Дегенмен «Зәуреш» әніне қатысты әлі де нақтыланып, анықтап жазатын, жаңаша пайымдайтын жайттар баршылық. Өйткені әуенін әрлі әңгімемен әспеттеп, шырқалар сазы мен шертер сырын келістірген көркем баяндардың кейбір тұсы шын өмірден біршама алшақтайды. Бұл тақырыпты арнайы зерттеген емеспін, бірақ оның туындау оқиғасы, кейіпкерлерінің дәуір-дәурені өзіме аян тарихи тұлғалардың бастан кешкен кептері болғасын кейбір тұспалдарды көркем аңыздан күмәнсіз ақиқатқа бұруға ықтиярмын.
Әсіресе, Мұхиттың осынау мұңлы мұрасына қатысты жергілікті зерделілер ұсынып, зиялы зерттеушілер ұстанып келген – Зәурештің Ырғыз жерінде ғұмыр кешуі, тіпті зираты мен құлпытасы сонда екендігі туралы санаға сіңген сенім, елдің ерен ықылас-қалауы. Осы ізгі ниеттен келіп, «атақты сал Мұхиттың әніндегі Зәуреш Ырғызда ғұмыр кешіпті» һәм «Зәурештің жаны жаннат тапқан жері Ырғыз» деген сенімділік, «зиратын таптым, Зәуреш Ырғызда жатыр» деген батылдық орныққалы біраз болды.
«Уа, Зәуреш, сенің үшін елден келдім...». Иә, азалы әуеннің алғашқы жолы-ақ бауыр еті баласының мезгілсіз қазасына қасіретті әкенің шалғайдан жеткенін ұқтырар еді. Зерттеушілер де осы шерлі сапардың шылауынан шыға алмай, екі шалғай Жасқұс пен Ырғыз арасына ойша ат арытады екен-ді.
Әуелеген әрлі де, зарлы саздың тебірентер табиғаты, ел аузындағы еркін естеліктің талантты әдебиетшілердің қалам құдіретімен құлпыруы – Зәуреш хикаясын халықтың көркем эстетикалық аңыз-әпсанасы етіп әспеттеді.
Зәуреш тағдырына қатысты жұртшылыққа жарияланып жүрген: Медет төренің отыз ұлы мен жалғыз қызы болуы; қазалы әке шығарған көкірек зарына Мұхит салдың зират басында ән шығаруы; сүйген жардың романтикалық қосағы Әлмұхамед офицердің атасы Сейдәлі сұлтан Пугачев көтерілісінің қаһарманы екендігі сияқты уақыт пен кезең шындығымен қиыспай жататын жайттар жетерлік. Зәурештің аяулы бейнесі мен асыл болмысын қилы қиялдан – қимас қисынға балайтын тұстар біршама. Осынау тұжырымдар тізбегін сол күйі айна-қатесіз қабылдауға да болар еді. Бірақ кейде тарихи деректер, мұрағаттық мәліметтер оқиғаны басқа арнаға бұрып, басқаша сыр шертетіні болмаса.
Ендеше Жәңгір хан ордасының ерке қызы қияндағы Ырғызға қалай келін болып түсті дегеннен бастайық. Бірден басын ашып алатын, талай көңілді күпті ететін әңгімені де кесіп айтайық. Зәуреш Ырғызда ғұмыр кешкен де, бұл мекенге табаны тиген де емес. Әкесі Медет сұлтанның өмірбаяны да біз үшін алақандағыдай аян. Хан ордасы Жасқұстың пендесі, Нұралы ханның бел немересі, туған жылы – 1811, шені – әскери старшина. Орыс тілі мен заңнамасын жетік біліп, он сегіз жасынан Жәңгір ханның шекара шебінде казачествомен килігетін күрделі істерді шешуге араласқан жігерлі жан. Жәңгірмен бірге 1839 жылы Петербургке барып, І Николай патшаның қызы кінәжне Марияның неке қию салтанатына қатысқан. Жайық казактарымен жер дауында дәлелдері үстем түсіп, таразы басын қазақ пайдасына иіп отырған. Сол үшін де орталық саясаттың қырына ілігіп, 1852 жылы әкімшілік қызметтен шеттетілді. Келер қыста інісі Ескендір екеуі жалған жаламен Орал түрмесіне қамалды.
Қызы, жасөспірім Зәурештің айтулы оқиғаға алғаш кейіпкер болатыны осы жыл. Медеттің әкесі Шөкі сұлтан Жәңгір ханның уәзірі санатындағы ақылшы ағасы еді. Анасы Бәшеке ханым да жетпіске келген шағында егделікке бой алдырар осал жан емес-ті. Екі баласы бірдей темір торға қамалғанға шыдап отыра алмай тәуекелді жолға аттанды. Медетқалидың екі әйелін, екі жасөспірім қызын, Ескендірдің ұлын, кіші баласы Мірхайдарды, тағы бір қызын ертіп қыстың көзі қырау 1853-тің 18 ақпаны күні Орынборға жетіп, Перовскийдің қабылдау бөлмесіне кие-жара кіреді екен.
Ән туралы аңызда айтылатын «әкесі істі болғанда Зәуреш патшаға кіріп, ақыл-көркімен араша түсіп ақтап алған екен» дейтін алыпқашпа әңгімеге арқау оқиға осынау. Үлкен шешесі өлкенің бас әкіміне қолынан жетектей келген Медеттің екі жасөспірім қызының бірі Зәуреш екенін аңғарамыз. Жасы сегіз-тоғыздарда дейміз, себебі мұрағаттағы жазылу тіліне жүгінсек: «одна из них мать султана Внутренней орды войскового старшины Медетгалия Чукина, а три суть: его жены, одна из них сестра; что из трех детей – двое суть малолетних дочери этого султана, а мальчик есть сын султана Искандера Чукина, Медетова брата» (ҚР Орталық мемлекеттік архиві, 4-қор, 1-тізбе, 5649-іс) дегенде, қыздарының әлі бойжетпеген жеткіншек екені көрінеді. Ақпандағы алыс сапарға тәй-тәй басқан сәбилерді ала шықпасы да анық жай.
Бұл – сол күні тілмаш Батыршин жазған түсінікхат. Генерал Перовский мұнша жанның рұқсатсыз Нарынқұмдағы Ордадан Орынборға келгеніне шамданғанымен: «сұлтандардың ісі әділ қаралады, нәтижесін төзіммен күтсін» деп келгендердің көңілін күпті уәдемен қайтарады. Ашынған ана, жаутаңдаған ұл-қыздың тәуекелшіл әрекеті әсер етті ме, әйтеуір Шөкі балалары бұл жолы бостандыққа шықты. Бірақ арада жеті жыл өткенде бастарына тағы іс түсіп, 1860 жылы ағайынды Медетқали, Ескендір, Мірхайдар, Зұлқарнай, Шөкиндер бүкіл отбасымен Орынбор өлкесінің солтүстік ауданына жер аударылып кете барды. Бұл кезде Зәуреш он бестер шамасында. Әділетсіз үкім келер жылы-ақ өзгертіліп, Петербургтен патшаның өзі кешірім беруімен ағайындылар туған жеріне оралды. Орынбор әкімшілігінде қызметте жүрген жас офицер Әлмұхамедтің Зәурешпен кезігуі осы кез болса керек. Ұлықтарға жағымды шенеуніктің аталастарын айдаудан құтқаруға септігі тиюі де мүмкін.
Зәуреш бойжеткен ата-анасымен бірге ордаға оралса керек, өйткені әлі Әлмұхамедке жар бола қоймаған. Ә.Сейдалиннің әскери, әкімшілік қызметі, шені мен лауазымы жайындағы тек 1866 жылдың 30 сәуіріндегі құжатта ғана оның: «женат на дочери султана Внутренней орды Чукина – Зауры Медетовой» деп жазылған («Полный послужной список штабс-ротмистра Сейдалина-1-го», Ресей мемлекеттік архиві 1291-қор, 2-тізім, 9-іс). Бұған дейін жанама деректер арқылы жақындай түскен «Зәурештің зайыбы кім?» деген сәуегей сауалға бұрын айтылмаған, архивтен ашылмаған нақ құжаттық жауап осы дейміз.
Дәл осы кезде, 1866 жылдың 13 наурызында Ә.Сейдалин Кіші жүздің Батыс бөлігінің билеуші-сұлтаны қызметіне тағайындалып, Орынборды тастап қырға аттанды. Шенді әкім болса да қазақтың қамын көп ойлағаны орталыққа жақпай өзінің алдындағы сұлтан-правитель, полковник, Ресей географиялық қоғамының мүшесі Тәукин қызметінен алынып, орнына Әлмұхамед жіберілді. Қырық бес жыл бойы аталастары: хан атанған қаһарлы Қаратай, әділ де қатал Баймағамбет сұлтан, зерделі ғалым Мұхаметқали Тәукин басқарған үлкен аймақтың ендігі билігі әулеттің жаңа буыны Әлмұхамедке ауысты.
Әлмұхамед пен Зәуренің отау тіккені 1864-1865 жылдарға келеді. Тіпті олардың тұңғыш перзентінің есімі, туған ай-күні де бізге мәлім, бұл туралы жоғарыдағы құжатта Әлмұхамед «имеет дочь – Фатиму, родившуюся 21 октября 1865 года, жена и дочь вероисповедания магометанского» делініпті. Жас босанған Зәуре төрт айлық баласымен қыстың сызы кетпеген наурыз айында ерімен бірге алыс қырға аттана қоймаған болар, Орынбор басында әлде бергі шептегі Елек-Шыңғырлау бойындағы іргелі ауылда қала тұрар. Әлмұхамед те елді шолуға алдағы жазға дейін жеңіл қанжыға аттанса керек. Әрі осы кезде Ресей патшалығы ойластырып жатқан бір саяси әрекет бар еді. Кіші жүзді басқарып отырған билеуші-сұлтандардың ордасын шекара-шептен шалғайға, сахараның алыс ортасына көшіріп, тұрақты резиденция салатын жерлерді белгілеуге кіріскен. Әлмұхамед резиденциясы оның қол астына қарайтын адай еліне таман, Жемнің төменгі ағысындағы Есенберді жайлауында болуы тиіс деп ұйғарылды. Қазынадан қаржы қарастырып, Орынбордан отряд аттандырып, біраз дайындық шарасы біткенде отарлық саясаттың бетбұрысты жаңалығы жетті. Қазақты басқарудың атышулы әкімшілік реформасы қабылданып, 1868 жылдың қазанында сұлтан-правительдердің билігі тоқтатылды. Әділет министрлігінің 1869 жылғы 7 ақпандағы бұйрығымен Әлмұхамед жаңа қызметке – Торғай облысының Николаев уезіне судьялыққа тағайындалды. Яғни Ырғыздағы бекініске емес, Тобылдағы Николаевск қалашығына жіберілді.
Аталған аралықта Зәурештің Ырғызға келін болып түспегені осыдан көрінеді. Оның үстіне Ырғыз мүлдем басқа қиырда, Орынбор өлкесінің Шығыс бөлігіне қарайды. Ол елдің Әлмұхамед секілді өз билеуші-сұлтаны – Мұхамбет Жантөрин бар. Ә.Сейдалиннің қызметі әкім кезінде де, судья болып тағайындалғаннан кейін де ол аймақпен мүлде байланысты болмаған.
Әттең-ай, аяулы ару Зәурештің тағдырына орай бүгіндегі таласты пікірлерге – Ырғыздың арқау болып қала береріне не жетер еді! Тобыл бойына аттанғалы отырған Әлмұхамедтің қызметтік жеке парағындағы мынау бір тосын дерек бәрін орнына қойып бермегенде! 1868 жылдың 29 қарашасында түзілген формулярдың отбасына қатысты жан жары Зәуре есімі жазылар жолында «жесір» («вдов») деген жабырқаулы жалғыз сөз тұрмағанда...
Зәуреш Орынбордан ұзап шықпастан тым жастай 1867 жыл мен 68-дің бірінде дүние салған. Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апайдың естелігінде: «Зәуреш шешектен қайтыс болардың алдында күйеуінен тілепті: «мені Орынборға қой, Орынбор орталық қой, өзің не келешек балаларың басыма келіп тұрасыңдар». Әлекеңнің алған екінші жамағатынан туған ұлдары – Жаһанша, Жақия, Зұлқаш-Зұлқарнайын Орынборда оқып жүргенде үлкен шешесінің басына барып тұрыпты» деген жолдар бар. Зерттеушілер бұл пікірді мүлде ескергісі келместен Зәурештің зиратын әлі күнге Ырғыздан іздеуде.
Іздегенде, кейінгі жарияланымдарда бірыңғай «Әлмұхамед пен Зәуреш 1876 жылы Ырғызда тұрып, жұмысы 1877 жылы Орынборға ауысқан, демек Зәуреш 1876 немесе 77 жылы дүние салған» деген өмірбаяннан алшақ жаңылысты жол бұрып әкетеді. «Зиратын таптым, Зәуреш Ырғызда жатыр» деген азаматтық-парыздық ізгі ниет жетелейді. «Зәурештің бейіті Ырғызда, ол анық жай» деген нық сенімді тұжырым тапжылмайды. «Зәурештің Ырғыз топырағына жамбасы тигені дәл осы 1876 жыл сияқты» дейтін жорамал жарысады. Сөйтеді де, барлық ізденіс Ырғыздағы төрелер қауымындағы көне құлпытасқа келіп тіреледі. Әлмұхамед Сейдалиннің мәңгілік дамыл тапқан мекенінің жан-жағын ала алты адамның сыпасы жатқан дейді. Жергілікті көне көз қариялардан қалған әңгіме бойынша құбылаға қарай ілгерілеу қойылған Әлмұхамед сұлтанның өзі, алдыңғы екеуі әйелдері, кейінгі шағын төмпешіктер балалары деп болжанады. Басына қойылған төрт қырлы құлпытас сынып құлаған, жазулары ескіше әрі өшіп кеткен. Әр жылдары келіп оқыған мамандардың айырып оқығандары тек «Әл... Сейдалиннің баласы Ахметкерей сұлтан» және «мұхтары сұлтан» деген үзіктер мен «1889» деген жыл болыпты.
Осы деректерді назарға алып біз архив құжаттарына қайта оралайық. Ордалы қызметі тоқтап, сүйікті жарынан айырылған Әлмұхамед енді салт ат, сабау қамшы күйі Николаевскіге келіп орналасты. Бірер жыл тұл бойдақ жүріп, осы өлкенің беделдісі, көршілес Торғай уезі бастығының кіші көмекшісі подполковник Сүлеймен Жиһангеровтің қызы Халифаға үйленді. Зәурештен қалған перзенті Фатиманың тағдыры кейінгі бізге белгісіз, бәлкім, нағашы жұрты әлде Сейдәлі жақ ағайынның бірі бауыр басты ма? Ал Халифадан 1871 жылы Рахима, одан Зылиха, Жаһаншах, Дәулетшах, Жақия, Ахметкерей, Зұлқарнай есімді тетелес жеті ұл-қыз сүйіп ұрпағын жайды. Ең кенжесі Зұлқарнай 1886 жылы 21 қыркүйекте дүниеге келді.
Бұл кезде Торғай облысының төрт уезі – Елек, Ырғыз, Торғай және Николаевтың соңғы әкімшілік орталығында Әлмұхамедпен қатар немере інісі Тілеумұхамед уез бастығының кіші көмекшісі еді. Кіші аталғанымен, жаңа жүйе бойынша бұл қазақ шенеуніктері қойылатын ең жоғары лауазым болатын. Әйтпесе, аса зиялы, этнограф, Ресей географиялық қоғамының мүше-қызметкері Тілеу сұлтан кез келген орыс әкімінен бір бас жоғары тұрар тұлға-тын. Уез бастығы – ояз, волость билеушісі – болыс, аульный старшина – ауылнай деп атала бастаған кез. Сөйтіп ағайынды Сейдалиндер Тобыл бойын түрлендіріп, Тілеу кейіннен Қостанайдың іргесін қаласса, Әлмұхамед 1887 жылы Ырғызға тұрақты қоныс аударды. Ыбырай Алтынсариннің: «Ырғызда бітімші сот қызметінде қазақтың білім алуына аса ынталы және бүгінде онда қыз балалар үшін сахарада тұңғыш 20 орындық училище ашуға көмектескен Әлмұхамед Сейдалин тұрады» деп жазғаны 1889 жыл.
Олай болса, Сейдалиннің Ырғызға Зәуресіз, әнге қатысты оқиғаның ізі әбден суығаннан кейін жолы түсіпті. Осында екінші жамағаты Халифа да дүние салып, орнына туған сіңлісі жас Үммагүлсім келіп апасының ошағын ұстады. Өмірінің соңғы он жылында бұл қосағынан сүйген Гүлжауһар, Гүлихан, Рабиға, Смағұл, Мұса, Сүйінгерей есімді алты ұл-қыздың кіндік кескен жері Ырғыз қаласы. Гүлсімнен туған перзенттің үлкені 1888 жылғы Гүлжауһар – Алаш ардақтысы Ахмет Бірімжановтың жары, белгілі қазақ ғалымдарының анасы.
Әлмұхамед арасында аз уақыт Киев губерниясының Радомыслов округінде судья болып оралғаны болмаса, Ырғызда он жыл ғұмыр кешті. Өлкетанушылар Зәурештің зираты деп есептейтін қорымдағы құлпытас – өзінің, соңғы екі әйелінің, ұлы Ахметкерейдің және жастай кеткен бірер балаларына қойылған құлпытас болуы. Әулеттің бірер ұл-қызының есімі кейінгі жылдары архивте айтылмайды. Әйгілерінің бірі Зұлқарнай Орынбор гимназиясында оқып жүріп саяси ұйымға қатысқаны үшін оқудан шығарылып, 1909 жылдың жазында Самар губерниясының Бұзаулық қаласында тұратын қарындасы Гүлжауһар мен Ахмет Бірімжановтарға келеді. 21 тамыз күні кеште тете өскен ағалы-қарындас екеуі үлкен аналарына арналған «Зәуреш» әнін қосыла шырқап, мұңлы наздың әсерімен он бір шумағын қағазға түсірген. Аяғына: «Жәкен, Зұлқаш, под диктовку. Бузулук. д. Никитина» деп жазып қойған. Осы шумақтар жетпіс жыл сақталып, Гүлжауһардың ұлы – қазақтың химик-ғалымы Батырбек Бірімжанов 1979 жылдың 21 тамызында қолжазбаға қосымша жазған естелігінде Әлмұхамедтің үш ұлы Орынборда оқып жүргенде әкесінің тапсыруы бойынша үлкен шешесінің басына барып тұрғанын келтірген.
Қазақ даласында қаншама құлпытас тұр! Қаншасы кеңес заманында өзгелердің озбырлығынан құрылысқа іргетас үшін қиратылып, қоспаға қиыршық үшін үгітіліп кетті. Бірақ Орынбор көпшілік орын, қазақ-татар мұсылмандығының орталығы, қала зиратындағы белгілердің дені бүтін тұр. Архивте мешіттер жүргізген метірке кітаптар болуы. Әлмұхамедтей оқалы офицердің жамағаты Зәурештің дерегі жазылуы, құлпытасы да сақталуы әбден мүмкін. Іздейтін жан болса, бір дерегі анықталмақ. Ал Ырғыз елі ардақты азамат пен аяулы сұлудың рухтарына арнап махаббат мұнарасын тұрғызамыз десе, Әлмұхамед-Зәуреш жұбының әндегі жүрек сырын баяндайтын бейнелі ескерткіш боларына күмән бар ма!
Илья Жақанов ағамыз көп ізденісінде өзіне түрлі көздерден мәлім болған алты Сейдалиннің ішінен танып: «Зәурештің күйеуі – осы Әлмұхамед деген ойға нық тоқталдым» деп сүйіншілеген еді. Біздің қолымызда алты емес, отыз бес Сейдалиннің өмірбаян дерегі тұр.
Әрқайсысынан бір мақала, кейбірінен кітап жазуға болатындай өнегелі өмірлер. Біз тек арғы бабалары Сейдәлі туралы түзету бере кетейік. Ән тарихы жайлы жоғарыдағы жарияланымдардың бірінде Зәурештің жары Әлмұхамедтің ұлы атасы Ресейдегі Пугачевтің дүбір-дүрбелеңіне араласыпты. Рас, Сейдәлі сұлтан да көтеріліс көсемінің Салауат башқұртқа барабар серіктесіндей айтылатын. Ерлік эпопеясы саналған сол бір оқиғаға қазір көзқарас өзгерген. Алайда бұл Сейдәлі – Әбілқайырдың емес, інісі Бұлқайырдың немересі. Досалы сұлтанның ұлы. Әбілқайыр – Нұралы хан – Сейдәлі – Күнтөре – Әлмұхамед тармағына қатысы жоқ. Ал Зәурештің әулеттік буыны: Әбілқайыр – Нұралы хан – Шөкі сұлтан – Медетқали – Зәуре. «Зәурештің» ән атасы Мұхит сал да осы тектен тарайды (Әбілқайыр – Нұралы хан – Қаратай сұлтан – Еркінғали – Мерәлі – Мұхит (Мұхаметкерей).
Ән атасы деппіз-ау, Мұхит «Зәурешті» қашан шығарған? «Мұхит пен Медет екеуі Зәуреш қайтқаннан он күннен кейін Ырғызға келіпті, Ойыл, Ембі арқылы жол жүріп» дейді бір зерттеуде. «Мұхит қабір басында қонып қалады, ертеңіне қаралы топ қайтып келгенде әнші «Зәурешті» шырқап тұр екен» делінетін лақап та жазылды. «Қазасына Жайық бойынан Медет төреге еріп сал Мұхит та келген дейді» деп өнертанушы Б.Кәртен ел аузындағы әңгімені алға тартады. Әсем сазшы, көсем сөзші И.Жақанов та: «Медеттей мұңды әкенің солықтаған көңіліне «Зәурештей» ән ғана дәру бопты» деп Мұхиттың оқиға басы-қасында болғанын меңзейтіндей. Ал әнші шығармашылығын кезеңге бөліп жүйелеген кейінгі бір өнертану диссертациясы «Зәурешті» Мұхит мұрасының мәрелі тұсына еншілепті. Яғни өзін «Мұхит бабаң» атап, өсиет-толғауға бет бұрып, салдықтан сопылыққа бейімделген бәйітті шағында туған сырлы саз, зарлы жыр санайды.
Бірақ зәурештанушылар ән-реквиемнің әсерінен шыға алмай, дәл сол жылы Мұхиттың сұлу ат мініп, сәнді киініп, сауықшы нөкер ілестіріп, жастық кездің сылаң-сыр ән-күйінен ажырай қоймаған – небәрі 25 жастағы сері екенін ескермейді. Әнқұмар әлеуметті әлі де сүйінішті, сағынышты «Айнамкөздей», көңіл көркі «Алуаштай», көлбең кезең «Көк Айдай» мен «Кербездей» ғашықтық, әсемпаз әуен ырғағына бөлеумен жүрген шағы. Сондықтан арнау ән күйзелісті көңілге қабір басында бебеулетіп жұбату айтпай, Медеттің қайғыдан аһ ұрған лебізі елге тарап, Мұхиттың құлағына жеткеннен кейін барып шыққан да болуы.
«Зәуреш» әнінің сахнадан шырқалар үш шумағының сыртындағы шер-толғауға ұласар нұсқасында да Ырғыз өзені айтылмайды. Жолда кездескені:
«Шыңғырлау су болса да
Жайық емес,
Біздерге айту өсиет
лайық емес...», –
деп бір сәт өкініш лебін басып, жылаулы жанын жұбатқандай. Орыстар Утва атайтын сылдыр өзен Шыңғырлау Орынбордың жолында, кезінде Баймағамбет сұлтан ордасын тіккен өткел басы, затон бойы. Орынборға түстік әрі кетсе күндік жер. Әлмұхамед ставкасы да осы төңіректе екеніне талас жоқ. Бұл да Медет сапарының бағытын білдірмек.
Бұл өмірге кім келіп, кім кетпеген! Жүз жасырғанына жүз елу жыл өткен сахараның қарапайым пендесі Зәуреш қыздың алыста қалған азалы оқиғасы бүгінде кімді селт еткізер. Ондай жанның ғұмыр кешкені де мәлімсіз қалмақ еді. Ендеше, атын өшірмей келе жатқан – Мұхит сал шығарып, мұқым жұрт самғатып, ұрпаққа ұмытпай жеткізген жоқтау сарын, жауһар жырдың құдіреті де. Ғасыр асып әуелеген асыл әннің әлеуеті бір Мұхит мұрасы шеңберінен шығып, халықтың рухани зердесіне орнығып қалғаны қандай ғанибет.
Қазақ өнерінен ойып орын алатын бір тұқымнан тарайтын көрікті топ туралы газетте бұрынырақ жарияланған бір мақаламызда (Т.Боранғалиұлы, «Әуенімен әйгілі Әбілқайыр әулеті», «ЕҚ», 2009, 20 желтоқсан) жарияланым көлемінің мүмкіндігінен Мұхиттың «Зәуреші» туралы бір азатжол ғана пікір жаза алған едік. Ал сөз бен саздың сәулеткері Илья Жақанов пен Мұхиттың – рухани, Ғарифолланың – алдын көрген шежіреші-шәкірт Бөрібай Кәртен жазған «Зәуреш» әні туралы зерттеулер көркемдігімен, танымдық-сұлулығымен сахналық, бейнебаяндық, әуенсаздық қойылымдарға мәтін, сценарий, либреттоға дайын тұрған діңгекті дүниелер. Біз қосқан дерегі нанымды мәліметтер ескеріліп жатса, құба-құп.
...Осыдан екі жыл бұрын Алматыға 92 жастағы Фатима Бөкейханова апайға сәлем бере бардым. Көненің көзі, алтынның сынығы, Мұхит сал секілді Әбілқайыр әулетінің өкілі. Құрманғазы оркестрін құрушылардың бірі күйші Махамбет Бөкейхановтың немере қарындасы, оның інісі дүбірлі домбырашы, қайраткер Ғабдолхакімнің қызы. Өзі сақтаған сарғайған суреттер арасынан әскери киімді келбетті жасөспірім курсанттың фотосын әжімді саусақтарымен сипап: «мынау менің папам» деп қарт көңілімен елжіреген еді. Әкесінің 15 жасар кезгі бейнесі, кешегі 37-де кеткен. Қилы кезеңдер есіне түсті ме, кенет әлсіз болса да әуенді баяу үнімен «Зәурешті» бастап кеткен еді...
«Уа, Зәуреш, сенің үшін елден келдім...» – бір жарым ғасырды көктей өтіп келе жатқан ән-тағдырдың әуені әлемді тербей бергей!
Тілекқабыл БОРАНҒАЛИҰЛЫ