратылады. Өйткені балалар арасында да коронавирус жұқтыратындар қата­ры көбейе бастады. Айта кетейік, ­биыл 10 айда Нұр-Сұлтан қаласында ­13 мыңнан астам бала коронавирус ­бо­­йынша ем алды. Олардың ара­сында өлім жағдайы тіркелген жоқ.

Елордадағы эпидемия­лық ахуал­дың тұрақтылығын сақтау жә­не коронавирустың одан әрі тара­луы­ның алдын алу үшін 8 қа­ра­­ша­дан бастап сауда, ойын-са­уық ор­та­­лықтарына жұмыс күн­дері де «жасыл» мәртебесі бар аза­мат­тар ғана бара алады. Тал­дау нәти­же­сі көрсеткендей, үй ка­ран­ти­нін бұзу­шылардың ең көп са­ны дәл осы сауда, ойын-сауық орта­лық­та­рында тіркелген. Ойын-сауық орта­­лықтары адамдар көп жинала­тын және ұзақ уақыт болатын орын еке­нін ескере отырып, коронавирус ин­фекциясының таралу қаупі артады.

Елордалық «Астана Жас­та­ры» жастар ресурстық орталы­ғы қа­лалық Жастар саясаты мәсе­ле­лері басқармасының қолдауы­мен 5 тамыз бен 30 қараша аралы­ғын­да КВИ вакцинасының екі ком­понентін алған студенттер ара­сын­да вакциналау туралы үздік бей­­не-челленджге арналған бай­қауды жалғастыруда. Байқау жас­тар арасында COVID-19 таралуына қарсы күресу және вакцинадан өтуге ынталандыру, сондай-ақ студенттер арасында шығармашылық кластерді қолдау мақсатында өткі­зіледі. Жеңімпазға 1 миллион тең­ге, екінші орын иегері 300 мың теңге, үшінші орын иегері 200 мың теңге алады. Сондай-ақ байқауға қатысушылар үшін «Арена fitness», Winox фитнес-залдарының танымал желілерінен және «Хлебный край» компаниясынан ынталандыру сыйлықтары қарастырыл­ған. Конкурсқа астананың орта арнау­лы (колледж) және жоғары оқу орындарының кәмелетке толған студенттері қатыса алады, олар осы жылдың 5 тамызы мен 30 қарашасы аралығында Нұр-Сұлтанның кез келген егу пунктінде вакцинадан өтіп, тиісті құжат алады.