Сен түсіме кіресің, досым. Түсімде сол баяғы қуанғанда немесе бір нәрсеге көңілің толмағанда ой бөлісуге іздейтін қалыбыңмен – «Ақмурзин, қайдасың»? деп телефон шалып әңгімелесіп жатамыз. Оянсам түсім, бірақ дауысың құлағымда қалып, ұйқымнан сергіп оянамын. Сен ана дүниеде де менің қамымды ойлап жүргендейсің. Мына жалған дүниеде қатарлас бола жүріп, ағадай ақылшы, қамқоршы сендей досым болғаны бақытым екен, Еламан.
Әлі күнге есімнен кетпейді, шағын ауылдың бастауыш мектебінде бар-жоғы 10-15 бала оқимыз. Әр сыныпта 2-3 баладан болған соң мұғалім барлығымызды қосып бір бөлмеде оқытады. Мен үшінші, сен екінші сыныпта оқитынбыз. Сен де, мен де оқу озатымыз. 1953 жылы Сталин қайтқанда сол кішкентай ауылда қаралы митинг өткізіліп еді ғой. Сонда ұстазымыз екеумізге сөз жазып беріп: «Сен былай деп жылап оқып бересің, ал сен былай деп жылайсың», деп айтып, екеуміз бірімізден соң біріміз мұғалімнің айтқанын бұлжытпай орындап оқып бергенбіз. Еламан, өмірдің өткелдерінен, қиындығы мен қызығынан, ауыры мен жеңілінен қатар өтіп, әркез қасымнан табылған досым, сені аузым «марқұм» деп айтуға қимай жүрді. Амалым не, Алла бұйрығына мойынсұнбасқа шара жоқ. Артыңда аман қалып, өзің туралы естелік жазып отырмын. Сен биыл 70-ке келер едің.
Иә, менің досым, Ұлттық ғылым академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, ірі генетик, селекционер ғалым Еламан Шаханов тірі болғанда 70-ке толар еді. Ол қандай жұмыс атқарса да беріліп, бар жан-тәнімен ұйқы көрмей, түбіріне дейін жетіп, оң нәтижеге қол жеткізгенше істейтін. Ірі ғалым деп бекерден-бекер өз досым болған соң асырып айтып отырған жоқпын, бәрі күні кешегідей көз алдымда.
1991 жылы, еліміз тәуелсіздігін алмай тұрып, Кеңестер Одағының бас қаласы Мәскеудегі Тимирязев атындағы академияда Еламан докторлық диссертациясын қорғады. Соған Алматыдан арнайы Қапан, Сардар үшеуміз бардық. Не нәрсенің де қат болып, ұшып тұрған уақыты, қиын бір кезең еді. Үшеуіміз досымыздың жүгін жеңілдетейік деп Алматыдан артынып-тартынып жетсек, намысшыл әрі өз жұмысының қандай дәрежеде екендігін көрсетуге жанын салып, қорғауға дайындалған досымыздың кешке қонақүйге келіп аяғын шешкенінде табанының тілініп кеткенін көрдік. Ал қорғау қалай өтті десеңізші. Еламан жан-жақтан қойылған сауалдардың барлығына айызды қандыра жауап беріп, мүйізі қарағайдай Мәскеу академиктерін таңғалдырды. Қорытынды сөз сөйлеген төраға Қазақстан ауыл шаруашылығының оның ішінде генетика, селекция бағытының болашағы ересен, өйткені, Шахановтай ғалым қай елдің де ғылымын алға апарады деп бағасын берді. Сол сәтте біздің төбеміз көкке тиіп-тиіп кеткендей болды.
Өмірінің соңғы сәтіне дейін жұмысынан кетпеген Еламан досым астық тұқымдастар мен екпе шөптің 12 жаңа сортын шығарып, оларды аймақтарға арнайы аудандастырып, кереметтей өнім алды. Ол еркекшөптің «Прогресс 85», «Толағай» сорттарын, ситников қияғының «Старт 116», түйежоңышқаның «Көкпекті» және «Қайнар» сорттарын, соргоның «Цунами 80», шалғындық бозоттың «Қарғалы», жұмсақ бидайдың «Ертіс 97» сынды сорттарын шығарып қана қоймай, соларды жерсіндіріп, өзі басқарған 3 бірдей тәжірибелік-зерттеу стансаларында тәжірибеден өткізіп, олардың Қазақстан аумағына тарауына күш салды.
Біз, оның достары, Еламанның осының барлығына қай кезде үлгеретініне тіптен қайран қалатынбыз. Ол да біздермен бірдей қонаққа барып, өзі үйіне Мырзабала десе мырза жарының мол қолымен жайылған дастарқанына мейман шақыратын, отырған жерінде біліктілігімен, білімімен алқақотан отырған жұрттың барлығын аузына қарататын. Тіпті, оның білмейтін саласы жоқ еді. Ол елдік тұрғыда айтылатын ел мен жер шежіресі ме, Мәшһүр Жүсіп, Иманжүсіп сынды тұлғалар дейсіз бе, құдай-ау, білмейтіні жоқ, әлем тарихы ма, өмірден өткен арыстар жайында ма, ғылым саласы ма көшелі әңгімеде тайпалған жорғадай қамшы салдырмайтын. Ірі ғылыми орталарда да шоқтығы биік отыратын. Мен кейде Сәкеннің бір әндерін айтып қайырып тастағанда, ар жағында мынасы-мынасы қалды ғой деп жатқа тарсылдатып айтып отыратын. Және тағы бір таңданарлығы ол сол білгенін айтуға да асықпайтын. Біз шамалы білгенімізді айтып, отырған орнымызда қомпылдап, сөз қосып қалуға тырыссақ, ол асықпай елдің бәрінің пікірін тыңдап, артынан сөйлеп кеткенде Еламанның қаншалықты терең білетіндігі, елдің көзіне түспеген деректерді сөйлетіп отыруы қарапайым адамдарды ғана емес, сол саланы зерттеп жүрген ғалымдардың өзін де таңдандырғанын талай көз көрді. Сондықтан да, ол отырған жерде Еламанды жақсы білетін ғалымдардың өзі артық-ауыс ой-пікір айтудан қашқақтайтын. Барлығы аузына қарап, Еламан айтқан пікірдің дұрыстығына тоғысып жататын. Телегей теңіз біліміне, дардай атақтарына қарамастан, ол мейлінше қарапайым да еді. Бақталастық деген оның тіптен түсіне де кірмеген шығар. Дүние-малға, жарқыл-жұрқылға қызықпайтын. Оның жүріс-тұрысынан, киген киімінен, сөйлеген сөзінен сырт адам академик деп ойламайтын. Механизаторлармен бірге далада жүріп, солармен бірге тамақтанып, тәжірибелерін жүргізіп, күнқақты болып, қажет десе қоста қона жататын еді, досым.
Жоғарыда айтқандай, екеуміздің жасымыз қатарлас болғанымен, көп ретте ол маған ағадай ақылшы еді. Мен 1986 жылы Талғар ауданында учаскелік ауруханада бас дәрігер болып жүргенімде қазіргі Парламент депутаты, сол кездегі аудандық партия комитетінің хатшысы Әлихан Тойбаев шақырып алып: «Алтын дән» атты ірі санаторийдің бас дәрігері әйел адам еді, істі болды, орны босап жатыр, соған сені ұйғарып отырмыз, бірінші хатшымен сөйлесіп қойдым», деген. Мен ол кісіге ауруханада істеп қалған адаммын, санаторийдің жұмысын білмеймін, деп қашқалақтап едім, Әлихан Әбдіханұлы ойлан деп уақыт берді. Сосын ол кезде аспирантурасын бітіріп, кандидаттығын қорғаған досым Еламанға:
– Маған осылай санаторийдің бас дәрігері бол деп жатыр, мен бұрын ондай жұмысты істеп көрген жоқпын, қолымнан келмей ме деп қорқамын, әрі бұрынғы бастығы істі болыпты, – дедім. Сонда Еламан:
– Енді ауданда маман жоқтығынан саған ұсынып отырмаған шығар, егер ол кісілер ұйғарып отырса, қорықпа, сенің қолыңнан келеді, бер келісіміңді, – деп кесіп айтты. Жұмысқа бұйрығым шығып, орныма отырғаннан кейін телефон соқтым. «Отырдың ба, онда қазір келемін», – деп түс кезінде санаторийге жетті.
Бастықпын, орнымда отырмын, бірақ неден бастарымды да білмеймін. Сонда Еламан тұрып: «Былай істейік, мен енді дәрігерлік жағынан саған еш кеңес бере алмаймын, ол жағын өзің қатырасың, ал енді екеуміз шаруашылықты аралайық», – деді. 600 орындық санаторийдің орналасқан аумағы да өте ауқымды болатын. Барлық корпустарды, аймақты, қоймаларды тегіс аралап көрдік. Қоймаларды ашсақ, еденнен төбеге дейін бір үлкен бөлмеде кілемнің неше атасы тұр, енді бір қоймада басынан аяғына дейін ыдыс-аяқ, бір қоймада бірыңғай су жаңа, нөмірсіз «Уаз» машиналары сықасып тұр. Оны көрген соң тіптен зәрем ұшсын. Барып айтып, мына пәлелерден тегіс құтылайын деп ойлап қоямын. Содан кабинетке қайтып келіп, бірінші мынадан бастайсың, одан соң мынаны қолға ал, деп жоспар сызып, ақылын айтқан соң, екеуміз асханадан шай ішуге отырдық. Еламанның көзі бір нәрсені шалып қалатын, бізге әкелген ыдыстың шеті кетілгенін байқаған ол: «Жаңағы қоймаға сыймай тұрған ыдысты мұнда неге бермейді, корпустарда ескі кілемдерді жаңаларымен ауыстыр, барлығын жайнату қажет, территорияны қоқыстан тазарту керек, мен бір күн сенің шаруашылығыңмен айналысайын», – деп демалыс күні өзі қатысып жүріп сенбілік жасатты. Барлығын ұйымдастырып, маңайды тап-тұйнақтай етіп, жол сілтеп, жөн көрсетіп кетті. Сол санаторийде мен 10 жыл істедім. Кейін «Оқжетпес» санаторийіне де бас дәрігерлікке келерімде: «Ондай орынға екінің бірін шақыра бермейді, сондықтан міндетті түрде баруың керек», деп өзің қамшылап жіберген едің.
Кішкентайдан құлын-тайдай тебісіп өскен досым әрбір қуанышын бірінші болып менімен бөлісетін. Бірде Бурабайға телефон шалып:
– Сенімен бір жақсылықпен бөліскелі тұрмын. Өзіміздің ағамыз, қазақтың мақтанышы Кенжеғали Сағадиев ағамызбен құдай қосса құда боламыз, – дейді. Құданы құдай қосады дейді, рас шығар, Еламан мен Кенжеағаң ағалы-інідей болып кетті. Араларындағы ерке немерелерін қызықтап отырып, екеуінің жарастырып әңгімелескенін көрудің өзі бір ғанибет еді. Екі академиктің әңгімесін тыңдағанда өзіңді де ерекше сезінесің. Кенжеағаң мен Нағытай жеңгеміз Еламанның отбасына, туған-туыстарына, біздердей достарына жылылығын сеуіп келеді.
1993-жыл болатын. Бір күні жұмыста отыр едім, Еламан телефон шалып:
– Мырзабала жұмыста, мен қазанға ет салып қойдым, Иген Хасенов, Құлмағамбет Ахметов және жоғарыдағы Қапан досымыз бар бәрің біздің үйге келіңдер,– деді. Не болып қалды екен, деп барсақ: «Мені білесіңдер, бар өмірім жаңа сорттар шығаруға арналды, бірақ заман мынадай болды, енді сол жұмыстың барлығы далада қалайын деп тұр. Іске аспай қалмасын деп Павлодардың ғылыми-зерттеу институтына барып, еткен еңбегімді қолдансам деймін, не айтасыңдар», – дейді. Әрине, құлдырап кеткен институттардың бірнешеуінің басын құрастырып, жаңадан басқа іргелі институтқа айналдырудың оңай еместігін білемін деп кеткен досымыз, аз жыл ішінде сол орнында керемет жетістіктерге жетті. Еңбегі еленіп, Павлодар қаласының құрметті азаматы атанды. Одан Бараев атындағы институтты басқарды. Оның да табысын шарықтатты. Ал 2003 жылы Еламан досым үшінші рет Орталық Қазақстан ғылыми-зерттеу институтының басшылығына барып, оны да тұралап жатқан жерінен желкесінен сүйрегендей алып шығып, соңғы сағатына дейін басқарып жатты. Өмірінде мемлекеттен алған жалғыз марапаты – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын да осында жүргенде алды.
Кейде досымды сағынып кеткенде ойым сонау бала кезге кетіп қалады. Анам қайтыс болған 1954-жылы мен ауданда оқып жүрдім. Ол әкесі мүгедек болғандықтан күндіз жұмыс істеп, кешкі мектепте оқыды. Еламанның үйі мен жатқан үймен көршілес-тін. Сонда марқұм Жамал шешеміз маңдайымнан сипап, Еламанынан еш кем көрмейтін. Сапар деген ағасы бар, ол кісі де сен екеуіңді бөлмеймін деп бірдей жақсы көрді. Ол бала кезінен әр нәрсені өлшеп, болжап, безбендеп жүруімен ерекшеленетін. Сол ойлылығы 8-сыныпты қазақ мектебінен үздік тәмамдаған Еламанды орысша кешкі мектепке алып келген. Сонда неге олай еттің дегенімде: «Ағам Сапар үй жағдайына байланысты 9-сыныптан кейін оқуды тастап, шаруашылыққа араласып кетті, менің оған көмектесуім керек әрі ертең үлкен қалаға барып институтқа түскенде орысша білмесем қалай оқимын», – деді. Қазір ойлап отырсам, ол сол бала кезінен-ақ өмірді болжап, алдын ала жоспар құрып жүреді екен. Еламан сол кешкі мектепті де алтын медальмен аяқтап, Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсті. Оны да қызыл дипломмен тәмамдап, аспирантурада қалды. Институтта істеді. Балалы-шағалы болды. Ағасы мен Еламан өмірден озғанша анасындай сыйлап өткен Күләш жеңешесі оның оқуына көмектесіп, ауылдағы анасын бақса, кейін Сапар аға әбден жігіт ағасы атанып, қырықтың қырқасына шыққанда Еламан қоярда-қоймай жүріп ағасын оқытты.
Шүкір, Сапар ағаның да, Еламанның да арты жақсы. Досымның жан жары Мырзабала артындағы шаңырағының берекесін келтіріп, немерелерінің қызығына бөленуде. Бір ұл, екі қызы бар еді, Еламанның өзіне тартқан Дария деген сүйікті қыздары 33 жасында дүниеден озды. Еламан өте жақсы көретін өзін. Досымды қара жер қойнына тапсырған соң аяқ астынан ұлы Тимур да әкесінің артынан кетті. Ал Тимурдан Дархан атты немересі бар, тіл-аузымыз тасқа, келешекте Еламанның орнын басайын деп тұр. Кішкентай күнінен қасына алып тәрбиелеп, тура өзіндей қылып тастап кетті. Қазір Дарханға қарасам көзім де, көңілім де тояды. Қытайда магистратурада оқып жүрген оның ғұмыр жасының ұзақтығын тілеудемін.
Шіркін, Еламан ауырғандағы Мырзабаланың оны қалай күтімге алғанының өзі жеке әңгіме. Соның арқасында Еламан қатерлі обыр дертіне шалдыққанымен, бір қырым етке жүдеген жоқ, түрін бермеді, түсін бермеді, қайтарынан аз-ақ бұрын Серік Қирабаев аға мен Әлия Бейсенова тәтеміздің мерейтойына барып, басынан аяғына дейін отырды. Сонда аға мен тәтеге деген құрметімді көрсетейін, әрі мұндай ортада қайта отыра алмаспын деп өзінің санаулы күндері қалғанын біле тұрып, мерейтой иелеріне деген інілік ізетін көрсеткенінің өзі кейінгіге үлгі болар іс қой.
Қарағандыдағы ауруханада жатқанында көңілін сұрауға барсам, телефонмен дауысы қаттырақ шығып, біреуге нұсқау беріп жатыр екен. Шаруашылық жағдайы екенін біліп, сөйлесіп болуын күттім. Телефонды қойған соң, «Айығып кеткеніңше жұмысыңды тапсыра тұрсайшы», деп едім, «Көзімнің тірісінде шашылып қалғанын қаламаймын, облыстан, министрліктен егінді неге екпей жатырсыңдар, деп нығарлап, орынбасарымды шырылдатып жатыр екен. Биыл мамырдың 10-ынан әрі сеппесе болмайды, себебі, табиғаттың жайы солай, техника да, тұқым да – бәрі сақадай-сай дайын тұр, оларға тек егін себілді деген рапорт қана керек, табиғат сенің рапортыңды керек етпейді», деген еді марқұм, сонда мені тағы да таңғалдырып. Еламан табиғаттың өз баласындай, онымен тілдесіп отырғандай, тіпті ауаның райын да алыстан болжап, қай кезде де қате қадамдарға бармайтын. Мұны нағыз ғалымға және жер емген диқанға тән ғана қасиет деп білемін.
Досымды соңғы сапарына, ауылға Атасуға арулап алып бардық. Қаралы митингіде толқып тұрып, жаңаарқалықтарға:
– Екі жыл бұрын академик Ғабдолла Құлқыбаевпен қоштасқандағы өксігіміз басылып, Ақселеуден айырылғандағы көз жасымыз құрғамай жатып, Еламанды көлденең салып алып келіп отырмыз, азаматтарымыздың артының қайырын берсін, – деп көңіл айттым, халық күңіреніп жылап кетті. Жоғарыда айттым ғой, шүкіршілік етерім, артында ел игілігі – шығарған жаңа сорттарымен бала-шағасы, Сапар ағаның азамат ұлы Саят бар. Мына өмірден ұққаным, жақсы адамның арты да жақсы болады екен, туа тұңғышы Меруерті өзі ашып беріп кеткен шаруашылығының басын дөңгелетіп отыр. Мырзабала мен Жанна келін әулеттің шып-шырғасын шығармай, Сапкеңнің Саят бастаған балалардың қамқорлығымен, Еламан салған жолмен тату-тәтті әулет өмірін жалғастырып жатыр. Алла тіл-көзден сақтасын!
Әбілхакім АҚМЫРЗИН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.