Қазақ баспасөзінің қара нары Сабыржан Шүкірұлы хақында толғам
Тонның ішкі бауындай болдым деп мақтана алмаспын, бірақ Сабыржан ағаға деген ішкі құрметімнің өзінше бөлектігі, ілтипатымның еректігі өзіме аян, ол кісіге де белгілі еді. Менің аңғаруымда, әрқашан ар сөзін ғана айтып, ақиқат ережесінен әсте аттамай, әркез адамдықты сақтап, ақ жүріп, адалымен өткен сирек ағаларымның бірі емес, бірегейі десем де жаңылмаспын. Нар бойын баяу маздаған намыс кернеп, салауат сабыр тербеп жүретіндей көрінетін. Кім-кімді де көңілінің төріне шығарар кең пейіл дарқандығы болса да, төбесіне секіртер бейқамдығы жоқ-тын. Ерлікке сүйсінетін, ездіктен жиренетін. Жан жадыратар қазақы қалжыңға мырза, ауызекі сөзге ұста, тұғырда тұрғандай тұрпатты, жан сарайы сырлы сұңғатты қайран Сәкем, есіл ер-ай, Есілдің жағасына барып, өмірден есіле көшіп жүре бердіңіз-ау.
Сабыржан ағаны алғаш көруім, сірә, 1990 жылдың күзінде болар. Ол кісі «Социалистік Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасарлығына бекіп отырды деген хабарды естіп, өзінің ежелден бергі жақын досы Бекболат Әдетовпен бірге құттықтап шығуға кабинетіне кіргенбіз. Бұрын сырттай там-тұмдап шамалы естуім болмаса, таныс-білістігім жоқ. Бекеңе ілесіп жүруімнің себебі, жақында ғана республика басшылығының ұйғарымымен ауыл шаруашылығы саласы бойынша дербес «Дала дидары» (кейіннен «Ауыл») газеті ашылып, оның бас редакторы болып бесаспап журналист қаламгер Б.Әдетов, орынбасары болып мен тағайындалған болатынбыз. Кең кабинетте Сәкеңе құтты болсынымызды айттық. Тұрпаты келіскен зор денесі, әзіл-қалжыңға бейім ақжарқын келбеті, әдептен аспас ұстамдылығы адамға бірден-ақ ұнамды әсер қалдырғандай-ды. Бекең екеуі боса-болмасын дос, біздің арамызда да сол күннен бастап бір сыйластық орнағандай-ды. Әзіл-қалжыңына бұрынғы да қазіргі, әсіресе, «Социалистік Қазақстанда» меншікті тілші болып істеген кездегі әріптес дос, құрдастарының, жалпы, жақсы көретін адамдарының аттары әпенде мінездерімен, айтып қалған сөздерімен қоса ию-қию араласып жүретін-ді.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардың алақай эйфориясы да мол болды. Әсіресе, қазақ тілді баспасөзіміз тәуелсіздік келерін сезгендей, тіпті, соның қарсаңында да бостаншыл рухтың бұрқасынын боратудан жазбады. Газетте Қазақстан атына оғаш пікір айтқан, қазақтың намысына тиген оспадарларды сыпыра сойдық та отырдық. Горбачев та, Солженицын да, Жириновский де, Старовойтова, Руцкой, Лимонов дегендер де сол сойылдың астында қалған. Бұл дұрыс-ау, бірақ кейбір реттерде қызды-қыздымен тоқтай алмай қалып өзіміздің Олжас Сүлейменов көкеміздің атына да бірді-екілі шырылдаған сын пікірлерді жазған басымыз жазып-ақ жіберіппіз. Олжекең не айтса да арғы жағында астарлы байыбы болатынын, ол кісі халқымыздың түп мүддесін ойлайтынын ол шақта қайдан біліппіз. Сабыржан аға осы жайды оңтайымен ескертті. «Олжекеңнің жаулары онсыз да жетеді. Сен солардың қатарын көбейтейін деп пе едің? Жаманға жақтасамын деп жақсының жағасынан алма» дегенді қаперде ұстағайсың», деп ақыл қосты. Тым ақылсыз емес едік. Көңілге шам алмадық. Өзімбілерменге салынбадық. Сөйткеніме осы қазір де, содан бері 20-дан астам жыл өткенде де қуанамын. Иә, өйткені, ағаның айтқанын ұқтық. Жадағай ойлап, жалпы дүрмекке ілесіп, жаңсақ басып, қателікке ұрынғанымызды түсіндік. Үлкен ағалардың шаужайына орынсыз жармаспайтын болдық. Алаштың ардақты арыс азаматы, айкөл ақыны Олжас Сүлейменовтің ойшылдық парасатын дұрыс түсінуге талпындым. Осыған Сабыржан ағамның тікелей әсері тиді. Кейінірек «Олжас» деген поэмам жазылып, ол «Егемен Қазақстан» газетінің тұтас бір бетін алып жарық көрді. Туған күніне арналған бір жиында дастанның тарауларын Олжекеңе оқып беру бақытын да иелендім. Міне, осы жақсылықтың бастауында да әр нәрсені өз атымен атай білген ақиқатшыл Сәкем тұрғанын қалай ұмытармын. Осыған жамандықты жасқай жүретін, жақсылықты нұсқай жүретін жанашыр ағаның игі ықпалы болғанына сөз жоқ.
Есімде, мен бас редакторымыз Мұхтар Мағауинмен алдын ала келісіп алып, «Жұлдыз» журналына Сабыржан ағамыздың бір мақаласын ұсындым. Мұхаң кеңестік, социалистік артықшылықтарды әспеттегенді ұнатпайды. Ал Сабыржан аға болса ол заманға да барынша әділетті болуға тырысып бағып, барын – бар, жоғын – жоқ дейді. Сол мақаланы қарап шыққасын Мұхаң: «Ой, мына Сабыржан өзі қып-қызыл коммунист екен ғой» деп жаратыңқырамай қалды. Бірақ бұрыннан сыйлас адамды қимай, мақаланы нөмірге салуға рұқсатын берді. Өзім жақсы көретін екі ағамның арасында болмашыға бола түсінбестік туып, көңілдеріне сызат түсіп қалмаса екен деп мен жүрмін шырылдап. Шындығында, Сәкең қып-қызыл коммунист емес, сондағы адамгершілік, ізгілік, әділет идеяларының жақтаушысы еді. Ал қазақтың ұлттық мұратын, ұлт мүддесін ешқашан ешқандай коммунистік те, басқа да идеяларға айырбастаған емес.
1995 жылдың тамыз айында Сабыржан аға мені өзі басқарып отырған республикалық «Сұхбат» газетінің жауапты хатшысы етіп шақырып алды. Бір жылға тарта шәй деспей қоян-қолтық жұмыс істедік. Алғашқы күндері көптен көріспегендіктен бір уақ арқа-жарқа кеңірек те көбірек әңгімелесіп, шер тарқатысып алып жүрдік. Сондайда «Ойпырмай, келгенің мұндай жақсы болар ма, әйтпесе, осында әңгімелесетін де адам қалмап еді», деп ойлы көзбен қадала қарап қалушы еді. Жұмыста тәртіпті сүйетін, басқа әңгіме, әзіл-қалжың – жұмыс біткен соң, одан тыс уақытта.
Әуелде құрылтайшысы Ұлттық банк болғандықтан, «Сұхбат» экономикалық апталық, экономикалық газет еді. Қоғам өмірінің барлық саласына, әсіресе, руханиятқа жақсы көңіл бөліп тұрды. Бірақ құрылтайшы демеушілігі барған сайын сұйыла берді, баспа органының рөліне мән бермеді. Осы тұста Сабыржан Шүкірұлының зор ұйымдастырушылық қабілеті, қайсарлығы, іскерлігі мен кісілігі де молынан көрінді деп білемін. Ақылы материалдармен ақша тапты. Қызметкерлердің жалақысын ойдан-қырдан жинап, әйтеуір бергізіп тұрды. Ең бастысы, ақырына дейін газеттің шығуын тоқтатпады, іркіліске жол бермеді.
Өзінің төл перзентіндей болған «Сұхбаттың» келешегінен Сәкең күдер үзбеді. Алғы күндерден үміті мол еді. Сол бір қиын күндерде қасында жүргендіктен білемін. Газеттің өмір сүруі жолында жансебіл күрес жүргізді. Әлдебір қалталы азаматтарды құрылтайшы болуға көндіріп, уәделерін алып, үлкен жоспарлар құра бастады. Осындайда оңаша отырғанда «Қорғанбек, түбінде жағдайымыз оңалып кетсе, газеттің шығару тізгінін, шығармашылық жағын түгел өз қолыңа беріп қоямын. Өз баспаханамыз, басқа шаруаларымыз болады. Мен солармен айналысамын. Жұмыс ауқымымыз кеңейеді, газеттің бет-бейнесін, тақырыбын да өзгертеміз» деп болашақты болжалдап көзге елестететін. Әттең, қолқысқалық етектен тартып, осы ізгі ниеттің, әдемі арманның жүзеге асуына кедергі келтірді. Тынысы тарыла-тарыла келе, газет 1996 жылдың жазында жабылып тынды. Сәкең Үкіметтен баз біреулерше дабыра көтеріп қызмет сұраған жоқ, баспасөздің қайраткер сардарын қайдасың деп іздеген қамқорлар және болған жоқ, өзі ың-шыңсыз, ешкімге жалынбай, басын имей, намыскер де асқақ қалпын сақтап, «Ана тілі» газетіне тіл және этнография бөлімінің меңгерушісі болып орналасты. Осы қызметін табаны күректей 10 жыл атқарды.
Осы арада айта кетейік, біздің пайымдауымызша, қазақ баспасөзі тарихында «Сұхбат» апталық газетінің өзіндік ерекше орны бар. Бұл басылымды да қазақ руханиятының көгінен төрт-бес жылдық қысқа мерзімде құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, ағып өте шықты деуге әбден сыяды. 1991 жылы қазақ тіліндегі «Сұхбат» және орыс тіліндегі «Позиция» хабаршыларын қолына алған С.Шүкірұлы олардың жалаң үгіт-насихаттық жадағай миссиясын өзгертіп, ауқымды мақсат-міндеттер жүктеген саяси-экономикалық ұлттық апталық газет дәрежесіне көтергенін көзі қарақты, құлағы түрік жұртшылық біледі әмбе әлі күнге дейін ұмытқан жоқ. «Сұхбат» елімізде қаржы-қаражат, банк, экономика мәселелерін жазатын қазақ тіліндегі тұңғыш та жалғыз кәсіби басылым болды. Ол жабылғаннан кейін жолы жалғаспады. Қазақтың қаржыгер қауымы өз басылымы, өз тілі, өз үні, өзінің көзі мен құлағы болудың қаншалықты маңызды екенін бұл заманда түсіну дәрежесіне, соның ұтымды жағын ойлау өресіне жетпегендігі өкінішті. Сабыржан Шүкірұлы сияқты қайраткер бас редактормен ондай басылым дүниені дүрілдетіп, қаржы әлемінің өмірін қыж-қыж қайнатып тұрған болар еді-ау, шіркін. Осы тақырыпты кәсіби тұрғыдан кәнігі игерген қаншама журналист қаламгерлер де ысыла тәрбиеленіп шығар еді-ау деп қазір қынжыла толғанамыз.
«Сұхбат» сол бір жылдарда қазақтың зиялы қауымының да іздеп жүріп оқитын, ырзашылығына бөленген газет болғанын айтсақ та ешкімнің шамына тимеспіз деп ойлаймын. Олай болатыны, бұл басылым руханият, тарих, әдебиет пен мәдениеттің де көкейкесті мәселелерін орнымен қозғап отырды, осы орайда жұртшылықты толғандырған жайларға жалтақсыз қалам сілтеп отырды. Кейбір даулы мәселелердің ақ-қарасын, анық-қанығын, ақиқатын анықтау мақсатында өз беттерінде батыл түрде пікірталастарға орын берді. Қазақ тарихына, ұлт мүддесіне қиғаш та оғаш керауыз сөздер Сәкең тарапынан газет бетінде қолма-қол жауабын алып, жұрттың айызын қандырып жататын. Мақалаларында жылтырақ болмайды. Иі қанған, бабындағы жалпақ қара тілінің табиғи тартымдылығына өз басым қызыға қарайтынмын.
Көп өмір сындарына төтеп берген Сабыржан және Бекболат ағалардың жарты ғасырлық жайдарман достығына, бір-біріне суымаған шынайы ықыласына қызыққандаймын. Ақырына дейін адал болсақ, кезінде бұл достыққа да сызат түсе жаздағаны бар-ды. Қазақтың байырғы бір сөзінің қалай дұрыс айтылып-жазылатындығына таласқан екеуі де тіл жанашыры, тіл тазалығының күрескері екі дос қызды-қыздымен кеу-кеулеп біраз жерге барысқан. Бұл кісілеріңіздің дауы баспасөздің бетіне де тасқа басылып шығып кетті. Екі достың бір-біріне деген өкпесі қара қазандай болған шырқау шекке жетті. Екеуі де: «Платон менің досым, бірақ шындық қымбат», деп қасарысты. Осы жайға ортақ дос-тілектестер қынжылып та жүргенбіз. Бірақ баршамыздың қуанышымызға орай шекіскен екі дос екі-үш жылдан кейін қайта табысып, айырылмасқа бекіскен болатын. Осыны мен «Егемен Қазақстанда» Б.Әдетовтің 70 жылдығына орайласқан «Біздің Бекең» атты сұхбат-мақаламда сүйіншілеп жаздым да. Бекең сонда былай деген еді: «Сабыржан досымыз екеуміздің арамыз осы тілге байланысты суыңқырап барып қайта жарастық. Ол да, мен де өз пікірлерімізде қалдық. Біз тіл жөнінде таласпайтын болдық». Бұған біздің де еш алып-қосарымыз жоқ.
Туған елдің тұғырын биіктетіп, қыдырын қастерлеген абзал басылым «Ана тіліне» дәл Сабыржан Шүкірұлындай еңбек сіңіріп, үлес қосқан адамдар, әрине, бар. Бірақ бар болса да сирек. Мемлекеттік тілдің өзекті мәселелерін арқау еткен талай өткір мақалалары, байыпты зерттеу еңбектері, пікірталастары қазақ тілі жолындағы қажырлы да қайсар күрестің шежіресінен өшпей сақталар өнеге. Олар кезінде жұртшылық көзінде «Ана тілі» газетінің де бәсі мен беделін биікке асырғаны белгілі. Асыра бағалаудан аулақпыз, Сабыржан Шүкірұлы қос ғасырды, кеңес және тәуелсіздік замандарын қоса қамти айтқанда, қазақ баспасөзі мен жалпы руханиятында бедерлі із қалдырған белгілі де белді, қайраткер қаламгерлердің тобына, солардың ішіндегі аймаңдай серкелер санатына кіреді. Ол тіл туралы «Ана тілі» газетінде істегендіктен немесе өтімді науқандық тақырып болғандықтан жазбаған. Ұлт рухын ашу Сәкеңнің өмірлік мұраты болғанын аңғару қиын емес. Тіл білімі саласындағы салиқалы зерттеулерін сонау «Социалистік Қазақстандағы» кезінен бастап отыз жыл бойы жүйелі жүргізіп келген. Ол қашанда, қай кезде де қазақ тілінің қамын жеген қайраткерлер қатарынан табылды, ана тіліміздің дертіне дауа іздеді, ана тілін әманда қорғаған перзенттерінің күрескер үні болып саңқылдаудан жазбады десек, қателеспейміз. Нақ осы себептен де оны Ақселеу Сейдімбектей айкөлдер ардақ тұтқан. Көрнекті филолог ғалым, әдебиетші Қансейіт Әбдезұлы «Қазақ сөзінің қамын жеп, соның ыстық-суығын көтеріп жүрген қайраткер» деп бағалаған. Ал қазақтың тіл білімінің негізін салушылардың бірі Құдайберген Жұбановтың ұлы, филолог ғалым Асқар Жұбанов: «Қазақ тіліне шын жаны ашитын адам – сіз деп білем», – деп ілтипат танытқан.
Сәкеңнің өзіме ағалық ыстық ықыласпен қолтаңба жазып сыйлаған «Рухани өріс кернеуі», «О заман да бұ заман», «Мемлекеттік тіл мұраттары», «Қолтаңба» кітаптарын тағы да аялай қолыма алып, аударыстыра парақтап қарап отырмын. Артына қалдырған негізгі еңбектері, халқына тартқан көзінің нұрындай, көңілінің сырындай мұрасы іспеттес. Сабыржан Шүкірұлының қаламгерлік қарымы, журналистік жалыны, зерттеушілік дарыны, қайраткерлік шалымы, жалпы азаматтық бітім-болмысы осынау толымды кітаптардан толайым танылғандай. Уақыт құбылысына, дәуір тынысына, небір қилы қайшылықтарға үн қосқан сергектік те, соларға пікір-пайым айтудағы батылдық та, ақиқатшылдық та, кең толғамды байыптылық та, іздемпаздық та, еңбекқорлық та – бәрі бар осыларда. Осылардың бәрінен ұлтым, қазағым деген үлкен жүректің тынбай, асыға соққан дүрсілін, елім деп елжіреген дірілін тыңдағандай болар едік.
Осы ретте бірер жайға назар аудара кеткенді жөн көремін. Кезінде С.Шүкірұлының «Социалистік Қазақстан» газетінің 1990 жылғы 17 сәуіріндегі 90-шы санында жарық көрген «Кіші 37» емес пе?» атты мақаласы қоғамда үлкен сенсация тудырғаны әлі де ұмытыла қойған жоқ. Бұл 1986 жылғы Желтоқсан әділетін жоқтап, ақырып теңдік сұраған алғашқы мақалалардың бірі болатын. Осындай көптің көңілінен шыққан саяси сараптамаларды да, қазақтың жүрер бағыт-бағдарын байыптаған ой-толғамдарды да Сәкең аса біліктілікпен көптеп жазды. Тәуелсіз Қазақстанның тілегін тіледі. Өтпелі қиыншылықтар тұсында жұртты «Ырыс оралар, ел оңалар» деп жұбатты. «Өткеніңді есіңе ал да, елдікті ойла, қазағым!» деп ақыл қосты. «Қазақ тек қазақтығынан айырылмаса ғана тарих көшінде бола алады» деп Алаштың асқақ мұраттарына үндеді. Қазақтың ата-жұртына көз алартып, ала қойды бөле қырыққан арам ойлыларға «Тарих тұлыпқа мөңіремейді» деп кесіп айтар кесек сөзбен жауап қайтаруды өзінің азаматтық парызы санаған да Сабыржан Шүкірұлы болатын. Осындай жайлар Сәкеңді жақсы білетіндердің әлі де есінде шығар деп ойлаймын.
Сәкең табиғатынан романтикаға бейім, жақсылық көрсе жаны сүйінетін адам деп пайымдаймын. Жастайынан бастап, өмір бойы солай болған. Ал жамандықты көрсе, сезсе болды, кілт ете түседі, көңілі қалады. Жақсылықты жалаулатады, балаша мәз болып қуанады. Әсіресе, ұлтқа шарапаты тиетін үлкен жақсылықтарға. «Мен – қазақпын!» поэмасы үшін Жұбан Молдағалиевті пір тұтып өтті. 1972 жылы партия мектебінде оқып жүрген кезінде ақынмен кездесуде осы поэма туралы басқалар орысша айтып жатқанда, Сәкең суырылып шығып қазақша сөйлеген, бірнеше мақала жазған. «Мен – қазақтағы» жалынды ұлттық рух Сабыржандай сардар тұлғаның жанына жақын еді. Оның үстіне Қостанай-Торғай өңірінде туып-өскесін Алаш арыстарының мұраттарына да бір табан жақынырақ-ты.
Содан да шығар, қазақ әдебиетінің және тілінің жай-күйі туралы толғанысты ойларын баспасөз бетінде қырық-елу жылдың өн бойында үнемі айтып отырған. Ал бұлардың өзі күллі ұлт мәдениеті, ұлт мұраты, ұлт намысы жайлы ой-пайымдарға ұласқан. С.Шүкірұлының «Егер Мұхтар болмаса» деген шағын ой-толғамы қызық-ақ. Әрине, Әуезовті айтып тұр. Иә, Сәкеңше толғансақ, «Егер Мұхтар болмаса:
* Абай енді ғана аршылып жатар ма еді, қайтер еді?
* «Абай жолынсыз» әлем әдебиеті мен мәдениетіне қазақ деген жұрт қай мұрасымен мойындалып қосылар еді?
Одан әрі ұлттық операмыз, сахна өнеріміз дәл осылай жасалар ма еді деп ұлы Мұхаңның қазақтың бағына туғандығын дәлелдейтін жайларды санамалап жиырмадан асырады. Ұлы Мұхтар үшін мақтанады. Тағы бір әредікте Мұхтар Мағауиннің ерекше үш ерлігін жіпке тізеді. Ол ерліктердің біріншісі – «Қобыз сарыны» кітабы, екіншісі – «Аласапыран» романы, үшіншісі – жазушы құрастырып Ленинградта шыққан, ішіне әлі «халық жауы» санатында жүрген Мағжан Жұмабаевтар кірген «Поэты Казахстана» кітабы екен. Міне, осы бірер мысалдың өзі-ақ Сабыржан Шүкірұлының жан-жүрегінде қандай от алаулап жанғанын айғақтап көрсетсе керек. Осы жалын-отын тап басып таныған халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы ардақты Сәкесін: «Қарымды ойшыл, арлы азамат, қабырғалы қаламгер, қазақ руханияты кеңістігінде өз тұнығын, өз арнасын сақтаған салиқалы талант», деп ағынан жарылады. Әбекең айтқан ақиқат бағаға біздің де қол қоймасқа әддіміз жоқ.
Торғай таланттарының көпшілігі Сабыржан Шүкірұлының шекпенінен шыққанын жасырмайды. Мақтанышпен айтады. Кеңшілік ақын бір кітабын сонау Торғай кентінде 1984 жылы: «Әрі ес, әрі сес, әрі аға, әрі дос – Сәкеңе» деп мақалдай мәнді қолтаңбамен сыйлаған екен. Иә, Сабыржан Шүкірұлы кейінгі толқын інілерге ғана емес, біздің құбылмалы, алмағайып қоғамда да әрі ес, әр сес болып жүретін биік тұлғалар санатына жатушы еді.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.