Француз суретшісі Эжен Делакруаның «Паганинидің портреті» атты шығармасына қарап, өнердің отына өртенген адамның образын анық байқап отырмыз. Құдды, сол қалпында италиялық виртуоз скрипкашы Паганинидің ғұмыр-келбетін, мінез-болмысын кенеп бетіне құйып қойғандай. Талайлы тағдырының көріністері бояумен матасып, әлденеден сыр тартады. Бұл – жан азабы.
Ғалымдар скрипканы еркін меңгеруі және адамға беймәлім техникасының сыры музыканттың сирек кездесетін сырқатына байланысты деп санайды. Америкалық дәрігер Майрон Шоенфельд бір мақаласында Никколо Паганиниде Марфан синдромы болғаны туралы жазған. Мұндай айықпас ауруы бар адамдар еліріп кетуі ғажап емес. Бірақ әйгілі өнерпаз аспапты мінсіз басқара білген тамаша музыкантқа айналды. Оның жын-сайтанмен байланысы бар екені әлі де аңыз болып келеді. Себебі күні бүгінге дейін ол сияқты скрипканың тілін толық меңгерген ешкім жоқ.
Талант иесі тірісінде кеш бойы бір ішекті скрипкамен ойнап, көрерменді таңғалдырған екен. Неге десеңіз, концерт кезінде әуенге берілгені соншалық, аспаптың ішектері үзіліп кете беретін болған. Сондай сәттерде композицияны тоқтатуға дәті шыдамаған Паганини бір ішекпен соңына дейін әуенді үзбей орындап, халықтың қошеметіне ие болған екен. Былайша айтқанда, өнермен дерттенген.
Картинаға қарасаңыз Паганинидің аса бір тартымды адам болмағанын аңдайсыз. Мұны сол дәуірде қарсыласының көбі бетіне басты да. Сыртқы келбетіне қарап, оны шынымен де шайтанмен дос екен деген пікір үдей түсті. Десе де ғажайып музыкасы тыңдармандарды өзінен алыстатпады. Бірақ оның бәрі уақытша еді. Көзі тірісінде өнеріне табынған адамдар дүниеден озғанда топырақ салуға жарамады. Бәрі дерлік біртүрлі әрекетінен шошыды.
Бірнеше жыл бойы Паганинидің табыты Еуропаны аралап жүрді. Дін қызметкерлері өлі денені жерлеуге рұқсат бермеді. Өйткені олар оны «шайтанның досы» деген өтіріктен әрі аса алмады.
Не деген жабайылық десеңізші!
Делакруа музыкантпен жақсы таныс болғандықтан, оны аталмыш шығармасының кейіпкері болуға көндіреді. Өнер иесі басында келіскенімен, шыдамы ұзаққа бармады. Суретші картинаны жадында сақтаған бейнемен құрап шықты. Оның үстіне, ол еске алу рәсімі кезінде бет әлпетін сызып алған екен. Паганини скрипкада көздерін жұмып ойнайтын болған. Бақсаңыз, жан дүниесінен дыбыс шығаратындай бір ұлылықтың нышаны байқалады. Кенептегі тұрысы біркелкі емес, тура өзінің өмірі секілді қалыпқа сыймайды.
Картинаға мұң тұнып тұрғандай, музыканттың жейдесін қоспағанда, түгел дерлік қара түспен сырланған. Айтпақшы, ол үнемі қара киім киген екен. Бұл ақша тапшылығынан емес, қара түстің барлық кемшілігін жасыратынына сенімділіктен туған үрдіс еді.
Қалай десек те қылқалам шебері Паганинидің данышпандығы мен жалғыздығын жеткізе алды. Картинадан Паганиниді естіп тұрғандаймыз. Қою түстердің арпалысы скрипка ойнап жатқан ұлы музыканттың мәңгілік бейнесіне қанат бітіргендей құлағыңызға скрипканың үні келеді.