Биыл Тәуелсіздігімізге отыз жыл толды. Сіз ұзақ жылдар Жоғарғы Кеңес, одан кейін Парламент Сенаты аппаратының Редакциялық-баспа бөлімінде қызмет істеп, заң терминологиясының қалыптасуына үлесіңізді қостыңыз. 1991 жылы 16 желтоқсанда еліміздің Жоғарғы Кеңесінде «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңының қабылданғанын көзбен көріп, тарихи оқиғаның ортасында болдыңыз, осы сәт есіңізде ме?
− Әрине, есімде. Әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Мен онда Жоғарғы Кеңес аппараты Редакциялық-баспа бөлімі Ілеспе аударма секторының меңгерушісі едім. Онда аударма бөлімінде Жолбарыс Әбішев, Мәди Айымбетов, Ақайдар Ысымұлы, Махамбет Жәмекұлы, Дәуітәлі Омашұлы, Бекен Шоланов, Камал Әлпейісова секілді талантты аудармашылар қызмет істеді. Аталған заң мәтінін аудардық. Оны үстінен бөлім меңгерушісі, көрнекті сыншы Зейнолла Серікқалиев пен тәжірибелі аудармашы Мырзабай Кеңбейілов қарады.
Ол кезде депутаттар құрамы да өте мықты, Салық Зиманов, Манаш Қозыбаев, Әбіш Кекілбаев, Әнуар Әлімжанов секілді халқымыздың беткеұстар азаматтары сайланған. Дәл сол күні бойларын рух кернеген қазақ жастары Жоғарғы Кеңес ғимаратын қоршап, жиналып тұрды. Шындығын айтқанда, ел тағдырын шешетін маңызды құжатты қабылдау оңай болған жоқ. «Біз кімнен тәуелсіз боламыз, онсыз да тәуелсізбіз, біз сол тәуелсіздікті жоғалтып алмауымыз керек», деп заңды талқылау барысында бұра тартып сөйлегендер де кездесті. Қысқасы, жиын қызу пікірталасқа толы болды. Соған қарамастан жоғарыда есімдерін айтқан ардақты ағаларымыздың парасатты ойлары мен салмақты сөздері ешкімді де арнасынан асырған жоқ.
− Сол тұлғаларымыздың айтқан сөздері жадыңызда қалды ма?
− Көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев «Тәуелсіз ел болуымызға қазақтың тарих жағынан да, саяси экономикалық-әлеуметтік жағынан да толық құқы бар» деп байыпты ой айтып, кеңінен толғанса, академик Салық Зиманов: «Ресей патшалығына 200 жыл, Кеңес империясына 70 жыл бодан болып, өмір сүрдік. Қазақтың саны аз демеңіздер, біздің халқымыздың үштен бірі қолдан жасалған ашаршылық пен қуғын-сүргіннен Қытай, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия асты. Сөйтіп, ұрпағын аман сақтап қалды» деп өткен тарих пен қазіргі кезеңді сабақтастыра сөйледі. Қаламгер Әнуар Әлімжанов та тағылымды ой қорытты. Өзге ұлт өкілдері арасынан Александр Княгининнің салмақты сөзі де халық қалаулыларының көңілінен шықты.
– Ілеспе аударма сол жылдардан қалыптаса бастады ма?
− Мен Жоғарғы Кеңес аппаратына 1987 жылы аға консультант болып жұмысқа қабылдандым. Ол кезде депутаттардың орысша сөйлеген сөздері қазақшаға аударылмайтын. Ал қазақша сөйлейтіндердің тексін алдын ала алып, орысшаға аударып қоямыз. 1989 жылдан бастап бұл жағдай өзгерді. Депутаттар екі тілде еркін сөйлейтін болды. Сол кезде олардың сөздерін қазақшаға немесе орысшаға ілеспе аударып отырдық. Қазір елімізде ілеспе аударма мектебі қалыптасты деуге болады.
− Қазақ ауылында өсіп, орысшаға қайдан жүйрік болдыңыз?
− Біздің ауылда екі орыс қана болды. Соның бірі – Ресейде туған, бізге 4-7-сыныпқа дейін орыс тілінен сабақ берген Елена Павловна Кремных деген ұстазымыз. Сол кісінің арқасында орыс тілінің грамматикасын жақсы меңгердім. Негізінен, мұғаліміміздің ұлты чуваш, тілі бізге жақын, содан ба, қазақ және қарақалпақ тілінде еркін сөйлейтін. Әскерге барғанда басылымдарға орысша мақала жаздым. Университетті бітіргеннен кейін Қазақ телевидениесінде жұмыс істеп, деректі фильмдерді тәржімалап, аудармаға төселдім. «Қазақстан» баспасында саяси аударманың жілігін шағып, майын ішкен майталман ағаларымнан көп нәрсе үйрендім. Жоғарғы Кеңес аппаратына жұмысқа келгенде заң мәтіндерін аудару оңай деп ойладым. Алайда оның өз ерекшелігі де бар екен. Мұнда өмірінің біраз бөлігін заң саласындағы аудармаға арнаған Баймырза Дәуренбековтің мектебінен өтіп, тәжірибем толыса түсті.
− «Үкімет − заңнама, Парламент – заңдар» деп алады, қайтерімді білмей, ақылым айран» деген әзіліңізді әріптестеріңіз аузынан тастамайды. Қазақ тіліндегі заң терминологиясын бір ізге түсіруде проблемалар бар, осы мәселені қалай шешеміз?
− Қазақстан Жоғарғы Кеңесі аппаратының Редакциялық-баспа бөлімінде алғашқы жылдары ақын-жазушылар қызмет істеді, олардың ішінде алымды аудармашылар да, сөз білеміз деп оңды-солды аудара беретіндер де кездесті.
Терминді ұсынып, орнықтырар алдында оны ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттеп, сөздіктер мен энциклопедияларға мұқият назар аудару қажет. Біз осы қағиданы көбінесе басшылыққа алмаймыз. Мәселен, «нормативный акт» дегенді әріптестеріміздің біреуі «нормат» деген «қалып», «акт» деген «құжат» сонда «қалыптық құжат» болады, солай жазайық» деп ұсынысын айтты. Көпшілігі оны қолдады. Мен қарсы болдым. «Қалыптық құжат» деген «формовочный документ» деп түсінеді, ал «актінің» ауқымы кең, ол бір құжаттың мағынасын бермейді. Мысалы, біз паспортты «төлқұжат» дейміз, құжаттың төл немесе төл емесі бола ма? Дүниежүзі оны «паспорт» деп айтады, одан біз неге қашамыз?! Сондықтан заң терминдерін әбден зерделеп, ғылыми сүзгіден өткізіп барып орнықтыру қажет. Қазақ тіліндегі кірме сөздердің 15-20 пайызы араб, парсы тілінен келген, біз оны қазақ тілінің емлесімен жазып, қазақ сөзіне айналдырдық. Терминді осылай қалыптастыру керек.
1933 жылы көрнекті ғалым Құдайберген Жұбановқа Ақтөбедегі Темір қаласында бірге оқыған мектеп мұғалімі Жаңғазы Жолаев хат жазып: «Құдайберген-ау, мектепте балаға сабақ үйреткенде, шеттен келген сөздердің ішінде, әсіресе ағылшын, француз сөздері жиі кездеседі, соны қалай жаздыртамыз» деп сұрағанда, ол кісі: «Жаңғазы, біз шеттен келген сөздердің емлесін әлі жасаған жоқпыз. Қазір соның әрекетіндеміз, енді бастап жатырмыз. Әзірше, өз білгеніңді пайдаланып, қазақша жалғаумен қолдана бер» деп жауап жазған. Міне, содан бері 88 жыл өтсе да, емле әлі жасалған жоқ.
− Бұған кім кедергі?
− Ешкім, өзіміз. Самарқаумыз. Ақиқатында, заң аудармасын бұзып жүргендер: заңның арналған нысанасына, функциясына, құқық нормаларына мән бермей, тек мәтіннің жатық болып, жеңіл оқылуын ойлап, қазақ тілі бай деп терминді түрлі қолданып, түрлендіре беретін қаламгерлер, көркем шығармалар тілін зерттеп жүрген, заң тілін де көркемдеп жіберуге бейім тілші ғалымдар және жазған дүниесінің бәрін көркем тілмен жеткізуге тырысатын көсемсөзшілер дер едім. Мен мұнда заң аудармасымен айналыспайтын, айналысса да заң нормасына жіті назар аударатын қаламгерлерді, ғалымдарды, көсемсөзшілерді айтып отырған жоқпын. Шындығында, әдеби көркем, бай тілмен заң жазуға болмайды, заңды тек өз тілімен жазу керек.
Бірде Мәжіліс депутаты Шалатай Мырзахметов: «Қазақтың тілі бай, синоним көп, соны заң жазуға қашан пайдаланамыз» деп айтқанда, мен шыдай алмай, «Нормативті құқықтық актілер туралы» заңының 18-бабында: «Заңда афоризм мен синоним сөздерді пайдалануға болмайды» деп тайға таңба басқандай жазылған. Әлі жүздеген мыңдаған жаңа заң қабылданады, басқа да сөздер келеді, сонда не істейміз?» деп жауап бергенмін. Сол сөзіме Шәкең ренжіп қалды ма деп қуыстанып жүргем, бірақ ол заңды терең түсінетін депутат екенін жылы амандасып жүргенінен, ойға қонымды пікірлерінен түсіндім.
Мысалы, заңдарымызда «архив» терминін «мұрағат» деп алдық. Бұл арада хатқа түсіп, мұраға сақталатын орын көз алдымызға елестейді. Өте орынды, табылған балама демеске болмайды. Ал Орман кодексінің 4-бабы 9) тармақшасында, 78-бабының 2-тармағы 2) тармақшасында: «архивы клонов плюсовых деревьев» деген тіркес «артықшылығы бар ағаштар клондарының мұрағаттары» деп аударылған. Сонда артықшылығы бар ағаштар клондарын да мұраға қалған дүние деп түсінуіміз керек пе? Ағаш мұраға қалған хат емес ғой...
Терминология мәселесін мемлекеттік тұрғыдан қолға алмаса, шешілмейді. Кезінде онымен мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов айналысқан. Кейін Құрманбек Сағындықов, Сақтаған Бәйішев, Төлеубай Ыдырысов, Кемел Тоқаев, Баймырза Дәуренбеков секілді жазушы-журналист ғана емес, ғалым деп айтуға болатын аудармашы ағаларымыз терминология саласын дамытып, бір ізге түсіріп, осы бағытта мектеп қалыптастырды. Қазір сол мектептен ажырап қалдық. Қысқасы, заң тілін зерттейтін институт қажет.
− «Заң қазақша жазылсын десек...» атты мақалаңызда «Тілімізді тәуелсіздігіміздің тірегіне айналдырамыз десек, ғылым мен практиканы ұштастырып, салиқалы көзқарас қалыптастыруымыз керек. Онсыз айтылған сөздің бәрі желге ұшқандай із-түзсіз кете береді» дейсіз. Осы ойымызды тарқатып айтасыз ба?
− Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында «заңнама, ғылыми-техникалық әдебиет, ресми құжат тілі қазақтың бай тілімен мағынасы сақталып, жатық, жеңіл оқылатын етіп аударылуы керек, жалпы халыққа түсінікті болуға тиіс» деген пікір басым болды. Мәселен, осы қағидаға сүйеніп: «формальная проверка» – «жай тексеру», «ресми тексеру» деп алынып, кейбір көшедегі жарнамаларда «кең көлемді басылым» деп жазылып жүрді. Бұл арада «жай тексеру» – «простая проверка»; «ресми тексеру» – «официальная проверка»; «кең көлемді басылым» – «широкообъемное издание» болып шығады. Соған орай біздің көптеген аудармашыларымыз орысшадан қазақшаға аударылған дүниені кері қарай орысшаға аударуға болмайды деген пікірді ұстанады. Бұл көркем әдебиет аудармасына қойылатын талап. Мысалы, Жамбылдың: «Ленинградтық өренім» деген өлеңі «Ленинградцы – дети мои» деп аударылғанын білмейтін қазақ жоқ. Осы өлең «Ленинградтық балаларым» деп қайта аударылса, нағыз сорақылық болар еді. Көркем аударма – еркін аударма, ал заңнама, ғылыми-техникалық әдебиет аудармасы – дәлме-дәл (адекват) аударма. Екеуінің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Орыс, ағылшын, тағы басқа тілдердегі заңдарды қазақшаға аударып, оларды сол тілдерге кері аударған кезде дәлме-дәл сәйкес келмесе – ол заң емес. Өйткені мағынасына қарай еркін аударылған заң әркімнің әртүрлі түсінуіне, заңның орындалмауына әкеп соғады.
− Бүгінге дейін мемлекеттік тілде заң жазуға не қолбайлау болды дейсіз?
− Бір сөзбен айтсам, қазақша заң жазатын маман жоқ. Ол үшін заң мен тілді бірдей меңгерген маман даярлау қажет. Жоғары оқу орындарындағы журналистика мен филологияда оқып жүрген аудармашы болам деген жастарға құқықтану пәнін оқыту керек. Мен орысшадан аударылған заңды аударма деп қарамаймын, бұл орысша заңның қазақша баламасы деп санаймын.
− Қарақалпақстанда өмірге келдіңіз, ол жерде де халқымыздың терең тарихы жатыр, содан үзік сыр шертіп өтсеңіз?
− Қазақ пен қарақалпақ ежелден ауылы аралас, қойы қоралас, қыз алып, қыз беріп, құда-жегжат атанып, қоңсы қонған жұрт. Түрік халықтарының ішінде тілі мен діні, салт-дәстүрі жағынан бізге жақыны – қарақалпақтар. Осы елдің атақты шайыры Садық Нұрымбетовтің «Сөйлескенде сөзiмiз бiр ағайын, сұрасқанда түбiмiз бiр ағайын» деп жырлағаны тегін емес.
Бұрынғы кәріқұлақ қариялардың айтуынша, қазақтардың ол жерге алғаш табан тіреуі XVII ғасырдан басталған. Бабаларымыз алдымен жаппай көшіп келмей, екі ортада сауда-саттықпен жүріп, ақыры тұрақтап қалыпты. Сонымен қатар өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы аштық пен қуғын-сүргін кезінде біраз ағайын сол жаққа жан сауғалап барған, бірақ кейін олардың көбін Сәкен Сейфуллин отызыншы жылдардың ортасында елге қайтарған.
Өткен ғасыр басында Әмударияның сол жағалауы, оның ішінде қазақтар көп орналасқан аймақтар Хиуа хандығына қарады. 1920 жылы Хорезм Халық Республикасы құрылып, оған ұлты өзбек Құдайбергенов басшылық жасады. Сол жылдары республика құрамында қазақ, өзбек, қарақалпақ, түрікменді қосқанда бір миллионға жуық халық өмір сүрген. Олар Кеңес өкіметін ішкі істеріне араластырмауға тырысқан. Хорезм Халық Республикасы 1927 жылға дейін дербес ел саналды. Бір жағынан, оны формальды деуге болады.
1921 жылы Хиуада Хорезм халық өкілдерінің II құрылтайында республиканың Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағалығына ұлты қазақ Меңдіқожа Ибнәминов сайланды. Сол кезде оның жасы 23-те ғана, соған қарамастан сөйлеген сөзі мен ұсынған бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шығып, халық қолдаған. Өзі де заманның тынысын сезінген, зерделі азамат болыпты.
Бұрын Қарақалпақстанды «Бесқала» деп атаған, себебі Қоңырат, Көне Үргеніш, Шымбай, Төрткүл, Маңғыт атты бес шаһардың территориясында 1924 жылы Қарақалпақ автономиялық облысы құрылып, ол жергілікті халықтың тілегімен Қазақ АКСР-іне қосылды, ол қаулыға Хорезм Халық Республикасы Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Меңдіқожа Ибнәминов қол қойды. Сөйтіп, 1930 жылға дейін Қарақалпақстан Қазақстанға қарады. Негізі, ондағы халықтың, артық айтпасам, үштен бірі – қазақтар. Қарақалпақ қайраткерлерінің дені біздің елімізде білім алған.
− Көршілес ел болғанымызбен біз сол жерде туған қазақтан шыққан атақты адамдар туралы білмейміз, соған тоқталсаңыз?
− Қарақалпақтардың болмысы да қазақтар секілді ақкөңіл, аңқылдақ, қолындағы барын аямай бере салатын жомарт, ойын бүкпей айтатын ер мінезді ел. Достыққа да берік. Ешкімді бөліп, алаламайды.
Кеңес заманында ол елде қазақтың біраз азаматтары басшылық қызмет атқарып, автономиялық республиканың дамуы мен көркеюіне үлкен үлес қосты. Сондықтан оларға емес, өнер мен әдебиет саласындағы екі-үш азаматқа тоқталып өтейін. Мәселен, қарақалпақтың жазба әдебиеті, оның ішінде проза жанрының негізін салған, ұлты қазақ болса да, шығармаларын қарақалпақ тілінде жазған Мырзағали Дәрібаев деген жазушы болды. Оның бірқатар жыр жинақтары мен прозалық кітаптары жарық көрген. Соның ішінде шоқтығы биігі – «Мыңлардың бири» атты повесі. Қарақалпақтың әдебиетші ғалымдары ол жайында зерттеу еңбектерінде арнайы тоқталып өткен.
Одан кейін қос елге танымал жазушы, публицист, аудармашы Жұмабай Тәшеновті айтуға болады. Бұл кісі Екінші дүниежүзілік соғыстан оралғасын, жоғары партия мектебін бітіріп, бірқатар беделді қызметтерді атқарған. «Әмудария» әдеби журналының бас редакторы болды. Қарақалпақстан қайраткерлерінің бәрі оны жақсы көріп «Айналайын, Жұмабай» деп қадір тұтты. Кейін қаламгер Алматыға көшіп келіп, «Жазушы» баспасында қызмет істеді. Бірнеше прозалық және драмалық туындылары жарыққа шықты.
Әсіресе қаламгердің «Ана туралы аңыз» атты шығармасының желісімен Александр Карпов деген режиссер кино түсіріп, ол Лениндік сыйлыққа ұсынылды. Бірақ кейбіреулердің көреалмаушылығынан талантты тұлғаға ол сыйлық бұйырмады. Фильм сценарийін Жұмабай ағамыз Александр Сацкиймен бірігіп жазса, ананың рөлінде актриса Әмина Өмірзақова ойнаған.
Қазақ өлеңіне өзгеше өрнек, жаңа леп әкеліп, отыз жасында құйрықты жұлдыздай ағып өткен Төлеген Айбергенов те Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында туған. Ақыры, ақынға топырақта туған жерінен бұйырды. Ол кісі маған жақын нағашы болып келеді. Бұл тізімді әлі соза түсуге болады. Бірақ оған сұхбаттың көлемі көтермес.
− Қарақалпақ қазақтарында жыршылық өнер жақсы дамыған. Арғы жыршыларды айтпағанда, өткен ғасырда өмір сүрген Наурызбек жырау жайында аңыз-әңгіме жетерлік. Сіз ол кісімен жақын таныс болыпсыз...
− Иә, Наурызбек жырау 1931 жылы Қарақалпақстанда туып, бала күнінде қатты ауырып, аяқ-қолы тартылып қалады. Соған қарамастан домбыраны шебер тартатын. Әкем оның он үш жасынан топқа түсіп, жыр-терме орындаған деп айтушы еді. Ол 1992 жылы атажұртқа қоныс аударып, 90-шы жылдардың басында өмірден өтті.
Наурызбек өзіне дейінгі ақын-жыршылардың, әсіресе Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Нұртуған, Әбубәкір Кердерінің термелерін нақышына келтіріп орындайтын. Кейбіреулер ол мақамын Әбубәкір Кердерінің немересі Құдайберген жыраудан алған деп айтады. Бұл оның жырын тыңдамаған, естімегендердің айтып жүргені деп есептеймін. Нәукеңнің мақамының сарыны өзгеше, ешкімге ұқсамайды.
Ауылда жүргенде оның термелерін тыңдап жүрдік, бір жырды орындағанда 2-3 сағатқа созып, бойын қыздырып алғаннан кейін қариялар: «Ал Наурызбек, үлкен жолға түс» деп қақпайлап, «Едігеден» бастап, «Қозы-Көрпеш – Баян сұлуға» дейінгі ғашықтық дастандарын жырлататын.
Ол кісі Алматыға бұрын да келіп-кетіп жүрді. Бірақ өзі радиоға, телевидениеге барып, дауысын жаздыртуға онша құлықты болмады. Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті Жақсылық Сәрсенғалиев пен Қаламқас Орашева деген ерлі-зайыпты талантты дәстүрлі әншілер Нәукеңмен жақын араласып, Қарақалпақстанға гастрольмен барғанда сол үйге ат басын тірейді. Жақсылық сол бір жолы: «Аға, жасыңыз болса, ұлғайып келеді. Кейінгі ұрпаққа өнеріңізді қалдырыңыз, ол үшін Алматыға барып, радиоға дауысыңызды жаздырыңыз» деп ой салып, іле Нәукеңнің өзі де Алматыға келіп, «Қазақ радиосына» термелерін жаздырды. Бұл 70-ші жылдардың аяғы, мен онда Қазақ телевидениесінде редактормын. Сол келгенде ол кісіні үйге алып келіп, атақты ғалым, дәрігер Ишанбай Қарақұлов, әдебиет зерттеушісі Әнуар Дербісәлин және т. б. азаматтарды шақырып, тыңдадық. Сонда Нәукең түнге дейін жырлап, құмарымызды қандырды. Ол жырласа шаршамайды. Төрт-бес дастанды жатқа айтады. Тағы бір ерекшелігі, жырлар алдында дастанның шығу тарихын, не туралы екенін, жырға қатысты басқа да жайттарды баяндап отырады. 1982 жылы белгілі өнер зерттеушісі, ғалым Болат Қарақұловты қолқалап Қоңыратқа Наурызбек жырауға алып бардым. Нәукең өз үйінде Болатқа өзі шығарған 21 термесін жазғызды. Болат ағамыз сол барғанда Бесқаладағы көптеген әнші, жыршы, күйшілерді жазып алып, 17 таспа жазбаны Қазақ мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамына тапсырды. Наурызбекпен қатар ол кісі Нөкіс қаласында Биман күйшіге тәнті болды. Кейін «Осы екеуін зерттейтін жастар болса маған әкел, кандидаттық диссертациясына өзім жетекші боламын, барынша көмектесіп, қорғатамын» деген еді. Ешкім табыла қоймады.
Жалпы, Наурызбек жыраудың бойында бір тылсым құдірет бар, ол аруақ қонған киелі адам. Жақында жыраудың жиені Күнқожа Қайрулла ініміз оның артында қалған дүниесін жинақтап «Наурызбек жырау шығармалары» атты кітап шығарыпты. «Жақсының аты өлмейді» деген осы.
− Әңгімеңізге рахмет.