Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жалпы, күйшілік өнердің дамуы, атадан балаға бұзылмай саф күйінде жетуінің жолы, шежіресі болады. Мысалы, Шәміл Әбілтайдай асқан күйші Қали Жантілеуовке (әрине, бұл жерде Шәміл ағамыздың басқа да күйшілерді көргені даусыз, ірі өнерпаздың қалыптасу жолында көптеген күйшіден үлгі алуы – заңды құбылыс), Қали Жантілеуов Мәменге, Мәмен Құрманғазыға шәкірт болғаны сияқты Мұқаш ағамыздың да күйшілігінің бастау бұлағы бар. Мұқаш ағамыз – Алтай, Тарбағатай, Іле өңірлерінде қалыптасқан ғажайып күйшілік дәстүрдің өкілі. Әңгімені әріден қозғасақ Шығыс Түркістандағы үш аймақта күйшіліктің туын тіккен күйшілер болған. Алтайда – Бейсенбі Дөненбайұлы, Тарбағатайда – Қайрақбай Шалекенұлы, Іледе – Әшім Дүңшіұлы.
Мұқаңның өз айтысында Бейсенбі Дөненбайұлы (1803-1872) күйлерін алғаш үйренушілер Бейсенбінің өз балалары Оспан Бейсенбіұлы, Сыдықай Бейсенбіұлы және Мұсырманқұл, Қасен деген күйшілер екен. Олардан Сақыпжамал, Бекарыс Дікейұлы, Мақаш, Хамит күй алған. Бұл өнерпаздарға Тайыр Белгібайұлы, Мүтәліп Әлімханұлы, Дәулет Халықұлы шәкірт болған. Ал Мұқаш Бейсенбі биден қалған күй мұрасын Дәулет, Тайыр, Мүтәліп күйшілердің қолынан алған.
Алтайды жергілікті халық Өр Алтай, Төменгі Алтай деп екіге бөліп айтады екен. Бейсенбі Төменгі Алтайды мекендеген. Көктоғай, Шіңгіл аудандары орналасқан Алтайдың биігін Өр Алтай дейді. Сол Өр Алтайда өрелі күйдің көшін бастаған Шалап Саудагерұлы (1845-1922) деседі. Ерекше дәулетті, бай болған. Ел Шалап Саудагерұлын «Шақабай Шалап» деп атап кеткен. Шақабай – Керей ішіндегі ру аты. Шақабай Шалапқа Камалбек Үкірдай шәкірт болған, Камалбектен Шалап күйлерін Дәулет Халықұлы, Дәулеттен Мұқаш күй үйренгенін ілгеріде де айттық. Бейсенбіден қырықтай күй қалса, Шақабай Шалаптан онға тарта күй жеткен.
Тарбағатай күйшілік өнерінің басында Қайрақбай (1828-1877) тұр деп айттық. Қайрақбай Тарбағатай өңіріндегі Найман руына төбе би болған деген дерек бар. Қысқа ғұмырында жиырмадай күй қалдырған Қайрақбай сыбызғы мен домбыраны тел тартқан. Қайрақбайдың мұрасына ие болған Қайрақбайдың өз ұлы Әнжан және Кербез Өмір, Сабырбай, Нәсілбай Қонақбайұлы сынды күйшілер. Оларға Қайрақбайдың немересі Заманбек Әнжанұлы, сыбызғышы Ақымжан Болдырғанұлы, домбырашы Сайырбай Далабайұлы, Рүстем Дүйсенбіұлы, Жұмажан Екенұлы шәкірт болған. Осы өнерпаздардан Сәдуақас Қараұлы, Жұмажан Сыдықұлы, Мұхамәди, Кәсімбай Құсайынұлы, Таңғыт Мұқатұлы (Мұқаш Таңғыттың әкесі) күй үйреніп Мұқашқа және оның замандастарына аманаттаған.
Тарбағатайда күйшілігімен аты шыққан өнерпаздың бірі, ақын, әнші Әсет Найманбайұлы. Оның «Кертолғау», «Ән шақырғы» деген күйлерін де Мұқаң жеткізіп отыр. Мұқаш Әсет күйлерін Жұмажан Сыдықұлы мен Қажыбек Шалғайбайұлынан алған екен.
1918 жылы Сәлімжан Шалғайбайұлының өтінішімен ҚХР Тарбағатай аймағы, Толы ауданы, Майлы тауы баурайындағы Қарашоқы деген қыстауда атақты бай Шалғайбайдың ағаш үйінде (ол кезде ағаш үйді қолы жеткендер ғана салдырған) Әсет Найманбайұлын қонақ қылады. Әсет ән салады, күй тартады. Бала Жұмажан мен Қажыбек осы күйлерді, сол мәжілісте Әсеттің өзінен үйренеді.
Негізі екі күй де күй ме, әлде өзінің аты айтып тұрғандай ән шақырғы ма, тереңірек үңіліп зерттеуді қажет етеді. Әсеттің дәуірінде дала әншілігінің биікке көтерілгені соншалық әнге ән шақырғы – кіріспе жасау дәстүрге айнала бастаған болатын. Мысалы, Қали Байжановтың, Қосымжан Бабақовтың, Байғабыл Жылқыбаевтың ән бастардағы ән шақырғысы кемеліне келген әншілік дәуірдің жемісі. Біз әлі ән бастардағы кіріспеге нақты ғылыми атау бермедік. «Қарашертіс», «ән кіріспесі», «ән шақырғы», «ән бастау» деп әр түрлі жазып жүрміз. Әсеттің «Ән шақырғысы» аты айтып тұрғандай ән кіріспесі болуы мүмкін. Олай болса ән бастарда тартатын кіріспеге «ән шақырғы» деп нақты ғылыми атау берген дұрыс болар еді.
Мұқаштың айтуынша: «Іле күйшілігінің бастауында Қожеке Назарұлы, Қоңқай, Тілеміс, Мазақ тұр деу жаңсақтау пікір. Себебі Қожеке Жетісудан қуғын-сүргін кезінде Ілеге қоныс аударғаны белгілі, ақиқатында ол Жетісу күйшілік дәстүрінің өкілі екені айқын. Ал Қоңқай, Тілеміс, Мазақ Тарбағатай күй мектебінің түлегі. Іленің күй өнерін сол өңірдің тумасы Әшім Дөңшеұлынан (1896-1962) бастаған дұрыс», дейді. Әшімнен елуге тарта күй қалған. Мұқаң Әшім күйлерін оның төл шәкірті Кәмал Мақайдан үйренген.
Мұқаңның өз аузынан естіген деректерге қарап отырып мынадай ой түйдім. Бірінші, Шығыс Түркістанға күй шашқан тұлғалардың би әрі бай болғаны назар аудартады. Бейсенбі – би, Қайрақбай – би, Шақабай Шалап – бай. Жалпы, өнер өкілінің қоғамдағы орны жоғары болғанын кейінгі деректерден жиі байқаймыз. Әрідегі Кетбұға күйші – би, Абылай хан заманындағы Байжігіт күйші – би, Тәттімбеттің болыс болғаны сияқты көптеген мысал келтіруге болады.
Екіншіден, өнерпаз мұрасын тікелей өз ұрпағына табыстауы. Мысалы, Бейсенбінің өнеріне өз кіндігінен тараған Оспан мен Сыдықай ие болып қалса, Қайрақбайдың мұрагерлерінің ішінде өз баласы Әлімжан бар. «...Кеудемнен көкала үйрек қош деп ұшты, Сол шіркін жалғыз ұлға қонбас білем», деп Кемпірбайдың налығаны тегін емес. Өнер тарихында ата мұрасына бала ие болатыны көптеп кездеседі. Ол да өнер адамына ғана тән асқақ арманының бірі болса керек.
Байқағанымыздай Шығыс Түркістандағы үш аймақтың күйлерін толық меңгерген Мұқаш Таңғыттың өз жанынан шығарған күйлері де баршылық. «Шалқыма», «Заман», «Жорғатай», «Зәм-зәм», «Хамзин сазы» (Хамзин сазы Мағауияның өз күйлеріне стильдік тұрғыда өте жақын, күйдің «Хамзин сазы» аталуының себебі сол) сынды күйлері елге кең таралды. «Шалқыма» («Көгалда» – екінші аты) күйі шалқытып тартатын желдірме күйлер тобына жатады. Бір тыңдағаннан құлақта қалатын сазды күй. Ойнақы басталған күйдің өрістеп дамуынан композитордың шеберлігі анық көрінеді. Күй арманшыл жастың жігер жыры іспеттес. Жалпы, бұл туындыны Мұқаң шығармашылығының шыңы деуге болады. Мұқаң шығарған тамаша күйдің бірі − «Жорғатай». Бұл күй Арқаның теріс бұраудағы күйлерін әбден сіңірген адамның туындысы секілді. Бір қарағанда Қосымжан Бабақовтың орындауындағы Жаяу Мұсаның «Шолпан туса» әнінің «ән шақырғысын» еске түсіреді. Расында, осы күй арқылы Мұқаш шығармашылығының басқа бір қырын байқаймыз.
Мұқаш жиырма бестей күй шығарды. Сол күйлері арқылы композиторлық өнерінің тамыры тереңде жатқанын байқатты. Тағы бір ерекшелігі күй аттарын ескіше, қарапайым қоюында. Әйтпесе осы күні жасанды, жылаңқы күйіне бояма ат қоятындар да жиі кездеседі.
Мұқаш ағамызбен алғаш кездескенімізде ол бізге Қайрақбайдың «Мол қоңыр», Кәсімбайдың «Құлыстай қоңыр» күйлерін тартып берген болатын. Қытай қазақтарында қалыптасқан ұлы күйшілік дәстүрді асқан шеберлікпен таныстырған еді. Мұқаң күйшілігінің бағасын беріп, композиторлық ерекшелігін талдау болашақтың еншісінде деп ойлаймын.
Қайрат АЙТБАЕВ,
«Мәдениеттану» мамандығы бойынша гуманитарлық ғылымдар магистрі, күйші