Қоғам • 31 Қаңтар, 2022

Зағиптың зарын тыңдасаң...

839 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Бүгінде кітап оқымау ғадеті қазақ қоғамында ғана емес, барша әлемде белең алып отыр. Кітап оқуға толық мүмкіндігі бар адамдардың көркем әдебиетке қызық­пауының себебі көп. Ең басты дәуірлік себеп, әрине, «са­наны тұрмыс билеуінде». Ал мүмкіндігі шектеулі – зағип жандар кеш қарая «Жа­байы алманы» оқығысы кел­се де оқи алмайды: Брайль қар­піндегі кітап тапшы. Бір сөз­бен айтқанда, көзі көрместің кітап оқуына мүмкіндік жоқ.

Зағиптың зарын тыңдасаң...

Зағип адам сезумен, ойша елес­­тетумен, сюжетпен өмір сүреді. Олар бәрін санасында қалыптастырады, яғни сюжет құрас­тырады. Сондықтан да зағип адамдарға көркем шығарма оқу­дың септігі көп. Қағаз бетіндегі нүк­телердің ізімен жүріп отырып, қай кейіпкердің қандай күй кешіп, оқиғаның қалай өрілгенін «оқу» – оңай іс емес. Алайда жанарынан айырылып, өмірді саусақ ұшымен танитын тағдырлы жандардың қажетіне жарарлық қазақтілді аудиторияға арналған бедерлі-нүктелі қаріпті кітаптардың жоқтығы алаңдата-
ды.

Соқырлықтың алдын алу жө­ніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, бүгінгі таңда дү­ние жүзінде 284 млн адамның көру қабілеті нашарлаған. Оның ішінде 39 млн-нан аса адам мүлдем көрмейді. 19 млн бала түрлі көз
ауруына шалдыққан. Ғалымдардың зерттеуінше, әлемдегі осы есеп 2050 жылға қарай 115 млн-ға жетуі мүм­кін. Оған, әрине, тәуліктің көп уақытын жұмсайтын смартфон-планшеттер себеп. Ал Қазақстанда 86 мың зағип адам бар. Оның ішінде нашар көретін балалар –
7 934 болса,  320 бала мүлдем көр-
мейді.

...әлі күнге дейін оқулық әзірленбеген

Елімізде көзі нашар көретін және көр­мейтін балаларға арналған 8 балабақ­ша жұмыс істейді. Онда 828 бала, жалпы, білім беретін балабақшалардың арнайы топтарында 451, ал инклюзивті бі­лім беру жағдайы бар балабақшаларда 2 970 бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ за­ғип балаларға арналған 11 арнайы мектеп­те 1 513 бала білім алуда (ал жалпы білім беретін мектептерде 199 бала оқиды).

Бүгінде мүмкіндігі шектеулі балалар­ға оқулық дайындайтын жалғыз мекеме – «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық-ғылы­ми практикалық орталығы» болып отыр. Ор­талықтың ғылыми-зерттеу бөлі­мін­де әдістемелік құралдар, оқу бағдар­ла­ма­лары, арнайы оқулықтар, Білім және ғылым министрлігі атқарып жат­қан нормативтік құқықтық актілер бо­йынша жұмыстар дайындалады. Оның ішінде көзі нашар көретін және мүл­дем көрмейтін балаларға арналған оқу­лықтар да бар. Зағип балаларға Брайль қарпімен, ал нашар көретіндерге үлкейтілген шрифтпен әзірленеді.

Аталған орталықтың басшысы Әйгерім Күдеринова Брайль жүйе­сін­де кей сыныптарға әлі оқулық әзірлен­бегенін атап өтті.

«Бұл оқулықтар жалпы білім беретін мектептерге арналған оқулықтардың бағдарламасына сәйкес әзірленеді. Мәселен, бұған дейін Брайль қарпімен 54, үлкейтілген шрифтпен 63 оқулық дайындалды. Алайда мүлдем көрмейтін балаларға арналған 1-12-сынып оқу­лықтары әлі толық әзірленген жоқ. Ал­дағы уақытта 4, 6, 11, 12-сыныптарға ар­­нал­ған Брайль қарпіндегі оқулықтар әзір­­леуді жоспарлап отырмыз. Ал қалған сы­­нып­тарда бар. Оқулығы жоқ сыныптар Брайль қарпіне арналған принтер арқы­­лы дайындалған материалдарды шыға­­рып оқиды», дейді мекеме басшысы.

Бұл орталық кітаптарды басып шы­ғар­майды, тек оқулық құрастырады. Әзірленген оқулықтарды елордадағы «Оқулық» орталығы қабылдап, Білім және ғылым министрлігінің қарауына ұсынады. Мақұлданған соң жергілікті атқарушы органдар өздері конкурс жариялап, оқулықтарды баспалардан сатып алады. Мәселен, соның бірі «Сатр орталығы» басып шығарып, мектептерге жеткізеді. «Оқулық» орталығы бас­шы­сы­ның айтуынша, қазіргі таңда мектеп-интер­наттарда оқулық жетіспеушілігі жоқ. Сондай-ақ зағип оқушылардың оқу­лық­пен қамтамасыз етілуін тек жер­­гі­­лікті атқарушы орган мен мектептер ғана қа­дағалай алады. Яғни оқулық­тарды жет­кізу орталықтың міндетіне жатпайды.

Айта кетейік, аталған орталық зағип балаларға арналған оқулықтарды 2017 жыл­дан бастап дайындап келеді. Яғни оған дейін – тәуелсіздік жылдарынан бе­рі мұндай оқулықтар мүлдем жасалмаған.

«Жалпы білім беретін мектептерге оқулықтарды баспалар дайындайды. Яғни онда бәсекелестік болуы керек. Бірақ қаншама жыл бойы сол баспалар­ға зағип жандарға арналған кітаптар шығару туралы ұсыныстар айтылса да қолға алынбады. Өйткені мүлдем көрмейтін оқушылар көп болмаған соң, жекеменшік баспаларға аз данамен кітап шығарған тиімсіз. Негізінен, мектеп жасындағы зағип балаларға жасалып жатқан жағдай жаман емес деп айтуға болады. Мектептері бар, оқулықтары дайындалады. Ал мектепті бітіргеннен кейінгі өмірде көптеген мәселе туындайды», дейді Ә.Күдеринова.

Ал Алматы қаласындағы Н.Остров­ский атындағы зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған №4 мек­­теп-интернаты директорының оқу-ісі жө­ніндегі орынбасары Бақытгүл Жұма­­ділова министрлік бекіткен бағдарла­маның жиі ауысуынан зағип балалардың бағдарламаға үлгермейтінін айтады.

«Брайль жүйесіндегі оқулық дайын­даудың жұмысы өте ауыр. Мәселен, кітап­та жаз, күз бейнесі болса, оны нүк­телі-бедерлі түрге айналдыру мүмкін емес. Айналдыруға болады, бірақ оны оқу­шы түсінбейді. Сондықтан ол суретті ауыстыру керек. Суреттің рельефімен жүріп отырғанда қандай сурет берілгенін бала түсініп отыруы қажет. Одан бөлек кейбір сұрақтардың мәтіні ұзақ болады. Қолмен ұстап оқыған бала ол сұрақтың басын ұмытып қалады. Сол үшін де мәтін барынша қысқа жасалады. Яғни оқулықты Брайль нұсқасына ауыстыру – қайта жазып шыққанмен бірдей.

Мәселен, бір кітап дайындауға үш жыл уақыт кетеді. Айталық, 2017 жылы басталған оқулықтарды 2020 жылы қолға алдық. Осы аралықта бастауыш сыныптың бағдарламасы ауысып үл­гер­ді. Біздің бұрынғы бағдарламадағы «Сауат ашу» дайын болғанша, «Әліпби» қосылды. Әрине, біз ескі бағдарламадағы «жаңа оқулықпен» оқыта алмаймыз. Ал «Әліпбидің» зағип балаларға арналған нұсқасы жоқ. Яғни бізге кітап жасап үлгермейді», дейді ол.

Мектеп-интернат өкілі негізгі мәсе­ле­нің жоғары сыныпқа арналған оқу­лық­тардың жоқтығында екенін де айтты. Қазақ тілі, математика, орыс тілі пән­дерінің оқулықтары бар болса, ал физика, география, биология, химия, т.б. сабақтардың кітаптары дайындалмаған.

«Бізде зағиптарға арналған оқулықты да, арнайы әдебиетті де дайындайтын жалғыз монополиялық мекеме – Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық-ғылыми практикалық орталығы. Егер одан бөлек, басқа да баспалар тапсырыс бойынша оқуға қажетті материалдарды шығарып беретін болса, біз сатып алар едік. Бірақ бізде ондай мүмкіндік жоқ. Бізге не береді – соны аламыз. Оқулықтардың жетіспеушілігіне мектеп қауқарсыз», деді Б.Жұмаділова.

Зағип жандарға арналған кітаптардың жасал­мауының бір себебі – кадр тапшы­лығы екені де анық. Мәселен, атал­ған орталық 2017 жылы оқулықтар дайындауды бастаған кезде Ресейден арнайы мамандар шақырып, қатысушы авторларға қалай жасалатынын үйреткен еді. Оның үсті­не Брайль нұсқасына ауыс­қан кітап­тар­дың бағасы да сіз ойла­ғандай арзан емес.

Мектеп-интернат өкілінің айтуынша, оқушының бір математикасы 17 кітап­тан тұрады. Ал орыс тілі 12-13 кітап­тан, жоғары сыныптарда да алгебра оқулығы 12-15, геометриясы кем дегенде 10 кітаптан тұрады. Сонда бір оқу­лықтың бағасы 350-400 мыңға айналады. Үлкейтілген шрифт бойынша оқулықтардың өзі де 4-5 данадан тұрады.

Тоқсан жылдық тарихы бар мектеп-интернатта бүгінде 247 бала оқиды. Б.Жұмаділованың айтуынша, мектеп-интернаттағы балалар да қоғамдағы бас­қа сау балалар секілді көркем әде­биет­ті көп оқымайды. Негізінен, аудио-нұс­­қа­мен тыңдайды (онда да қазақ шы­ғар­­­маларының көбісі аудио нұс­қаға түсі­­ріл­­меген). Оқулық тапшы­лы­ғынан бөлек кітапханада да сол ахуал:  Брайль қар­пінде казақ тілінде ешқан­дай көркем әдебиет жоқ. Ал орыс тілін­дегі ертегілер мен оқу үрдісіне сай көркем шы­ғар­ма­ларды 2020 жылы «Эма» қоғамдық қоры 38 миллионға Ресейден тапсырыс беріп, қам­тамасыз еткен. Бұл әрине, респуб­ли­ка­дағы барша зағип балаларға ортақ мәселе.

 

Кітабы жоқ кітапхана

Зағип жандардың білім нәрімен су­сын­дайтын жалғыз орны – арнаулы к­ітап­ханалар ғана. Оның өзі шалғай ауыл-аудандарда қамтылмаған, тек об­лыс ор­та­­лық­тарында жұмыс жасайды. Ал бар кітапхананың бірінде қазақ тілін­­­д­егі кі­тап тапшы болса, бірінде тех­ни­ка­лық жаб­дықтар жоқ. Әлқисса.

Қазір елімізде осы санаттағы жандарға арналған 1 республикалық, 7 облыстық, 4 қалалық арнайы кітапхана және 5 бөлім қызмет көрсетеді. Республика бойынша арнайы кітапханаларға соңғы жылдары тіркелген жанары әлсіз оқырмандар саны – 18 128, зағип оқырмандар саны – 13 545.

Алматы қаласындағы Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың кітап қоры – 249 950 (атауы – 70 468), оның ішінде қазақ тілінде – 33 969 дананы (атауы – 10 836) құрайды.  Ал нүк­телі-бедер­­лі қаріптегі әдебиеттер – 55 515 дана (атауы – 6 623) , оның ішінде қазақ тілінде – 1 885 (атауы – 218). Бұ­дан бөлек, кі­­­тап­­хана қорында нүктелі-бе­дер­лі қа­ріп­тегі журналдар, дыбыстан­дырыл­ған әдебиеттер, бедерлі-графика­лық құ­­рал­дар,электронды ресурстардағы басылым­дар, т.б. материалдар бар.

Кітап қоры соңғы кезде мемлекеттік тапсырыс бойынша толықтырылып келеді. Мәселен, 2021 жылы кітапхана қорында 784 атаумен 1 928 дана басылым тіркелген. Одан бөлек мемлекеттік сатып алу бойынша және кітапханаға әртүрлі ұйымдар мен оқырмандар сыйға берген кітаптармен толығады. 2021 жылы мемлекеттік тапсырыс бо­йынша – 140 дана (қазақ тілінде – 125), мемлекеттік сатып  алу бойынша – 478 дана (қазақ тілінде – 196), сыйға берілген кітаптар – 199 дана (қазақ тілінде – 91), кітапхананың «Сөйлейтін» және Брайль кітаптарын шығару бөлімінен 246 дана (қазақ тілінде – 173) кітап алынды. Кітапхана өкілінің айтуынша, мемлекеттік тапсырыс бойынша кітаптар отандық «Фолиант» баспасы ЖШС, «Национальная академия наук высшей школы Казахстана» НАН ВШК – Әл-Фараби атындағы Қазақ университеті баспаханаларынан және Ресейдің ИПТК «Логос ВОС», МИПО Репро баспаханаларынан келеді.

Ал оқырман санына келсек, бүгінде арнайы кітапхана қызметін 2 500-ге жуық көзі нашар көретін һәм мүлдем көрмейтін азамат қолданады. Кітапханашылардың айтуынша, оқырмандар түрлі жанрдағы әде­биеттерге қызығады. Негізінен көр­кем әдебиет, оның ішінде детектив, фан­­тастика, тарихи және махаббат ро­­ман­­дары ерекше сұраныста. Абай, М.Әуезов, І.Есенберлин, А.Маринина, Б.Аку­нин, А.Бушков, С.Шелдон, А.Дю­ма, Дж.Чейзді келушілер жиі оқиды.

Айта кетейік, хакім Абайдың 175 жыл­дық мерейтойы қарсаңында кітап­хананың «Сөйлейтін» және Брайль кітап­тарын шығару бөлімінде «Дүниеде сірә, сендей жар жоқ маған» атты дыбыс­тандырылған кітабы МР3 форматта, нүктелі-бедерлі Брайль қарпінде екі томдық шығармаларының 2-ші томы «Абай» (өлеңдер, аудармалар, поэмалар), М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының 3-томы (қазақ және орыс тілдерінде) жарыққа шықты.

Кітапхана өмірінде күрмеулі мәселе­лер де жоқ емес. Айталық, техника­лық жабдықтарды жаңарту, кітап қорын жыл сайын жаңа кітаптармен толықтыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ Ресей елінен тапсырыспен алынатын әдебиеттер, мерзімді басылымдардың сапасы сын көтермей, қайта оқуға жиі жарамсыз болып қалатыны да рас.

Зағип және нашар көретін азамат­тарға арналған республикалық кітапхана басшысы Асхат Байұзақов қазақтілді кітаптардың тапшылығы арнайы баспа­хананың жоқтығынан дейді.

«Кітапханадағы кітап қоры, негізінен Кеңес кезінен қалған кітаптардан тұрады. Тәуелсіздік жылдарынан бері кітап қоры, әсіресе қазақтілді кітаптар тым аз көлем­де толықтырылды. Кеңес уақытында Алматы қаласындағы Зағиптар қоға­мы­ның арнайы баспаханасы болды. Кейін жекешелендіру науқанына баспа­хананың ғимараты да ілікті. Содан бері зағип жандарға арналған арнайы кітапханаларға қазақтілді кітаптар басылып шығарылған жоқ. Қазіргі таңда кішігірім баспаханалар бар. Олар жылына тек 15-20 кітап басуға қауқарлы. Алайда бұл баспаханалардың кітап сапасы төмен. Яғни қатты мұқабамен емес, жұқа мұқабамен ғана шығарады», деді кітапхана басшысы.

Сондай-ақ ол алдағы уақытта кітап­хана жанынан баспахана ашылуы мүмкін екенін де айтты.

«Былтыр Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасына сәйкес кітапхана қызметкерлері Мәскеу мен Ташкент қалаларына баспахана саласында тәжірибе алу үшін барып қайттық. Нәтижесінде, біз биыл министрлікке ұсыныс жібердік. Оның үстіне былтыр Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова кітапхананың жанынан баспахана ашылады деген еді. Осыған орай біз қазір құжаттарын жинап, министрлікке жобасын өткіз­дік. Егер баспаха­на ашылатын болса, негізінен сұранысқа сай Брайль жүйесіндегі қазақ тілінде­гі көркем әдебиеттер, мектеп оқушылары­на арналған оқулықтар, балалар шығар­малары басылады», дейді А.Байұзақов. 

Кейінгі жылдары Зағиптар қоғамы арнайы кітаптар шығару ісін қолға алғаны белгілі. 2019 жылдан бастап «Жылы ұя» оңалту орталығына қарасты құрылым ретінде арнайы баспахана ашылған. Онда республикадағы арнайы кітапханалардың сұранысы бо­йынша кітаптар шығарылады. Қоғамдық ұйымның өкілі Гүлбаршын Балғожина баспахана жұмысын кеңейту жоспарда бар екенін айтты.

«Мәселен, 2021 жылы бес кітапха­наның тапсырысы бойынша жұмыс жасадық. Яғни былтыр 1 760 түбіртік (Брайль жүйесінде бір кітап бірнеше бөліктен тұрады. Мысалы, жеті кітапқа тап­сырыс берілсе, ол 34 кітап болып шы­ғарылады) басылып шықты. Ал қазір 100-ге жуық атаулы кітап дайын. Ар­найы кітапханалар өздері таңдап алады. Бүгінде көбінесе қазақтілді кітаптар (көркем әдебиет, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар) шығарып жатырмыз. Алдағы уақытта баспахананы жеке ұйым ретінде оңалту орталығынан бөлек шығарамыз», деді ол.

Бұл жоба Зағиптар қоғамының қол­дауымен ғана іске асып отыр. Ал арнайы кітап­ханалар мемлекеттік мекеме бол­ған­дықтан, кітаптарды сатып алады. Айта кетейік, аталған қоғам мем­лекеттік бюд­жеттен тікелей қаржыланды­рыл­майды. Басқа ұйымдар секілді тендерге қатысып, ақша тауып отыр. Одан бөлек, баспахана жұмысынан түсетін табыс та бар. Мәселен, жайпақ баспалы бір бетті нүктелі-бедерлі қаріпке ауыстыру құны – 220 теңге. Бір кітаптың жалпы сомасы бет санына байланысты. Баспахана был­тыр Қызылорда облысындағы арна­йы кітапханаға 7 атау – 33 түбіртіктен тұра­тын кітапты 237 912 теңгеге сатқан.

Еске салайық, былтыр Мәдениет және спорт министрлігі зағип және көзі нашар көретіндерге арналған кітапханалар қоры ұлғайтылатынын айтқан еді. Нақтыласақ, «Министрліктің 2021-2023 жылдарға арналған бюджеттік жоспарында жыл сайын Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған рес­пуб­ликалық кітапханаға Брайль прин­тері мен Брайльдің портативті так­тиль­ді дисплейлерін, материалдық емес ак­тивтерді сатып алу үшін және кітапхана қорын толықтыруға тиісті қаражат қарас­тырылған», деген болатын вице-ми­нистр Н.Дәуешов. Аталған құзырлы орган­ның бағдарламасы іске асып жатса, жо­ғарыда аталған мәселелердің ше­шілуі­не ықпал етер еді. Ел алдында ай­тылған уәденің орындалуын асыға күтеміз.

P.S. Бұл мақалада зағип жандардың өміріне қатысты барлық мәселе қамтылған жоқ. Олардың кітап оқуынан бөлек әлеуметтік-тұрмыстық ахуалында да күрмеулі тақырыптар жетерлік.