Қоғам • 14 Қаңтар, 2022

Түбегейлі өзгеріс қажет

462 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соңғы кезде халықтың әлеуметтік көңіл күйіне әсер еткен дүниелердің бірі – әлеуметтік теңсіздіктің өршуі. Осы жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісіндегі сөзінде де айтылды.

Түбегейлі өзгеріс қажет

Біздің қоғамда халықтың табысы, ақшалай кірісі арасында, отбасылардың жағдайы арасында айырмашылық жоғары. Оны Батыс елдерімен тіпті салыстыруға келмейді. Жалпы экономикалық өсім, орташа жалақы тағы да басқа көрсеткіштер жоғары болғанымен, оның 10 пайызы ең кедей топ, 10 па­йызы ең бай топ деп алатын болсақ, екеуінің арасындағы алшақтық жер мен көктей. Сон­дықтан біздің қоғамдағы осы кедей­шілік мәселесін мойындауы­мыз қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін­де айтылғандай, халықтың кірі­сі елдің экономикалық өсімі­мен байланысты болуы керек. Алай­да бізде экономикалық өсім макроэко­номикалық көрсеткіштен, халық­тың тұрмыс жағдайынан көрініс таппай келді. Президент нарық­тық экономиканы дамытқанда оның әлеуметтік бағдарына басым­дық беру, соған назар аудару және Қазақстан өзін Конституцияда құ­қықтық демократиялық және әлеу­меттік мемлекет ретінде бекітетінін тағы да бір еске салды. Және халық­тың кірісін ұлғайту жөнінде арнайы бағдарлама жасауға тапсырма бер­ді. Халықтың кірісін көбейту үшін әлеуметтік төлемдердің түрлері мен санын, көлемін көбейтуден бұрын, ең алдымен аймақтарда өңдеуші өнер­кәсіпті, жаңа, тұрақты жұмыс орын­дарын ашу өте маңызды деп ойлаймын.

Айта кететін тағы бір мәсе­ле, ел өңірлерінде толқулар болды. Діни-радикалдық тұсын айт­па­ғанның өзінде, әлеуметтік тұрғыда сауалдама­лар жүргізгенде шынында да наразы­лықтар халықтың әлеуметтік көңіл күйінде екені көрінеді. Оны жасыруға болмайды. Ол онсыз да түрлі бей­біт шеру­­лерден көрініс тапты. Сон­дық­тан осы әлеуметтік мәселеде ең ма­­ңыздысы – бізде аймақтар­да жұ­мыс­­сыздық әлі де болса өзек­ті. Соны­мен қатар аймақтардың дамуында теңсіздік байқалады. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сияқ­ты ірі қалалардың дамуы мен аймақтардағы шағын қалалардың дамуы, тіпті кей­бір ауылдардың жойылып кетуі, ішкі миграция бағыттарының әр­түрлілігі – бұның бәрі біздің ай­мақ­тың теңгерімсіз дамуына алып келді. Саяси реформалар өз алдына, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда да түбегейлі өзгерістер қажет-ақ.

Экономика институтының ғылыми зерттеу жобалары аясында жүр­гізілген әлеуметтік сауалда­малар нәтижесі бойынша еліміз­дің ай­мақ­тарында халықты жұмыс­сыз­дық, табыс көлемінің аз­дығы, ауыл-аудандардағы, шалғай ел­ді мекен­дердегі әлеуметтік-көлік инфра­құрылымның төмендігі (мектеп, аурухана, ауыз су, газ, жол және т.б.), білім, медицина сапасы, кадр тап­шылығы және т.б. мәселелер толғандыратыны анық­талған еді. Бұл қоғамымыздағы әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік, халық кірісіндегі және аймақ­тар арасындағы алшақтықты есе­леп тудырып, халықтың өмір сүру сапасының төмендігіне, бейбіт халықтың әлеуметтік көңіл күйі­не тікелей әсер етіп отырғаны белгілі. Осы және басқа да мәсе­лелер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінде ашық көтерілді. Ары қарай жүзеге асыру тетіктері мен нақты тапсырмалар беріледі деп үміттенемін. Әсіресе, жемқорлық­пен күресу, өңдеуші өнеркәсіпті дамыту бағытында батыл қадам­дар мен нақты жобалар қолға алын­са екен. Ортақ іске барлығымыз өз деңгейімізде атсалысуымыз керек деп ойлаймын. Біз әлеуметтік-экономикалық бағыттар бойынша ұсыныстар дайындап, ары қарай да тереңірек зерттеу жасауға да­йынбыз.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында «Қазақстан халқына» қоры құрылатынын жеткізді. Президент ондағы қаражат денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау сала­ларындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталатынын айтты. «Осы қор қаражатынан сирек ауруға шал­дыққан балаларға көмек көрсе­тіледі. Және қалаларда, аудандар мен ауылдарда балаларға спорттық нысандар салынады. Дарынды балаларға қолдау болады. Бүліктен кейінгі Алматы қаласын қайта қалпы­на келтіруге жұмсалады. Соны­мен қатар аталған қор есебі­нен қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсетіледі», деді Мемлекет басшысы.

 

Айсұлу ТҰРСЫНБАЙҚЫЗЫ,

Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Экономика институтының ғылыми қызметкері, әлеуметтанушы