Білім • 17 Қараша, 2021

300-ден астам жаңа жоба ұсынылды

453 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Назарбаев зияткерлік мектептерінде 300-ден астам өнертабыс ғылыми жобалар конкурсына ұсынылды. Оның әрқайсысы – болашаққа деген ауқымды қадамдар. Дәстүр бойынша бүгінгі сұранысқа ие басымдықтар санатындағы экологиялық мәселелер, инклюзивті әзірлемелер және цифрлы креатив жас ғалымдардың үлкен қызығушылығын тудырды.

300-ден астам жаңа жоба ұсынылды

Тараз қаласындағы зияткерлік мектеп оқушысы Ақаділ Айту үш жыл бойы Тасөткел су қоймасын тазалауға арналған қондырғы жасау үшін еңбектенді. Себебі браконьерлердің полиамидті балық аулау торлары салдарынан балық қоры жыл сайын азайып келеді. Ақаділ үшін жоба өте маңызды – оның отбасы көп жылдар бойы осы су қоймасының жа­нын­дағы Баласағұн ауылында тұрады.

– Балықтар торға оралып немесе ыды­рамайтын материалдарды жұ­тып өледі. Менің қондырғым жеңіл, мо­биль­ді әрі қайықпен бірге қозғалады және су қой­масының экожүйесіне зиян кел­тірместен полиамидті желілерді жи­найды. Біз оны Тасөткел суларында сынап көрдік және бірінші күні 10 кило тор жинадық. Орнатудың қарапайым инженерлік шешімі бар, сондай-ақ торды құру қымбат жабдықты қажет етпейді.

Жобаның болашағы Қазақ Су шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институты­ның сараптамалық қорытындысында да көрсетілген.

Ақтаудағы зияткерлік мектеп оқу­шы­лары Әсия Теджен және Ернар Өмір­зақ биология пәні мұғалімі Гүлнұр Чан­дыбаеваның жетекшілігімен арам­шөптен биопластика алудың жаңа тәсі­лін ұсынды. Олар тіпті биопакеттің алғашқы нұсқасын жасап шығарды:

– Жобаның басты ерекшелігі – эколо­гиялық таза өнім. Күнделікті өмірде қолданылатын пластикалық пакеттерді қайта өңдеуге 100 жылдан астам уақыт кетеді. Ал біздің өнімдеріміз үш жылдың ішінде қарашірікке айналады. Егер бұл қышқыл ортаға енсе, 10 минуттан кейін жоғалады, – дейді оқушылар.

Петропавл қаласындағы еріктілер мен мүгедектерді байланыстыратын плат­­форманы NIS оқушылары Мәди Мұ­қаш пен Салтанат Хамзина әзірледі. Зият­керлер сайтты өңірдің әлеуметтік қыз­мет көрсету орталықтарымен бөлі­суге дайын.

– Бүгінгі таңда бұл платформаға ұқ­сас сервис жоқ. Біздің жобада ерекше қажет­тіліктері бар жандар еріктілердің көмегіне жүгіне алады – дәріханадан дәрі-дәрмек немесе қажетті азық-түлік сатып алу, емханаға апару, серуендеу және т.б. қаралған.

Елордадағы Халықаралық бакалавриат мектебінің оқушылары Екатери­на Ким және Арман Рысмаханов зағип жан­дарға арналған жазуды үйрету­дің инновациялық әдісін ойлап тапты. Жоба Jazgysh деп аталады. Жас зерт­теушілер Брайль тіліне арналған көп­теген ше­шім бар екенін, алайда қолмен жазуды үйрету іс жүзінде еленбейтінін байқады.

– Брайль тілі, мысалы, қол қою қажет бол­ған кезде әдеттегі жазу үрдісін алмас­тыра алмайды, сондықтан біз Jazgysh жобасын жасадық, – дейді ол.

Көкшетаудағы зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы Динара Багауова ерекше қажеттіліктері бар жандар­дың өмірін жеңілдетуге мүмкіндік беретін дауыстық басқаруға негізделген меди­циналық төсек үлгісін ұсынды. Орал қаласының NIS оқушысы Дильназ Уашева омыртқа бағанасын бақылау­ға және ауруларды емдеуге арналған Tuzel қосымшасын әзірледі. Өске­мендік NIS оқушысы Амина Кумардың зерттеу тақырыбы – түйежапырақ тамырынан инулиннің бөлінуі.

– Өсімдік шикізатынан алынған ину­линді ұн немесе сүт өнімдерін өнді­руде тағамдық қоспа ретінде қолдануға болады. Бұл қант диабетімен ауыратын адам­дарға қандағы қантты тұрақты ұстап тұруға көмектеседі.

Шымкенттегі химия-биология бағы­тын­дағы зияткерлік мектептің 12-сынып оқушысы Диас Жданхан коронавирус пандемиясының алдын алуға және вирус тасымалдаушыларды анықтауға ба­ғытталған жоба ұсынды.

Көкшетаулық NIS оқушысы Абылай­хан Мұхамеджанов әзірлеген жобаның ауқымы шынымен де кең. Ол аспан дене­лерінің басқа құрылғылармен соқ­ты­ғысуын болдырмайтын ғарыш қоқыс­тарын бақылауға арналған аппарат құ­руды ұсынады.

– Біз траекторияны есептеп, деректер арқылы объектілердің қозғалысын реттей аламыз. Біздің шағын көлемді аппаратымыз ғарыш қоқысының орби­талық деректерін есептейтін борттық жүйелер мен машиналық көруді пайдаланады, – дейді Абылайхан.

Елордадағы Халықаралық мектептің 9-сынып оқушысы Инсар Тұңғышбаев «Цифрлы Қазақстан» мобильді қосым­шасын ұсынды. Жобаның негізгі идеясы – бірнеше қызметті бір платформаға біріктіру.

– Мен әзірлеген қосымшамда бірың­ғай сервис парақшасы қарастырылған, онда пайдаланушылар бірден бірнеше қызметті – көлік, банк немесе комму­налдық қызметтерді пайдалана алады. «Қосымшадағы қосымшалар» инно­вациялық моделі смартфон қолдану­шыларын көптеген жеке қосымшаны жүктеу қажеттілігінен құтқарады, – дей­ді Инсар.

Алматыдағы химия-биология бағы­­тындағы NIS оқушысы Михаил Ду­динов пен Александр Микеладзе жаса­ған Madeni zhangyru мобильді қосым­шасын туристік маршруттар мен тарихи анықтамалықтары бар әмбебап өнім деп атауға болады. Бұл деректерді сақтау мен өңдеудің заманауи алгоритмдері, сондай-ақ толықтырылған шынайылық технологиялары негізінде жасалған.

Байқаудағы ерекше жобалардың бірін Павлодардағы NIS оқушысы Ару­жан Айтмұхамбетова әзірледі. Ол ста­тис­тикалық талдау арқылы қыш ісі дәс­түрінің ерекшеліктерін анықтады. Ару­жанның зерттеулері қола дәуіріндегі қыш ыдыстардың тарихына негізделген.

– Мектеп үйірмесіндегі сабақтар ке­зінде Кемпіртас қорғанынан та­был­ған құмыралар негізінде ыдыстар жасадым, – дейді ол.

«Ғылыми-техникалық прогресс – эко­­­номикалық өсудің негізгі буыны ре­тінде», «Экономикалық және әлеуметтік процестерді математикалық модельдеу», «Таза табиғи орта – «Қазақ­стан-2050» стратегиясын жүзеге асыру­дың негізі», «Қазақстанның тарихи ескерт­кіштері мен перспективалық туристік бағдар­лар» – NIS-тің жас ғалымдары төрт ба­ғыт бойынша креативті әрі перспективалы жобалар ұсынды.

Командалық есепте Тараз қаласын­дағы NIS құрама командасы жеңіске жетті. Аталған білім ордасының алты өкілі – Аружан Манарбекова, Арсен Жұмағали, Фариза Құрманбаева, Мерей Марат, Ақаділ Айту, Зарифжон Рахимов түрлі номинация бойынша бірінші орын иеленді.

Желілік байқаудың барлық қатысушы­сын «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымының орынбасары Азамат Жанкеев құттықтап, жоба авторларының Қазақстандағы дарынды ғалымдар қатарын толықтыратынына сенім білдірді.

Жеңімпаздар республикалық ғылыми жобалар байқауында NIS-тің намысын қорғайды.