Экономика • 25 Қаңтар, 2022

«Самұрық-Қазына» сатып алуларында ашықтық жоқ

298 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда өткен Мәжі­ліс отырысында «Самұрық-Қазы­на» ұлттық әл-ауқат қорын рефор­малауды тапсырды. «Егер қор­ды реформалау мүл­дем мүм­кін болмаса, ондай құ­ры­лым­ның экономикамызда бол­м­а­ғаны жөн», деп қадап айтты. Соның ішінде Мемлекет басшы­сы қордың сатып алуларына ерекше назар аударуды тапсырды. 

«Самұрық-Қазына» сатып алуларында ашықтық жоқ

Президенттің бұл мәселеге көңіл бөлуі тегін емес. Өйткені қордың сатып алуларының ашықтығына қатыс­ты мәселе көп. Шағымдар да жиі түседі.

«Осы мәселелердің міндетті түрде жауабын табу керек. Әсіресе мем­ле­кеттік сатып алуды бір тараппен ғана келісімшарт жасауға мүмкіндік беретін негіздерді азайту маңызды. «Самұрық-Қазына» қоры мен басқа да ұлт­тық ком­па­ниялардың сатып алулар тәрті­бін қайта қа­растыру міндеті алда тұр. Был­тыр рет­телетін сатып алулар туралы заң шықты. Алайда мәселелердің көбі бұ­рын­ғыдай заңға тәуелді актілер мен қор­дың өз шешімі деңгейінде шешілуде. «Самұрық-Қазына» ережелері мен рәсім­дерін Қар­жы министрлігі мен Бәсе­келес­тік­ті қор­ғау және дамыту агент­тігімен келі­су­ді қамтамасыз ету керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында.

Осы орайда, «Самұрық-Қазына» қо­ры­­ның сатып алулары Қазақ­стан­ның мем­­лекеттік сатып алулар жүйе­сінен бө­лек еке­нін атап өткен жөн. Қор­дың сатып алу­­­лары арнайы плат­фор­мада (zakup.sk.kz) жү­­зеге асырылады. Қоғамдық мәсе­ле­лер­­ді талдау орталығының директоры, эко­но­мист Меруерт Махмұтованың айтуынша, мұндай қадам елдің экономикасына қауіп төндіреді.

– Мемлекеттік сатып алу іс-шара­лары мен тиісті заң бірнеше мәрте өз­гер­ді. Бірақ бұдан жалпы процесс ашық әрі анық бола қойған жоқ. Мем­лекеттік сатып алулар жүйесінің әлі күнге дейін жемқорлық жайлаған сала деп танылуы да сондықтан. Білікті мердігер компаниялар үнемі конкурстан тыс қалады, конкурстар ниет білдірген компаниялардың бәрі­не бірдей қолжетімді емес және әр­бір қатысушының құқығы тиісті дең­гейде қорғалмайды. Осының бәрі мем­­лекеттік сатып алу жүйесіне деген сенім­сіздікті одан әрі күшейте түседі. Меніңше, елдің экономикасына мем­лекеттік сатып алу жүйесінің өзі емес, ондағы ерекше жағдайлар аса қауіпті. Мәселен, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының мемлекеттік сатып алу жүйесінен шығарылып, бөлек әлем ретінде қарастырылуы дұрыс емес. Мен айтқан үлкен қауіп­тің бірі осы. Дамыған елдерде ішкі жалпы өнімнің 10-15 пайызын, дамушы елдерде 20 пайызын мем­лекеттік сатып алулар қамтамасыз етеді. Ал бізде ішкі жалпы өнімдегі мем­лекеттік сатып алулардың үлесін баға­лауға мүмкіндік беретін ресми деректер жоқ. Бұл мемлекеттік сатып алу процесінде нақты мемлекеттік шығыстарды бақылауды қамтамасыз ететін бірыңғай орталықтандырылған есеп беру жүйесінің жоқтығынан бо­лып отыр. Аяқталған жобалар тура­лы ақпарат берілмейді. Ал мұн­дай ақ­параттың негізінде қоғам өкілдерінің өзі жобалардың сапасын бағалай алар еді. Деректерге сүйенсек, «Самұрық-Қазына» қоры елдегі ішкі жалпы өнім­нің жартысына жуығын қамтамасыз етіп отыр. Демек мемлекеттік сатып алулардың кем дегенде жартысы белгі­ленген рәсімдерден тыс қалып отыр деген сөз. Қор заңнан жоғары емес қой?!  – дейді М.Махмұтова.

Осы орайда экономист Еуропа елдерінің, Чили, Аустралия, Сингапур, Гонконг секілді мемлекеттердің сатып алу жүйесін үлгі тұтуға болаты­нын жет­кізді. Әлемдегі ең үздік мем­лекет­тік сатып алу жүйесі Сербияға тие­сілі. Мұнда жемқорлыққа жол беріл­мейді. Өйткені арнайы құрыл­ған комиссия конкурсты ұйымдас­тыру­шы тараптың да, қызмет пен тауар ұсынушы компанияның да құқық­тарын қамтамасыз етуге кепілдік береді. Яғни бұра тарту деген атымен жоқ. Тиісті жұмыстардың бәрі электронды платформада өткізіледі. Қазақстан да дәл осындай форматқа көшкенімен, саладағы мәселелер түбегейлі шешілген жоқ.

Белгілі болғандай, «Самұрық-Қазына» қорындағы сатып алу жүйе­сінде бір көзден сатып алуға жол ашатын 20-дан астам негіздеме бар екен. Мұны «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС-ның департамент директоры Дархан Рамазанов хабарлады.

– 2021 жылдың қорытындысы бо­йынша қордың сатып алуларындағы жер­гілікті үлес 76 пайызды құра­ды. Бұл – жақсы көрсеткіш. Біз соң­ғы 5 жылда бір көзден сатып алу­­дың үлесін азайттық. Бүгінде «Самұрық-Қазынада» бір көзден келі­сім­шарт жасауға жол ашатын 20-дан аса негіз­деме бар. Әсіресе кәсіп­орын­дар­­дағы апаттық жағдайлар мен төтенше жағдайлар кезінде бір көзден сатып алу тетігі қолданылады. Жалпы, 2017 жылдан бері қордағы бір көзден сатып алу үлесі 6 есе қысқарды. Бүгінде қордың жалпы сатып алуларындағы үлесі 14 пайызды құрап отыр. Бұдан бөлек, холдингтің өз ішіндегі сатып алуларды қысқарттық. Яғни қорға қарасты бір еншілес компанияның екінші еншілес компаниядан тауарды не қызметті сатып алуын қысқарт­тық. 2017 жылы хол­дингішілік сатып алуларға 4,5 мың пози­ция жататын, қазір 2 позиция ғана қалды. Қалған көлемнің бәрін бәсе­келі ортаға – шағын және орта бизнеске бердік, – дейді Д.Рамазанов.

Eurasian Expert Council қоғамдық қоры­ның басшысы Шыңғыс Лепсі­баев­тың айтуынша, бір көзден сатып алуға жол ашатын 5 негіздің өзі көптік етеді.

– Осының өзі сыбайлас жемқор­лыққа жол ашып тұр. Ал «Самұрық-Қазынаның» бюджеті қомақты еке­нін ескерсек, бұл жерде миллиард­та­ған қаржы айналып жатыр. Жал­пы, әлемде бір көзден сатып алуға 1-2 не­гіз­демеге ғана рұқсат етіледі. «Самұрық-Қазына» болса, бұған 20-дан аса негізді алға тартып отыр. Заң бұзушылық та осыдан шығады, – дейді Ш.Лепсібаев.

Президенттің тапсырмасынан ке­йін Қаржы министрлігі бір көзден сатып алуды қолданудың негізділігіне бақылау жүргізетін болды. Бұл ретте осы жылдан бастап «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының және ұлттық компаниялардың сатып алулары «Квазимемлекеттік сектор­дың жекелеген субъектілерінің сатып алу туралы» заңмен реттелмек.

– «Самұрық-Қазынаның» сатып алу тәртібімен қордың ішкі құжат­тарына сілтеме нормалары көздел­генін атап өту қажет. Осыған байланысты қордың және оның еншілес ком­панияларының сатып алуын жү­зеге асырудың бүкіл процесін өзге ішкі құжаттарға сілтеме жасамай, бір құжат деңгейінде қайта қарау қажет. Президент тапсырмаларын іске асыру бойынша барлық қажетті шара уақтылы қабылданады. Ал қажет­ті қаражат биыл­ғы жылға арналған рес­­пуб­ликалық бюд­­жетті нақты­лау кезін­­де бюджеттік бағ­­­дарламалар әкім­­­ші­­лерімен бірлесіп пы­сық­талады, – дей­ді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Министрдің түсіндіруінше, жақын­да мемлекеттік сатып алу мәселе­лері бойынша бірқатар заңнама­лық тү­зету күшіне енді. Олар бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жү­зеге асырудың 6 негіздемесін алып тас­­тады. Бұл бір көзден сатып алудың бар­­лық көлемінің шамамен 50 пайызын құрайды. Бұдан бөлек тапсырыс беру­шінің сатып алудың бәсекелестік тәсілдерін басым жүзеге асыруы және бір көзден сатып алу бойынша тапсырыс берушінің бірінші басшысының дербес жауапкершілігі туралы норма көзделген.

Президенттің сынынан кейін әлеу­меттік желілердегі белсенділігін күшей­тіп, қоғаммен байланыс жасауды жақсарта түскен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәт­қалиев қордың сатып алулар жүйесін түбе­гейлі өзгертіп, отандық тауар өн­діру­шілер мен шағын және орта биз­­несті қолдау механизмдерін кү­шей­туге уәде берді. Оны пысықтап алу үшін бизнес-қоғамдастықпен ашық диа­лог ұйымдастырылатынын да айтты.

Айтпақшы, осы аптада «Самұрық-Қазына» қорында бірқатар шешім­ қабылданды. Соған сәйкес бизнес жолын­дағы кедергілерді жоюға бағыт­талған Тікелей сатып алудың жаңа тәртібі мен Қадағалау, маркетинг және импорттың орнын басу ережелері алдын ала бекітіліп, Қаржы министрлігі­нің, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палата­сының қарауына жіберілді.

«Бір көзден сатып алуға негіз бола­тын факторлар қысқартылды. Атал­ған құжаттарды директорлар кеңесі қабылдаған соң қордың кор­поративтік орталығы сатып алу әдіс­темесін дайын­дау, сатып алуларды қадағалау және бақылау функция­ларын атқарады», деп хабарлады «Самұрық-Қазына» АҚ.

Президент айтқандай, мемлекет­тік сатып алулар – өте үлкен эконо­микалық ресурс. Оны дұрыс пайдалану керек. Өкінішке қарай, бұл – бізде үлкен проблема. Сатып алу­­ларды бәсекесіз жолмен алып жүр­­ген­дердің үлесі әлі де басым. Де­мек Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Самұрық-Қазына» қорына қарасты ком­панияларындағы сатып алуларды ерекше назарға алуы өте орынды. Президент сатып алулар сала­сындағы сыбайластық, жасырын өткізу және бағаны жоғары қою мәсе­лелерімен шұғыл түрде айналысуды тапсырды әрі бұған бір ай уақыт берді. Егер шешімі табылмаса, өте қатаң шаралар қолданылатынын да ескертті. Нәти­жесін уақыт көрсетеді.

Сонымен қатар осы аптада қордың жаңа ұйымдық құрылымы бекітілді. Оған сәйкес қор қызметкерлерінің саны екі есе, яғни 248-ден 124-ке дейін, ал басқарушы қызметтер саны 10-нан 5-ке дейін қысқарады.

«Құрылымдық бөлімдер саны 27-ден 18-ге, яғни 33 пайызға қысқар­тылып, «кеңесші» қызметтері жо­йылды. Қордың шетелдегі өкілдіктерін жабу туралы шешім қабылданды», делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ портфельдік компа­ния­ларға Президенттің «Самұрық-Қазына» қорын реформалау туралы тап­сыр­маларын орындауды қадағалау жөнін­дегі құжат жіберілді. Оған жа­уапты қыз­меткерлер, іске асыру мер­зім­дері мен қада­ғалау индикаторлары анықталды.

Бұдан бөлек «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының 2022 жылғы 24 қаңтардағы шешімімен «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС бас директоры А.Сұлтановтың, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Б.Сандықбаевтың, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас директоры А.Ақыловтың, «Самұрық-Қазына Биз­нес Сервис» ЖШС бас директоры С.Ел­ші­бековтің уәкілеттіктері мер­зімі­нен бұрын аяқталып, олармен еңбек қатынастарын тоқтату келісілді.

Осылайша, басқарма ел Үкіметіне жол­данатын қорды реформалау бағ­дар­ла­масын дайындау мерзімдерін бекітті.