Коронавирус • 16 Қараша, 2021

Тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда

204 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда коронавирус індетінен қорғанудың ең тиімді жолы вакцина салу болып отыр. Бүгінде Жамбыл облысында тұрғындарды вакцинамен қамту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Өңірдің барлық аудандары мен ауылдарында да тиісті жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде, аймақта қауіпті індетті жұқтыру көрсеткіші төмендеп келеді.

Тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда

Еліміздің Бас мемлекеттік са­нитарлық дәрігерінің қаулы­сымен өңірдегі 12-17 жас аралы­ғын­дағы жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді Pfizer вакцинасымен коронавирус індетіне қарсы иммундау жүргізу бойынша дайындық жұмыстары басталып кетті.

Бүгінгі таңда облыстық ден­сау­лық сақтау басқармасының қоймасына -90 және -60 градусқа дейінгі температуралық режімде Pfizer екпесін сақтауға арналған 2 мұздатқыш алынған. Басқарма басшысы Әсет Қалиев жақын күндері аталған вакцинаның ал­ғашқы партиясы аймаққа жет­кі­зілетінін, Тараз қаласы мен аудандардағы емханаларға екпе арнайы термоконтейнерлермен тасымалданатынын және +2 градустан +8 градусқа де­йін­гі температуралық режімде то­ңазытқыштарда сақталатынын айтты.

Егу науқанының басында Pfizer вакцинасын салу Тараз қала­сындағы 9 емханада, сондай-ақ Шу ауданы Шу қаласының және он ауданның емханаларында ұйымдастырылады.

«Жасөспірімдерді, оқушылар мен студенттерді иммундау шараларын оқу орындарының меди­ци­на­лық пункттері, яғни аумақтық емханалар дәрігерлерінің көшпелі бригадасы жүргізеді. Қазіргі уа­қытта педиатрларды, акушер-ги­не­кологтерді, жалпы тәжірибе дәрігерлерін, вакцинаторларды, мектептер мен колледждердің медицина қызметкерлерін, тір­кеу­шілерді, психологтерді даяр­лау бойынша семинар-тренинг­тер, Pfizer вакцинасын егу жұ­мыс­тарын жүргізуге рұқсат беру мен оқыту жұмыстары бел­сенді жүргізілуде. Облыстық ден­сау­лық сақтау басқармасы мен са­нитарлық-эпидемиологиялық ба­қылау департаментінің мамандары мобильді топпен бірге Тараз қаласы мен аудандардың медицина қызметкерлерін даярлау және оқу орындарының басшылары мен қызметкерлері, ата-аналар, жасөспірімдер мен антиваксерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде практикалық көмек көрсетуде», дейді Әсет Қалиев.

Қазіргі таңда Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Сарысу және Талас аудандарында өткен 12 республикалық, облыстық және көшпелі өңірлік семинарларда барлығы 700-ден астам медицина маманы оқытылды. Сондай-ақ дәрігерлер барлық оқу орнының басшылары, оқытушылары, пси­хо­­логтерімен қатар, ата-аналар, жасөспірімдер мен антивак­сер­лер арасында 12-17 жас ара­лы­ғын­да­ғы жеткіншектерді вакциналау мәселесін талқылады.

 

Жамбыл облысы