Қазақстан • 24 Қаңтар, 2022

Жаңа Қазақстанға ең бірінші білімді ұрпақ қажет

1111 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазіргі уақыт – өте күрделі кезең. Кешегі елімізде болған жағдай бәрімізді ойландырады. Қазіргі кезең өткен 30 жыл уақытқа да басқаша қарауға міндеттейді. Президенттің жаңа Қазақстан құру туралы айтып жатқан мәселелері орынды. Ең алдымен жемқорлықты тоқтату керек. Басқару жүйесін өзгерту қажет. Шешім қабылдайтын орталық мамандардың жауапкершіліктен қорықпайтындай басқаша ынталандыру жүйесін қарастыру керек деп санаймын.

Жаңа Қазақстанға ең бірінші білімді ұрпақ қажет

Өйткені қазір кәсіпкер ретінде де, қоғамдық жұмысқа араласып жүрген адам ретінде де көретініміз – барлық деңгейдегі басқару жүйесіндегі мамандар жауапкершілік алудан кәдімгідей қорқып қалған. Тағы бір мәселе – кә­сіпкерлікті дамыту, соның ішінде орта және шағын кәсіпкерлікті қолдаудың шынайы тиімді тетіктері қажет. Себебі бар бағдарламалар нәтиже бермей жатыр. Шын мәнінде кәсіпкерліктің көшін алға сүйреуге оларға жағдай жасап отырған жоқ. Қазақстандағы экономиканың кемінде жартысы орта және шағын бизнеске арқа сүйеуге тиіс. Сонда ғана біз шикізатқа немесе басқа да халықаралық нарықтағы сәт сайын сан құбылып отыратын жағдайларға тәуелді болмаймыз.

Осы мәселенің барлығын ел Прези­денті де, мамандар да айтып жатыр. Бірақ оның тамыры қайдан қалыптасады? Біз айтып отырған мәселелердің барлығы білім беру жүйесіне келіп тіреледі. Өкінішке қарай, біз тез нәтиже беретін тетіктерді іздеуге тырысамыз. Жол жөндесек те, үй салсақ та, банктерде несие берсек те тез және жылдам нәтиже көруге ұмтыламыз. Алайда осының барлығын іске асыратын сауатты, білікті, қабілетті мамандар болмаса, жалпы қоғамның интеллектуалдық, адамгершілік әлеуеті өспесе, біз алға жылжи алмаймыз. Бұл тек кадр мәселесіне емес, жалпы қоғамның интеллектуалдық әлеуетіне қатысты. Яғни кез келген адамның моральдық, адамгершілік сипаты мен сапасы жоғары болуы керек. Мұны қазір әлемде адами капитал деп атайды. Біз де осылай айтып жүрміз, алайда оның түп мазмұнына, неден құрылатынына көп көңіл бөле бермейміз. Бұл адамдардың денсаулығы, олардың психикалық саулығы, білімі, қоршаған орта туралы түсінігі деген сөз. Егер адам адами капитал сапасы тұрғысынан сәл де болса жоғары тұрса, яғни білімді, білікті болса, моральдық бейнесі мен адамгершілік қасиеттері дұрыс қалыптасса, ол адам ешқашан бұзақылыққа, қатыгездік пен озбырлыққа бармайды. Білімді адам кісі өлтіріп, тонау­мен айналыспайды. Әрине, саяси ерік білдіруге, пікір айтуға да білімнің тікелей қатысы бар. Білім-біліктілігі жоғары қоғам саяси тұрғыдан өте белсенді болады. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. Бірақ бұл бел­сенділік ақылға сыймайтын қаты­гез­дік пен тонау, қарақшылыққа апармайды.

Осы тұста мектеп оқушыларының басқаша қалыптасуына ден қою керек. Бұл туралы көп айтылғанымен, жұмыстар өте аз істеледі. 30 жылда Қазақстанның білім беру жүйесінен 10 миллион адам өтті. Осы жаңа ұрпақтың өзіне деген сенімінің төмендігінен, маман, тұлға ретінде тиісті дәрежеде қалыптаса ал­мауы­ның салдарынан қоғамда қазір біз көріп отырған қайшылықтар көбейіп кетті. Түрлі топ арасындағы бірін-бірі түсінбеу, бір-біріне ашық қарсы шығу – осының салдары. Бір-бірінен алшақ әлеу­меттік топтардың болуы, әлеумет, бай­лық, мүмкіндіктер тұрғысынан осының барлығының түп-тамыры білімде жатыр. Себебі, шын мәніндегі сапалы білімге қолы жететін орта бізде өте аз. Бұл – біздің емес, халықаралық сарапшылар беріп отырған баға. Соның ішінде Әлемдік банктің есебі бойынша Қазақстандағы оқушылардың 1 пайызы ғана қазіргі халықаралық талаптар бойын­ша сапалы деуге болатын білім алып жатыр. Бір-ақ пайызы ғана! Ал елімізде 3,5 миллион оқушы бар. Соның шамамен 35-50 мыңы ғана шын мәнінде жақсы мектептерде білім алуда. Қалғандары екі, не үш ауысымды мектептерде. Яғни олар мүмкіндіктері өте шектеулі білім жүйесінде оқып жүр. Бұл тек білім беру саласына ғана қатысты жауапкершілік деп қарастыру дұрыс емес. Себебі осы саладағы мамандар қолынан келгенін жасап жатыр. Жалпы, мемлекет пен қоғам білім беруге дұрыс көңіл бөлмейді. Білім беру саласына жұмсалатын қаражат пен инвес­тиция үнемі далаға кеткен ақша секілді қаралады. Одан келетін пайданы ешкім жіті түсінбейді. Ал шын мәнінде білімге салған қаражаттың қайтарымы кез келген басқа саладан әлдеқайда жоғары. Оны есептеу мен бағалаудың жаңа тетіктерін қарастыруымыз қажет.

Мәселен, Жаңаөзен қаласында қазіргі таңда 24 мектеп бар. Соңғы 2011 жылғы оқиғадан бері мұнда 25 мыңдай түлек бітірген. Бұл қазіргі қала халқының біраз бөлігі. Қалада қазір 180 мыңдай ха­лық тұрса, соның 20 мыңы соңғы он жылда мектеп бітірген, алды жасы 30-ға таяған өте белсенді орта. Кеше алаңда тұрған да негізінен сол жастар. Неге олар наразы? Өйткені олар білім беру жүйесінде тұлға, маман ретінде дұрыс қалыптасып, жақсы өмір сүруге қажетті білім мен дағдыларды алып шыққан жоқ. Яғни кешегі болған оқиғалар біздің білім саласына тиісті деңгейде көңіл бөлмеуіміздің кесірі, соның салдары деп қабылдауымыз қажет. Сол себепті мемлекет те, қоғам да, бизнес те, тіпті кез келген сауатты азамат та болашақ ұр­пақ тәрбиелеуге белсенді түрде атсалы­суы қажет. Әсіресе әлеуметтік жағ­дайы төмен өңірлердегі мектеп оқушы­ларын жеке-жеке қамқорлыққа алудың маңыздылығы зор.

Жыл сайын Жаңаөзен қаласындағы мектептерді бітіретін түлектердің саны шамамен 3 мыңның айналасында. Сол 3 мың баланың әрқайсысымен жеке жоспар құрып, қамқорлыққа алуға болады. Ол бала мектепті тәмамдаған соң қайда барып оқиды, қандай жоспары бар, жұмыс істей ме? Осы сұрақтардың барлығы жан-жақты қамтылуы қажет. Сол түлектің кемінде үштен бірі шетелге шығып, үлкен қалаларға баруы қажет. Әлемдік деңгейдегі ЖОО-ға түсіп, білімін жетілдіруге мүмкіндігі болуы ке­рек. Жаңаөзен секілді аймақтардағы мектеп мұғалімдеріне ерекше жағдай жасалуға тиіс.

PISA мектептегі білім сапасын тек­серетін халықаралық зерттеуінің нәти­желері бойынша, өкінішке қарай, Қазақ­стандағы білім сапасы барған сайын төмендеп бара жатыр. Соның ішінде, ең нәтижесі төмен аймақ – Маңғыстау облысы. Ал Маңғыстаудағы төменгі нәти­же Жаңаөзен қаласына тиесілі. Мұның барлығы күні кеше белгілі болған жағдай емес, бұл жайтты мамандар бұрыннан біледі. Бірақ соған қарамастан шешім қабылдайтын орта бұл жағдайды ескере бермейді. Дәл қазір осы мәселеге ерекше мән беріп, кірісу қажет. Жаңа ұрпақтың бойындағы, санасындағы жемқорлықтан жирену, ел үшін, қоғамдағы процес­тер үшін жауапкершілік алуға үйрену, кә­сіп­керлік мәдениетін дамыту, оны санаға сіңіру – осының барлығы мектеп қабыр­ғасында жүргізілуге тиіс жұмыстар. Сол себепті білімге бөлінуге тиіс көңілді де, берілетін білімнің мазмұнын да сал­мақ­тап, қайта қарау керек деп санаймын.

Біз осы мәселелерді соңғы уақытта Білім және ғылым министрлігімен бірге талқыға салып, Жаңаөзен әкімдігі және мектептермен де тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Осы саланың маманы ретінде нақты ұсыныстарымызды дайындап бердік. Біздің мектеп басқару тәжірибеміз бар, оның оң нәтижелерін де көрсетіп жүрміз. Егер қажет болса, бір топ маман осы жинаған тәжірибеміз бен білім-біліктілігімізді қолданып, сол өңірде белгілі бір уақыт шеңберінде жұмыс іс­теуге дайынбыз. Себебі бұл – бәрімізге ортақ үлкен мәселе. Қазіргі уақытта кез келген саналы азамат барлығын жиып қойып, осы іске кірісу қажет. Білім беру мә­селесін қолға алып келе жатқанымызға біраз уақыт болды. Сондағы байқағанымыз – білім беру сала­сындағы бұл мәселелер халықтың жанына батқан. Ұсыныстарымызды бердік, егер сенім артып жатса, біз Жаңаөзендегі 24 мектептің кем дегенде онын қамқорлыққа алуға дайынбыз.

Жаңа Қазақстан бірінші кезекте білімді, сауатты және саналы болуы қажет. Осы үш дүниеміз түгел болса, қал­ған салалардың барлығы дұрыс ба­ғыт­та дами алады. Егер қазіргі заманға қа­жетті сана, бәсекеге қажетті қабілет қа­лыптаспаса, басқа іс-әрекеттеріміздің барлығы бекер. Білім беру мәселесін көтерген кезде көпшілік «ол ұзақ мерзімді талап етеді», «жақын-жуықта нәтиже бермейді» деп санайды. Ал, шын мәнінде, бұл бағыттан тез әрі оң нәтиже шығаруға болады. Қазір, мәселен, білек сыбанып кіріссек, 2-3 жылда жаңадан келген түлектер басқа адам болып өзгере алады. Ал бұл түлектердің барлығы алдағы 3-4 жылда ортаға қосылатын, жұмыс істейтін жаңа мамандар. Жаңаөзен оқиғасынан бері 10 жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде талай нәрсе істеуге болар еді. Енді біз осы жағдайдан дұрыс нәти­же шығаруымыз қажет. Көше жөндеу, бас­пана тұрғызу – әрине маңызды. Алайда білім беру саласы одан да маңызды. Оған уақытты да, қаражатты да аямау керек.

 

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ,

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, білім саласының маманы