«COVID-19 пандемиясы ең осал балаларға – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға білімге қолжетімділікті шектеу және қашықтан оқытуға көшуден ең көп зардап шегетінін анық көрсетті. Біздің мақсатымыз – олардың қажеттіліктеріне қарамастан әр балаға бірдей қолжетімді білім беру процесін қолдау. Цифрлы технология қолданысымен жүзеге асатын аралас формат оқу үдерісін икемді және білім беру ортасын бейімделгіш етеді. Бірақ мұнда мұғалімдердің біліктілігі мен білімі басты рөл атқарады. Сондықтан Astana Hub-пен бірлесе отырып, көптеген мұғалімді жаңа сандық құралдарға үйрете алатынымызға қуаныштымын», деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен.
Аралас формат – арнайы ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, сыныпта оқытудың дәстүрлі формаларын біріктіруді көздейтін заманауи білім беру тәсілі. Қазақстандық мұғалімдерге арналған аралас форматтағы цифрлы инклюзивті білім беру курсы Okoo.kz білім беру платформасында өтуде. Курс тыңдаушылардың бірінші тобы «инклюзия» терминін, қалыптасқан қағидалар мен қате түсініктерді зерттей бастады. Оған қоса олар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқуға тартудың жаңа технологияларымен танысады.
Олар мектепте қолайлы жағдай жасау үшін әртүрлі цифрлы құралды пайдалана отырып, қашықтан және интерактивті сабақтарды ұйымдастыру әдістерін зерттейді.
«Цифрлы технологиялар цифрлы білім беруді қолжетімді және инклюзивті ету сияқты жаһандық мәселелерге әсер ете алатыны қуантады. Болашақта IT-технологиялар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың оқу бағдарламасына қатысуына кедергі келтіретін барлық кедергіні толығымен жеңуге көмектеседі деп сенеміз», деді Astana Hub IT-стартап технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиев.
Курс аясында мұғалімдер Mural, Padlet, ZOOM, Canva, Kahoot және т.б. құралдарды пайдалануды үйренеді.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметтеріне сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанда 161 826 ерекше білім беруді қажет ететін бала тұрады, олар үшін 99 арнайы мектеп құрылды, онда 15 мың бала оқиды. Сондай-ақ 42 мектепке дейінгі арнайы ұйым бар. Қалған балалар инклюзивті ортада жалпы білім беретін мектептерде оқытылады.