Қаржы • 06 Желтоқсан, 2021

Бізге – сақтық, сақтандырушыға – ақша

1563 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жылдың басынан бері қыркүйекке дейінгі аралықта сақтандыру сыйақысының көлемі 47 пайызға өсіп, 604,95 млрд теңгеге жетті. Ұлттық банктің хабарлауынша, өсім сақтандыру нарығының барлық сегментінде байқалады. Әсіресе, өмірін сақтандырғысы келетін азаматтар саны еселеп өскен. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметі бойынша 9 айда сақтандыру компанияларымен келісім жасаушылар саны 2020 жыл көрсеткішінен 34,4 пайызға асып түскен.

Бізге – сақтық, сақтандырушыға – ақша

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Пандемияның пайдасы

Үш тоқсанда азаматтарға 90,75 млрд теңге төленген. Бұл 2020 жылдың үш тоқсанындағы төлемнен 22,08 пайызға аз. Ұлттық банктің дерегінше, төлем тек қана тәуекелді сақтандыру сегментін­де ғана төмендеген, ал өмірді сақтандыру сегментінде керісінше төлем көлемі 14 пайызға өскен. «Халык-Life» өмірді сақтандыру компаниясының басқарма төр­ағасы Жанар Жұбаниязова пандемия сақтандыру саласында цифр­лы технологияларды дамытуға серпін бергенін айтады.

«Секторда сақтандыру өнім­дері онлайнға көшіріліп, мобиль­ді қосымшалар пайда болды. Құ­жат айналымының кейбір бө­лігі қашықтан басқару режіміне ауыс­ты. Клиентке ақпаратты тез жеткізу үшін чат-боттар енгізілді. Компаниялар әлеуметтік желіні кең көлемде пайдалана баста­ды. Осының бәрі клиент пен ком­па­ния арасындағы оффлайн қа­тынасты азайтты, сол арқылы клиент­тердің уақыты үнемделді. Қазір қарапайым өнімдерді ком­пания сайты арқылы 5 минут­та сатып алуға болады. Се­рік­­тес­термен, мемлекеттік база­мен интег­рация жасау арқылы қыз­мет­терді тұтыну біршама жеңілдеді» дейді Ж.Жұбаниязова.

Маркетплейс, мобильді қо­сым­ша сайт секілді сатылым­ның жаңа каналдарының дамуы; жекелеген сақтандыру өнімде­рі бойынша делдал қызметі­нен бас тарту; клиенттерге қызмет көрсетудің жеделдеуі – бизнестің жаңа моделін қалыптастырып, тың трендке айналды.

«Big-data технологияларын пайдалану мәліметтердің қо­сымша көлемін талдауға және пайдалануға, содан кейін олардың негізінде тәуекелдерді бағалау, баға белгілеу, нарықты сегменттеу, маркетинг саласында модельдер мен шешімдерді және жаңа өнімдерді әзірлеуге мүмкіндік бе­реді. Сақтандыру бизнесін цифр­ландыру нәтижесінде өнімдер түсінікті әрі арзан бола түседі» дей­ді «Халык-Life» төрағасы.

«Коммеск-Өмір» сақтанды­ру компаниясының басқарма төр­ағасы Олегь Ханин сектордың келешегі InsureTech-ке байланыс­ты екені толық айқындалғанын жеткізді.

«Оны қарапайым мысалдан да түсінуге болады. Кез келген адам үшін денсаулық, үй және көлік маңызды. Жақын келешекте осы бағыттар үшін жаңа сақтандыру өнімдері жасалады. Мысалы, КАСКО-дағы телематика (жүргізушіні бақылау жүйесі – ред). Бұл жүйе көлік апатын азайтады. Қазір әлемде жүргізушісіз көліктер сынақтан өткізіліп жатыр. Егер ол қолданысқа енгізілер болса, автокаско бойынша барлық сақтандыру өнімдері өзгеріске ұшырайды», дейді Олегь Ханин.

Мысалы, Smart Health Insu­rance өз денсаулығыңды басқа­руға арналған құралдармен ин­тег­рацияланса, келешекте ақыл­ды үйлер қожайынын оятады, авто­көлікті қыздырады, кофе да­йындайды. Ханиннің сөзіне қа­рағанда, болашақта осындай жай­лы жағдайға ие, денсаулығын күтетін және зиянды әдеттен аулақ азаматтар сақтандыру құ­нын азырақ төлейді.

 

Проблема да бар

Әрине, сақтандыру қызметін тұтыну үшін халықтың әл-ауқа­ты да жоғары болуға тиіс. Жа­қында өткен қаржыгерлердің IX конгресінде мамандар батыста сақтандыру қызметімен халықтың 90-95 пайызы қам­тылса, бізде 37 пайыз төңірегінде екенін және халық табысының аздығы да сектор аясын тарыл­тып тұрға­нын мәлімдеді. Сақтандыру мәдениетін арттыру үшін не істеу керек?

«Халықтың қаржылық са­уаттылығын, қаржылық ақпа­рат­тарға қолжетімділігін арттыру керек. Көп клиент аражігін ажыратып жатпай түрлі өнімдер­ді сатып ала салады. Негізінен мін­детті саналатын автокөлік, кепілді мүлік немесе қарыз алу­шыны сақтандыру сияқты қыз­меттер ғана сұранысқа ие. Көбі тұтынушының қандай құқы­ғы бар екенін, ол бұзылса не істеу керегін біле бермейді. Ол үшін халықтың қаржылық сауат­ты­лы­ғын арттыруға күш са­лып, сақ­тан­дыру өнімдерінің мәні мен маңы­зын түсіндіру қа­жет», дейді Ж.Жұбаниязова.

– Осыған қарамастан сектор­да позитив тенденциялар бар, – дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төр-
­­ағасы Мәдина Әбілқасымова. – Соң­ғы үш жылда нарық актив­тері 64 пайызға өсіп, 1,7 трлн теңгені құраған. Міндетті сақтан­дырудың барлық түрі электронды форматқа көшірілген.

«Сақтандыру ұйымдары­ның инвестициялық мүмкіндікте­рі кеңейтілді және 2020 жылы Unit-linked-тің инвестицияларға қатысуымен алғашқы сақтанды­ру шарттары жасалды. Жинақ­тау­­шы сақтандыруда 2021 жыл­­­ғы қаңтардан бастап ұзақмер­­­зім­­­­ді сақтандыру өнімдері бо­йын­­­­ша салық жеңілдіктері енгі­зіл­ді. Зей­­нетақы аннуитеттері­нің қол­­жетімділігін арттыру үшін оның ең төменгі құны 40%-ға де­йін төмендетілді және ке­йін­ге қалдырылған аннуитет ен­гі­зілді. Нәтижесінде, сақтан­ды­ру сый­лықақыларының жал­пы кө­ле­мінде ерікті жеке сақ­тан­ды­ру­дың үлесі 43%-ға дейін ұл­ғай­­ды. Осылайша, біз жи­нақ құ­ралы ретінде өмірді жинақ­тау­шы сақтандырудың өсуін байқай­мыз» дейді агенттік төрағасы.

Қазір бізде 27 сақтандыру ұйы­мы жұмыс істесе, соның 9-ы өмірді сақтандырумен айналысады. Сақтандыру мәдениеті қа­лыптаспаса олардың толайым табыстан қағылғаны қағылған. Енді оған цифрландыру үрдісі келіп қосылып, сектор жұмысын тіпті қым-қиғаш етіп жіберді. McKinsey сарапшыларының бол­­жауынша, 2025 жылға таман корпоративті табыстың 30 пайызын цифрлы бизнес-экожүйелер беретін болады. Міне, осыған қарап «алаған қолым береген» дейтін компаниялардың жан шырылын түсінеміз. Бізге – сақ­тық, ал сақтандырушыға ақша керек.