Аймақтар • 17 Қараша, 2021

Батырларды еске алды

375 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осыдан он жыл бұрын қара­ша айында Тараз қала­сында оқ атылып, бірнеше бейбіт тұрғын мен полиция қызметкерлері қаза тапқан. Қарашаның қара суығында болған қаралы оқиға әлі күнге ел есінен шыққан жоқ. Лаңкесті құрықтау кезінде ерлікпен қайтыс болған полиция капитаны Ғазиз Байтасов, полиция сержанттары Полат Аянқұлов және Жақ­сыбек Байсейітов сынды қаһар­ман азаматтардың есімі ұмы­тылмайды.

Батырларды еске алды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Жарлығымен Ғазиз Бай­та­совқа ерлігі үшін «Халық қа­һар­маны» жоғары дәре­желі атағы берілді. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі жыл бұрын өңірге жұмыс сапары барысында да батырдың отбасымен арнайы кездескен еді.

Ерлікпен қаза тапқан батырларды еске алу іс-шара­сы Тараз қаласындағы Б.Момыш­ұлы атындағы «Жеңіс» саяба­ғын­да өтті. Жиынға Жамбыл об­лы­сының әкімі Бердібек Сапар­баев, еліміздің Ішкі іс­тер ми­нистрінің орынбасары, ге­нерал-майор Мұрат Бай­мұ­қашев, облыстық Полиция депар­та­ментінің бастығы, генерал-майо­р Жанат Сүлейменов және ба­тырдың туыстары мен ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты. Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев Ғазиз Байтасов қауіпті лаңкесті ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқанын, оның ерлігі еш­қашан ұмытылмайтынын, Отан алдындағы борышын абы­роймен атқарған осындай батырларымыздан жас ұрпақ үлгі алуы тиіс екенін айтса, Мұрат Баймұқашев Ғазиз Бай­тасовтың есімі ел тарихында алтын әріптермен жазылғанын жеткізді. «Біздің отбасымыз барша қазақ халқына, әсіресе, жамбылдықтарға, еліміздің бас­шылығына, жергілікті билік­ке, облыстық полиция депар­таментіне, Ғазиздің әріптестеріне және оны еске алушыларға алғыс білдіреді. Сіздер қиын сәттерде мені және менің ұлдарымды қолдап, қамқорлық танытып, ерекше көңіл бөліп келесіздер», деді Ғазиз Байтасовтың жары Гүлжамал Тәжиева.

Митингке қатысушылар Ха­лық Қаһарманы Ғазиз Байта­совтың ескерткішіне гүл шоқта­рын қойып, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан басқа да полиция қызметкерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды.

 

Жамбыл облысы