Қазақстан • 23 Қараша, 2021

Заң көмегін дамыту жөніндегі тың тәсілдер

175 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Адвокатураны дамыту стратегиясы». Осындай тақырыппен Нұр-Сұлтан қаласындағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қолдауымен онлайн форматта қазақстандық адвокаттардың алтыншы форумы өтті. Республикалық адвокаттар алқасы және Құқықтық саясатты зерттеу орталығының мұрындық болуымен ұйымдастырылған жиында Қазақстан адвокатурасының алдында тұрған маңызды мәселелер сөз болды.

Заң көмегін дамыту жөніндегі тың тәсілдер

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ауқымды іс-шараға құқық қор­­ғау, сот жүйелері, атқарушы және заң шығарушы билік тармақ­та­рының өкілдері, жетекші халық­аралық және ұлттық сарапшылар, сондай-ақ Польша, Ресей, Грузия және отандық адвокатураның өкілдері қатысты. Форумда адво­кат­тық қызметті цифр­ландыру, адвокаттардың тәуелсіздігі, онлайн сот төрелігі кезіндегі жұмысы және жаңа тәсілдер, сондай-ақ елімізде заңгер көмегін алуды дамыту мә­селелері талқыланды.

Форумда Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының мін­детін атқарушы Әсел Тоқае­ва мұндай ауқымды іс-шаралар­дың маңыздылығын сөз етті. Ал Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдар­ла­ма­лар офисінің басшысы Фолькер Фробарт қазіргі таңда Қазақ­стан­ның адвокатурасы қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

VI қазақстандық адвокаттар форумына қатысқан шетелдік сарап­шылар бүгінде адвокатураның ал­­­дында тұрған негізгі сын-те­геу­­рін­дерге тоқталды. Жиынға Поль­­ша елінен онлайн қосылған Еуропалық Адвокаттар қауымдас­ты­­ғының президенті Мария Слазак Еуропа елдеріндегі адвокатураның институционалдық тәуелсіздігін дамыту перспективалары туралы айта келіп: «Тәуелсіз заң ма­мандығы жоқ елде тәуелсіз сот жүйесі, заңның үстемдігі, әділет­ті­лік, демократия және бостандық болмайды», деді.

М.Слазак қазіргі таңда еуро­па­­лық адвокаттар үшін кәсіби құ­пияны бұзу және «ұлттық қауіп­сіздік» терминін қолдануға байланысты қауіптер бар екенін жеткізді. Сондай-ақ ол: «Адвокатура популизмнен және адвокаттардың құқықтарын шектейтін төтенше жағдайды дұрыс пайдаланбау­дан зардап шегіп отыр. Осы мә­се­лелерді адвокаттар қызметіне ұлт­ты жә­не халықаралық ұйым­дар мен сот­тардың белсенді қа­тысуы, цифр­лы тәуелсіздікті қам­­тамасыз ету және халықаралық ын­ты­мақ­тас­тықты кеңейту арқылы шешуге болады», деді.

Жиында Павлодар облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Гүлмира Сұлтанбекова Қа­зақ­стан адвокатурасының инсти­­ту­цио­налдық тәуелсіздігін стра­­те­­гия­лық дамыту және ны­ғай­ту­­ға қатысты баяндама жасаса, Шым­­кент қалалық адвокаттар ал­­қа­сының адвокаты Сапар Әмір­таев елімізде заң көмегін да­мы­ту және оның сапасын арттыру жө­нін­де­гі ұсыныстарын ортаға салды. С.Әмір­таев адвокатураның мем­ле­кет­тік, өкілді, құқық қорғау және сот органдарындағы өкіл­ді­гін кү­шей­ту қажеттігіне ерекше тоқталды.

Форумда осы саладағы басты мәсе­лелерді сөз еткен Алматы қа­­­ла­лық адвокаттар алқасының ад­вока­ты Данияр Қанафин еліміз­де «мемлекеттік» адвокатура құ­ру мүмкіндігі бар екенін айтты.

Сонымен қатар ол қылмыс­тық процестегі адвокаттың рөлі оның қылмыстық сот төрелігіндегі мәртебесіне сәйкес келмейтінін де ашық мәлімдеді. Сарапшы осы мәселелерді шешу үшін ад­во­каттық қоғамдастықтың өзін өзі бас­қару мәселелеріне орынсыз ара­ласуды болдырмауды, олардың кәсіби қызметіне байланысты қол­сұғылмаушылық кепілдіктерін күшейтуді ұсынды. «Адвокатты жедел із­дес­тіру қызметін жүзеге асы­­ра­тын органдармен жасы­­рын ын­ты­мақтастыққа тартуға ты­йым салу керек. Сондай-ақ Қыл­мыс­тық іс жүргізу кодексінде адво­кат­­тардың мемлекеттік құпияларға бай­ланысты істер бойынша қатысу тәр­тібін реттеген жөн», деді.

Форум барысында De Facto ад­вокаттық кеңсесінің басқарушы серіктесі, Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты кеңесінің жанын­да­ғы Біліктілік комиссиясының мү­шесі Сергей Сизинцев адвокатура үшін жаппай цифрландырудың артықшылықтары мен қауіпте­рі­не тоқталды.

Өз кезегінде Брюссель адвокаттар алқасының мүшесі Алекс Таллон адвокатураның алдында тұрған сын-қатерлерге талдау жасап, алдағы бес жылда заң көмегінің сапасын арттырудың тиімді шешімдерін ұсынды. Заң көмегін цифрландыру мәселе­ле­ріне баса назар аударған ол: «Цифрландыру заңды платформаларды және жасанды интеллекті пайдалануды көздейді. Құқықтық платформалар дегеніміз – онлайн режімінде ұсынылатын заңгерлік қызметтер, заңгерлік фирмалар ұйымдастырған алаңдар және үшінші тараптың платформалары. Адвокаттық қызметке жа­санды зердені енгізу заң кәсібінің дәстүрлі шеңберінен тыс заң қыз­меттерін көрсетуге мүмкіндік бе­реді», деді.

Сондай-ақ форумда COVID-19 пандемиясы кезінде адвокату­раның институционалдық тұрақ­тылығы туралы сөз сөйлеген Ре­сей Федералдық адвокаттар па­ла­тасының президенті Юрий Пи­липенко адвокаттардың кәсіби тәуелсіздігін қамтамасыз ету бо­йынша өз елінің тәжірибесімен бө­лісті. Ал Грузия адвокаттар қа­уымдастығының экс-президенті Заза Хатиашвили аталған елдегі заң қызметтерінің сапасын қамтама­сыз ету және заң көмегін көрсету жөніндегі жаңа тәсілдерді таныс­тырып өтті. Ал Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Абзал Құспан цифрлы технологияның заң қызметі саласына тигізген әсері және болашақта сөзсіз болатын өзгерістер туралы айтты.

Іс-шара соңында қатысушылар осындай форумның маңызды еке­ніне назар аударып, жиын барысында айтылған ұсыныс-пікірлер адвокат қызметін жетілдіруге тың серпін беретініне сенім білдірді.