Күні кеше бейбіт елімізде болған қаңтар оқиғасы имансыздардың араласуымен күрделеніп кетті. Отанға қастандық жасалды. Қой терісін жамылған қасқырдай анталаған, көзге анық көріне қоймаған, бейбіт халықты арандатқан, жастарды өздерімен бірге еліктіріп, қылмысқа итермелеген, әлі бетпердесі сыпырыла қоймаған топтың іс-қимылы имансыздықтан туындағаны анық. Мейлі, олар туралы сөз шығындамай-ақ қоялық, ал осы қара ниеттілердің қолшоқпарына айналған жастарымыздың іс-әрекетіне қалай қынжылмайсың?
Қаңтар оқиғасын саралай отырып: «Біз өскелең ұрпақтың бойына ұлтқа тән патриоттық тәрбиені жете сіңіре алмадық па, қалай?» деп ойланып қалдық.
Қобыланды мен Алпамыс, Қабанбай мен Бөгенбай, Исатай мен Махамбет сынды талай ержүрек батырларымыздың Отаны мен халқын қорғап, адалдық таныта білген ерлік істерін оқып-білмеген жас өскіннің бойында елге деген сүйіспеншілік сезімінің орнығуы екіталай.
Қаралы қаңтарда болған түрлі жантүршігерлік көріністер, қаскөйлердің іс-әрекеті көгілдір экрандардағы атыс-шабысты көрсетілімдерден алған «үлгі-өнегеміздің» «жемісі» болса керек. Өз дінін, ділі мен тілін құрметтей алмаған нағыз имансыздар ғана осындай жауыздыққа бара алады. Бұл оқиғаның себеп-салдарының бір ұшын мен мектеп қабырғасындағы патриоттық тәрбиенің осалдығынан іздедім. Осындайда «ұлтын сүйген ұлы тұлғаларымызды, батырлар жырын мектепте жан-жақты тереңдете оқытса ғой, шіркін» деп аңсайсың. Сол сияқты, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы қазақ жастарының ерлігін неге кеңінен насихаттап, тарихымыздан орын бермеске? Халқының ары мен намысы үшін жас жанын қиып, соңындағыларға ерліктің өшпес ізін қалдырған Қайрат пен Ләззат сияқты қазақ жастарының өршіл мінезі мен Отанға, ұлтқа деген ерекше патриоттық сезімін толғана жазып, насихаттасақ жарасар еді ғой.
Бүгінгі жастар кітап, газет-журнал оқудан қалды. Бұл – біздің үлкен қасіретіміз. Кітап оқыса сол батырларымыздың ерлік істерінен, өнегелі өмір жолдарынан үлгі алып, еліктеп өскен болар еді.
Тек мектептерде емес, сол сияқты өнер саласында да жастарды отансүйгіштікке жетелеп, үндеп отыратын патриоттық әндер аз. Тіпті жоқ десек те болады. Мысалы, әнұранымыз бен «Атамекен» әнінің бойымызға қандай қуат беретінін айтып жеткізе алмайсың. Осындай патриоттық сезімдерді оята білер, ұлтымыз, тіліміз бен ділімізге деген сүйіспеншілігімізді арттыра түсетін әндерді көбейтудің орнына керісінше, жүйкемізді жұқартар Батыстың әуендеріне ынтықпыз. Айтып жүрген әндеріміздің мән-мазмұны мен мағынасы құлдырап, «той тапсырысқа» ұласып барады. Оны сараптап, бақылап, ұлттық дәрежеде бағамдап отырған жанашыр ешкім жоқ. Пікір айта қалсаң: «Біз ХХІ ғасырдың жастары емеспіз бе?» деген жауап естисің.
Өз тілі мен діліне, дініне қамқор болып, жанашырлық таныта алмаған адам қалай ұлт намысын қорғай алады? Бойында имандылық қасиеті бар адам ғана өз ана тілі мен ұлттық рухын жоғары ұстап, оны төмен түсірмейді. Отанына опасыздық жасамайды. Сондықтан да бала тәрбиесіне келгенде біз бірінші кезекте олардың бойына имандылық қасиетін қалыптастыруға жете көңіл бөлуіміз керек.
Тағы бір айта кетер жайт, түрлі салалар бойынша да қол жеткізген жетістіктеріміз бен кемшіліктерді халық назарына ұсынып отырғанымыз дұрыс. Өкінішке қарай, бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып жатқан сын жоқ. Басылым беттерінде көбіне мақтау мен мадақтап жазу жағы басым. «Ауруын жасырған өледі», демей ме, атам қазақ. Олай болса кемшіліктерге жол беріп отырған басшылар туралы баспасөз бетінде неге қатаң сын жазбаймыз? Бізде қирап жатқан құрылыс пен ақсап жатқан ауыл шаруашылығы құрылымдары көптеп кездеседі. Жалпы, сын – ол ұзын арқан, бос белбеумен жүргендер үшін үлкен тойтарыс құралы. Сонымен қатар баспасөз бетіндегі сын мақалаларға билік тарапынан нақты жауап беретіндей жағдайға қол жеткізуіміз керек. Өйткені «сын түзелмей, мін түзелмейді». Қоғам осы мәселеге көңіл бөлуі тиіс.
«Күшіміз – бірлікте» дейтін болсақ, онда Қазақстанның әрбір азаматы өз бойындағы ынтымақ пен бірлікке тән ынта, құлшынысты берік қалыптастыра білуі керек. Қоғам дамуына деген жанашырлық көзқарасты жетілдіре түсуіміз қажет. Жер-жердегі қоғамдық ұйымдар мен депутаттардың белсенділігін арттырып, сол айтып отырған ынтымақ пен бірліктің ел арасында берік қалыптасуына барынша ықпал етуге тиіспіз.
Ілгеріректе ауыл ақсақалдары бас қосқан жерде жастарды әдептілік пен имандылыққа шақырып, бәле-жаладан аулақ жүруге үндеп отыратын. Осындай ақылман ағаларды ауыл халқы қазыналы қария, не болмаса абыз ақсақалдар деп құрмет тұтып, үнемі олардың ақыл-кеңестеріне құлақ асатын. Еліміздің тыныштығы мен халқымыздың амандығы үшін біз өзіміздің жеке үлесімізді қоса білуіміз керек. Біз, ардагерлер жүрген жерімізде ынтымақ пен бірліктің бастауына жол ашатын имандылық қасиеттер жайлы әңгімелеп отырғанымыз дұрыс.
Қалай десек те елі мен жерін, халқы мен Отанын ерекше сүйе білетіндей ұрпақ, буын қалыптастыра алатын, бүгінгі күн талабына сай қандай да бір берік жүйе құрсақ болар еді. Ынтымақ пен бірліктен ажырамастан, Отанымызды қорғай білейік, ағайын!
Серікбай ТҰРЖАН,
Бәйдібек ауданының құрметті азаматы
Түркістан облысы