«Нұрлы жол» вокзалында елордадағы физика-математика бағытындағы NIS-тің жас домбырашылары Құрманғазының әйгілі үш туындысы – «Сарыарқа», «Балбырауын» және «Адай» күйлерін орындады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мерекелік марафон барлық Назарбаев зияткерлік мектептерінде дәстүрлі «Ұлы дала мұрагерлері» флешмобынан бастау алды.
Алматыдағы химия-биология бағытындағы зияткерлік мектеп оқушылары оңтүстік астананың «Апорт молл» ойын-сауық орталығы келушілеріне тамаша көңіл күй сыйлады. Аты аңызға айналған Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғау» күйін тартқан жас домбырашылар көрермендердің қошеметіне бөленді. Дәстүрлі флешмобқа алғаш рет қатысқан Богдан Миронов осы күйді ерекше шабытпен орындағанын жеткізді.
– Домбыра тартуды 7-сыныптан бастап үйрендім. Оркестр құрамына биыл қосылсам да, бірнеше күй білемін. Бүгінгі орындалған шығармалардың ішінде Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғау» күйі ерекше ұнайды.
Семейдегі дәстүрлі флешмобтың басты туындысын ұлы Абайдың «Тор жорға» күйі деп атауға болады.
– Біз үшін «Ұлы дала мұрагерлері» тәрбие жұмысындағы өзекті жобаларының бірі – «100 күй» бойынша шығармашылық есеп, – дейді директордың орынбасары Лариса Әбілқасымова.
Қызылордада домбыра флешмобы Aray city mall ойын-сауық орталығында жалғасты. Мерекелік репертуарға жас музыканттар сүйікті шығармалары – «Ерке сылқым», «Көрұғлы», «Әлқисса», «Құс қайтару» күйлерін қосты, көрермендер де оқушыларды қолдап, танымал халық әндерін орындады.
– Күй қашан да шабыт сыйлайды, халқымыздың дәстүрі мен құндылықтарын еске салады, бізге нағыз қуаныш сыйлады, – деді 9-сынып оқушысы Сырсұнқар Базарбайұлы.
Ақтаулық «Ұлы дала мұрагерлері» Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасында өнер көрсетті.
– Назарбаев зияткерлік мектебіне түскен әрбір жетінші сынып оқушысы міндетті түрде қолына домбыра алады. Ата-аналарымыздың дәстүрлі флешмобымызға қолдау танытқаны үшін қуаныштымыз, – дейді «Қос перне» домбыра клубының жетекшісі Гүлсім Тәжмағамбетова.
Ақтөбе қаласындағы Keruen City сауда, ойын-сауық орталығында мектепішілік «Ақжелең» ұлт аспаптар оркестрі Құрманғазының «Адай» және «Балбырауын», Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйлерін қалың көпшілікке тарту етті, ал хордың орындауында «Батырлар ұраны» және «Алға, Қазақстан!» әндері шырқалды, сондай-ақ зияткерлер көрермендерге «Күй шертіп, сыйлық ал» ойынын ұйымдастырып, қатысушыларға қолдан жасалған кәдесыйлар дайындады.
Шымкенттегі физика-математика бағытындағы зияткерлік мектеп оқушылары үшін RIXOS KHADISHA қонақ үйінің атриумы импровизацияланған сахнаға айналды. Құрманғазының «Балбырауын», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», Дәулеткерей Шығайұлының «Қосалқа», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» және «Қара жорға» халық күйіне көптеген шетелдік қонақтар қошемет көрсетті.
Орал қаласындағы «Орал» сауда, ойын-сауық орталығында жас домбырашылармен бірге NIS-тің танымал «Ғажайып» би ансамблі «Қазақ өрнектері» атты жаңа композициясының тұсауын кесті.
Павлодардағы онлайн-сахнада домбырамен қатар шаңқобыз, дауылпаз, дабыл, қобыз секілді бірегей халық аспаптарының үні шырқалды.
Қыркүйек айында ғана домбыра аспабын қолына алған зияткерлік мектептердің жетінші сынып оқушылары Өскемендегі мерекелік концертке алғаш рет қатысты.
Атыраудағы атақты күйшілер Құрманғазы, Дина және Дәулеткерейлердің танымал шығармаларын зияткерлік мектеп оқушыларымен бірге ұстаздары мен ата-аналары да орындады.
– Ішекті аспаптар мен күй әуендері арқылы біздің мәдени құндылықтарымыз бен дәстүрлеріміз ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Қазақ домбыраны құрметті жерде ұстаған, күйші әрдайым қадірлі қонақ болған. Домбыраға деген асыл көзқарас бүгінде жалғасын табуда, – деп атап өтті Талдықорған қаласындағы педагог-ұйымдастырушы-куратор Жанар Оразбаева.
Көкшетау қаласындағы NIS-тің YouTube-каналында «Шаттық» домбырашылар ансамблі «Тепе көк», «Балбырауын» және «Ерке сылқым» күйлерін шебер орындағаны үшін үлкен қошемет пен құрметке бөленді.
– Біздің дәстүрлі флешмобымыз – ұлттық салт-дәстүріміз бен өнерімізді, әсіресе қазақ халқының аспабы – домбыраны құрметтеу мен дәріптеуді негізге алады, – деп бөлісті Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің домбыра үйірмесі жетекшісі Қазбек Атамбаев.
Тараз қаласындағы дәстүрлі флешмоб NIS-тің жас өнерпаздары дайындаған мерекелік концертке ұласты.
Мектеп арналарында елордадағы Назарбаев зияткерлік мектебі (IB), Қостанай, Петропавл және Қарағандының жас домбырашылары өнер көрсетті.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған Назарбаев зияткерлік мектептерінің «Ұлы дала мұрагерлері» дәстүрлі флешмобына мыңнан астам жас виртуоз қатысты. NIS-те бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан домбыра бойынша элективті курстар мен «100 күй» мәдени жобасы оқушылардың халық тарихына, оның дәстүрлері мен рухани құндылықтарына деген қызығушылығын арттырады.