Экология • 08 Желтоқсан, 2021

Қазақстанда қар барысын мониторингілеу үшін телеметрия қолданылды

48 рет көрсетілді

Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен және «Барыс» хоккей клубымен бірлесіп, спутниктік телеметрия арқылы қар барыстарын таңбалау жөніндегі жобаны іске асыруға кірісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жұмыстар «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық паркінің аумағында басталды, онда ұрғашы қар барысының телеметриясы жүргізілді.

Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы Қоғаммен байланыс бөліміне сілтеме жасап. Бастама Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр және БҰҰ ДБ, Қазақстан Үкіметі мен Ғаламдық экологиялық қордың (ҒЭҚ) бірлескен жобасы аясында қар барысының мекендеу ортасы мен қоныс аудару жолдарын анықтау мақсатында жүзеге асырылуда.

Спутниктік жабдық - жануарлардың қоныс аударуын одан әрі зерттеу, қауіптерді анықтау және азайту бойынша ұсыныстар жасау үшін жануарлардың қозғалысы туралы ақпаратты мамандарға жіберетін қарғы болып табылады. Қарғылар абсолютті экологиялық таза және қауіпсіз, ал аулау гуманистік және қауіпсіз әдіспен жүзеге асырылады, ол Ауғанстан, Үндістан, Қытай, Моңғолия, Непал, Пәкістан және Ресей сияқты елдерде сәтті және бірнеше рет жүзеге асырылған. Әдістің мәні мынада: аулау адамның тікелей қатысуынсыз өтеді, бұл жануардың стресс және жарақат алу қаупін бірнеше есе азайтады.

«Қазақстандағы қар барысының популяциясын зерттеу және қорғау елдің биоалуантүрлілігін сақтау үшін үлкен құндылық болып табылады. Бірлескен жұмыстың арқасында біз осы жыртқышты елде зерттеуде айтарлықтай жетістіктерге жеттік. 2010-2020 жылдары республикада жаңа мекендеу орындары тіркелді, сондықтан қоныс аудару жолдарын анықтау осы түрдің қазақстандық популяциясын зерттеу және сақтау бойынша одан әрі шаралар қабылдау үшін маңызды», деді БҰҰ ДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш.

Қар барысының спутниктік телеметриясы бойынша жұмыстар ағымдағы жылдың қараша айының соңында «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық паркінің аумағында оның тіршілік ету орындарында басталды, онда жыртқыш алғаш рет фототұзақта 2020 жылы тіркелді. Жабдықты орнату үшін А.Н. Северцов атындағы институттың халықаралық сарапшылары: Андрей Поярков, Дмитрий Александров және Хосе Антонио Эрнандес-Бланко тартылды. Олардың Моңғолия мен Ресейдегі қар барысын, жолбарысты және басқа да мысық тұқымдастарды таңбалау бойынша жұмыс тәжірибесі бар. Ғалымдар қар барысының алғашқы ересек дарағын спутниктік таңабалауды жүргізді. Жетісу және Іле Алатауы, Алтай және Батыс Тянь-Шань аумақтарында тағы алты спутниктік қарғы орнату жоспарлануда. Аулауға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Зоология институтының қазақстандық ғалымдары қатысты. Бұл қазақстандық мамандарды қатар оқытуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда спутниктік таңбалау жануарлардың мекендеу орындары мен қоныс аударуын қадағалаудың заманауи және неғұрлым қауіпсіз әдісі болып табылады.

«Қар барысының спутниктік таңбалануы ол тіршілік ететін бірқатар елдерде, соның ішінде Үндістанда, Қытайда, Моңғолияда, Ресейде қолданылады. Қазақстанда бұл әдіс алғаш рет қолданылды. Біздің республикамыз қар барысының тіршілік ету ортасының шетінде орналасқандықтан, спутниктік таңбалау мониторингті жақсарту және оны қорғау үшін одан әрі іс-қимыл жасау бөлігінде оң нәтиже береді деп үміттенеміз. Оның үстіне, соңғы жылдары осы құнды түр популяциясының көбеюінің жақсы үрдісі байқалады – фототұзақтардың арқасында әлеуетті мекендеу орындарына мониторинг жүргізіледі, дарақтарды есептеу жүргізіледі», деді Ерлан Құтпанбаев.

Қар барысын спутниктік таңбалау жөніндегі бастаманы бірнеше жыл бойы ирбисті сақтау жөніндегі іс-шараларға белсенді қатысып келе жатқан «Барыс» хоккей клубы қолдады. Клуб қар барысын таңбалау жұмыстары аясында пайдаланылатын спутниктік қарғының қосымша данасын сатып алды.

«Барыс» ХК президенті Борис Иванищев «клубтың ирбисті зерттеуге қосқан үлесі Қызыл кітапқа енген түрді сақтау мәселесіне жанкүйерлердің үлкен аудиториясының назарын аударуға мүмкіндік береді, сондай-ақ клубтың жабайы табиғатты сақтау мәселелеріне деген бейілділігін көрсетеді» деп атап өтті. Қар барысы Халықаралық табиғатты қорғау одағының (ХТҚО) Қызыл тізіміне енгізілген және тіршілік ететін барлық 12 елде, соның ішінде Қазақстанда да сирек кездесетін немесе жойылып бара жатқан түр мәртебесіне ие.



 

Соңғы жаңалықтар

Мұнай бағасы көтеріле ме?

Экономика • Кеше

Алашорда офицері

Қазақстан • Кеше

471 мың долларға сатылды

Әдебиет • Кеше

Шабыт пен шарап

Әдебиет • Кеше

Ұқсас жаңалықтар