Тәуелсіздік • 14 Желтоқсан, 2021

Назарбаев Конституциясы жаңа қазақстандық мемлекеттіліктің құқықтық іргетасы

530 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Біз қазіргі таңда дәуірлік оқиға кезеңінде – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өмір сүріп жатырмыз. Бұл – елдіктің мерейлі белесі, аз уақытта табысты мемлекет құра білген Қазақстан халқының орасан зор тарихи жетістіктерінің айқын айғағы. Біздің барлық жетістігіміз Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дана басшылығымен жүзеге асқан Қазақстан азаматтарының қажырлы еңбегінің нәтижесі екені де анық.

Назарбаев Конституциясы жаңа қазақстандық мемлекеттіліктің құқықтық іргетасы

Егер құқықтық тұрғыдан айтар болсақ, қазіргі тарихта мемлекеттілік­ті алу үдерісі түрлі сипатта болатынын атап өткен жөн. Бір ел егемендікке ұлт-азаттық күрестің күшімен жетеді. Енді бірі мемлекеттердің демаркациясы мен ыдырауының, қайта құру мен төңкерістердің нәтижесінде пайда болады. Сонымен қатар бұл үдерістерді XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында басым болған процестерден ерекшелей­тін кейбір жайттар бар. Бүгінде пошта, телеграф, көпірлер, вокзалдар, байланыс құралдарын жаулап алу жеткілік­сіз. Яғни билікті басып алып, оны жариялау толық жеңіске жетті деген­ді білдірмейді. ХХ ғасырдың соңғы үштен бірі мен ХХІ ғасырдың басынан бастап мемлекеттердің қалыптасуындағы ең басты мәселесі – заңдылық болды. Бұл негізгі сәт – жаңа биліктің заңды еке­нін кім дәлелдесе, сол жеңімпаз деген қағи­дат. Ал егер мұны дәлелдей алмаса, демек жаңа мемлекет те жоқ деген сөз.

Мемлекеттің заңдылығы белгілі бір құқықтық нормаларды ресми түрде сақ­тауға бағытталған заңдылық ұғымына қара­ғанда тереңірек. Ал мемлекеттік заң­дылық дегеніміз бүкіл қоғамның, халық­тың белгілі бір топтарының мүдделерін білдіреді. Билікті халықтың өзі беру – өте маңызды қадам. Референдумдар, жалпыхалықтық сайлаулар өткізудің түп мақсаты да осында жатыр.

Егер жаңадан құрылған кей мемлекеттерде оның заңдылығына қатысты қандайда бір дау-дамай туындаса, мұндай мәселенің жаңғырығын өзгелерден жа­уып-жасырып қалу еш мүмкін емес. Ал Қазақстанға қатысты айтар болсақ, біздің еліміздің тәуелсіздік алуы тек қана заңды сипатта болғаны даусыз.

Елімізде егемендік алу үдерісі біраз уақытқа созылды және кезең-кезеңімен жүргізілді. Осындай кезеңдердің бірі 1990 жылғы сәуірде өткен Жоғарғы Кеңес мәжілісі еді. Осы жиында Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаев Қазақ КСР-інің Президенті болып сайланды. Кейіннен 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің егемендігі туралы Дек­ларация қабылданды. Келесі маңызды қадам Президенттің 1991 жылғы 1 желтоқ­сандағы бүкілхалықтық сайлауы еді. Ал 1991 жылдың 16 желтоқ­санында қабыл­­данған «Қазақстан Республи­касы­­ның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы мемлекеттік құрылым­ның құқықтық негізін қалап берген құжатқа айналды.

Республикамызды заңдастыру үдерісі мұнымен аяқталған жоқ. Келесі кезең 1993 жылы Жоғарғы Кеңестің Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясын әзірлеуі және қабылдауы болды. Бұл Конституцияны заңгерлер бұдан бұрын да бірнеше рет «өтпелі сипатта» деп атап өткен еді. Өйткені барлық ірі әрі маңызды мәселелер, әсіресе биліктің бөлінуіне қатысты сұрақтар дәйекті және біржақты шешілген жоқ. Бұл 1995 жылы жаңа Конституцияны қабылдауды және оған неғұрлым заңды сипат беруді талап етті. Сол үшін бұл құжат республикалық референдумға шығарылды.

Қазақстанның Тәуелсіздік алуы мен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлі өзара тығыз байланысты. Өйткені еліміздің Тәуелсіздікке ие болуы және оның одан әрі табысты дамуына бастаған барлық қадамдарға Нұрсұлтан Әбішұлы бастамашы болды. Барлық реформалар Елбасының бастамасымен жүргізілді. Тұңғыш Президент жас мемлекеттің алдағы бағыт-бағдарын нақты белгілеп беріп отырды. Жоғарыда жеке-жеке тоқталған барлық маңызды әрі тарихи кезеңдер нақты ойластырылған, бір-бірінен қисынды түрде өтті. Елбасының ерік-жігері мен Тәуелсіздікті нығайтуға бағытталған барлық бастамасы еліміздің еңселі болуын қамтамасыз етті. Осыған орай жаңа мемлекеттілігіміздің Конс­ти­туциялық ресімделуіне кеңірек тоқтал­ғанды жөн санаймын.

Нұрсұлтан Назарбаевтың жоба мәті­ніне қосқан үлесі зор екені баршаға мәлім. Куәгерлердің айтуынша, ол бұған дейін шетелдердің бірнеше ондаған конс­титуция­ларын мұқият зерттеп, ке­йін пікір-таластарда сол мәліметтерді жат­қа айтып беріп отырған. Сондықтан да болар көп­шілік бұл Назарбаевтың Консти­туциясы деген кезде барлығы бірауыздан келіскен.

1995 жылы жаңа Конституция қабыл­данғаннан кейін Тұңғыш Прези­дент тиісті экономикалық, әлеуметтік, саяси негіздер пайда болған кезде орталықсыздандыру және билікті Президенттен Үкіметке және Парламентке беру процесі жүретінін бірден мәлімдеді. Бұл да ерекше мән беретін жайт. Сол кезде Президенттің бұл уәдесін кейбір скептиктер дәстүрлі риторика ретінде қабылдаған еді. Алайда көп ұзамай-ақ 1998 жылы осы бағ­дар­ламаны жүзеге асыруда алғашқы әрі ма­ңызды қадамдар жасалды. Атап айт­қанда, Сенат депутаттарының өкілет­тік мерзімі – 6 жылға, ал Мәжіліс депутат­тары­ның өкілеттік мерзімі бес жылға дейін ұзартылды. Мәжілістің саны он де­путаттық мандатқа ұлғайтылып, депутат­тардың бір бөлігі пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша партиялық тізімдер не­гізінде сайлана бастады. Сонымен қатар Парламент палаталарының Үкімет қыз­метіне бақылау өкілеттігі күшейтілді. Егер Республика Президенті Палатаның Үкімет мүшесі заңдарды орындамаған жағдайда оны қызметінен босату туралы өтінішін қабылдамай тастаса, онда депутаттар Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің көп­шілік даусымен алғашқы өтініш беріл­ген күннен бастап алты ай өткен соң Рес­пуб­лика Президентінің алдына Үкі­мет мүшесін қызметінен босату туралы мәселені қайталап қоя алды. Тағы бір маңызды мәселе – Үкіметтің дербес алқа­лы орган ретіндегі конституциялық мәр­тебесі расталып, қылмыстық сот өндірі­сіне алқа билер институты енгізілді.

Елбасының осы бағыттағы бастамаларын 2007 жылғы конституциялық өз­геріс­тер одан әрі жалғастырды. Респуб­лика Президентінің өкілеттік мерзімі жеті жылдан бес жылға дейін қысқартылды. Премьер-Министрді тағайындау рәсіміне (Парламент Мәжілісінің келісімін алу үшін кандидатура ұсынылғанға дейін) Мемлекет басшысының Парламент Мәжі­лісінде өкілдік ететін саяси партиялар фракцияларымен алдын ала консультациялары енгізілді; Парламенттің өкілдік функциясы байытылды; Парламент Мә­жі­лісін құру тәртібі өзгерді – тоқсан се­гіз депутатты сайлау пропорционалды сай­лау жүйесі бойынша жүзеге асырылады, ал Мәжілістің тоғыз депутатын конституциялық мәртебеге ие болған Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлай бастады; көпшілік дауыспен Мәжіліске Үкіметке сенімсіздік білдіру құқығы бе­рілді; заңдарды орындаудағы Үкімет мү­ше­сінің жұмысы теріс бағаланса, оны қызметінен босату туралы Республика Президентіне өтініш жасау үшін Палата депутаттарына көпшілік даусын жинау қажет болды; жаңадан сайланған Пар­ламент Мәжілісінің алдында Респуб­лика­ның Премьер-Министрі өз өкілеттігін тоқ­тату туралы шешім қабылдады; Конс­ти­ту­циялық Кеңестің құзыретіне Пар­ла­мент және оның Палаталары қабыл­да­ған қау­лылардың Конституцияға сәйкес­тігін қарау және басқа да мәселелер енгізілді.

Сонымен қатар отандық және шетел­дік сарапшылардың пікірінше, осы жылдар ішінде мемлекеттік механизмдегі ең іргелі әрі күрделі өзгерістер 2017 жылғы конституциялық реформа нәтижесінде жүзеге асырылды. Осы реформаға баға берген Еуропа Кеңесі Венеция комис­сиясының қорытындысында Қазақ­стан­ның конституциялық өзгерістері мем­лекетті демократияландыру үдерісін­де алға жасалған сенімді қадам екенін атап өткен еді. Дұрыс таңдалған рефор­ма ел дамуындағы дұрыс бағытты белгі­лейді және айқын прогресті көрсетеді. Комис­сияның пікірінше, тұтас алғанда Пар­­ламенттің, атап айтқанда, Пар­ла­мент палаталарының рөлін арт­тыру, Рес­пуб­лика Президентінің кейбір функ­ция­ларын Үкіметке беру, оның Па­рла­ментке есептілігі мен оның бақы­лауын­да болу тетіктерін күшейту 1998 және 2007 жылдары жүргізілген алдыңғы конс­титуциялық реформалардың логикасына сәйкес келетін оң өзгерістер екені анық.

Елбасы 2017 жылғы 10 наурызда қол қойған «Қазақстан Республикасы­ның Конституциясына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңның негізгі ережелері Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен өткізілген бүкілхалықтық талқылау қорытындыларын түпкілікті айқындап берді. Бұл ұсынылған түзету­лердің мәні мен маңызын терең түсінуге жол ашты, ал олардың әрқайсысы уақыт­тың өзі белгілеп берген міндеттерді шешуді көздейді.

Мәселен, құжаттағы азаматтық мәсе­ле­леріне қатысты түзету қоғамда қызу пікірталас тудырды. Ата Заңның 10-бабы­ның 2-тармағы жаңа редакцияда «Аза­маттықтан айыруға террористік қыл­мыстар жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтір­гені үшін соттың шешімімен ғана жол беріледі» деп толықтырылды. Бұл норма адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеудің Консти­туциялық өлшемдері мен негіздеріне, сондай-ақ БҰҰ қабылдаған халықаралық актілерге сәйкес келеді.

Ал Конституцияның 4-бабы 3-тарма­ғының жаңа редакциясы ұлттық құқық пен халықаралық актілердің өзара іс-қимылында жинақталған тәжірибені ескере отырып қабылданды. Қазіргі таңда бұл тармақта: «Республика бекіткен халық­аралық шарттардың Республика заң­дарынан басымдығы болады. Қазақ­стан қатысушысы болып табылатын халық­аралық шарттардың Қазақстан Рес­пуб­ликасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Республиканың заңна­масында айқындалады», деп жазылған.

Сонымен қатар Конституциялық заңға сәйкес Конституцияның 2-бабы Рес­публика орталығы Астана қаласының (қазіргі Нұр-Сұлтан) шегінде қаржы саласында ерекше құқықтық режім белгі­ленуі мүмкін екендігі туралы ережемен толықтырылды. Дәл осы өзгеріс, әсіресе бизнес қауымдастық пен заңгерлердің, оның ішінде шетелдік заңгерлердің үлкен қызығушылығын тудырған еді. Бұл қаржы қызметтері саласында қолай­лы орта қалыптастыру, бағалы қағаз­дар нарығын одан әрі дамыту және оның халықаралық қаржы нарықтары­мен интеграциялануын қамтамасыз ету арқылы Қазақстан экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту үшін құрылған «Астана» халықаралық қар­жы орталығына (АХҚО) ерекше мәртебе беру мақсатымен жасалды. Орта­лық аумағында халықаралық төрелік орталы­ғы, тәуелсіз сот және АХҚО құқық ака­демиясы табысты қызметін бастады. АХҚО соты Еуразияда алғаш рет ағыл­шын жалпы құқығының нормалары мен қағидаттарына негізделген сот жүйесін ұсынды. Бүгінде бұл сот азамат­тық және ком­мерциялық дауларды шешу­дің ең жақсы халықаралық стандартта­рына сәй­кес әрекет етеді. Аталған құры­лым­дар­дың қызметі туралы толық ақпаратты АХҚО сайтынан алуға болады.

Бірқатар түзету енгізілгеннен кейін ерекше қорғалатын конституциялық құндылықтар тізбесі кеңейтілді. Атап айтқанда, Ата Заңның 91-бабының 2-тармағына сәйкес, «Конституцияда белгiленген мемлекеттiң Тәуелсіздігі, Рес­пуб­ликаның бiртұтастығы мен аумақ­тық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстан­ның не­гізін салушы, Қазақстан Республика­сы­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы ірге­сін қалаған Республика қызметінің түбе­гейлі принциптері және Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Ел­басының мәртебесі өзгермейді». Осылай­ша, Конституциялық Кеңес өз шешімінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың жаңа Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы екенін, оның бірлігін, Конституцияның, адам және азаматтардың құқықтары мен бос­тандықтарының қорғалуын қамта­масыз еткенін ерекше атап өтті. Елбасының конституциялық мәртебесі мен оның жеке қасиеттері арқасында Егемен Қазақ­станның, оның ішінде Негізгі Заң­ның конституциялық құндылықтары және Республика қызметінің түбегейлі принциптері қалыптасты. Бұл жолда Н.Назарбаевтың қосқан үлесі орасан болса, оның тарихи миссиясы конститу­циялық жолмен расталады. Осыған орай Конс­титуцияға енгізілетін өзгерістер рес­­пуб­ликалық референдум немесе Пар­­ламенттің қарауына шығарылмас бұрын міндетті түрде Конституциялық Кеңеске жіберіледі. Кеңесте ұсынылған өзгерістердің талапқа сәйкестігі жан-жақты тексеріліп, кейіннен бұл туралы Конституциялық Кеңестің қорытындысы шығарылады. Бұл талап арнайы заңмен де бекітілген.

Осындай түзетулер арқылы Ата Заңы­мызда мемлекеттің құқық қорғау әлеуеті айтарлықтай күшейтілді. Пре­зи­дентке күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актіні ел Консти­ту­ция­­сына сәйкестігін қарау туралы Конс­­ти­туциялық Кеңеске өтініш жіберу құқы­ғы берілді. Бұл құқық шындап келген­де адам және азаматтардың құқық­тары мен бостандықтарын қорғау, мем­лекет­тің ұлттық қауіпсіздігін, егемен­дігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүд­де­лері­­мен тығыз байланысты. Сондай-ақ бұл заңдылық Мемлекет басшысының Конс­титуцияның 40-бабында бекітілген конституциялық-құқықтық мәртебесінен туындайды. Ал осы баптың 2-тармағында «Республиканың Президенті – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конс­титуцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостан­дықтарының нышаны әрі кепілі», деп тайға таңба басқандай жазылған.

Мемлекет басшысының бастамасымен Конституцияның 73-бабының 4-тармағы алынып тасталды. Ал бұл бапта республика Президентінің Конс­титуциялық Кеңестің шешіміне қарсы­лық енгізу құқығы көрсетіліп, оларды қараудың тәртібі мен салдары реттелген болатын. Бұл шешімнің Конституциялық Кеңесті күшейте түскені айқын. Ал заңгерлер Елбасының осы ұйғары­мын Конституциялық Кеңеске деген сенімнің жоғары дәрежесінің көрінісі ретінде қабылдады. Көптеген шетелдік сарапшылар осындай Конституциялық түзетулер арқылы Қазақстанның Конс­титуциялық Кеңесі өзінің құзыреті бойынша көптеген еуропалық елдің конституциялық соттарымен теңескенін де ерекше атап өтті.

Еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе беру және оны тағайындау мен босатудың тәртібін реттеу Конституцияның 1-бабы 1-тармағының және 12-бабы 2-тар­мағының ережелерінде егжей-тег­жей жазылған. Бұл нормаларға сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демо­кратиялық, зайырлы, құқықтық және әлеу­меттік мемлекет ретінде қалыптастырып, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостан­дықтары деп көрсетілді.

Жалпы, 2017 жылғы реформа кезінде президенттік басқару нысанына толықтай демократиялық жаңғырту жүргізілді. Ал бұл жаңғыртулар Парламент пен Үкімет­тің рөлін, дербестігін және жауапкер­шілігін күшейту, Президенттің жекелеген өкілеттіктерін Парламент пен Үкімет арасында қайта бөлу арқылы жүзеге асырылды.

Осылайша, қазіргі заманғы қазақстан­дық мемлекеттіліктің, елдің құқықтық жүйесінің құрылуы, сондай-ақ оның құқық­тық саясатының қалыптасуы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Прези­дентінің есімімен тығыз байланыс­ты деп айтуға толық негіз бар.

Еліміз бүгінде ерекше қарқында дамып келеді. Ал осындай іргелі өзгерістер кезінде жүргізіліп жатқан реформалар конституционализмнің идеялары мен қағидаттарын, олардың таралу дәрежесін және ұлттық заңнамада іске асырылу серпінін терең ұғыну қажеттілігін тағы бір рет айғақтап береді.

Естеріңізде болса, Қазақстан Рес­пуб­­ли­­ка­сының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сайлауал­ды бағ­дарламасында саяси бағыттың сабақ­тастығын жариялады. Бағдар­лама­­сында Президент: «Менің қағида­ларым: Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу. Сабақтастық – еліміздің жаңа даму кезе­ңін­де Елбасының қолға алған бағытын әрі қарай тиімді жалғастыру. Ең алдымен бұл – Тәуелсіздік, Егемендік және ұлт­тық қауіпсіздікті нығайту. Бұл – тұрақ­тылық, азаматтық татулық пен келісім. Бұл – серпінді экономика мен мық­ты әлеу­меттік саясат. Менің мақсатым – қазақ­стандықтардың өмір сүру сапасын жақсар­тып, табысын арттыру», деді.

Конституция – құқықтық постулаттарды іске асырудың негізгі нысаны және қоғамдық қатынастарды реттейтін ең жоғары саяси-құқықтық акт. Ал еліміздің басты заң құжатын жаһандық сын-тегеу­ріндер мен даму қажеттіліктеріне қарай жетіл­діріп отыру уақыт талабы және қажет­тілік екені сөзсіз. Бүгінде Нұрсұлтан Назар­баевтың Конституциялық парадигмасы жалпы адамзаттық та, ұлттық та мақсат-мұраттарға толық жауап бере алады. Бұл құжат сонымен қатар қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық және басқа да тіршілік салаларының сұраныстарына сай келеді. Сондықтан мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың, азаматтардың басты міндеті – Ата Заңымыздың рухы мен әр әрпін қатаң сақтау, ондағы конс­ти­туциялық құндылықтарды нақты маз­мұнмен толықтыру екені баршаға аян.

 

Игорь РОГОВ,

Қазақстан Президенті жанындағы

Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары, Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор