Аймақтар • 25 Қаңтар, 2022

Құтқарушыға да құтқарушы керек

1051 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Дәл осы Төтенше жағдайлар депар­та­ментінде темірдей тәр­тіп орна­ған деп ойлайтынбыз. Қыз­мет­те­рі адам өмірімен, тіл­сіз жаумен тікелей байла­нысты болған соң, өрт сөн­діру­шілер, құтқарушылар керек-жарақтарымен толық қам­тыл­ған­дай көрінетін. «Бақсам, бақа екен» демекші, бұл департаментте заңды белден басып отырған басшылар бар сияқты. Ол туралы өрт сөндіру бөлімдерінің мамандары ашып айтып берді. Пікір білдірген қыз­меткерлердің бірі қысым көріп, жұ­мыстан шығып кетсе, енді бірі шындық іздеп, шырылдап жүр, сотқа арызданған. Түсінгеніміз, бұл екі азаматтың ғана емес, мұ­қым өрт сөндіру бөлімдерінің проб­ле­масы ма деп қалдық.

Құтқарушыға да құтқарушы керек

Әлеуметтік желіге әлем телмірген за­манда дөп жазылған бір пікірдің өзі біл­дей басшының тағын шайқап жіберуі әбден мүмкін. Керісінше, пікір иесін ит қосып жұмыстан қуып шығуы да қазіргі заманның көрінісі.

Катонқарағай №27 өрт сөндіру бөлі­мін­де қызмет етіп жүрген азаматтық қор­ғау аға сержанты, өрт сөндіру автокө­лік­терінің жүргізушісі Азат Можанов был­тыр Шығыс Қазақстан облыстық Тө­тенше жағдайлар департаментінің инс­таграм желісіндегі парақшасына өзі­нің жеке пікірін жазған соң жұмыстан шы­­ғып кетуге мәжбүр болған. Арызды өз еркімен жазды деген аты ғана... Жұ­мыс­тан шығатындай не жазды дейміз ғой. Әлбетте, жеке басындағы мәселені айтпаған. Ашынғаннан жазылған пікір еді: «Райондағы өрт сөндіру бөлімінде тұрған техникамен халықтың көзіне кө­рі­нуге ұят. Үстеріне киіп жүрген форманы өз ақшаларына алып, техникаларды өз қалталарынан ақша жинап жөндеп жүр. Ал сіздерге атақ болса, болғаны ма? Елім, жерім деп, күйіп жүрген бір офицер жоқ» деп бір тоқтайды да «райондарға неге жаңа техника бермейді, соғыстан қалған шірік техникалармен әлі жүр. Әлде показуха сіздер үшін маңызды ма?» деп, жасы­рын­бай, жасқанбай бар мәселені жайып салған. Жұмыстан шығып қалуына себеп бол­ған соңғы тамшы осы еді. Әйтпесе, ол бұған дейін де бірқатар проблеманы қозғаған.

 Қазына қаржысы қайда?

– Бұл әлеуметтік желідегі пікірлерге бола басталған қудалау емес. Ұшы әріде жатыр. 2019 жылдары өрт сөндіру бөліміміз мүлдем қараусыз қалды. Жылу жоқ, техника әбден тозған... Мүшкіл күйге түскенбіз. Тіпті өрт сөндіруге бару мүмкін болмай қалған. Жоғарғы жақтағылар жергілікті бастықты қысып, өздерің ретке келтіріңдер деген. Өрт сөндіру қызметкерлері жылдар бойы ақша жинап, көлік тетіктерін өздері ауыстырып келді. Ақша жинау әбден мезі еткен соң бейне үндеу жасап, Әміре Фархат Сәкенұлы деген бастыққа жібердім. Қыстың күні жылусыз отырғанбыз. Бір аптадан соң комиссия келіп, уәде етті. Екі аптадан соң 6 тонналық «Урал» өрт сөндіру көлігін берді. Жылу жүйесі ретке келтірілді. Содан бастап, бастықтар соңыма майшам алып түсті, – дейді өрт сөндіру бөлімінде қызмет еткен Азат Можанов.

Алайда екі-үш жыл бұрын берген «Урал» көлігінің артқы «мосты» істен шық­қан. Тегі, ескі көліктердің бірі болса ке­рек...

– Сынған «мостты» шешіп, департа­мент­ке жібердік. Бірақ басшылық бізге «сатып жібердіңдер» деп жала жа­уып, 300 мың теңгеге «мост» сатып алуға мәж­бүрледі. Амалсыздан алдық. Ал­ма­сақ, бөлім басшысының жұ­­мыстан шы­­ғатынын ескерткен, – деп Ка­тон­­қа­ра­ғай ауылындағы №27 өрт сөн­діру бө­лі­мін­дегі мәселелерді бүкпесіз әңгіме­ле­ді А.Можанов.

Сөздері дәлелді болуы үшін фото­ка­ме­раға түсіріп алған бейнежазбала­рын, фотосуреттерін де көрсетті. Автобөлшек сата­тын дүкендерде арнайы өрт сөндіру­ші­лердің қарызын жазып қойған дәптерге дейін бар екен. Сонда деймін, мемлекеттік мекемелерге қазынадан қаржы бөлінбей ме? Бөлінген жағдайда, техникаларды жөндеу үшін өрт сөндіру қызметкерлері неге ақшаны қалтадан шығарады? Тізе берсек, сұрақ көп.

– Осы жолы Катонқарағай ауылында зейнеткер Елдос Байғонысовтың үйі өртенді. Шағын үйден шыққан өртті тех­ни­калық ақауға байланысты сөндіре ал­мадық. Себебі өрт сөндіру көлігі өзді­гінен су сора алмайды. Мотопомпамен сору дегенің – уақыт. «Қысқа жіп күрмеуге келмейді» деген осы да. Ертесі инстаграм­ды ашсам, ТЖД парақшасында су жаңа техникаларымен мақтанып, жазба қалдырыпты. Аудандағы ескі-құс­қы көліктер туралы сөз жоқ. Содан, аза­мат­тық пікірімді жазып жібердім. Ерте­сі комиссия келіп, қызметтік этиканы бұздың деп айыптады. «Өз еркіммен жұмыстан шығамын деп арыз жазып қой. Біз сені қорғап қалуға тырысамыз. Өйткені бастық шығарамын десе, осы арызбен бапсыз шығасың» деп алдап, арыз жазғызды. Қызметтік тергеу де дұрыс жүрмейді. Ақша туралы мәселе айтпаңдар деген. Келген комиссия мені тексеру үшін ғана келіп жүрді. Бірақ тапсыр деген нормативтерін тапсырып, өзіме жүктелген міндеттерді мүлтіксіз ат­қар­дым. Жанға батқаны сол ғана, тех­ни­ка­ларымыз өртке жете алмайтыны. Балабақша, мектептен өрт шықса, не болады, білмеймін. Басшылық болса, шындықты айтқан қызметкерлерді қудалауды ғана біледі, – деді жұмыстан шығып қалған Азат Можанов.

Айтқандай, Катонқарағай ауылындағы №27 өрт сөндіру бөлімінде тұрған үш өрт сөндіру машинасы өздігінен су со­ра алмайды. Сорғылары жұмыс іс­тесе, екі-үш минутта төрт-бес тонна су толтырып алар еді. Өкініштісі, өрт сөндірушілер мотопомпа құрып жүріп уақыт жоғалтады. Ал тілсіз жау жалмаған кезде, әр секунд қымбат. 1977, 1980, 1990 жылдары шыққан техникалардың қаусап тұрғаны сондай, цистерналарына дейін шіріген. Дәнекерлеуге жарамайды. Аталған бөлімнің қызметкерлері өздері ақша жинап, 150-200 мың теңгеге екі цистерна сатып алғандарын да айтып қалды. Демек, мемлекеттен қаржының бө­лінбегені ме? Бөлінсе, мақсатсыз жұм­салды ма? Бұл сауалдарды ресми түрде Шығыс Қазақстан облыстық төтен­ше жағдайлар департаментінің бастығы Е.С.Нұрпеиісовке жолдадық.

Олардың берген жауабына сүйенсек, қосалқы бөлшектерді алу мемлекеттік сатып алу жоспарына сәйкес Төтенше жағдайлар министрлігі бөлетін қаражат есебінен жүзеге асырылады екен. ТЖД департаменті бастығының орынбасары Д.Титовтың берген мәліметінше, өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамы есе­бі­нен қосалқы бөлшектерді сатып алу туралы ақпарат түспепті. Қосалқы бөл­шек­терді сатып алу «Мемлекеттік сатып алу» порталы арқылы жүзеге асырылады және қажеттілік бойынша бөлімше бас­шы­сының баянатымен рұқсат қағазы негізінде беріледі.

ТЖД департаменті берген жауаптарға қара­сақ, жұмыстардың барлығы заң жү­зінде. Түсінгеніміз, қажет болса, авто­бөл­шектерге мемлекет тарапынан қаржы бөлінетін сияқты. Ал түсінбегеніміз, №27 өрт сөндіру бөлімі қызметкерлерін ақша жинауға неге мәжбүрлеген? Егер бір бөлімнің өрт сөндірушілері ақша жи­найтын болса, басқа бөлімдер де осы әдіспен техникаларын жөндеп жүрген жоқ па? Иә, тұманды, күмәнді сауалдар көп. Қажет болса, құзырлы органдар тексеріп, ақ-қарасын анықтайтын шығар. Алайда ТЖД департаментін сотқа берген Азат Можановтың сөзіне сүйенсек, судья да заңды белден басып, шешім шығарып жүр. «Ет сасыса, тұз себесің – тұз сасыса не себесіңнің» кебі болып жүрмесе болғаны...

 Қызметтен не себепті төмендеткен?

Қызметкерлерді қудалау секілді әрекеттер Катонқарағайда ғана емес, Рид­дер қаласындағы өрт сөндіру бөлім­де­рінің бірінде де бар секілді. Есте­ріңізде болса, өткен жылдың 10 мамырында Риддер ор­ма­нынан өрт шығып, отыздан астам тұрғын үйді жалын шар­пыған. Болары болып, бояуы сіңген соң әдеттегідей кінәлілерді анықтады, шара қолданылды. Бұл жолы орманнан шыққан өртке тікелей қатысы жоқ №14 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Бақытбек Шылай қызметінен төмендетілген. 2019 жылы «Мінсіз қызметі үшін» меда­лімен марапатталған оның қыз­метіне тергеу жүргізіліп, тәртіптік комиссия функционалдық міндеттерін тиісінше орын­дамағаны үшін лауазымынан төмен­детіпті.

Басшылықтың бұл әрекетіне үзілді-ке­сілді қарсы болған Бақытбек Шылай әділ­дік іздеп, Президентке хат жолдаған, сотқа арызданған.

– Риддердегі үлкен өрт сыныққа сылтау болды. Оған дейін де жала жабылған. Он рет тексеру жүргізіп, жұмысымнан кінәрат таппаған. Ал Риддердегі өрт қала­да­ғы бөлімшеге қарайды. Тек сол күні төтенше жағдай басқармасы бо­­­­­йынша жауапты болып, кезекшілікке түстім. Оның алдында да тәулік бойы кезекшілікте болғанмын. Содан «сен ақпарат берген жоқсың» деп жала жапты. Менің ақпарат бергенім дәлелденді. Сот шешімі бес күн ішінде шығады деген. Ал ТЖД басшылығы екі күн болмай жатып «Бақытбек Шылайды жеңдік» деп тойлаған. Қазіргі уақытта карауыл басшысы етіп, екі сатыға түсіріп тастады. Кезекшілікке түскен күндері үш ретке дейін тексеру жібереді. Енді медициналық комиссия­дан өтуім керектігін айтып, қудалап жатыр. Анада облыстық «ТЖД ӨС және АҚЖҚ ММ» бастығының орынбасары Болат Самарханұлы Нұрдыбаев шақырып алып, «мына қызметтен кетсеңші» деген. Менің қандай кінәм бар?! Ең бастысы, өз міндетімді атқардым. Риддердегі өртте жауапты басқа маман болса да, тілсіз жаудың тұрғындарға қауіп төн­дір­­генін мен хабарладым. Айналып келіп, таяқ­тың ұшы маған тиді, – деп әділет­сіз­діктің орын алғанын айтты Бақытбек Шылай.

– Тағы бірде кадр бөлімінің басшысы Дамир Битешов хабарласып, «қа­ра­уыл басшысы бол» деді. Қысқасы, жоғарғы бастықтар орынды босатсын депті. Ал өздері туыс-туғандарын жинап, тамыр жайып алған. Қыл аяғы, «өрт болғанда, ақпарат берген жоқ» деп мені қызметтен төмен­дет­ті. Негізгі қателік, қарауыл бас­шысы Ю.Карабениковтен кеткен еді. Ол «ашық жерде құрғақ шөп жанып жатыр» деп жаңсақ ақпарат берген. Ко­мис­­сия оның қателігінен хабардар. Бірақ Ю.Карабеников қатаң ескерту алып, мен қызметтен төмендедім. Ол аз десеңіз, мені жақтағандардың да қызметі төмендеді. Себебі облыстық ТЖД бас­ты­ғы Е.Нұрпеиісовке мен ұнамаймын. Тағы бірде жала жап­қан­дарын айтса кетсем, былтыр 31 мамырда Риддердегі дүкендердің бірі­нен өрт шықты. Қалалық өрт сөндіру бөлі­мінің аумағынан шыққан өрт 3 дәре­желі қауіптілігі бар нысанға жатпайды. Оны айтып отырғаным, «3-дәрежелі өрт болып жатыр, сен неге бармайсың?» деп Б.Нұрдыбаев хабарласты. Бардым. Біздің бөлімнің диспетчерлеріне ешкім хабарламаған. 1-МӨСБ бастығы (бүгінде орынбасарлық қызметке түсіп қалған) Ерікжан Дәлібаев ауқымы үлкен болып кете ме деп үшінші дәрежелі деп айтып жіберген екен. Ал ондай жағдайда басшылар, офицерлер бәрі келуі керек. Қалай дегенмен, 3-дәрежеге жатпайды. Өрт өшірілді. Мені тергеді, қудалады тағы. Ақыры қызметтен төмендетіп тынды. Мұнда «біреуді қалай құртсам, қалай ақша тапсам?» деген оймен отырған басшылар мемлекеттік қызметтің сиқын кетіріп отыр, – дейді осы уақытқа дейін мінсіз қызмет атқарып келген өрт сөн­діру бөлімінің майоры Бақытбек Шылай.

Сөз соңында бұл мақала шыққан соң мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз назарына алмаса, шындықтың тұншығып, қудалаудың күшейетінін тағы бір мәрте еске салды. Оның үстіне Мемлекет басшысы жемқорлықпен күресті күшейте түсу керектігін айтқан. Әрине, проблема көтеріп отырған Азат Можанов пен Бақытбек Шылайда «жұ­мыс­сыз қалсам, отбасымды қалай асыраймын» деген қорқыныш та бар. Бес бала тәрбиелеп отырған Бақытбектің басқа жұмысқа ауысып кетуі де оңай емес. Қалай болғанда да, «Жаңа Қазақ­стан­да» бір жақсылықтың боларына сенім білдіріп отыр олар. Біз болсақ, болып жатқан жағдайды баяндадық.

 Шығыс Қазақстан облысы