08 Мамыр, 2010

ӘСКЕРДЕ ЕКЕУІ ҚЫЗМЕТ ЕТІП ЕДІ...

682 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
“Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан” деген. Бірақ Глазунов ауылына жаңа сипат берген ұрпақтың алмасуы емес, заманның өзгеруі еді. 90-шы жылдары осыдан күн сайын бір үй көшіп кететін, күн сайын жаңа бір үй көшіп келетін. “Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше”. Көшеде бір біріне алдымен ежірейісіп қарасып барып, елпілдеп танысып жатқаны. Ауылда ерулік көбейген. Әрқайсысы әр таудың киігіндей жаңа бас қосқан ауылдастар әлі иіссінбей, сырмінез болмай жатып-ақ сыйластықтан, “Мәке, Сәкеден” кем болған жоқ. Дегенмен, әлі бір біріне сырткөз болғандықтан түстеп тану, лақап ат қою жаңа қоныстың заңдылығы да болар, бәлкім. Мұнда Қызылордадан қоныс аударған жалғыз отбасының қариялары өз атымен “Қызылорда шал, Қызылорда кемпір”, Талапкер деген көрші ауылдан көшіп барған ақсақал мен әжеміз “талапкер” атанды. Торғайдан көшіп келген бір отбасының бес қойы бір күнде жоғалып кет­кен ғой. Содан әп-әдемі азан шақырып қой­ған есімі еске түсе қоймағанда ауылдастары­ның: “Әлгі бес қойы жоғалған ше”, деп “анықтауының” арты қысқара келе “бес қой” болып тынды. Глазуновқа көшіп келіп жат­қан­дар руын сұраспаса “танымай” қалатын­дай болатын. Осында Ұзынкөл ауданынан келген ақсақалды еруліктердің бірінде ауыл­дың әйелдері Матақай шал атандырды. Дас­тар­қан басында шұрқырасқан жұрт ақсақалға: “Қай туғансыз?” демей ме. “Керей­мін, мына Ұзынкөлдегі қайың арасынан келдім”, дейді ақсақал. Сол кезде дастарқан­ның бір шетінде отырған әйел: “Бұл кісі менің қайнағам, Матақай керей” деп ол үшін жауап береді. Сонымен Ұлы Отан соғысына қатысқан, тыңды түлеткен ардагер, кеудесінің бәрі орден-медаль Сапабек Қалмұрзинов атай аяқ астынан Матақай шал атанып кете барды. Қартайған шағында өзін Матақай шал атандырған Глазунов мекені Сапабек атайға ұнады. Жұрт дуылдасып, гулесіп тарайтын еруліктерде, соғымға шақырысқанда көп сөзге жоқ ол үндемей отырып, ауылдастардың әңгімесін тыңдайды. Піскен бауырсақтай болып, балаша томпиып отыратын шалды қылжақбас әңгіме айтатындар да қинай қоймайды, сыйлағаны шығар. Ұзынкөлдегі орысы көп Ершов селосында тілден оқшаулау өскен, одан кейін де орыс тілді ортада жұмыс істеген өзі басқалар сияқты ду-ду айтылып жатқан әңгімеге кірісіп кете алмайды. Ал дастарқан басындағыларды аузына қаратып отыратын “лидер шалдар” Қопабай мен Қыпшақбайдың қалжың қағыстыруы, көргені көп Айдарбектің таусылмайтын хикаялары оған кеш жеткен бір дәурен секілді. Осында отбасымен көшіп келген жалғыз қызы Сәу­лесі­нің қолында тұрады. Кемпірінен айыры­лып қалғалы кішкентай немерелеріне алдана­ды, олардың қылығы ойын бөледі. Өзі шаруа адамы болғандықтан, бұл жердің малға жайлы­лығы да көңіліне қонған. Күйеу баласының қорасындағы бес-алты саулықты ауылдың сыртындағы жайылымға қайырмалап жүреді. Сексеннің сеңгіріне шыққан кісіге баяғы ор қояндай орғып тұру қайда, аяғын тұсаған аттай қойдың соңынан ілбіп қана ереді. Қырға шығып, бір мезгіл даланың самалын жұтқанына мәз. Ол осында қоныс аударғанда Глазуновта соғыс ардагерлері де біраз бар екен. Алғашқы келген жылы оларды 9 мамыр – Жеңіс күні жинағаны есінде. Кеудесі медаль­ға толы шалдар бірін бірі көрген мезет­те қалтырақтап келіп қол алып: “Қай майдан­да болдың?” дейді. Ары қарай әңгіме тиегі ағытылады. Қасында қатар отырған ардагер: “Мен Николай Павлович Абрамуш­кин­мін, екінші Украина майданында болдым” деп танысты. Ол көршісінің тарамыстанған, әлсіз қолы­ның білегінен ұстай алып, оның ін түбі­нен жылтырап тұрған тұздай көзінен көзін алмай қарап қалды. Астыңғы сарытап тістері сойдиып, балаша мәз боп жымиды. “Мен де екінші Украина майданында болдым. Еуропа­ны азат етуге қатыстым”. Абрамушкин де Еуропаны азат етуге қатысқан. Оның кеуде­сіндегі “Будапешті азат еткені үшін” медалі, П дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені көзіне оттай басылды. Дәл сондай медаль мен орден өзінің кеудесінде де тұр. Ол– танкист, бұл– мерген. Соғыста екеуі де снаряд жарық­шағы­нан жараланған. Қартая келгенде сол жара­қат­тың зардабынан екеуінің де естуі нашар­лап кеткен. Құлағына тығып алған есту аппараты залдағы шудан басын сәл айнал­дырса да, жанындағы орыс шалдың әңгімесін таза жеткізіп тұр. “Чехословакияны азат ету кезінде сол аяғымнан жараландым да, Брати­сла­ва қаласындағы госпитальге түстім. Жеңіс­ті сол госпитальде, аяғымды аспанға асып қойып жатып қарсы алдым”, – деді Абрамушкин. – 1942 жылы Воронеж маңындағы ұрыс­тар қатты болды ғой. Сонда оқ оң жамбасым­ның бұлшық етін тесіп кетті. Сүйегі аман қалғандықтан жарақат жеңіл деп анықталып, санитарлық бөлімде он бес күн жаттым. Ая­ғым­ды таңып алып, 159-атқыштар дивизия­сындағы 555-полкінің 2-бөлімшесін қуып жеттім ғой. Ал Венгрияны азат ету кезінде снарядтың жарықшағы басыма тиді, мені топырақтың астынан суырып алыпты. Есімді госпитальда жидым. Медсестрадан жаным­дағы солдаттың қайда екенін сұрағанмын, “ол жанын Жаратқанға тапсырды” деп жауап берді,–деп ол басын шайқап қойды. Тамағы­на түйін кептеліп, біраз үнсіз қалды. Бірақ Абрамушкин: “Біз от ішінен аман қалған мақта шығармыз, әйтпесе, небір жігіттер қалды ғой, дегенде тамағындағы кептелген әлгі түйін аузынан жалын боп атқандай, көзінен аққан ыстық жас бетін жуып кетті. – Әкем майданнан хабарсыз кетті. Бес немере ағам да соғыстан оралмады, бір әулет­тен мен ғана аман келдім,–деді тарамдалған көз жасын сүртіп. Соғыстан кейін оны Латвияның Мадонна қаласына қызметке қалдырды да, өзінің туған жері Ұзынкөл ауданындағы Ершов селосына 1949 жылы оралды. Онда да өзімен тай-құлындай тебісіп өскен көп жігіттердің артынан “қара қағаз” келген екен. Аман қайтқандарымен көріс­кенде бірінің қолы жоқ, бірі ақсақ. Ершовқа тірі жетті дегені болмаса, жарасы жазылмай өлгендерді де өзі қолымен қойды. Соғыстан кейінгі ауыр тұрмыс, жоқшылық. Тырмысып жүріп, тұрмысын түзеген болды, үйленді, отау тікті. Соғысты жеңгенмен тағдырды жеңе алмады... Аядай ауылда Абрамушкинді жиі көріп тұратын болды. Майдангерлер шұрқырасып амандасады. Таяғына сүйеніп, аяғын тәлтіректей басқан екеуі кездескен жерде қоштаса алмай көп тұратын. Екі шалдың әңгімесі мал-жан амандығынан кейін, көбіне алыста қалған жылдарға ойысатын. Соғыстан кейін бір адамның жасындай уақыт өтті, бірақ сол сұрғылт күндердің суреті екеуінің де есінде ескі альбомның суретіндей қалып қойған. “Әке-шешеден тым ерте айырылдым, жетімдіктің азабын көп тарттым, балалар үйінде тәрбиелендім. Жетінші класты бітірген соң бәрімізді ФЗУ-ға жіберді, одан соғысқа кеттік. Танк мектебінде алты ай оқыдым, механик- жүргізуші болдым. Біздің Т-34 экипажы жаудың алты танкісін бірден құртып жіберген болатын. Сол үшін маған да Қызыл жұлдыз орденін берген”, деп Николай Павлович­тің де иегінің кемсеңдеп кеткені. Алмалы-салмалы тісін кимегендіктен шалдың қызыл иегі опырайып, аузын ашқанда баяғы өздері қазған окоптай үңірейіп өңеші бір-ақ көрінді. Жасаураған көзінің алдына қызыл жалын от елестеп, басы айналыңқырап кетті. Майдандас досы босағанда Матақай шал бойын тіктеп алды. Оның көңілін көтергісі келді ме, Жеңіс күнін қалай қарсы алғанын айтып берді. Ол да Абрамушкин сияқты Жеңісті Чехословакиядағы шағын елді мекен­де тұрғанда естіген. Жаудың жолын бөгеуші, аса құпия жұмыс істейтін 134-отрядқа бес күндей тамақ жеткізілмей қалған болатын. Кейіннен келген азық та мардымсыз болған­дықтан, жауынгерлер көктемнің онсыз да ашөзек шағында бұралып аш жүретін. Жеңіс күні старшинаның тамақты қайдан тапқанын қайдам, кәдімгідей молшылықтан стол үсті көрінбей қалды. Қуаныштан есі шыққан жауынгерлерге аштықтың ызасы да өтіп жүр еді, олар тамаққа аянбай ұмтылды. Ал бала кезінде аштықтан талай көл жағалаған, тұзақ салып, қоян ұстаған Сапабектің құлағында ауылдағы үлкен кісілердің “ашыққанда тойып тамақ ішуге болмайды, аш өзегіңе түсіп кетеді” деген сөзі қалып қойған болатын. Ол арақтан да, тамақтан тартынып алды. Қайнаған суға қантты молырақ салып ішіп, өзіне әл шақырған соң, басқалардай емес, Жеңіс биін билеуге де жарады. –Тамақты тоя ішкендер сол күні фашис­тен қалған жанын қайда қоярын білмей қиналып еді-ау,–дегенде екеуі де кеңкілдеп, мәз болып күліп алатын. Иә, соғыста не болмады, не көрмеді. Жастықпен көтерген екен бәрін де. Міне, енді кәрілік аяқты тұсап, қарға адым жер мұң боп тұр. Глазунов ауылын­дағы мектепке жыл сайын Жеңіс күні мерекесінде жиналатын шалдар сирей-сирей, соңғы төрт-бес жылда таусылуға айналды. Бұрнағы жылы Абрамушкин екеуі ғана отырды. Келесі жылы Жеңіс мерекесінде бар құрмет екеуіне ғана жасалды. Сапабек атай­дың соңғы кездері құлағы тым естімей қалды. Осыдан 67 жыл бұрын снаряд жарыл­ғанда топырақ астынан қазып алған медсестра мен госпитальдегі дәрігер оған “уақыт өте келе құлағыңа зардабы болады” деген еді. Айтқаны тура келді, қазір құлағы естімегенімен қой­май, басы да айналып ауырады. Ол үшін уақыт та шыр көбелек айналып бара жатқан­дай ма... Әйтеуір жыл сайын Жеңіс күнін күтеді. Мектепке барып, балалар мен ауыл­дас­тарының алдында сөз сөйлеу, мектеп директорының арқасынан қағып, ұсынған сыйлығын алу оған Қызыл алаңдағы парадтан кем түспейді. Ауылдан ұзап ешқайда шығып жатпаған соң, мектептегі құрмет-қошемет оған зор мәртебе. Былтыр Жеңістің 64 жылдығы болғанда ауыл әкімі Ербол Бекішев Сапабек атайды тағы да Жеңіс күні мерекесіне шақырып келді. Ол бұл жолы көрші Осинов селосында тұратын қызының қолына кеткен Абрамуш­кин досымен тағы да көрісемін деп ойлады, мәшинесін есіктің алдына көлденең қойып тосып тұрған ауыл әкімін көп күткізбеді. Құла­ғы құрғыр естімеген соң, мылқау адам­дай көп сөйлемейді, әкім баладан “Николай Павловичті қыздары осында алып келе ме?” деп сұрағысы келді. Бірақ сұрамады, оның келеті­ніне, тағы да қолын қысып, қауқыл­дасатынына іштей сенімді еді. Өйткені, оның да өзін іздеп тұратынын жақсы білетін. Қыс­­тай жылы пештің түбінен шықпаған соң, аралас-құраласу болмады. Атай бүгінгі кездесу­ді көп күтті, бусанған топырақ иісі, көктемнің жұпар ауасы көңілін көтеріп, еңкіш еңсесін тіктегендей. “Мен сияқты Николай Павлович байғұстың да кемпірі қайтып кетті. Соғыстан кейінгі бейнет те жеңіл болған жоқ. Комбайнды күнімен, түнімен айдайтын едік. Екеуміз кешкен өмірдің ұқсасын қайтейін”. Ардагер өз ойымен болып отырғанда мәшине мектептің алдына келіп тоқтады. Бала-шаға, ауылдастары, мұғалімдер бәрі осында. Сырнайлатқан, кернейлеткен не сән. Асып-сасқан дайындық, баланың шуы. Мұғалімдер оны қолынан жетектеп әкеліп төрге отырғызып қойды. Жан-жағына қарағыштай берді, бірақ Абрамушкин көрінбейді. Мектеп директоры Қабылан Рағат Жеңіс мерекесі, оның маңызы туралы майын тамызып айта келіп, ауылда қалған екі соғыс ардагерінің бірі Николай Павлович Абрамушкиннің тұмаудан кейін әлі басын көтермей ауырып жатқанды­ғын, сон­дықтан бүгінгі мерекеге келе алма­ған­дығын хабарлады. Төрде отырған шалдың көңілі құла­зыды. Іргеден ызғырық соққандай мазасыздан­ды. Құлағындағы есту аппараты да мына шуды еселеп жібергендей, басы айналды. Тобынан бөлініп қалған киіктей, көңілі жетімсіреп, өз ойымен өзі болып отырып қалды. Еңсесі де түсіп, бүгежектеп кеткендей ме қалай. Жарқы­раған орден, медальдарын тағып, шалқайып, марқайып жүруші еді-ау майдандас замандас­тарының қатарын­да. Ол да өтіп кеткен дәурен екенін Матақай шал бүгін ұғып отыр, мерекеге келмей, келе алмай, жете алмай жат­қан Абрамушкин ұқтыр­ғандай осыны. Ол орнынан таяғына сүйеніп, тәлтіректеп тұрды да, ауылдың әкімін қол бұлғап шақырып алып, мәселені төтесінен бір-ақ қойды. “Мені Осиновкаға апарып кел, шырағым, маған бүгін­гі құрметтерің сол болсын, Абрамушкиннің халін сұрап келейін, мереке­сімен құт­тық­тайын” деді. Әкім бір ауыз сөз қарсы айтпай, мәши­неге отырды. Гла­зунов­тан жиырма бес шақырым жердегі Осинов­каға бет алғанда, қалта теле­фонымен Абрамуш­киннің қызына Николай Павло­вичтің халін сұрап, мереке­сімен құттықтауға Сапабек атайдың келе жатқандығын ескертіп қойды. – Әке, сізді Жеңіс күні­мен құттықтауға Гла­зунов­кадан Сапабек Қо­жақович досыңыз келе жа­тыр екен, – деген қызы­ның даусын ести сала төсек­те таңылып жатқан шал қалбалақтап тұруға қам жасады. Қысы­мен ауырып, сабынға сал­ған сүйектей бозарған әкесінің жүзіне бір қуаныш үйірілді. Қоржын үйдің терезесінен түскен болма­шы жарықтай солғын жа­нары жымиғанда әлсіз ғана жылтырады. Орден, медаль­дары тағылған костю­­мін алдыртып, арық саусақ­тары дірілдеп, өзі киіне бастады. “Сапабек Қожако­вич те осылай киінген шығар” деді дірілі бар тарғыл дауысы­мен. “Келе жатыр ма?” деді тағы да тағатсыздық білдіріп. Қызы сүйе­мелдеп әкеліп диванға отырғызды. Әкесі тым шөгіп кеткен екен, өзгенің киіміндей кеңіп кеткен костюмінің ішінде бір уыс болып қалыпты. Бет терісі сүйегіне жабысып, көзі шүңірейген шалдың көңілінде иығын тіктеп, аяғын аяғына сарт еткізіп қосып тұратындай бір желік бар сияқты. Бірақ екі иығынан басып тұрған костюмінің салмағы шалды тыпыр еткізер емес. Мойнына орнатып қойғандай басы ғана бір-екі рет қылмыңдады да қойды. Қарсы қабырғада ілулі тұрған суреттен сымдай тартылған жауынгер одан екі көзін алмай, біресе жақындап, біресе алыстап кетеді. Шалдың кенеттен ентігуі жиіледі де, бірдеңе деп сөйлеуге шамасы келмеді, көз алдында жарық дүние семіп, ол ұйықтап бара жатты... Ауру мен кәріліктен қажып, болдырып жатқан қарт жауынгердің жүрегі бір сәттік қуанышты көтере алмай тоқтап қалды. Ауыл фельдшері мен немерелері Николай Пав­ловичтің бетін жауып жатқанда есік алдына мәшине де келіп тоқтады. Любовь Николаев­на “ Әкем сіз келеді дегеннен киініп, диванда отырған күйі үзіліп кетті” деп, табалдырықтан аттай берген Сапабек атайды құшақтай алды. Ол Николай Павловичтің бетіндегі ақ шүберекті ашып, маңдайынан сипады, денесі әлі суымап­ты, өзіне қауқылдап амандасып, әңгіме­сін шерте жөнелетіндей күлімсіреген күйі жатыр. Шал шегініп барып диванға отырғанда байқа­ды, бетін жас жуып кеткен екен. Николай Павловичті бірінші рет “Коля” деді. “Коля, ең болмаса бес минут күте алмадың-ау!..”. Тома­ша­дай сары шалдың жүзі нарттай қызарып, бет орамалымен сүрткенге көз жасы тоқтар емес. “Коля, ең болмаса, бес минут күте алмадың ба?!”. Шал егіліп, иығы селкілдеп жылап оты­рып, осы сөзді тағы қайталады. Екеуі кездескен сайын үскірік желден қорғанар ықтасыны бардай сезініп қалушы еді. Николай Павлович бес минут күткенде ол қаудырап келіп халін сұрар еді, қай күні есіне түсіп, шықпай қойған соғыс кезіндегі бір жайды айтып берер еді... Еске алатын тұс көп еді, мұңы да, аздаған шағымы да жоқ емес еді... Екеуі де кемпірін айтып қамығатын. Николай Павловичпен кездескен сайын ағытылар сырды Матақай шал бүгін өзінің алдында құрдай жорғалап жүрген ауыл әкімі Ербол баласына айта ма–айтпайды. Үлкеніміз деп төрге оздыратын дастарқан басын­да айта ма – жоқ, айта алмайды, тыңдата алмайды. Сыпайы, мейірлене қарайтын қалпымен ұйықтап жатқан досы да Матақай шалдың бүгінгі алып келген әңгімесін енді “ай­та бер, тыңдаймын” демейді. Состиып тұрып қалған үйдегілер Матақай шалды ауырып қала ма деп қауіп қылды, фельдшер лыпып келіп, қан қысымын өлшеді. Бірі су әкелді, фельдшер тыныштандыратын дәрі берді, жұбатты, көп көңіл күйге берілсе өзінің ауырып қалатынды­ғын ескертті.Сапабек атай ертеңіне Глазунов ауылымен бірге Абрамушкинді соңғы сапарға шығарып салды, қабіріне топырақ тастады. Биыл Қостанайда қыс қатты, әрі ұзақ болды. Ерсілі-қарсылы соғымға шақырысқан дастарқан басынан Матақай шал жылдағыдай көрінген жоқ. Пештің түбінен ұзап шыға алмады. Құлағы есту аппаратына да көнбей барады, бүгін дүниеде не болып жатқанынан хабары аз. Сексен тоғыздан асып тоқсанға қараған шағы биыл, құм сағатты тоқтатар не шара бар? Жастыққа басын қойып, көзін жұмса алыста қалған күндер жаңғырады. Ал тағы да Жеңіс күні жақындап қалды... Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай облысы, Қостанай ауданы, Глазунов ауылы.