Жобаны жүзеге асыру үшін Qaz Carbon компаниясы өзінің жекеменшік қаражатынан 11 млрд теңге жұмсады. Ал негізгі инвестиция көзі «Қазақстанның даму банкі» АҚ тарапынан болған. Банк аталған жобаға 38,8 млрд теңге қаржы салған. Ал «KazakhExport» ЭСК» АҚ жаңа кәсіпорынның экспорттық бағдарлануын ескере отырып, осы қаржыландыру бойынша кредиттік тәуекелдердің жауапкершілігін өзінің мойнына алды.
Ферроқорытпа зауытының құрылысы 2020 жылдың желтоқсан айында басталды. Тамыз айында алғашқы рудотермиялық ферроқорытпа пеші іске қосылды. Қазірдің өзінде 3 мың тоннадан астам отандық силикомарганец өндірілген. Кәсіпорынның алға қойған мақсаты – экспорт көлемін арттыру. Алғашқы өнім Жапония, Оңтүстік Корея, Еуроодақ және ТМД елдеріне жөнелтіле бастады.
Өндірістік үдеріс толығымен автоматтандырылған. Пештер үш сағат ішінде қорытпалардың бір түрінен екіншісіне өздігінен ауыса алады. Кәсіпорын Қарағанды өңірінің шикізатын қайта өңдеуге жобаланғанын да айта кеткен ләзім. Бұл үздіксіз өндірістік циклды қамтамасыз етуге және әлемдік нарықтарға сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Жаңа зауыттың ашылу салтанатында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Qaz Carbon компаниясының ірі инвестициялық жобаларды іске асыруда үлкен тәжірибесі бар екенін атап өтті.
– Мұндай жобаны іске асыру – Мемлекет басшысының инвестициялар тарту, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі нақты тапсырмаларын орындауға тікелей ықпалын тигізеді. Жаңа зауытта 300-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды, – деді өңір басшысы.
Жаңа кәсіпорын жылына 57 мың тонна ферроқорытпа өндіретін болады. Зауыттағы әрқайсысы 8 МВт болатын 8 пеш тәулігіне 25 тонна түрлі ферроқорытпа өнімдерін шығаруға қауқарлы. Бірінші кезеңде 4 пеш жұмыс істей бастайды, қалған төртеуі жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Qaz Carbon компаниясының акционері Ерлан Нығматулин кәсіпорында әлемдік технологиялық әзірлемелер қолданылғанын және жаңа жабдықтар орнатылғанын айтады.
– Бұл өндірістің экологиялық тұрғыда таза екенін айтқым келеді, қоршаған ортаға тигізер әсері барынша аз. Зауытта ауаны ластамайтын үш сатылы газ тазалау жүйесі жұмыс істейді. Қалдықтарды қайта пайдалану көзделген. Qaz Carbon жобасының жалпы сомасы 50,7 млрд теңгені құрайды, оған байыту фабрикасы, агломерациялық фабрикасы бар «Сарыарқа» ферроқорытпа зауыты және қолданыстағы өндірісті жаңғырту кіреді, – деді акционер.
«Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Абай Сарқұлов Qaz Carbon инновациялық кәсіпорнында ҚДБ-ның стратегиялық бағыттарына – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, импортты алмастыруға, экспортқа бағдарланған стратегияға және әлемдік нарықта қосылған құны жоғары бәсекеге қабілетті өнімнің отандық өндірісіне зауыт құрылтайшыларының толық көлемде сәйкес келетін бірегей инженерлік ойының іске асырылғанын мәлім етті.
Жалпы, Qaz Carbon компаниясы 2021 жылдың сәуір айында жылына 2 млн тонна көмір өндіретін байыту фабрикасын іске қосқан болатын. Компанияның көрме орталығы салынды. Осы жылдың соңына дейін қуаты жылына 200 мың тонна агломерациялық фабриканы іске қосу жоспарлануда.
Ал күні кеше ғана пайдалануға берілген жаңа зауытты еліміздегі қолайлы инвестициялық ахуалдың көрсеткіші деп сенімді түрде айтуға болады. Яғни бұл жерде шетелдік инвесторлар алаңсыз жұмыс істеуге заңнамалық база мүмкіндік береді және басқа да қолайлы жағдайлар жасалған. Мұның өзі Қазақстанның бүгінде ферроқорытпа нарығындағы болашағы зор ойыншы ғана емес, сонымен қатар қоры мол мықты бәсекелес болу факторына да тікелей әсер етеді.
ҚАРАҒАНДЫ