Ауыл • 02 Желтоқсан, 2021

Ауылға қатысты мәселе алдымен ауылда талқыланса...

17932 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Таяуда ашық НҚА (нормативтік-құқықтық актілер) порталына Ауыл шаруа­шылығы министрлігі әзірлеген «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасына тұжырымдама жобасы» деген құжат салынды. Бірден айтайық, жобаның ауылдағы әрбір отбасына, олардың әлеуметтік көңіл күйіне тікелей әсер ететін шетін тұстары бар және бұл мәселелер шаруалардың айтарлықтай алаңдаушылығын тудырып отыр.

Ауылға қатысты мәселе алдымен ауылда талқыланса...

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деп аталған биылғы Жолдауында «Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет. Олардың құқықтық мәртебесі және көрсетілетін қолдау тәсілдері «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» бөлек заңда көрініс табуы керек. Үкімет бұл заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуге тиіс» деген тапсырма бергені мәлім. Заң жобасы Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген. Бірақ тым асығыс дайындалған сыңайлы.

Күні кеше аталған тұжы­рым­да­ма жобасын ZOOM арқылы тал­­қылауға еліміздің барлық өңірі­нен дерлік қарапайым шаруа­лар қатысты. Осы онлайн конференция барысында екі нәрсеге көзіміз анық жетті. Біріншісі – ауыл­да­ғы жұрттың басым көп­шілігі осындай ұсыныстар әзірленіп жат­қа­нынан әлі бейхабар. Екіншісі – тұжырымдама жобасымен таныс­қандардың көбі ондағы ұсы­ныс­тар­ға қарсы екендерін айтуда. Біз осы шар­уалардың пікіріне жүгінбес бұрын, бәрі түсінікті болуы үшін ұсы­нылып отырған тұжырымдама жобасына аз-кем тоқталып өтейік.

«Жеке қосалқы шаруа­шы­лық­тар туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасы Заңының жобасына тұжы­рым­дама жобасы деп аталатын бұл құжатта (ашық НҚА порталына өткен қазан айында салынды) заң жо­басын әзірлеу қажеттігінің не­гіз­демесі былай түсіндірілген: «Заң жобасын әзірлеудің негізі Мем­лекет басшысының 2021 жыл­ғы 1 қыркүйектегі «Халық бір­лігі және жүйелі реформалар – ел өр­кендеуінің берік негізі» атты Қа­зақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 18-тармағы болып табылады. Заң жобасын қабылдау бүгінгі күні өзекті болып отыр, бұл объективті себептермен расталады» дей келе, Ұлттық статистика бюросының келесідей мәліметтерін келтірген. Осы де­рек­терге қарағанда, елімізде қазір 1 636,2 мың жеке қосалқы ша­р­уа­шылық (бұдан әрі – ЖҚШ) бар екен. Олар 2020 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 2,6 трлн теңгенің ауыл шар­уашылығы өнімдерін өндіріп, ел­дің азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­масыз етуге елеулі үлес қос­қан. Қазіргі уақытта саланың жалпы өнімінің 41,5%-ы ЖҚШ үлесіне тиесілі. Бұдан басқа, ЖҚШ-да табыстылық деңгейі төмен адамдар санатына жататын 3,5 млн-нан астам ауыл тұрғындары жұмыс істейді. Қош, делік. Статистика бұл­тартпас айғақ. Бұл ретте, ЖҚШ өндірістің заманауи әдіс­те­ріне қол жеткізе алмайтыны, олар­дың орасан зор биологиялық ак­ти­ві технологиялық процес­тер­ге тар­тылмағаны, әлеуетті мүм­кін­діктері ашыл­­­­мағаны, мем­ле­кет­тік қолдау шара­ла­ры­на қол жет­кізе алмайтыны азық-тү­лік тауарларының ішкі нарығында ұйым­дасқан шаруашылықтармен тең емес бәсе­келестік жүргізуге мәжбүр екені айтылған.

«ЖҚШ-ның шаруашылық қызметін жүргізуінің нақты рет­тел­мегені бүгінде қолайсыз эко­логиялық жағдайдың және елді мекендердің өзінде ғана емес, олар­дың айналасында да қана­ғат­та­нарлықсыз эпизоотиялық және санитариялық жағ­дайдың туындауына әкелді. Елді мекен­дер­дің айна­ласындағы жайылымдық жер­лердің жетіспеушілігі және олар­дың жоғары деңгейде тозуы ел халқының ең саяси пассивті және консервативті бөлігі арасында наразылық білдірушілер са­нының өсуіне себеп болды, мұ­ны оппозициялық көзқарастағы деструктивті элементтер жиі қол­да­нуда», делінген. Бұл да рас. Бірақ мал басы қазіргіден де көп болған кеңестік кезеңде жеткілікті болған жер неліктен қазір жетіспей қал­ды? Жұрттың наразылығын тудыратын мәселенің ұшығы осы сұрақтың жауабында жатқаны белгілі.

Осы негіздемеде ауыл тұрғын­да­ры­ның Бірыңғай жинақтаушы зей­нет­ақы қо­рын­дағы, Мем­ле­кет­тік әлеу­мет­тік сақтандыру қо­рын­дағы және Мін­детті әлеу­мет­­тік медициналық сақ­тан­дыру қорындағы жеке шоттарында қа­ра­жат жинақтауға толық кө­лем­де мүм­кін­діктерінің жоқты­ғы, бұл олардың әлеуметтік қор­ғалу дең­гейін айтарлықтай төмен­де­тетіні де қа­перге алынған. Жөн, мұнымен де ке­ліспеске әддіңіз жоқ.

Қысқасы, «Заң жобасын қа­был­дау­дағы мақсат – ЖҚШ қыз­метінің құқықтық, ұйым­дас­ты­рушылық және эконо­ми­калық негіздерін, олардың қызметін мемлекеттік реттеу мен қолдаудың қағидаттары мен тетіктерін айқындау» екені жазылған. Осындай игі мақсатты көздеген заң жобасы қалайша ша­р­уа­лардың наразылығын тудыруы мүмкін?

1

Алмасбек Садырбаев,

«Шопан ата» қауымдастығының төрағасы:

– Ауыл тұрғындары, ондағы шаруа­лар мемлекеттен ешқандай көмек, не несие алып отырған жоқ, бәрінен қағаберіс қалып ке­леді. Президентіміз Қ.Тоқаев жеке қосалқы шаруашылық туралы Үкіметке тапсырма бергенде біз қатты қуандық. Алайда сол заңды күтіп жүрген ауылдағы жұрт оны талқылаудан тыс қалып қойғанымызды енді біліп жатырмыз. Енді қарасақ, ішінде көптеген қисық дүниелер кетіпті. Әлбетте, бұл жағ­дай көпшілік көкейінде түрлі сұрақ туын­­датты. Осыған байланысты біз, «Шопан ата» қауымдастығы, ZOOM арқылы онлайн-жиналыс өткіздік. Оған еліміздің 9 облысынан шаруалар бел­сенді қатысты. Көптеген пікір айтылды. Соның ішінде ең не­гізгілері ретінде мынаны айтуға болады. Бірін­шіден, көп­­шіліктің наразылығын ту­дыр­­ған бір мәселе, ол – атал­ған заң тұжы­рым­дамасында ауылдағы үйдің қора-жайында ұс­­тайтын мал санын шектеу.

Біріншіден, ауылдағы ел сол алдындағы малына бола ауылда тұрып жатыр. Малы арқылы нәпақа тауып, бала-шағасын ба­ғып, оқытып отыр.

Екіншіден, ауылда ауыл шаруа­шы­­лықтарына, фермерлер­ге ауыл­дың сыр­тында жер беру және сол ауыл тұрғындары пайдаланатын ауыл төңі­ре­гіндегі жа­йылым бөлу мә­се­лелерін шешіп берсе, онда ауыл­дың ішінде мал санына шек­теу қоюға болатын шығар. Бірақ бүгінгі ауылдағы ең күрделі мәселе – жайылымдық жер, жер мәсе­лесі. Мұны шешпей, мәселе біт­пей­ді.

Үшіншіден, Президент ауылға кө­­мек­тесейік, мемлекеттік қол­­­дауды ауыл­ға жеткізейік деді. Өйт­кені елдегі азық-тү­лік өнім­дерінің 60-70 пайызы сол ауыл­дағы жеке қосалқы шаруа­шы­лықтардан. Ал мына заң жобасындағы ұсыныстар өзі зорға күнелтіп отырған шаруаларды ЖҚШ түрінде тіркеп, зей­нетақы аударымы, табыс салығы сияқты мәсе­лелерді мо­йындарына іліп қоймақ. Міне, сондықтан біз осы жайттарға өз қарсы­лығымызды білдіріп, пети­цияға қол жи­науға кірістік.

А.Садырбаевтың айтуынша, 30 қара­ша­да өткен онлайн-жиналысқа 100-ден аса адам қа­тысып, соның 25-і сөйлеп, пікір-ұстанымдарын білдірген. Солардың ортақ пікірі – ауылда әр үйде 2 сиыр емес, 20-30 сиырдан ұстауға болады. Осыған қарап-ақ Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі басқа әлемде, ауылдағылар бас­қа әлемде өмір сүріп жатқанын көре­міз.

«Бақсақ – бақа екен» демек­ші, шаруаларды әр үйдің жеке қора-жайында ұсталатын мал санын шектеумен қатар, заң аясында туындайтын жауап­кер­ші­лік­терге (санитарлық, ветери­нарлық, экологиялық талап­тар­ды бұзуға байланысты айып­пұл­дар салу) қатысты нормалар да алаңдатып отыр. «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» заң жобасының талқыланып жатқан ұсыныстарына біздің көңі­ліміз толмайды. Халыққа, әсіресе, мал шаруашылығымен айна­­лысатындарға олардың құ­қы­ғын қорғайтын және қол­дайтын заң керегі анық. Бірақ бұл заң жобасындағы ауыл тұрғындары ауласында ұстауға тиісті мал санын шектеуге және түрлі әкімшілік жаза түрлерінің қолданылуына қарсымыз», дейді Алматы облысы Ескелді ауданынан хабарласқан заңгер Ержан Жаңажыл. Дегенмен ол да шектеу енгізу қатты қажеттілік болып жатса, 100 бас қой-ешкі, 10 сиыр, 5 жылқы, 5 түйе малын ұстауға мүмкіндік болуы керектігін айтады. «Және осы малды бағу үшін ауыл айналасындағы жерлерді халық мұқтаждығына қоғамдық жайы­­лымдар ретінде қайтарып, әр отбасына өзін өзі жем-шөппен қамтамасыз етуі үшін егістік және шабындық жерлер берілуі керек. Ал мал саны шекті мөлшерден өскен жағдайда ауыл, аудан әкімдері қосалқы шаруаның ауылдан тыс жерге шығуына жағдай жасап, жаз жайлау, қыс қыстауымен қамтамасыз етуге тиіс», дейді Е.Жаңажыл.

Ардақ Әуезбеков,

Жамбыл облысы,
Т.Рысқұлов ауданы:

– Ауылдағы әр үйдің жеке қорасында ұсталатын ірі қараға байланысты шектеудің болғаны дұрыс деп ойлаймын. Шамамен 20 бас десек, төлімен 30-40 басқа барып қалады. Ал ұсақ малдың шекті санын ауылдың үлкен-кішілігіне (үлкен ауылдар, 10-15 үйлі ауылдар бар), жергілікті жердің жағдайына қарай белгілеу керек. Егер ауылдағы үйде мал бордақылатпайтын болсақ, онда қаладағы еттің бағасы килосына 4 мың теңгеден асып кететініне күмән жоқ. Өйткені қаланы етпен қамтамасыз етіп, бағаның шарықтап кетпеуіне себепкер болып отырғандар – осы ауыл тұрғындары.

Иә, бәріміздің ойлағанымыз ауыл­дың жағдайын қайтсек жақ­сар­тамыз деген бір сауалдың жа­уабы. Алайда осы жауапты іздеу барысында тиісті министрліктің алдымен сол ауыл халқының пікірін білуді, оларға не керектігін, қалай кө­мек­­тесу қажеттігін сұрауды ұмы­­тып кете беретіндей. Ауыл­­ға қатысты жобалардың жолы бола бермейтіні де сон­дық­тан болар. Бүгінгі мақалаға өзек бол­ған тұжырымдама жобасында әкімшілік-құқықтық жауап­кер­шілікке қатысты ұсынылып отырған өзгерістер де қаншалық қисынды екені белгісіз. Әлі енгізіл­мегеніне, ұсыныс екеніне қара­мас­тан, «айыппұл» деген сөздің өзі шаруаларды әлден шошытуда. Қыс­қасы, ұсынылып отырған заң жобасының тұжырымдамасы әлден-ақ ауылдағы жұрттың көңі­ліне алаң кіргізіп қойғаны бай­қалады. Сондықтан, алдағы уақытта барлық өңірде ашық тал­қылаулар мен кездесулер өткізіп, жер-жерде жо­ба­ның мақ­са­тын егжей-тегжейлі түсіндіру жұмыстарын жүргізбесе, ауыл халқының үлкен қарсылығын, тіпті ашу-ызасын да тудырып алуы­мыз әбден кәдік. Мұны ескер­ген жөн.