Өнер • 13 Қаңтар, 2022

Ұлттық анимация қолдауға зәру

1003 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Әлемдік киноиндустрияда анимациялық фильмдердің алатын орны ерекше, сон­дықтан да олар осы салаға жүздеген миллион доллар жұмсайды. Бұл шығын қысқа мерзімде әлденеше есе артығымен таза табыс болып құйылады.

 

Ұлттық анимация қолдауға зәру

Мультфильмдер – балалар­ды қызықтырып уақытын өткізе­тін һәм танымдық тұрғыда жетіл­діретін тәрбиелік құрал ғана емес, нарыққа шығатын көркем тауар сынды. Елімізде қазақ әде­бие­­тіндегі авторлық және фольк­­лорлық туындылардың же­лі­сі бойынша жасалған мультфильм-
дер қазіргі күні едәуір мөлшерде бар­шылық. Дегенмен бүгінгі балдыр­ғандар отандық мульт­фильм­дерге қызыға ма? Кейінгі уа­қыт­та оқтын-оқтын аударылып жат­қан шетелдік анимациялық фильмдердің тақырыбы қандай? Жалпы, қазіргі мультфильмдердің сапасы сын көтере ме? Биылғы Ба­лалар жылының басында осындай толғамды мәселені қозғауды жөн көрдік.

Анимациялық мультфильмдер – ұлт­тық құндылықтарды, салт-дәстүр мен тарихты көрсететін, жас баланың санасына сіңіретін бірден-бір идеологиялық құрал. Яғни бұл құрал арқылы кез кел­ген тақырыпты, кез келген образды насихаттауға болады. Өмірді енді танып жатқан балаларға анимациялық фильм ұсынудың қауіпті жағы да осы. Әлқисса.

Қазақ мультфильмінің классикасы – «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» күні бүгінге дейін көрерменнің жүре­гінде сақталған жып-жылы естелік­тей ностальгиялық әсер береді. 1967 жылы түсірілген Әмен Қайдаровтың бұл туын­дысы қазақ анимациясының ­бас­тауы болды. Қарлығаштың символдық мә­нін асқақтатқан фильм келесі жылы-ақ Ленинградта өткен Бүкілодақтық фес­­тивальда екінші жүлдеге ие болып, әлем елдерінің экрандарында көрсетілді. Автордың одан кейін тү­сірген «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қо­жанасыр – құрылысшы» атты ани­мациялық фильм­дері де қазақ муль­типликациясына олжа болып қо­сылды. Осы кезеңде отан­дық мультип­ли­каторлар түсірген гра­фи­калық және қуыршақ фильмдердің саны жүз­ден асты. Режиссер-суретшілер Ж.Дәненов пен Ұ.Қыстауовтың «Алпа­мыс батыр», «Айдаһар аралы», Е.Әбді­рахмановтың «Тапқыштар», «Боз­тор­­­ғай», Б.Омаровтың «Үш шебер», «Қаң­­­бақ шал», Т.Мұқанованың «Жібек ша­шақ», «Қайшы», Қ.Сейденовтің «Ті­гін­ші мен ай», «Қадырдың бақыты» атты мультфильмдері алтын қорға қо­сылды.

 ...бір минуты –

250 мың теңге

Соңғы он жылда бұл сала жанрлық ерекшелік пен жас көрсеткішіне қарай контент өндіру, түрлі тақырыптық бағыт пен стильдерді игеруде айтарлықтай алға басты. Ал кейінгі жылдары отан­дық аниматорлар көпшілікке «Қошқар мен теке», «Ер Төстік және Айдаһар», «Мұзбалақ», «Қазақ елі» сияқты т.б. көп­теген туынды ұсынды.

Бүгінде бұл мультфильмдердің де­ні «Balapan» телеарнасынан көрсе­тіліп жүр. Десек те балаларға ұсы­ны­лып жатқан бұл жобалар белгілі бір дең­гейде нәтиже көрсеткенімен, елі­мізде толыққанды қазақтілді контент қалыптастыра алмай келеді. Әрине, бұ­ған әсер етуші факторлар көп.

«Қазақстан» РТРК Басқарма төр­аға­сы­ның орынбасары Мақпал Жұмабай Қазақстанның өзінде бір ғана балалар арнасы болса да, ол әлемнің алпауыт ба­лалар каналдарымен бәсекеге түсіп отыр­ғанын айтады.

«Әлемдік арналарды өзге тілдерде с­путниктік каналдардан немесе интернеттен тікелей көруге мүмкіндік бар. Ше­телдік арналар әр үйде қолжетімді. Яғни біз қазір жан-жақты бәсекенің ішіндеміз. Ел ішінде «балалар шетел мультфильмдерін ғана көреді» де­ген жаң­сақ пікір бар. Біздегі зерттеу­лер бұның терістігін көрсетеді. «Balapan» теле­арнасындағы танымал шетелдік өнім­­нен гөрі балаларымыз көп жағдайда отандық мультфильмдерді таңдайды. Неге? Себебі бұл контенттің мазмұны да, идеясы да, кейіпкерлері де – ұлттық. Бұл мультфильмдегі қала да, дала да – таныс. Анимация түйсік арқылы қабылдана­тын өнер түрі болғандықтан, балала­рымыз бейсаналы түрде ұлттық контентті таң­дайды. Бұл – қалыпты құбылыс. Осы себептен де еліміздегі анимацияның ауқымын арттырып, өндіріс көлемі мен қаржысын бәсекеге лайықтау мәсе­лесі күн тәртібінде тұруы керек деп есеп­теймін. Біз балаларымыздың рухани қажетін толық өтейтін дәрежеге же­туіміз қажет», дейді М.Жұмабай.

Сондай-ақ ол бүгінгі күні еліміздегі анимация өндірісінің негізгі бөлігі – «Ba­lapan» телеарнасында жүзеге асы­рыл­­ғанымен, арнаның анимация та­рифі нарықтағы ең төменгі баға екенін айтты.

«Balapan»-дағы 2D анимацияның ­1 ми­­нуты 2021 жылы 220 000-230 000
теңге болса, 3D форматтағы ани­ма­ция­ның ­1 ми­нутының құны 250 000-280 000 теңге аралығын құрады. Бұл ха­лықаралық анимация нарығындағы бағаларға сай келмейді. Мәселен, хронометражы 5 минуттан тұратын 3D фор­маттағы отандық мультсериалдың бір сериясы 1,4 млн теңге болса, тура сол кө­лемдегі ресейлік «Маша и Медведь» 3D анимациялық сериалының 1 минут өн­дірісіне шамамен 21 млн теңге, ал 1 се­риясына 105 млн теңгеге жуық қаржы жұм­салады. Осы орайда балалар арнасын сапалық әрі мазмұндық тұрғыда дамыту үшін қаржыландыру көлемін арттыру керегі анық», деді ол.

Айта кетейік, осыған дейін «Ba­lapan» телеарнасы 2248 бөлімнен тұра­тын жал­пы саны 103 анимациялық жоба да­йындады. Бұл көрсеткіш оның еліміздегі анимациялық жобаларға тұрақты тап­сырыс беретін бірден-бір арнаға айна­­лып, осы саладағы маман­дардың өсіп, да­муына ықпал етіп отыр­ғанын бай­қатады. Мәселен, 2018 жылы – 11, 2019 жылы – 14, 2020 жылы – 23, 2021 жылы 26 анимациялық жоба жасалып, эфир­ге берілді. Ал жыл сайын шетел­ден 30-35 анимациялық сериал, 10 толық­метрлі мультфильм сатып алынады. Ше­телдік анимациялық жобалар жалпы эфир көрсетілімінің 40 пайызын құрап отыр. Сондай-ақ балалар арнасының 5 анимациялық жобасы АҚШ-та кабель­дік арналар, ал Латын Америкасы елде­рінде VOD және онлайн-каналдар ар­қылы көрсетіледі. Енді «Тынымсыз шө­желер», «Сәби», «Еркелер», «Шахмат пат­шалығы» (бұл мульт­хикая Татарстан теле­арнасына са­тылған), «Пырақтар» жо­баларын атал­ған елдерде ағылшын, испан және пор­тугал тілдерінде көру мүмкіндігі бар.

 Бәрі батыр, бәрі Алдар...

Отандық мультфильмдерге келгенде қоғамда түрлі сыни пікірлер көп. Бір тарап анимациялық фильмдер тек батырлық ұстанымға, яғни бәрі бір үл­кен идеяға жетелейді деп санаса, енді бір тарап қыз балалардың Эльзаны («Хо­лодное сердце», Disney) ерекше жақ­сы көретіні эстетикалық сапалы әрі же­ңіл дүниелердің аздығынан дейді. Бәл­­ки, шынында да қазақ анимация­сын­да балдырған қыздарды қызық­­ты­ра­тын кейіпкер-ханшайымдар жасал­май жүрген болар. Бұған қоса ұлттық та­қырыптардан бөлек танымдық мульт­­фильм­дердің жетіспейтіні де рас. Әл­қисса.

Өткен 2018-2019 жылдары бұл са­лада едәуір қозғалыстар болды. Мәсе­лен, «Мұзбалақ», «Күлтегін» сынды то­­лық­метрлі анимациялық фильм­дер жа­салды. Олар кинотеатрларда көр­се­­тіліп, қоғамда да жақсы пікірлер айты­­­лып жатты. Түрлі халықаралық фес­­­ти­валь­дарда жүлдегер болды. Еске сал­­сақ, қазақ анимациясының тұңғыш фильмі – «Қарлығаштың құй­рығы неге айыр?» әлемнің 48 елін­де қойылып, үлкен байқауларда же­ңімпаз атанды. Алғашқы анимациялық фильмнің осы жетістігін 52 жылдан кейін «Мұзбалақ» қайталап отыр. Алайда одан бері осындай толықметрлі және қо­ғамда көп талқыланған фильм тү­сі­рілмей келеді. «Мұзбалақ» ре­жиссерінің бірі Тұрды­бек Майдан оның бір себебі, қазақ анима­циясы әлі күнге дейін бір жүйеге қойыл­мауында дейді.

«Елімізде жақсы анимациялық ­фильм­­­­­дермен көзге түскен азаматтар­ды одан әрі қолдап, сол бағытта жа­ңа жо­баларға тар­тып, мемлекеттік тап­сырыс­пен тақырыптар беріп, тоқ­тау­сыз жұмыс жасалмайды. Ал бізде­гі қолынан іс келетін мамандар ми­нистр­­­ліктен жауап күтумен уақы­тын өткізеді. Ал негізінен балаларды қы­зықтыратын қазақтілді контенттер бар. Бірақ құмға сіңген судай тым аз. Мы­­салы, Алдар көсе туралы жүзден аса сериал түсірілді. Ол қоғамда таны­мал болды, өйткені өте ауқымды жоба еді. Ал ондағы идеология мен мульт­фильмнің сапасы, кейіпкерлері адам­ды қызықтыратын деңгейде емес. Жал­­­пы, анимацияда жақсы кейіпкер­ді алып, кәсіби мамандарды топтастырып, жұмыс жасаса, бұл өнімін бере­ді. Әри­не, мұнда ең бастысы ұлттық идео­­логия­ны, ұлттық мінезді бірінші орынға қою керек. Онда өмірді енді танып жатқан баланың тіліне, танымына, ойына сай сөйлем, іс-әрекет, оқиға болу керек. Өкі­­ніштісі, қазір анима­ция саласында әуесқойлар көбейіп барады. Техниканың құлағын екі бұрауды білетін азаматтарды отырғызып, персонажы, кейіпкері, композициясы жоқ шала-жансар дүниені алып шығады. Балаларға ұсынылып жатқан осындай сапасыз жобаларға сараптама жасайтын, қоғамға көрсетілуіне тыйым салып жатқан тағы ешкім жоқ. Ал ани­мациядағы аудармалардың жиі жа­салып, халыққа қолжетімді болып жат­қаны қуантады», дейді режиссер.

Сондай-ақ ол қазір көрерменнің тал­ғамы биік, шетелдік түрлі мультфильм­дерді көретін халықты өз отандық туын­дымызбен таңғалдыру да оңай емес еке­ніне тоқталды.

«Рухани қазынамызды анимация­лық фильмге тақырып етерде оның са­па­лық, жаңа технологиялық жағын да мін­детті түрде ескерген жөн. Балдырғандардың назарына дайындалған дүниеге жалпы баланың психологиясына қатысты барлық тарап қатысу керек. Педагогтер мен психологтер, тіпті балалардың өзіне көрсетіп, талқылау маңызды. Әр мультфильм жасалу барысында осындай бірнеше деңгейден өтіп, талданып барып жарыққа шықса, оның көрерменге ұнайтыны анық. Қай салада болсын еңбектің тері төгілген жұмыс көрініп тұрады емес пе... Ал анимация режиссерлерінің бүгінгі межесі бюд­жетті игеру уақытымен шектеліп тұр», дейді Т.Майдан.

Иә, бала мультфильмнен ең алдымен кейіпкер іздейді. Бүгінгі балалардың қазақ анимацияларына қызықпайтыны да кейіпкері жоқ болғандықтан болар. Бәрі батыр, бәрі Алдар...

 Қысқа уақыт

һәм шағын бюджет

Елімізде енді дамып келе жат­қан қазақ анимациясында білікті мамандар қаншалықты жеткілікті? Кадр тап­шылығы әр саланың алға басуына әсер етеді емес пе... Бұл туралы Anyzfilm кино­студиясының режиссері Тілек ­Тө­леу­­­ғазы былай деп пікір білдірді.

«Қазақ анимациясы қазіргі таңда даму деңгейінде. Оған жаңа технологияны игеру, оны өндірістік жобаларға қолдану, анимациялық шеберлік, заманауи эффектілер сынды кәсіби факторлар жетіспейді. Бұның бір себебі – кадр даярлау мәселесі. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы оқу орындарында осы сала бойынша қа­зіргі жаңа технологияны үйретпейді. Білікті оқытушылар да жоқтың қасы. Мысалы, біз анимациялық студияларға оқу бітіріп келген студенттердің өнді­рістік жұмыстарға дайын емес екенін байқаймыз. Сондықтан да қазіргі анимацияда суретші, сценарист, аниматор, режиссер тапшы».

Сонымен қатар отандық анима­ция­­сының бүгінгі дерті уақыт екен. «Яғни режиссерлер аз уақытта сол жобаны әйтеуір аяқтап шы­ғуға тырысады. Оған әсер ететін бюд­жетті игеру сынды факторлар да бар, әрине. Мәселен, анимацияның шетелдегі прак­тикасында бір жобаға кем дегенде 3-4 жыл уақыт беріледі. Сондай-ақ бір фильмге 500-ден аса маман атсалысады, қаржылары да қомақты. Ал қысқа уақытта шағын бюджетпен және аз маман қандай деңгейдегі мультфильм жасайды деп ойлайсыз?.. Дегенмен осындай жетіспеушіліктерге қарамастан ке­йін­гі 3-4 жылда қазақ анимациясында ілге­рілеу бар. «Balapan» телеарнасынан беріліп жатқан мультфильмдердің саны көбеюде. Одан бөлек басқа арналарда да аударма фильмдер бар. Бұл мультфильмдердің уақыт өте келе сапасы да санына сай келеді деп ойлаймын», дейді ол.

Еске салсақ, «Ұлттық рухани жаң­ғыру» ұлттық жобасының «Ел рухы» деп аталатын екінші бағытында отан­дық анима­цияны дамыту міндеттері қарастырыл­ған еді. Осыған орай былтыр Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақфильм» жанынан Қазақ анима­ция бірлестігі құрылып, 40-тан астам
 ­мультфильм мен қазақша компьютер­лік ойындар жасау жоспарланып отыр­ғанын, анимациялық мектептердің ашы­латы­нын айтқан болатын. Яғни осы жыл­дан бастап, қазақ анимациясы бөлек шы­ғармашылық одақ болып, өз алдына жобалар жүргізбекші.

«Егер бұл шынында іске асатын бол­са, мультфильм жасау жұмыстары тоқ­тамайды. Өзінің бюджеті болады, өзінің бес, он жылдық жоспары болады. Ани­мациялық фильм жасау тоқтамаса, осы саладағы мамандардың да қолы босамайды, ізденісте жүреді, біліктілігі арта­ды. Осылайша, қазақ ани­мациясының жаңа белесі басталады деп ойлаймын», дейді режиссер Т.Төлеуғазы.

Бұрын жылына 4-5 қысқаметрлі ани­мациялық фильм, ал 2-3 жылда бір толық­метрлі фильм жасалатын. Яғни жұ­мыстың жиілігі төмен еді. Сол себеп­тен де көптеген маман бас­қа са­лаға ­ауы­сып кетіп жатты. Бұл кадр­лық жүйе­нің де анимацияның дамуы­на белгілі бір деңгейде әсер еткенін көр­сетеді. Ал 2019 жылдан бері қазақ ани­мациясына көп­те-­­
ген жас маман ке­ліп, жеке студия­лар
ашып, курстар жүр­гізгенін байқап жүр­міз. Олар қазір түрлі деңгейдегі мульт­фильм­дер жасап жатыр. Бұл да – бү­гінгі анима­ция­­ның жетістігі. Режиссер Тілек Төлеуғазы­ның айтуынша, былтыр Ұлт­тық киноны ­қол­дау орталығының іске ­қо­сылуымен жаңа жо­балар қолға алынған.

«Оның біразы өндіріске қосылса, біразы бір тоқтап, бір жалғасып, аяқ­талмай келеді. Біз өткен жылы Ұлттық киноны қолдау орталығынан сақ дәуірінің өркениетін, құндылықтарын көрсететін «Алтын адам» атты толықметрлі мульт­фильмді бастағанбыз. Өткен жылдың аяғына дейін дайындық кезеңін бітірдік. Осы жылда үш ай тоқтайды деп айтылды. Сәуірден бастап өндіріс кезеңіне өтеміз. Жыл аяғында фильмді бітіреміз деп жос­парлап жатырмыз. Бірақ берілген уақыт бізге аздық етеді», дейді ол.

Айта кетейік, аталған киностудия Ұлттық киноны қолдау орталығынан «Алтын адам», «Еркетай» толықметрлі мультфильмдері мен «Кенже қыз» се­риалын және «Бесік жыры» қысқаметр­лі мультфильмін алған еді. Бұл жоба­лардың ішінде «Бесік жыры» мен «Кен­же қыз» өткен жылы аяқталса, қалған екі жоба биыл ұсынылуы керек.

P.S. Тәуелсіздік жылдары елімізде көркем өндіріс саласы (әдебиет, театр, кино, анимация) белгілі бір деңгейде нәтижесіздік күйінде болды. Әрине, отыз жылдағы мәдениет пен өнердегі жетіс­тіктерді жоққа шығара алмаймыз. Десек те қазір ел руханиятында­ғы әр салада жүйесіздіктен туындаған үлкен мәселелердің бары анық. Бар­лығына кәсібилік һәм қаржылық қол­дау жетіспейді. Жоғарыда қозғаған ани­ма­циялық фильм тақырыбында да түр­лі назар аударарлық, қолға аларлық мәсе­лелер көрінді. Қазіргідей өндірістік-техно­логиялық сала қарыштап дамыған уақыт­та балаларға сапалы дүние көрсете алуға мүмкіндік көп. Тек қазақтілді кон­тенттің қалыптасып, кең тарауына құзыр­лы органдар күш салса болғаны. Әйтпесе, әлем Ғарышқа адам ұшырып жат­қанда мультфильм жасау дегеніңіз не, тәйірі... Ал бәрінен бұрын анимация де­геніңіз – бала. Бала дегеніңіз – болашақ. Жиі айтылатын «Мәңгілік ел» идеясы осыдан басталмай ма...