Тәуелсіздік • 03 Желтоқсан, 2021

Тәуелсіздік таспасы таратылады

503 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы Әлия Мол­дағұлова атын­дағы олим­пиадалық резервтің облыстық ма­мандандырылған мектеп-колледж-интернатында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына орай «Тәуелсіздік лен­тасы» акциясының ашылу салтанаты өтті.

Тәуелсіздік таспасы таратылады

Тәуелсіздік лентасының тұсауы 2020 жылдың 12 жел­тоқсанында Қарағанды қа­ласында кесілген болатын. Биыл ұйымдастырушылар  аталған іс-шараны ел Тә­уелсіздігінің 30 жылдығына және бір­қатар тарихи датаға арнады. Олар­­дың қатарында Екінші Шы­ғыс Түркі қа­ғанатының негізін салушылардың бірі, үш бір­дей қағанның кеңесшісі болған Тоныкөктің туғанына – 1375 жыл, Шығыс Түркі қа­ғанатының би­леушісі Білге қа­ғанның туғанына – 1340 жыл, Қасым Жәнібекұлының хан атан­ғанына – 510 жыл, Абылай ханның туға­нына – 310 жыл, Қазақ хандығының қалыпқа келтірілгеніне – 180 жыл, Әли­хан Бөкейханның туғанына – 155 жыл, Әлімхан Ермектің туғанына  – 130 жыл және басқа да тарихи тұлғалардың мерейтойлары бар.

«Тәуелсіздік таспасы» акция­­сын ұйымдастырушы­лар­дың бірі Нұржан Сұршаұлы бұл іс-шараның Қарағанды облысын және Нұр-Сұлтан қаласын қамтитынын айтады.

– Акция барысында жас­тармен кездесіп, Тәуелсіздік таспасында көрініс тапқан тарихи тұлғалар жайлы айтып беруді және таспаларды таратуды мақсат етіп отырмыз. Іс-шарада барлығы мыңнан аса таспа таратылатын болады, –дейді ол.

Тәуелсіздік таспасында қазақ тарихына есімдері алтын әріппен жазылған  жеті тарихи тұлға мен  төрт тарихи дата, Қазақстан Республикасының жер аумағын бейнелейтін карта мен Түр­­кі қағанатының Бөрілі байрағы кө­­рініс тапқан. Лентаның астыңғы жа­­ғында бірінші болып Қазақстан Рес­пуб­ликасының қазіргі жер аумағын бей­нелейтін карта, одан кейін осы аумақ­та мекен еткен сақтардың Есік қор­­ғанынан табылған Алтын адам бейнеленген.

Ұйымдастырушылар ел азаматтары Тәуелсіздік тас­пасын Қазақстан Респуб­лика­­сының мемлекеттік мереке­лерінде, салтанатты шараларда тағып жүрсе деген тілек ай­тады.

– Тәуелсіздік таспасын тағып жүру әрбір азамат үшін үлкен  жауапкершілік және оның иегері лентада бейнеленген ұлы тұлғалардың жолын жалғастыруға, сақтауға, оны жас ұрпаққа насихаттауға мүмкіндігі келгенше атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Н.Сұрша­ұлы.

Ал таспаны кеудеге тағу­дың тәртібі Youtube арна­сындағы  «Тәуелсіздік лентасын қалай тағамыз?» атты роликте көрсетілген екен.

 

Қарағанды облысы