Әлемдік банк екі жылда бір рет тарататын, өткен аптада жариялаған Жаһандық экономикалық перспективалар есебі бірқатар ықтимал нұсқаларды ұсынады. Талантты экономистер тобы әзірлеген баяндамада әлемдік экономиканың қазіргі кездегі ең үздік қорытындысы жазылған. Есепте көпжақты ұйымдардың дипломатиялық тілі пайдаланылғанымен, онда қатаң ескерту жасалған.
Біріншіден, Дүниежүзілік банктің болжамына сүйенсек, әлемдік экономиканың өсімі өткен жылғы 5,5 пайыздан 2022 жылы 4,1 пайызға дейін баяулайды. Қарыз жүктемесінің артуы тауарлар тасымалы мен қызмет көрсетуге, жеткізу тізбегіне кедергі келтірді. Үкімет инфляцияның көтерілуіне байланысты қолдау көрсету мүмкіндігін жоғалтып алды. Баяндама авторларының ескертуінше, «пандемиядан туындаған жаһандық рецессияны» жеңілдетуге талпынған елдер қарызының өсуі бірқатар мемлекеттің «қарыз дағдарысы қаупі жоғары» екенін білдіреді. Сондықтан кейбір елге жеңілдік жасалуы қажет.
Сондай-ақ баяндамада 2021 жылдың екінші жартысында көтерілген энергия бағасының одан әрі өсетіні айтылған. Дүниежүзілік банк алты ай бұрын жасаған болжамынан да асып түспек.
Тағы бір мәселе, есептің қорытынды кестесінде көптеген қызықты статистикалық дерек бар. Атап айтқанда, бақуатты елдердің ішкі жалпы өнімінің өсімі және оның алдағы екі жылға болжам жарияланған. Мәселен, 2021 жылы әлемдегі экономикасы ең жылдам өскен елдер – Аргентина, Түркия және Үндістан. Тиісінше, 10 пайызға, 9,5 пайызға және 8,3 пайызға табысы артқан. Бірақ дағдарыстан кейінгі өсімді мұқият түсіндіру қажет. Өткен жылғы экономикалық өсімнің басым бөлігі 2020 жылы пандемиядан кейін қаншалықты құлдырағанын көрсетеді. Осылайша, бақуатты елдердің экономикасы қайта қалпына келіп, ішкі жалпы өнімі бұрынғы деңгейге көтерілді. Аргентина экономикасы 2020 жылы 9,9 пайызға қысқарды. Үндістанда бұл көрсеткіш 7,3 пайызға тең. Осылайша, Мексика үшеуі әлемдегі ең нашар нәтиже көрсеткен елдер атанды.
Әдетте, дамып келе жатқан нарықтар және дамушы мемлекеттер (EMDE) экономикасы деңгейінің төмендігіне байланысты дамыған елдерге қарағанда жылдам өседі. Бірақ Жаһандық экономикалық перспективаларға сүйенсек, мұндай санатқа жататындар 2023 жылдың соңына дейінгі ахуалы дамыған елдерге қарағанда нашар болмақ. Өйткені қосымша қолдау көрсетуге байланысты саясат жүргізуде қиындыққа душар болуы мүмкін. Оның үстіне қалпына келтіру қарқыны да елдер арасында айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Қазіргі аласапыран басылғаннан кейін жаңа жеңімпаздар мен жеңілгендер шығады.
Мемлекеттер экономикасының қалпына келуіндегі әртүрлі жағдайдың басты себептерінің бірі экономикадан гөрі саясатқа байланысты. Соңғы жылдары Америка Құрама Штаттары секілді дамыған елдерден бастап Бразилия секілді EMDE елдеріне дейін агрессивті ұлтшылдықты күрт қолдады. Мұндай қадам экономикалардың қалай жұмыс істейтінін анықтауда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
Кей жағдайларды ескермегенде, ұзақ мерзімді перспективада экономика үшін әдетте гипер-ұлтшылдықтың салдары ауыр болмақ. Бұл түсінікті де. Өйткені қатал ұлтшылдық эгоизм мен әділетсіз ұстанымға әкеледі. Мұндай бағытқа басымдық берген елдер саудаға, капиталға және басқа да идеяларға кедергі келтіру арқылы өзін-өзі қамтамасыз етуге тырысады.
Мұның жарқын әрі тарихи мысалы – Аргентина. ХХ ғасырдың басында әлемдегі ең жылдам дамыған экономикалардың бірі саналып, АҚШ-ты басып озады деп күтілген еді. Мұндай ахуал 1930 жылы өзгерді. Әскери төңкеріс нәтижесінде гипер-ұлтшыл генерал-лейтенант Хосе Феликс Урибуру президент болып тағайындалды. Салық көтеріліп, иммиграцияға кедергілер артты. Аргентинаның ашық экономикасы әлем үшін жабылып, көп ұзамай тоқырауға ұшырады да, АҚШ алға шығып кетті.
Бұдан сабақ алу қажет. Оқиғаның өзектілігі арта түскендей. Жаһанданған әлемде, барлық жерде жаңа идеялар мен зерттеулер пайда болып жатқанда жалғыз ұлтшылдыққа арқа сүйеу экономикалар мен қоғамды артқа тартады.
Тәуелсіздіктен кейінгі Үндістанның тамаша жетістігі оның негізін қалаушылары – алғашқы премьер-министр Джавахарлал Неру мен ойшыл Рабиндранат Тагорға байланысты. Олар әлемдегі идеялар ашықтықтығын бар ынтасымен жақтады. Олар Үндістанда ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемдегі ең жақсыларды, оның қай жерден немесе қайдан келгеніне қарамастан енгізуге, жалпы адамдық бірегейлікті қолдауға ұмтылуымен ерекшеленді.
Әлі есімнен кетпейді, әкемнің достарының бірі бізге үнемі келіп, ұлтшылдықты күшейту керектігін айтатын. Ол Батыс отаршылдығына қарсы шығып, үнді ойшылдарына қарсы болатын. Үндістан Батыстың ғылым, әдебиет және философиядағы ең жақсы жақтарын алу керек дегенді сынға алатын. Бір күні ол бізді көндіре алмағанына ашуланып: «Менің ұраным – Батыс бізге ермейді, сондықтан біз Батысқа ермеуіміз керек», деді.
Мен бастауыш мектепте оқып жүрген едім. Бірақ сол кездің өзінде оның агрессивті ұлтшылдығы миын жайлап алғанын, ұраны өзіне-өзі қайшы екенін түсінетінмін. Саясаткерлер қоғамдық денсаулық сақтау дағдарысымен және кейбір жағдайларда зорлық-зомбылық күйзеліс қаупімен бетпе-бет келіп тұрған кезде, гипер-ұлтшылдыққа бой алдырған елдер сәтсіздікке ұшырайды.
Каушик БАСУ,
Дүниежүзілік банктің бұрынғы бас экономисі және Үндістан үкіметінің бас экономикалық кеңесшісі, Корнелл университетінің экономика профессоры және Брукингс институтының резидент емес аға ғылыми қызметкері
Copyright: Project Syndicate, 2022.
www.project-syndicate.org