Қазақстан • 20 Қаңтар, 2022

Ақылды Үкімет халықты ашындырмайды

6730 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Экономиканың даму заңдылығына сай өндірілетін кез келген өнім мен көрсетілетін қызметтің өзіндік құны және сату бағасы болады. Екі аралықтағы айырмасы кәсіпорынның (өндірушінің) табатын пайдасы, өндірісті дамыту қоры, мемлекеттік салықтар мен алған кредиттерді төлеуге кететін шығындардан тұрады. Кәсіпорын өз бағасын қойғанымен әрі қарай өнімді тасымалдау (логистика), жарнамалау және тұтынушыға жеткізу, басқаша айтқанда саудаға шығару шығындары қосылады. Осы процеске қатысушылардың әрқайсысының өз мүдделері бар, ешкім де зиян шегіп жұмыс істемейді. Олардың да әлеуметтік, қаржылық міндеттемелері бар.

Ақылды Үкімет халықты ашындырмайды

Алайда осының бәрін жиынтықтап келгенде тауардың соңғы бағасын қатардағы тұтынушының қалтасы көтере ме? Мәселенің үлкені осында. Оны шешудің нарықтық екі жолы бар. Біріншісі, шығындарды азайту арқылы тауардың құнын арзандату. Екіншісі, тұтынушылардың сатып алу қабілетін арттыру, яғни табысын, жалақысын көтеру. Үшінші жол да бар. Ол – тауар өндірушіні қаржылай қолдау, оған мемлекеттік бюджеттен немесе арнайы қорлардан субсидия бөлу арқылы шығындарының бір бөлігін азайту, сөйтіп бағаны төмендету.

Осы механизмдерді реттеу үшін елімізде салалық министрліктерден басқа монополизмге қарсы күресу және адал бәсекелестік пен кәсіпкерлікті қорғау ведомствосы құрылған. Алайда бұл құрылым монополис­тер мен олигархтардың шектен тыс араны ашылып, өзара ымырамен бағаны негізсіз өсіруге қарсы тиімді күрес жүргізе алып отыр ма? Бизнеске тиіспеу, кәсіпкерлікті қолдау деген желеумен Үкімет тексеру жүргізуге қайта-қайта мораторий жариялап, ревизорлардың қолын байлап тастаған жоқ па?

Қазақстанда қоғамдық наразылықтың туындауына себепкер болған бензин мен газдың бағаларын алайық. Бензин бағасының үздіксіз өсіп келе жатқанына неше жыл болды. Әзірге тоқтайтын түрі жоқ. (Президент Жарлығымен бағаны 180 күнге ғана тоқтатты). Неге бұлай деген сұраққа беретін жауаптары: сыртқы елде бензин қымбат, ал бізде неге арзан болуға тиіс?! Бағаны көтермесек, арзан бензин шетел асып кетеді-мыс.

Екінші сылтаулары: шикізат пен құрал-жабдықтардың бәрі шетелдерден келеді, ал олар бағаны үсті-үстіне қосуда екен.

Енді осы уәждерді жеке-жеке талдап көрейік.

Рас, бензин мен дизель отыны Ресейде және алыс шетелдерде бізден қымбат. Бірақ оларда жалақы да, табыс та жоғары. Ал жақын көршілеріміз Өзбекстан мен Түр­ік­менстанда жанармай бізден әлдеқайда арзан. Солай екен деп олар халқының жағдайына қарамай бағаларын көтеріп отырған жоқ. Керісінше шекараларын жауып, субсидия арқылы өздері арзандатып отыр­ған жанар-жағармайларына ие болып отыр.

Енді екінші сылтауға жауап іздейік. Сұйытылған газ жасауға керек шикізат – өзімізде өндіріліп, өңделетін мұнай мен табиғи газ. Мұнай айдайтын үш алып зауытымыз бар. Соған қарамастан бензиннің бағасы өскен үстіне өсе түсуде. Газды сұйылтуға қолданатын бензин қымбаттағанда автокөлік пен отбасында тұтынатын баллондағы сұйытылған газ қымбаттамағанда қайтеді? Сондықтан ең әуелі бензин мен дизель отынының бағаларын реттеу қажет.

Қайткен күнде де маған барлық қым­батшылықтың басында энергия көзінің қымбаттауы тұрған сияқты көрінеді. Құлаған домино тастарындай соңғы бір-екі жылда еселеп қымбаттамаған ешнәрсе қалған жоқ. Өнім шығарушылар бейнебір баға көтеру жарысына түскендей. Мысал келтірейін. Салынғанына 55 жыл болған үйімнің шатырын жаңалап, сыртын қаптайын деп профилді қаңылтыр листілерін сатып алмақшы болдым. Алайда «үйдегі көңілді базардағы баға бұзады» дегендей, өткен жылы ғана стандарт жапырағы 8-9 мың теңге тұратын қаңылтырдың бағасы 21 мың теңге болып кетіпті. Сөйтіп, жалпы шығыным болады-ау деген 2 млн теңгеден 4 млн теңгеге бір-ақ өсті. Ұсақ-түйек қосалқы бөлшектердің де бағасы удай. Еріксіз кредит алуға мәжбүр болдық. Баға бірден неге екі-үш есе көтерілген деп сұрасаң, ешкім білмейді. Бізге сондай бағамен келді дейді сатушылар. Қайсыбіреулер оны пандемияның әсері шығар десе, екінші біреу бағаны шетел көтеріпті дейді. Бензин қымбаттаған соң оның шығынын тауарға қосуға тура келіпті дейді тағы біреу. Шындығында оның көбі бос сөз. Бүкіл металлконструкциялар мен бөлшектер өзіміздің Теміртаудан «Арселор Миттал» акционерлік қоғамының зауыттарынан шығады. Үкімет айта беретін нағыз қазақстандық мазмұн. Өкінішке қарай, бірде-бір үкіметтік, не тұтынушылар құқығын қорғайтын ұйымдар «мұның қалай?» деп сұраған жоқ. Монополист не істегісі келді, істеді.

Құрылыс материалдарының бағасы жойдасыз көтеріліп кетуі салдарынан салынып жатқан жолдар, құрылыстар тоқтап қала жаздады.

Жағымсыз әдет коронавирустан әрмен жұққыш па деймін. Күнде дүкенге, базарға барғанда адамдардың көретіні қымбаттап жатқан азық-түліктер, тауарлар, дүниелер. Қайда барсын, қинала-қинала алуға мәжбүр. Жоғарғы жақ болса бағаны өсірмеуді жергілікті әкімдерге жүктеп қойған. Қолдарында бағаға ықпал ететін тетігі жоқ олар не істейді? Базаршыларға жалынып жүргендері, оның өзінде жәрмеңке өткізетін кезде. Иә, біреудің міндетін екіншінің мойнына артып қоюмен мәселе шешілмейді. Ата заңымызда жазылғандай, біз – әлеуметтік мемлекетпіз. Бизнесмендер де, олигархтар да, кәсіпкерлер мен қарапайым халық та осы мемлекетті құрап отырмыз. Адамдардың бір-бірінің жағдайына қарауды Конституциямыз міндеттеп отырған жоқ па? Өкінішке қарай, осыны жоғарғы билік те, байшыкештер де жиі ұмытып кетіп жатады. Әйтпесе қай заң, қай қаулыға сәйкес жасалса да бағаны бірден екі есеге өсіріп жіберу қылмыспен пара-пар емес пе?

Сондықтан осылай істегендерді қатаң жауапқа тартуды талап еткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменін қолдаймын.

Қайғылы қаңтар күндері басбұзарлар жасаған шығын Қазақстанда өсіп-өнген алпауыттардың байлығынан көп емес деп ойлаймын. Мемлекет басшысы алпауыттарға «бөлісіңдер» деп бекер айтқан жоқ. Енді сол үшін құрылған «Қазақстан халқына» қорына азды-көпті табысы бар жай халықтың өзінен ақша жинамаса болды. Бұны қазақ «өз бидайын өзіне қуырып беру» дейді. Президенттің Жол­дауларында «халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген оңды сөз бар. Алайда осы сөзді шала-пұла ұғатындар тым көп пе деймін. Әйтпесе, Маңғыстау облысындағы наразылық көп уақыт бұрын бас­талып еді ғой. Соны дер кезінде тыңдап, тиісті шараларды уақтылы жасағанда бүліктің алдын алуға болатын еді.

Ақылды үкімет халықты ашындырмайды.

 

Ертай ЖӘНІБЕКОВ,

қаржы-экономика саласының ардагері

 

Қарағанды облысы,

Шет ауданы