Күрес • 25 Қаңтар, 2022

Алматтың аламаны

508 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Таяуда баспасөз беттерінде грек-рим күресінің майталман шебері, еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері Алмат Кебісбаевтың үлкен спорттан қол үзгені жайында ақпарат тарады. Алайда бауыры ыстық боз кілемнен ол алысқа ұзаған жоқ екен. Танымал татами тарланы енді Қазақстанның жасөспірімдер құрамасын баптайды. БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Алмат: «Басшылықтың шешімімен осы міндетті атқармақпын. Бапкерлікке біржола кеттім десе де болады. Осы жылдар аралығында жинаған мол тәжірибемді соңымыздан ерген жастарға үйреткім келеді», деп өз ойымен бөлісті.

Алматтың аламаны

Алмат Кебісбаев 1987 жылдың 12 жел­тоқсанында Шығыс Қазақстан облысына қарасты Үржар ауданында дүниеге келді. Бозбала шағында ол Аста­надағы Қажымұқан атындағы спорт­тағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатта шеберлігін шыңдады. Сол аралықта жасөспірімдер мен жас­тар буыны арасындағы көптеген жарыс­та дараланып жүрді. Тіпті Азия чемпионы деген атаққа да қол жеткізді. Бірте-бірте ересектер дуына қосылған Кебісбаев 2007 және 2008 жылдары Болат Тұрлыхановты еске түсіруге арналған Қазақстан кубогы жолындағы жарыста топ жарды. Аталған доданың финалында ол жастар арасындағы әлем біріншілігінде жүлдегерлер қатарынан көрініп, Азия чемпионы атанған Елдар Қайратов пен әлем чемпионатының қола жүлдегері Ермек Көкетовті ұтты. 2007, 2008 және 2009 жылдары қатарынан үш рет Қазақстан чемпионатында жүлдегер атанды. 2008 жылы Грекияның Салоники қаласында өткен студенттер арасындағы әлем чемпионатында 66 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, бас жүлдені олжалады. 2009 жылы Таиландтың Па­тая қаласында жалауы желбіреген Азия чемпио­натында күміс медальды еншіледі.

Алмат айтады: Менің спортқа ке­луім­нің өзі қызық. Әкем Қабдраш аудан орталығында мал дәрігері болып қыз­мет істеді. Жастық шағында ол аздап спортпен айналысқан екен. Анам Мәрияш музыка мектебінде домбырадан сабақ берді. Ол кісілер мені екі жаққа тартты. Әкем спортпен айналысу қа­жеттігі жайында ақыл-кеңес берді. Анам музыка саласына бейім болғанымды қа­лады. Әу баста әке-шешемнің көңілін қалдырмауға тырысып, «екі кеменің басын ұстаған» едім. Бірақ түбінде спортқа деген қызығушылығым жеңіп шықты. Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезімде аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіне қа­былдандым. Анамның туған інісі Марат Сүлейменов те кезінде тәуір балуан болған. Ағам мені білікті бапкер Жұмаш Иманбаевқа табыс етті. Ал Үржардағы күрес мектебінің даңқы алысқа тарағаны баршаға белгілі. Мәселен, біздің алдымызда ғана осы үйірмеде бір шоғыр дарынды жастар шеберліктерін шыңдаған болатын. Солардың даңқы алысқа жайыл­ды. Жұмаш ағаның ұлы Әсет Иманбаев Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы атанды. Дәурен мен Дархан Баяхметовтер, Ербол Қоңыратов, Данияр Алмағамбетов сынды балуандар сол кездің өзінде біршама белесті бағындырып, Қазақстанның ұлттық құрамасы сапына енді. Әсет пен Дархан Олимпия ойындарында бақ сынау құрметіне ие болды. Бір ғана ауданнан осынша балуанның шығуы кейінгі жастарға керемет әсер етті. Сол мықтыларға еліктеген балалардың қатары күн санап қалыңдай түсті. Солардың бірі мен едім.

Алмат Кебісбаев қалың жанкүйердің назарына 2010 жылы ілікті. Ол Ресейдің Тюмень қаласында Иван Поддубныйды еске түсіруге арналған турнирде бақ сынады. Тәуелсіздік алғалы бері «Кіші әлем чем­пионатына» баланған жарыста Қазақ­станның балуандары арасынан кезінде Юрий Мельниченко, Валерий Матвиенко, Георгий Цурцумия және Ербол Қоңыратов топ жарған. Сол жарыста атой салу бақыты Алматқа да бұйырды. Жарыс барысында ол бес мәрте бозкілемге шықты. Үш рет Ресей балуандарын ұтып, екі рет АҚШ құрама командасының мүшелерін жолынан ығыстырды. Осылайша, Кебісбаев бас жүлдені қанжығасына байлады.

Дәл сол жылдың күзінде Мәскеуде өтетін әлем чемпионатында Алматтың салмағында Олимпия ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев күресу керек еді. Бірақ Баку­дегі «Алтын Гран-при» турнирінде ол аяғын жарақаттап алды. Содан таңдау Кебіс­баевқа түсті. Әр белдесуде Алмат барын салды. Алғашқыда швейцариялық Патрик Стадельман мен үндістандық Стив Равиндерден айласын асырды. Үшінші айналымда Өзбекстанның атақты балуан­ы Дильшод Ариповпен күш сынасты. Ол осыдан біраз жыл бұрын әлем чемпионы атанып, 2009 жылы аталған жарыста күміс медальды иеленген сақа спортшы еді. Екеуі біраз тіресті. Дегенмен де Кебісбаев шешуші тұста оңтайлы әдісін жүзеге асырып, Ариповті сан соқтырды. Жартылай финалда әзербайжандық Хасан Әлиев­пен белдесті. Төреші бел­гі берген бет­­те Алмат қарсыла­сы­ның осал тұсын тауып, екі ұпайға иелік ет­кенімен, көп ұзамай Әлиев таразы басын теңестірді. Бі­рінші кезең 2:2 есебімен аяқталды. Ереже бо­йын­­ша со­ңғы әдісті кім жасаса, жеңіс соның енші­сі­не жазылады. Сөйтіп, алғашқы кезең әзербайжандықтың пайдасына шешілді. Үзілістен кейін де екеуі бір-бірін ала алмады. Бәсеке бел ортадан ауғанда төр­е­шілер Кебісбаевты төрттағандатты. Ол Кебіс­баевты орнынан қозғалта алмай біраз әлек­ке түсті. Енді алты-жеті секунд шыдаса, бұл кезең қазақ балуанының енші­сіне жазылатын еді. Алайда сол санаулы се­кундтың өзі Хасан Әлиевтің жеңіске жетуі үшін жеткілікті болды.

Бас жүлде үшін таласу мүмкіндігінен айы­рылғаннан кейін Алмат қалай да жеңіс тұғырына көтерілуді мақсат тұтты. Болгариялық Иво Ангеловқа қарсы ол «бес қаруын асынып шықты». Бірінші кезеңде оны ұпай санымен ұтса, екінші кезеңде жауырынымен жерге қадады. Сөйтіп, әлем чемпионатының қола медалі оның уысына түсті.

Алмат айтады: 2011 жылы Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен әлем чемпио­натының тырнақалды белдесуінде Иво Ангеловқа қайта тап келдім. Бұл балуан маған жақсы таныс. 2010 жылы Мәскеуде екеуміз қола медаль үшін таластық. Осы жолы да мен болгариялықтың осал тұсын таптым. Екінші айналымда Руслан Түменбаевпен күш сынастым. Бейжің Олимпиадасында қола медальды олжалаған қырғыз спортшысын сан соқтырдым. Іле-шала даниялық Карл Эксторимді ұтып, жартылай финалда венесуэлалық Луис Лиендоннан басым түстім. Фи­налда ирандық Омид Норузимен бел­дестім. Белдесу өте шиеленісті өтті. Бірінші кезеңді Иран балуаны екі ұпай айырмашылығымен ұтты. Екіншісін мен 4:0 есебімен өз пайдама шештім. Шешуші кезеңді де ширақ бастап, алға шыққан едім. Алайда қарқынымды сәл бәсеңдетіп, айлаға жүгінудің орнына атойлап жеңуге талпындым. Әлем чемпионы атансам деген арман мені алға жетеледі. Ақырында ағаттық жібердім. Соның салдарынан 5:6 есебімен ұтылып, қолда тұрған алтыннан айырылдым. Бұл ретте кінәні тек өзімнен ғана іздеймін. Соңғы секундқа дейін сақ болу қажет еді. Бірақ бұйырғаны сол шығар.

Алмат одан кейін де халықаралық аренада Қазақ елінің намысын абыроймен қорғады. 2015 жылы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен әлем чемпио­натында қола медальды мойнына ілді. 2019 жылы Нұр-Сұлтан мен 2021 жылы Ослода дәл сол нәтижесін қайталады. Осылайша, Кебісбаевтың есімі төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан жарыс­та бес рет жеңіс тұғырына көтерілген грек-рим күресінің шебері ретінде спорт ше­жіресіне жазылды. Егер тарихқа жү­гінсек, Қазақстанның өрендері арасында әлем чемпионатында бес рет жүлде алған жалғыз ғана балуан бар. Ол – Валерий Резанцев. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қарсы келгендерді қоғадай жапырған даңқты жерлесіміз бес рет бас жүлдені олжалады. Осылайша, Кебісбаев жеңіп алған медалінің саны жағынан атағы жер жарған Резанцевпен теңесті.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңге тоқталсақ, бұған дейін Юрий Мель­ни­чен­коның алдына ешкім түсе алған жоқ еді. Тоқсаныншы жылдары бозкілемде жасындай жарқылдаған ол әлемдік додада төрт жүлде олжалады. Оның екеуі – алтын, екеуі – күміс. Иә, медальдардың сапасы жағынан Мельниченко көшілгері тұр. Алайда жүлделерінің саны жағынан Кебісбаев әйгілі спортшының алдын орады.

Боранбек Қоңыратовтай білікті бапкерден тәлім алған Алмат Кебісбаев 2014 жылы Инчхон және 2018 жылы Джакартада алауы тұтанған Азия ойындарында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Оңтүстік Кореядағы жарыста ол жағы сынғанына қарамастан, бозкілемге шығып, қола медаль үшін тартыста жеңісті өзбек жігітінің уысынан жұлып әкеткені есімізде. Сол бәсекеде қазақтың ұлы жанкештіліктің шынайы үлгісін көрсетті. Индонезияда тек екі дүркін әлем чемпионы, кореялық Рю Хан Суға ғана оның әлі жетпей, күміс медальды қанағат тұтты.

Алмат айтады: Жалпы, елішілік жа­рыс­тардың өзінде менің салмағымда мықты балуандар көп болды. Нұрбақыт Теңізбаевтың асқан шебер балуан екені еш күмән туғызбайды. Кезінде онымен де біраз тірестім. Ербол Қоңыратов пен Елдар Қайратовтың да қарқыны күшті болды. Кейіннен бір шоғыр дарынды жас шықты. Осындай мықты бәсекелестіктің арқасында менің де шеберлігім өсті. Спорттағы ұстаз­дарым да мықты болды. Алғашқы кездері Жұмаш Иманбаев пен Рысбек Нұрғазиннің қол астында жаттықтым. Ол кісілерден көп нәрсе үйрендім. Кейіннен КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Боранбек Қоңыратовтан тәлім алдым. Мұратбек Қасымханов, Бақтияр Байсейітов және Мхитар Манукяннан да көп нәрсе үйрен­дім. Сонынмен қатар қазақтың бір­туар азаматы, Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері, әлем чемпионы, КСРО чем­пионатының жеті дүркін жеңімпазы Дәулет Тұрлыхановтың менің балуа­н ретінде қалыптасуыма зор ықпалы болғанын да айта кеткенім абзал. Бұл ретте менің кілең білікті бапкерлерге жолығып, жолым болды деп айтуға толық негіз бар.

Қазақ спортында айтарлықтай із қал­дырған Алмат Кебісбаевтың да «әтте­ген-ай» дейтіндей кездері жоқ емес. Әлем чемпионатында бес жүлде алған даңқ­ты балуанға Олимпиаданың бірде-бір медалі бұйырмады. 2012 жылы Лондонда қан­дасымыздың жеңіс тұғырына кө­те­рілуіне сынық сүйем қалған еді. Алайда қола медаль үшін тартыста жапониялық Рютаро Мацумотоға жол берді. 2016 жылы Рио-де-Жанейродағы жарыстың жұбаныш бәсекесінде Олимпия ойын­дарының жеңімпазы, әлемнің алты дүркін чемпионы ирандық Хамид Сорияннан 0:7 есебімен жеңіліп жатып, ақырында қарсыласын қос жауырынымен жерге қадағаны да жадымызда. Бірақ одан кейін норвегиялық Стиг Андре Бер­геге есе жіберді. Ал 2021 жылы Токио Олимпиадасына Алмат бара алмады.

Кейіпкеріміз 34 жасында үлкен спортпен қоштасуға бекінді. Әлі де ол бірер жыл кү­рессе, оған ешкім де «қой» демес еді. Өйт­кені осыдан үш ай бұрын ғана Ослода өткен әлем чемпионатында ол қола медальды иеленіп, өз жанкүйерлерін тағы бір қуантты. Сол жарыс­та Алматтан басқа Қазақстанның грек-рим күресі мен еркін күрес шеберлерінің бірде-біреуі жүлдегерлер санатына қосыла алмады. Міне, осы жайттың өзінен-ақ Кебісбаевтың әлі де бабында екенін аңғаруға болады. Бірақ 20 жылдан аса ғұмырын боз кілемде өткізген балуа­н өз таңдауын жасады. Енді Алмат Қабдрашұлына бапкерлік кәсіпте табыс тілейміз.