Тәуелсіздік • 24 Желтоқсан, 2021

Тәуелсіздігімізді қастерлеу – елдігімізді құрметтеу

2870 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын зейін қойып оқығанымда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңдер мен қол жеткізген жетістіктеріміз және елдің жай-күйі көз алдыма келді.

Тәуелсіздігімізді қастерлеу – елдігімізді құрметтеу

Елбасы мақаласында айтылған мейір­бандық, даналық және өнегелілік жөнін­де­гі терең мағыналы сөздер ең алдымен Тәуел­сіздік құрдастарына арналғандай.

Тұңғыш Президентіміз жастарды тәуелсіз­ді­гі­мізді қастерлеп, оны бас­ты қазынамыз ретінде сақ­тауға және қа­дір­леуге шақырды. Сонымен қа­тар, егемендік елін, жерін найзасының ұшы­мен, біле­гінің күшімен қорғаған Қа­бан­бай, Бөгенбай, Наурызбай, Ра­йымбек сынды батырлардың, Әйтеке, Төле, Қазыбек билер сияқты дана бабалардың ерен ерлігімен келгенін жас ұрпақтың есіне салды.

ХХ ғасырда ата-бабаларымыз ұлт-азаттық көтерілістерде, азамат соғы­сын­да қанға бөкті, аштықты, қуғын-сүр­гінді, Кеңес Одағын фашизмнен қаһар­мандықпен қорғауды басынан кешірді. Қазақ халқы ерен еңбегі мен тастай берік тө­з­імділігінің арқасында аман қалды.

Мақалада өскелең ұрпақ бүгінгі күн­­нің сын-қатерлері мен талаптарына сәйкес болуы үшін тарихымызды терең білуі керектігіне ерекше назар ауда­рыл­ған.

Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев елімізді бей­бітшілік жолына салып, ынтымақ пен бірлікті ту етіп көтеріп келеді. Осыдан болар, біздің елімізде жалған абыройға ұмтылу, басқа этнос өкілдерін қыспаққа алу немесе күштеп шығару көріністері ешқашан болған емес.

Таяуда өткен Конфессияаралық және өркениет­ара­лық сұхбат орталығы ұйым­дас­тырған кон­фе­рен­ция­ға қатыс­тым. Осы форумда православие епископы Геннадий келесіні мәлімдеді. Қазақстанда 1991 жылы 91 православие шіркеуі болса, қазіргі таңда олардың саны 312-ні құрайды. Сонымен қатар жақын арада Алматы қаласында 30-ыншы православие ғибадатханасы ашылды, ал 30 жыл бұрын мұнда үшеуі ғана болған.

Қазақ халқы тәуелсіздік алғаннан кейін де коммунистік қуғын-сүргін заманындағы тұтас ха­лық­тарға және діндерге көрсетілген қонақжайлылық пен ақкөңілділік қасиетін көрсетуді жал­ғас­ты­рып, өзі­нің тарихына «құр­бан­дық пен мейірімділіктің алтын беттерін жазды», деді епископ Геннадий.

Елбасының көреген саясатының арқасында біздің елімізде этносаралық және діниаралық қақтығыстар орын алмады.

Қазақстан мемлекетінің тағы бір маңызды факторы – оның көпвекторлы сыртқы саясаты. Дипломатиялық қыз­мет­тің барлық баспалдақтарынан өткен дипломат ретінде мен Елбасы құр­ған сыртқы саясатына ерекше тоқ­тал­ғым келеді.

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министр­лі­гі­нің кеңейтілген алқа отырысында атап өткендей, Қазақстан тарихи қысқа мерзім ішінде тек танымал мемлекетке ғана емес, сондай-ақ өңірлік және жаһандық үдерістерінің белсенді қатысушысына айналды.

Елбасының тікелей басшылығымен кәсіби дипломатиялық қызмет қалып­тасты. Ядролық қа­ру­дан ерікті түрде бас тарту, Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның мемлекеттік шекарасын заңды түрде ресім­деу, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы кон­вен­цияға қол қою сияқты ауқымды сыртқы саяси мәселелер шешілді.

Біздің стратегиялық серіктестеріміз – Ресей, Қытай және Орталық Азия елдерімен, сонымен қатар жетекші инвестициялық, сауда және техно­ло­гиялық серіктестеріміз – АҚШ, Жапония, Корея және Еуропалық одақ елдерімен берік қарым-қаты­нас­тарымызды да атап өту қажет.

Елбасының дипломатиясы көптеген, соның ішінде ең күрделі халықаралық мәселелер бойынша ымыралы шешімдерді іздестіруге бағытталуымен танымал. Шетелдік дипломаттар Қазақстанның батыл халықаралық бастамалар көтеріп қана қоймай, оларды табанды әрі табысты жүзеге асырып келе жатқанын біледі. Мысалы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің шақырылуы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен Түркі мемлекеттері ұйымының бүгінгі форматына өзгеруі, Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының құрылуы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мына Қазақстанның төрағалық етуі, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшесі ретінде қатысуы.

Осы қысқа мақаламды М.В.Ломо­но­сов атындағы Мәскеу мем­ле­кет­тік университетінің ректоры Виктор Садовничийдің 2021 жылғы 10 жел­тоқ­санда өткен Қазақстан Тәуелсіз­ді­гі­нің 30 жылдығына арналған «Көш­бас­шылық. Тұрақтылық. Прогресс» атты ғылыми-практикалық конференциясында сөйлеген сөзімен аяқтағым келеді: «Тәуелсіз Қазақстан 30 жыл ішінде орасан зор жетістіктерге қол жеткізді, әлемдік қоғамдастықтың мойындалған әрі сыйлы мүшесі болды. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы, оның табыстары мен жеңістері Қазақстан халқының тарихы мен тағдырында маңызды рөл ойнап келе жатқан аса көрнекті тарихи тұлға – Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі­мен ажырамас бірлікте».

 

Айгүл ҚҰСПАН,

Мәжіліс депутаты