Үкімет • 06 Қаңтар, 2022

Қазақстанда газдың шекті бағасы бекітілді

555 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Үкімет еліміздің барлық өңірінде газдың шекті бағасын бекітті. Шекті баға 180 күнге белгіленген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда газдың шекті бағасы бекітілді

ҚР Премьер-Министр ресми сайтының мәліметінше, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында – газдың литрі 50 теңге ( 200 шақырымнан асатын шалғай аудандар үшін – литріне 55 теңге) болып белгіленді. Ал Шымкент қаласында Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында газдың литрі 60 теңгеден (200 шақырымнан асатын шалғай аудандар үшін - литріне 65 теңге) сатылады. Алматы қаласында литрі 65 теңге болады. Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында газдың литрі 70 теңге ( 200 шақырымнан асатын шалғай аудандарда – литріне 75 теңге) болып бекітілді.

Айта кетерлігі, сұйытылған мұнай газын электронды сауда алаңдары арқылы сатуға толықтай ауысу бір жылға кейін шегерілді.

Бензин мен дизель отынын сатуға уақытша 180 күнге бағаны мемлекеттік реттеу енгізілді. Бензиннің қосымша құн салығын есепке ала отырып бөлшек саудасына келесідей шекті бағалар белгіленді: АИ-80 маркалы – литріне 89 теңге; АИ-92 маркалы – литріне 182 теңге; АИ-93 маркалы – литріне 182 теңге; АИ-95 маркалы – литріне 215 теңге.

Дизель отынының (жазғы, маусымаралық) ҚҚС ескере отырып, бөлшек саудасына шекті бағалар өңірге байланысты белгіленді:

Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында – литріне 260 теңге;

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстарында – литріне 230 теңге.

Жаңаөзен қаласында жаңадан газ өңдеу зауытының құрылысына дайындық жұмыстары жеделдетілді.

Таяу уақытта реттелетін коммуналдық қызметтерге: сумен қамтамасыз ету, сарқынды суларды бұру, жылумен қамтамасыз ету, газбен қамтамасыз ету және электрмен қамтамасыз етуге тарифтердің көтерілуіне 180 күнге уақытша мараторий енгізілетін болады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына, оның ішінде сиыр, қой еттері, картоп және сәбізге бағаларды тұрақтандыру мақсатында ірі қара мен ұсақ малдарды 6 айға, картоп пен сәбізді 3 айға шетелге шығаруға тыйым салынды.