Аймақтар • 15 Қараша, 2021

Бас жүлде – домбырашыларда

556 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы «Қарақат» мектеп-студиясының балғын өнерпаздары Түркияда өткен халықаралық Istanbul Аutumn фестивалінде толайым табысқа қол жеткізді.

Бас жүлде – домбырашыларда

Атап айтқанда, осы ұжым­ның құрамына кіретін «Самғау» домбырашылар ансамблі бай­қаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Ал жалпы, қарағандылық жас өнерпаздар аталған фес­тиваль­де 21 медаль, кубок және сегіз жолдаманың иегер­лері атанды.

Құрамы дарынды 11 баладан тұратын «Самғау» домбырашылар ансамблі биылғы жылдың қыркүйек айында құрылған. Түркиядағы өнер тартысында олар «Көксерек» және «Секіртпе» күйлерін орындап, қазылар мен көрерменнің ықыласына бөленген екен.

Ансамбль жетекшісі Жа­зира Омарованың айтуынша, фес­тивальде қазылар алқасының талқысына 48 қо­йылым ұсынылыпты.

– Байқауға бес елден үміт­керлер қатысты. Біз Гран-при ие­герлері ретінде Болгария мен Ита­лияда болатын өнер бай­қауларына жолдаманы же­ңіп алдық, – дейді ол.

Италиядағы байқау келесі жылдың шілде айында өтсе, ал Болгариядағы фестиваль тамыз айында ұйымдастырылады. Ал «Самғау» ансамблінің домбырашылары болса, өнер додаларына деген дайындыққа қазірден бастап кірісіп кеткен.

Аталған фестивальде қарағандылық жас әншілер де «Вокал» номинациясында жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Жәния Аманжол, Айлана Марат, Самал Жомартхан, Тілеу Серікқали сын­ды балғын өнерпаздар бірін­ші жүлдеге ие болып, Ита­лияда ән салатын болды. Осы санатта Айша Төлеубек пен Әлихан Жұмабек те тамаша өнер көрсетіп, бірінші орын ие­герлері атанды. Ал Бимария Ыбырай және Жұлдызай Құ­маштың шәкірттері Арлан және Дінмұхаммед Бегендік қола жүлдені қанағат етті.

Өнер байқауында «Дәс­түрлі ән» аталымы бойынша Ерсұлтан Төлеубектің жұл­ды­зы жанды. Ол орындаған «Бас­тау» әні бірінші орынға лайық деп танылды. Енді Кәм­шат Мүслімованың шәкірті Италиядағы фестивальде бақ сынайтын болады.

Сондай-ақ Түркиядағы фес­тивальде Толқын Байшағыр бастаған «Аққу» ансамблі де жүлдегер атанып, Болгарияда өтетін байқауға жолдаманы жеңіп алды.

 

ҚАРАҒАНДЫ