Әлем • 01 Ақпан, 2022

Американың полярлануының жаһанға әсері

668 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

МАДРИД. АҚШ Конгресінде тағы бір қызу пікірталас болды. Бірақ одан ақырында түк нәтиже шықпады. Республикашылдар елдегі дауыс беруге жаңа тыйымға қарсы тұратын заң жобасын тоқтату мақсатында «филибастер» (заң жобасын қабылдатпау үшін талқылауды ұзаққа созу тәсілі – А.А.) пайдаланды. Демократтар заң жобасын қабылдау үшін «филибастерді» өзгерте алмады. Бұл оқиға Америка саясатындағы дағдарысты, полярлануды, биліктің әлсіреуін көрсетеді. Сондай-ақ қарашада өтетін Конргестегі аралық сайлауды өзгертетіні сөзсіз. Бұл жағдай әлемді де алаңдатуы тиіс.

Американың полярлануының жаһанға әсері

Кейінгі жылдары америкалық қоғам­да түсінбеушілік пен сенімсіздік жай­лады. Алгоритмге негізделген «эхо-ка­ме­ралар» салдарынан әлеумет­тік медиа платформалары осындай проблемаларды қиындатты. Адамдардың көзқарастарын нығайтып, қарсыластардың беделін түсір­ді. «Бәрін жоққа шығару мәде­ниеті­нің» күшеюіне ықпал етті. Осылайша, реформалар мен келісімге қол жеткізу үшін қажет шынайы ой-пікір мен ашық диалог мүмкін болмай қалды.

Саяси көшбасшылар полярланудан пайда көруді үйрене бастағандықтан, ахуал одан сайын шиеленісе түсті. Бұрынғы президент Дональд Трамп­тың популистік, оқшау, қыңыр ұстаны­мы мен саясаты полярлану мен тұрақ­сыздықты одан әрі күшейтті. Саясаттану ғалымы Барбара Ф.Уолтер ескерткен­дей, қазіргі таңда АҚШ азаматтық со­ғыс­тың алдында тұр.

Әрине, америкалықтарға өздері­нің саяси мүддесіне қатысты тәлім айтып отыр­ғым келмейді. Бұл еуропалық­­тар­дың бұрыннан келе жатқан әдеті. Бірақ қолайлы уақытта ғана тиімді пайда бере­ді. Сондықтан қазіргідей еуропа­лық­тар экстремизм мен түрлі түйткілге кезіккен кезеңде мұндай әрекет жасау орынсыз.

Бірақ шындығы сол, АҚШ қоғамына сына қағылуы баршамызға әсер етеді. Аме­риканың полярлану саясаты елдің эко­но­микасын, климатын, қорғаныс сала­­сын, ауыл шаруашылығын және сырт­­қы саясатын қалыптастырып жат­қаны анық. Ресей мен Германия жү­зе­ге асы­рып жатқан «Солтүстік ағын – 2» газ құбырына санкция салу туралы жуыр­­да республикашыл бастама көтеруі осының жарқын мысалы. Бұл қадам АҚШ президенті Джо Байденнің Ресей стратегиясына да, Американың Герма­ния­мен қарым-қатынасына да қауіп төндіреді.

Бірақ мәселе жекеше жасалатын кез келген саясатқа қарағанда тереңірек. Он­даған жыл бойы экономикалық мәсе­леге баса назар аударғаннан кейін, геосаясат қайтадан жаһандық деңгейде сахнаға шықты. Идеологияға негізделген ұлы державалардың бәсекелестігі дәл либералды демократия тартымдылығын жоғал­тып, авторитаризм белең алған сәтте күшейе түсті. Мұндай бәсе­келес­тік әртүрлі географиялық ареналарда (Украина, Венесуэла, Қазақстан, Тай­вань) және тіпті экономикалық салаға («Сол­түстік ағын – 2» немесе қытайлық тех­­но­логиялық алпауыт Huawei сияқты) еніп жатыр.

Әлемдік мәселеде геосаясат үстемдік құрған соңғы сәтте АҚШ жаһандық көш­басшы және Батыс мүдделері мен демо­кр­атиялық құндылықтарды жақтаушы ре­тінде тұғырда еді. Қазіргі таңда Украи­­­на шекарасындағы дағдарыс көр­сет­­­­кендей, әлем Американың бұл рөлді қай­­­­та­­лауын қажет етеді. Бірақ АҚШ-та бір кездегі көшбасшының шекпені ға­на қал­­ған. 

Мұның емі жоқ. Бірақ бірнеше идея айтылды. Экстремистік пікірді айтатын­дарға алаң беруге тыйым салудан бас­тап, міндетті ұлттық қызмет арқылы аза­мат­тық қоғамды қалыптастыру ұсынылды. Бір жағынан алғанда, кейінгі ұсыныс мәселенің мәнісін шешуге жарайды.

Америкалықтар өз елінің және оның бағыты бәріне ортақ екенін шынайы сезінуі керек. Олар болашақ үшін жауап­кер­шілікті өз мойнына алғаны жөн. Соның ішінде келешекке бағытты бел­гі­леу процесіне тікелей үлес қосу қажет. Әйтпесе, баршаға ортақ келісім қиынға айналады.

Еуропалық одақ бұл мәселемен жақ­сы таныс. АҚШ секілді ЕО барған са­­йын бөлшектеніп барады. Өйткені ұйым қа­зір­гідей заманда неліктен қажет екенін түсіндіруде қиындыққа кезі­геді. Бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін Еуропалық одақ Еуропаның бола­шағы жөнінде конференция ұйым­дас­тырды. Франция президенті Эмма­нуэль Мак­ронның бастамасымен өткі­зіл­ген Конференция Еуропаның қиын­дық­тары мен басымдықтарын түсіндіруге және «ортақ болашағымызды қалыптас­тыруға» көмектеспек. Іс-шара барысын­да азаматтармен бірнеше пікірталас өткізілді.

Тұжырымдамасы қаншалықты тартымды көрінсе де, конференция бюро­кратиялық тиімсіздікпен көмкеріл­ген идеалистік інжір жапырағына ұқсай­ды. Қалай дегенмен, АҚШ-тың мұн­дай бас­тама жасауы үшін алдымен амери­ка­лық атанудың нені білдіретіні туралы ортақ мәмілеге қол жеткізу керек еді.

Қазіргі таңда республикашылдар мен демократтар арасындағы қарама-қай­­шы көзқарас өршіп тұр. Мұны корона­­вирус пандемиясы анық көрсетті. Егер америкалықтар өздерінің қазіргі жағ­дайын түсінуде, әсіресе елінің әлемдегі ұстанымы туралы ортақ мәмілеге келе алмаса, олар ортақ болашақ жөніндегі көзқарасты талқылауды қалай бастай алады?

АҚШ бұрын да осындай жағдайға тап болған. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі жылдарда АҚШ екіге айырылған еді. Ахуалды түбегейлі өзгерткен (жаңа мәміле секілді) ұлттық саясат, АҚШ-тың соғысқа қатысуы жөніндегі қара­ма-қайшы пікірлер араға жік салды. Де­ген­мен Екінші дүниежүзілік соғыс қазір­гі «америкалықтардың мәмілеге келу сәті» ретінде есте қалды. Бұл өзге­ріс­­ті Франклин Рузвельттің саяси бас­шы­л­ы­ғына да жатқыза аламыз. Бірақ АҚШ-тың соғысқа қатысуына жаппай қоғам­ның қолдау білдіруі, жапон­дық­тардың Перл-Харборға шабуылы әсер етті.

Бiрақ ортақ дұшпанның кім екеніне бәрi келiссе ғана ел жауға қарсы бiрiге алады. Бүкіл әлемге ортақ жау саналатын коронавирус індеті Америкадағы бөлінуді одан әрі күшейткенін ескерсек, айтуға оңай екені анық.

Американың әлемдегі рөлін түсін­діруде шетелдік адамның көзқарасы пайдалы болуы мүмкін. Америка­лық еместер АҚШ-тың тарихи тұрғы­дан тапқырлық, жомарттық және демократияны бейнелейтінін жақсы түсінеді.

Американы біріктіруге апаратын жол тегіс те, түзу де емес, оңайға соқпайды. Сенімді жаһандық көшбасшы ретінде әрекет ету қажет. Бірақ Американың құл­дырауын пайдаланғысы келетін көптеген ойыншының бар екенін ескерсек, Еуропа АҚШ-тың ілгерілеуіне кө­мек­тесу үшін қолдан келгеннің бә­рін жасауы керек. Қырғи қабақ соғыс аяқ­талғаннан кейін АҚШ «тұтас және ер­кін Еуропаның» қалыптасуына кө­мек­тескені секілді, Еуропа бүгінде Аме­ри­каның ортақ мәмілеге келуіне қолдау көрсетуі тиіс.

 

Ана ПАЛАСИО,

Испанияның бұрынғы сыртқы

 істер министрі және

Дүниежүзілік банк тобының бұрынғы аға вице-президенті

және бас кеңесшісі

 

Copyright: Project Syndicate, 2022.

www.project-syndicate.org