ТМККК кімге тиесілі?
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бюджет қаражатынан төленеді және олар:
- Қазақстан Республикасының азаматтарына,
- қандастарға,
- босқындарға,
- Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын
(және тұруға ықтиярхаты бар) шетелдіктерге,
- Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын (және тұруға ықтиярхаты бар) азаматтығы жоқ адамдарға.
Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, пана іздеген адамдардың айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары болған кезде ТМККК алуға құқығы бар.
ТМККК пакетіне не кіреді?
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне мыналар кіреді:
- Жедел жәрдем қызметтері, оның ішінде белгілі бір жағдайларда медициналық авиацияны тарта отырып (яғни шұғыл көмек қажет болған жағдайда пациентке оның сақтандырылғанына немесе сақтандырылмағанына қарамастан көрсетілуге тиіс);
- Медициналық-санитарлық алғашқы көмек қызметтері (МСАК, яғни бұл негізінен емханаңыздың учаскелік қызмет деңгейінде көрсетілетін негізгі қызметтер), оның ішінде:
1) ең көп таралған ауруларды диагностикалау, емдеу және басқару;
2) халықтың нысаналы топтарын (балаларды, ересектерді) профилактикалық тексеру;
4) иммундау (вакциналау);
5) саламатты өмір салтын қалыптастыру және насихаттау;
6) ұрпақты болу денсаулығын қорғау жөніндегі іс-шаралар;
7) жүкті және босанғаннан кейінгі кезеңдегі әйелдерді бақылау;
8) инфекциялық аурулар ошақтарындағы санитарлық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар.
- Амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек (бұл емхана деңгейінде, оның ішінде есепте тұрғандар үшін және шұғыл жағдайлар туындаған кезде көрсетілетін қызметтер):
1) АИТВ-инфекциясының және туберкулездің профилактикасы және диагностикасы;
2) жарақаттар, уланулар немесе басқа да шұғыл жағдай кезіндегі қызметтер, оның ішінде елдегі эпидемиялық жағдайдың нашарлауын тудыратын аурулар кезіндегі және оларға күдік туындаған жағдайларда сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлық адам үшін мобильді бригаданың қызметтері;
3) әлеуметтік маңызды аурулар кезіндегі диагностика және емдеу;
4) динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулар кезіндегі диагностика және емдеу.
- Стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек (айтпақшы, бұл коронавируспен ауырған науқастарды үйде емдеуді де қамтиды):
1) әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу кезінде;
2) елдегі эпидемиялық ахуалдың нашарлауын тудыратын аурулар кезінде және оларға күдік туындаған жағдайларда сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлығы үшін үйдегі стационардың қызметтері;
3) динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулар кезінде емдеу.
- Стационарлық жағдайдағы мамандандырылған медициналық көмек (пациенттердің белгілі бір санаттары үшін ауруханада емдеу):
1) айналасындағыларға қауіп төндіретін инфекциялық немесе паразиттік аурумен ауыратын науқаспен қатынаста болған адамдарды, сондай-ақ бактерия тасымалдаушыларды, вирус тасымалдаушыларды және қауіп төндіретін инфекциялық немесе паразиттік ауруға күдікті адамдарды оқшаулау кезінде;
2) инфекциялық, паразиттік ауруларды және айналасындағыларға қауіп төндіретін ауруларды емдеу кезінде;
3) сақтандырылу мәртебесіне қарамастан адамдарға шұғыл көмек көрсету, оның ішінде тәулік бойы стационардың қабылдау бөлімшесінде емдеу-диагностикалық іс-шаралар өткізу;
4) жоспарлы тәртіпте.
- Медициналық оңалту:
1) негізгі ауруды емдеуде;
2) туберкулезбен ауыратын науқастар үшін.
- Паллиативті медициналық көмек;
- Мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде медициналық көрсетілімдер болған кезде қан препараттарымен және оның компоненттерімен қамтамасыз ету;
- Амбулаториялық, стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезіндегі патологиялық-анатомиялық диагностика;
- Қазақстандықтарды шетелге емделуге жіберу және (немесе) отандық медициналық ұйымдарда емделу үшін шетелдік мамандарды тарту;
- Дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен, мамандандырылған емдік өнімдермен, иммундық-биологиялық дәрілік препараттармен қамтамасыз ету. (Әлеуметтік маңызы бар, созылмалы аурулары бар динамикалық есепте тұрған адамдар үшін қарастырылған. Бүгінде амбулаториялық деңгейде ТМККК шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 347 атауы бойынша 49 нозология қамтамасыз етіледі. Тізбе Денсаулық сақтау министрінің № 75 бұйрығымен бекітілген).
Аталған барлық жағдайда сақтандырылмаған азаматтар мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде оларға көрсетілетін қажетті көмекке сене алады.
«Егер сізге шұғыл көмек қажет болса, алайда сізге МӘМС-де сақтандырылу мәртебесінің жоқтығына сілтеме жасай отырып, шұғыл көмек көрсетуден бас тартылса, дәрігерге пациенттің өз құқықтары туралы мәлімдеу және олардың сақталуын талап ету қажет. Қорға осындай өтініштер жиі келіп тұрады, сондықтан азаматтарды өз құқықтарын білуге шақырамыз», деп түсіндірді ӘМСҚ басқарма төрағасының орынбасары Ілияс Мұхамеджан.
Егер МӘМС үшін жарналар төлемесе, пациенттер тіпті емханаға жүгінбейтін де фактілер бар. Естеріңізге сала кетейік, жоғарыда аталған жағдайлар бойынша тегін көмектен Сізге бас тартпау керек.
Сонымен бірге қор медициналық қызметтердің кең тізімін пайдалану үшін МӘМС жүйесінің қатысушысы болуды ұсынады. Атап айтқанда, бұл – тар бейінді мамандардың консультациялары, диагностикалық зерттеулер, жоспарлы операциялар, соның ішінде қымбат тұратын операциялар.
Айта кетелік, қосымша сұрақтар туындаған жағдайда оларды емхананың анықтама қызметіне қоюға немесе жағдайды шешу үшін Пациенттерді қолдау қызметіне хабарласуға болады. Егер сол жерде түсіністікке қол жеткізу мүмкін болмаса, сіз үшін ыңғайлы байланыс арнасы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына хабарласу керек: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot.