Қоғам • 26 Қаңтар, 2022

Азаматтарды қолдау мен әл-ауқатын жақсарту – негізгі міндет

396 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қазақстан қоғамның барлық саласын одан әрі жаңғыртуға және жүйелі түрде қайта құруға бағытталған үлкен өзгеріс алдында тұр. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл өзгерістердің өзегі азаматтарды қолдау мен олардың әл-ауқатын, әлеуметтік ахуалын жақсарту болады.

Азаматтарды қолдау мен әл-ауқатын жақсарту – негізгі міндет

Әрине, бұл міндеттерді жүзеге асыруда жастардың тиімді бағдарламалары мен әлеуметтік жобаларды орындау маңызды. Ұзақ жыл бойы Нұрсұлтан Назарбаевтың коммерциялық емес Қоры жастарға түрлі салада өзін көрсетуге көмектесетін, сауығып кетуіне және өмірінен өз орнын табуға үміт беретін жобаларды әзірлеу және іске асыруда еңбек етіп келеді.

Қор мемлекеттік ұйымдармен және ҮЕҰ-мен бірлесіп сан мыңдаған жасқа қолдау білдіріп, көмек көрсетті. Бүгінде олардың дені ғылымда, өнерде мол табысқа жетіп, кеңінен танылған.

Ерекше балаларды қолдау

Қор жұмысының ауқымды бағыты­ның бірі – Қазақстандағы ерекше қа­жет­тілігі бар балаларды қолдауға ар­нал­ған Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қамқорлық» бастамасы болып табылады.

Елімізде 92 мыңнан астам бала церебральды сал ауруымен ауырады. Сон­дықтан оңалту қызметіне қажеттілік өте жоғары. Елдегі тиісті медициналық ұйым­дардың аздығынан мыңдаған бала дер кезінде оңалтудан өте алмайды.

«Қамқорлық» бастамасының екі ке­зеңін іске асыру нәтижесінде, қазір өңір­лерде 16 оңалту орталығы және 7 ер­­те ара­­ласу орталығы жұмыс істейді. Игі бас­тама Қазақстан Республикасы Үкі­метінің және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен жүзеге асқан. 2020 жылғы желтоқсаннан 2021 жылғы қара­шаға дейін 5 192 бала оңалтудан өтті, олар­дың 534-і ем-домнан кейін жүре бастады.

Бұған қоса, аймақтарда ерекше қа­жеттілігі бар балаларды қолдау бойынша 16 кабинет ашылды. 2020-2021 жылдар аралығында 131 бала жалпы білім беру үде­­рісіне тартылды. Ал 16 бала енді біреу­дің алып жүруіне мұқтаж емес.

Жүздеген баланың орталықтарда сабақ алып, өздігінен еңбектеп, жүре бас­тап, жаңа дағдылар мен білім алғанына қуаныштымыз. Бұл орталық жұмысының басты нәтижесі және ата-аналар мен білікті мамандардың үлкен жеңісі!

Қазақстанда инклюзияны дамыту бо­йынша үлкен жұмыстар жалғасын тауып отыр. Бастаманың үшінші кезеңі аясында 2022-2023 жылдары республика бойынша 17 ерте араласу орталығы, аутизммен және басқа да ментальді ауытқуы бар балаларға арналған 8 орталық пен 17 «Белсенді ұзақ өмір» белсенді өмір сүру орталығы ашылады.

Елбасының тапсырмасы бойынша Қор Нұр-Сұлтан қаласында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған қосымша жаңа заманауи оңалту орта­лығын салуға кіріседі.

Болашаққа үлес

Еl Úmiti қорының тағыда бір ау­қым­ды бастамасы жастарға арналған бір­қатар жобаны жүзеге асырады. 530 мың­нан астам адам жобаның игілігін көрген.

Мұндай жобаның бірі – «Мың бала» ұлттық олимпиадасы жыл сайын ауылдық жерлерде 5 және 6 сынып оқитын ең қабі­летті 1 000 оқушының озық мектептерде білім алуына мүмкін­дік береді. Екі жыл ішінде жоба 4 000-нан астам оқушының жолын ашты. 638 ауыл оқушысы Қазақ­станның үздік мектептеріне оқуға түс­ті. Birge Oqy жеке онлайн мектебі ар­қы­­лы ауыл балаларымен жүйелі жұмыс жүр­гізілуде: бүгінде «Мың бала» олим­пиадасының 2,6 мың финалисі Birge Oqý онлайн мектебіне қабылданды.

El Úmiti бастамасының екінші ең ірі жобасы – «Елбасы Медалі» жастарды жан-жақты дамытуға бағытталған ұлт­тық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Бұл 14-29 жас аралығындағы жастарға арналған. Үш жыл ішінде оған қатысуға 55 000 өтінім келіп түсті. Бұл мерзімде қатысушылар дене бітімі мен ақыл-ойды дамытатын бағыттар бойынша 800 мыңнан астам тапсырманы орындады. Соның нәтижесінде 3 928 қола және күміс медаль иегерлері анықталды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 605 медаль иегері ҚР жоғары оқу орындарына оқу үшін білім гранттарын ұтып алды.

El Úmiti бастамасының ажырамас бөлігі деп «El Maqtanyshy» сыйлы­ғын айтуға болады. 2019 жылдан бас­тап сыйлық оқушылар мен олардың жаттықтырушыларына пәндік олимпиа­далардағы ірі жетістіктері үшін беріледі. Алтын жүлде иегерлері 2 млн теңгеден, күміс жүлдегерлер 1 млн теңгеден, қола жүлдегерлер 500 мың теңгеден ала­ды. 2019-2021 жылдар аралығында бұл сыйлықты 57 жүлдегер мен 77 жаттық­тырушы иеленді.

Qabilet – бастаманың тағы бір жобасы. Бұл мектеп оқушыларының қабі­леттерін тексеру және кәсіптік бағдарлау қызметі. Мақсат – дарынды жастарды қолдау және олардың әлеуетін іске асыру. 2021 жылы бұл қызметтен 10-11 жастағы 60 мың бала өтті. 100 психолог оқытылды.

Қордың жобалау басқармасы

Әлеуметтік жобалар мен қайырым­дылық іс-шараларды жүзеге асыру үшін Қор жобалық басқару моделін пайдаланады. Қордың жобалық кеңсесі жеке және Қордың Алматы қаласындағы өкіл­діктері университеттермен, ғылыми орта­лықтармен, мемлекеттік органдармен және ҮЕҰ-мен бірлесіп соңғы 10 жылда 1 000-нан астам іс-шара өткізді.

Қор жұмысының маңызды бағыты­ның бірі халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған қоғамдық ұйымдарды қолдау болып қала береді.

Қордың тарихы терең зәкірлік жоба­сының бірі әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі. Оның мақсаты – жобаларды жергілікті деңгейде іске асыру арқылы маңызды мәселелерді шешу үшін қоғамдық ұйымдарды анық­тау жә­не қолдау. Үздік қоғамдық ұйым­дарда­ғы жобаларды іске асыруға Қор­дың гран­ты бөлінеді. Осы жылдар ішінде Қазақ­станның 300-ден астам қоғам­дық ұйымы жобасын іске асыруға грант алды.

2021 жылы байқауға рекордты 221 жоба жөнелтілді. Бұл ерекше қажеттілігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу, халықты әлеуметтік және құқықтық қор­ғау, денсаулық сақтау саласындағы жобалар. Қор жеңімпазының әрқай­сысына 2,6 млн теңге (жобаға байланысты) берілді.

Қордың цифрлы және техникалық инновациялар саласындағы жобалары жас­тар арасында кең танылған. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев­тың экономиканың техникалық бағытындағы мамандарды арттыру міндетіне байланыс­ты Қор осы саладағы жобаларын одан әрі нығайтады.

«Цифрлық трансформация және өмір­дің жаңа сапасы» атты OPEN MIND ашық инновациялардың бірінші онлайн форумы цифрлы сервистерді әзір­леушілердің, IT-компаниялардың басшы­ларының, жастардың Қазақстанда цифр­ландыруды дамыту мәселесін талқылаған сараптамалық алаңға айналды. Форумда «КазРобоПроект-2021» робототехника байқауының және қазақстандық жас бағ­дарламашыларға арналған Smart Zholy жарысының жеңімпаздары жарияланды.

Қор «Смарт жолы» бағдарламасын 2017 жылдан бастап Сингапурдың Эша­лон Азия Саммитінің жетекші стар­­тап-алаңымен бірлесіп іске асы­ра­ды. 5 жыл ішінде жобаға 280 өті­нім беріл­ді, оның 40 қатысушы осы жылдары Син­гапурдағы финалға қа­тыс­ты, ал Intellection, Webtotem және Nommi стар­тап қатысушылары инвесторлардың қаржысын тартты.

Студенттер арасындағы ірі жарыс – жоғары оқу орындары арасындағы робототехника бойынша «ETU Робокон 2021» II республикалық чемпионаты жас өнертапқыштардың үздік 13 командасын жинады.

Белгілі ғалымдар, жас зерттеушілер, стартаперлер мен инвесторлар үшін «тәуел­сіз Қазақстанның зияткерлік әлеуе­ті: қалыптасу мен дамудың 30 жы­лы» атты І халықаралық жас ғалымдар форумы ірі оқиғаға айналды. Форумда 14 елден 200 спикер сөз сөйледі. 50 000 астам адам онлайн қатысты.

Форум соңында республикалық сту­дент­тік стипендиялар байқауының жеңім­паздары марапатталды. Осы жылдар ішінде 700-ден астам студент Қордың сту­денттік стипендиясын иеленді. 2021 жылы байқауға Қазақстан өңірлерінен 350-ден астам студент қатысып, оның 80-і Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиясын 2021-2022 оқу жылында алатын болды.

Стипендия иегерлерінің арасында екі платина дискісін алған және әлемдік TikTok әлеуметтік желісі байқауында үздік деп танылған музыкант Арыстан Әбілдин бар. Тағы бір танымал стипендиатымыз Асхат Жұмабеков. 2021 жылы «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығының иегері атанған ол Семей қаласындағы физика пәнінің мұғалімі.

Әр жылдары Қор сыйлығының лау­реаты атағын иеленген көптеген мә­де­ниет және ғылым қайраткері кеңі­нен танылды. Қазіргі уақытта 258 қайрат­кер Қордың лауреаты атанған. Оның ішінде әншілер, актерлер мен опера, ба­лет әртістері, талантты дәрігерлер, әлеу­мет­танушылар, журналистер және т.б. бар.

Жастардың сүйікті жобасының бірі – «Алтын тобылғы» жас әдебиетшілер бай­қауы. Былтыр байқауға 154 жұмыс ұсы­нылды. Үздік еңбектің авторлары Қордан ақшалай сыйлықтар мен дипломдар алды.

Заманымыздың нағыз батырла­ры, ержүрек және мейірімді адам­дар – «Қайы­рымдылық керуені» жо­ба­сы­ның басты кейіпкерлері. Жобаның төрт жылдық тарихында осындай 1 000-ға жуық адам анықталды. Қор жыл сайын өзгеге үлгі болатын осындай жандар туралы бейнероликтер шығарады.

Елордада ҚР Тұңғыш Президенті – Ел­басы музейінде орналасқан Nazarbaev Ortalyǵy даму орталығы бала­ларға қо­сым­ша білім мен дағды алу үшін жаңа мүм­кіндіктер ұсынады. Мұн­да Қазақстан тари­хын зерделеуге, түрлі бағыт бойынша озық білім беру бағдар­ламаларын игеруге бар­лық жағдай жа­сал­ған. Орталықта STEM білім беруді дамытудың 4 зертханасы бар.

2021 жылдың қаңтар айынан бастап осы күнге дейін орталықтың зертханаларын­да 2 219 бала білім алды, оның 215-і тегін оқы­ды. Орталықта 300 балаға ар­нал­ған жазғы және күзгі лагерьлер ұйым­дас­тырылды, шахмат зертханасының сту­денттері қалалық және республикалық тур­нирдің жүлде­гері атанды. Мұндағы «Пора верить в чудо» мерекелік бағдар­ламасына 1 400 бала қатысты, оның 700-і ерекше қажеттілігі бар балалар. Қазақ тілі мен мәдениетін насихаттау – жұмыстың маңыз­ды бағытының бірі болып қала бере­ді. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жа­нын­дағы Мемлекеттік тілді дамыту қоры осы салада бірқатар жобаны жүзеге асырып келеді.

«Абай әлемі» онлайн байқауы 2 жыл­да еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам қазақ тіліндегі үздік ғылы­ми жұмыстың авторын, студент пен магис­трантты біріктірді. Байқаудың 25 жеңім­пазы ақшалай сыйлық алды.

Қор Abaialemi.kz алғашқы энцикло­педиялық онлайн порталын, оның мо­биль­ді қосымшасын құрды, Soyle.kz онлайн порталда мемлекеттік тілді оқыту ұйымдастырылады. Қазіргі таңда портал­дың қаралым саны 9 030 000-нан асты. «Ұлы дала аңыздары» комикстер жобасы әзірленді, Qazcomics.kz веб-сайты құрылды, қазақ аңыздарының же­лісі бо­йынша 3 тілде 15 комикс шыға­рылды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры үшін жаһандық бейбітшілік пен келісім құн­дылықтарын нығайту саласындағы ха­лық­аралық ынтымақтастық маңызды ба­ғыт болып қала береді. Елбасының қауіп­сіз әлем құру мен ядролық қарусыз­дану­дың маңызы туралы бастамалары бұл қызмет­тің идеологиялық басты бағыты саналады.

«Астана клубтың» отырыстары ең ірі диалог алаңы болып табылады. Был­тыр өткен алтыншы отырыста қазір­гі заманның өзекті сын-қатерлерін талқы­лауға 54-тен астам шетелдің беделді спикерлерін, оның ішінде бұрынғы мем­лекет және үкімет басшыларын, зерт­теу орталықтарының басшыларын және т.б. біріктірді. Ядролық қауіпсіздік жөніндегі көшбасшылардың жаһандық альянсы Елбасының ядролық қарусыз әлем құру туралы үндеуіне 100-ден астам бұрынғы мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық қатынастар және қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар, Еуропалық Комиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэл Баррозу, МАГАТЭ-нің бұрынғы бас директоры Мохаммед Әл-Барадеи, Словенияның бұрынғы президенті Данило Тюрк жә­не т.б. жетекші талдау орталықтары қосыл­ды. Бұл бағыттағы жұмыс кейінгі жылдары да жалғасады.

2021 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Әлемдік экономика және сая­сат институты (ӘЭСИ) өзекті бағыттар бойынша халықаралық саясатты іске асы­ру саласындағы зерттеу жұ­мыстарын сәтті жүргізуде. ӘЭСИ ха­лықаралық тал­дау орталықтарымен бел­сенді өзара іс-қимыл жасап, тәжірибе мен зерттеу нәтижелерімен алмасады. Институт 4 он­лайн конференция өткізді, сарапшылар 21 іс-шараға қатысты, сыртқы саясат, қауіпсіздік, экономика, ішкі саясат және әлеуметтану бойынша 34 сараптамалық материал дайындады. Қазақстанның 17 өңі­рінде 48 фокус-топпен 2 әлеуметтік зерттеу және халыққа жаппай сауалнама жүргізілді.

Қордың қайырымдылық бастамалары

Қайырымдылық қызмет Қор жұ­мы­сының ажырамас бөлігі. Қор үнемі мұқтаж жандарға қолдау көрсе­теді. Нұр­сұлтан Назарбаев Қоры коммер­циялық емес ұйым болып табылады және қызметі арқылы табыс табу мақса­тын көз­демейтінін тағы да айтқым келеді.

Ұйым елімізде коронавирус инфек­ция­сының таралуына қарсы іс-қимыл жасауға 200 миллион теңге бөлді. Қа­ражат дәрігерлерді қаржылай қолдау­ға, 50 мың медициналық маска, дезин­фекциялық құралдар және т.б. сатып алуға жұмсалды.

Қор танымал альпинист Мария Әуе­зо­ваға бионикалық протездерін алуға көмектесті.

2021 жылы «Дегдар» қорымен бірлесіп 5 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қалада ұйымдастырылған «Елбасы жылуы» акциясы 2 100-ге жуық аз қамтылған және көпбалалы отбасыны қамтыды. Әрбір жанұяға көмек ретінде 120 кг азық-түлік берілді.

Сонымен бірге Қор ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығы жанынан роботтандырылған хирургия бойынша қазақстандық халықаралық референс оқыту орталығын құруды қаржыландырды. Орталық қазақстандық медицина ғылымын жаңа, озық деңгейге шығарады.

Ел президенті Қасым-Жомарт То­қаев­тың бастамасын қолдай отырып, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорына 500 миллион теңге аударды.

Қазақстан Президенті мемлекеттік органдарды қазақстандықтардың әлеу­мет­тік әл-ауқатын арттыру, келісім мен бейбітшілікті нығайту жөніндегі бел­сен­ді жұмысқа жұмылдырады. Бұл мін­детке азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуынсыз, халықпен жүйелі жұмыс орнатпай және жастар бастамасын қол­даусыз қол жеткізу мүмкін емес. Өйткені жастар – қоғамның ең белсенді және серпінді бөлігі. Елдің болашағы оның әлеуеті мен идеяларын іске асыруға байланысты.

Өз тарапынан Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ел Үкіметімен серіктестік құра оты­рып, бәсекеге қабілетті жас ұрпақты қалыптастыру жөніндегі жұмысты жал­ғастырады.

 

Әлкей МАРҒҰЛАНҰЛЫ,

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары