Білім • 04 Ақпан, 2022

Еуразия университеті көш бастап тұр

259 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қазақстандық жоғары оқу орындарының жаңа рейтингін жариялады. Мұндай зерттеу осымен төртінші жыл қатарынан Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен ұйымдастырылып келеді. Биылғы рейтинг қорытындылары туралы Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Еуразия университеті көш бастап тұр

Жиында сөз алған Білім және ғылым саласындағы сапаны қам­та­масыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова:

«Білім беру бағдарламалары үш блокқа біріктірілген (түлектердің мансаптық болашағы, білім беру бағдарламаларының сапасы және білім алушылардың жетістіктері сынды) 19 критерий бойынша бағаланды. Зерттеу көрсеткендей, жұмыс берушілердің ЖОО-дағы білім беру бағдарламалары­ның сапасы мен өзектілігіне қанағат­тану көр­сет­кіші 28 пайызға арт­қан. ЖОО білім беру бағдарлама­лары­ның 85%-ы жұмыс берушілер­мен ке­лісіл­ген. Бағдарламалар­дың 88%-ы агент­тіктерде аккредиттеуден өтті. Жұ­мыс­қа орналасқан түлектердің са­ны өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға артып отыр. Осылайша, 2021 жылы жұмыспен қамту орташа есеп­пен 77%-ды құрады. Сонымен қатар практикаға бағдарланған ма­­­­­­ман­дықтар үшін оқу процесіне прак­­­­­тикалық тәжірибесі бар оқыту­шы­­­ларды тарту бойынша оң үрдіс байқалады. Практик-оқыту­шы­лардың саны 75%-ға дейін көбей­ген», деді.

Бұған дейін Білім және ғылым министрлігі отандық жоғары оқу орындарына штаттық қызметкерлер емес және ғылыми дәрежесі жоқ практик-мамандарды жұмысқа шақыру бойынша заңнамаға өзге­рістер енгізген болатын. Осы­дан соң университеттер өндіріс оры­н­дарының білікті мамандарын оқы­ту­шылық қызметке тарта бастады.

Ал «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасы (ҰКП) бас­қарма төра­ғасының орынбасары Олжас Орда­баев білім беру бағдар­ла­ма­лары­ның сапасын жұмыс беру­шіл­ер баға­лағанын жеткізді.

«Рей­тинг аясында 2000 білім беру бағдарламасы бағаланды, 73 071 түлектің жұмысқа орналасуы талданды, Қазақстанның барлық өңірінен 200-ден аса салалық сарапшы тартылып, нәтижесінде 105 жоғары оқу орны бойынша 2 мың сараптамалық қорытынды жасалды. Зерттеуде ең негізгісі тү­лек­тердің мансаптық болашағы, жұ­мысқа орналасу деңгейі, жұмыс іздеу және орташа жалақысына ден қойылды. Деректер жоғары оқу орындарының анықтамаларына емес, зейнетақы аударымдарына сүйе­ніп алынды. Осыдан соң білім беру бағдарламаларының сапасына басымдық берілді. Білім беру бағдарламаларына жұмыс берушілер, белгілі бір сектордағы тәжірибелі сарапшылар баға берді. Төрт жыл ішінде өте жақсы тә­жірибе жинақталды. Процесс авто­маттандырылған. Студенттер қай пәндерді оқиды және әр пән бо­йынша қандай тақырыптар, белгілі бір пәнге қанша сағат бөлу керек, осыған назар аударылды», деді О.Ордабаев.

«Атамекен ҰКП өкілінің ай­туынша, 2019 жылдан бастап жұ­мыс­қа орналасу деңгейі өсіп келеді. Тек 2020 жыл қиын жыл болды, оған пандемия себеп. Жұмысқа орналасу деңгейі 2019 жылға қарағанда төмендеді, ал қазір жағдай түзеле бас­­тады. Ел бойынша жұмысқа ор­на­ласу көрсеткіші 77%-ға жетті. 2019 жылы түлектердің жалақы дең­ге­йі 101 мың теңгені құраса, қазір 127 мың теңгеге көтерілген.

Сонымен, Рейтинг-2021 қоры­тындысы бойынша: «Ден­саулық сақтау және әлеуметтік қамта­ма­­сыз ету» бағыты бойынша же­тек­ші орынды С.Асфендияров атын­дағы ҚазҰМУ иеленді, ал Оң­түстік Қазақстан медицина ака­де­миясы әлсіздер қатарында. Заң сала­сында М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ дәстүрлі түрде көш бас­тап келеді. «Педагогикалық ғы­­лымдар» бағыты бойынша Л.Н.Гу­ми­лев атындағы Еуразия ұл­т­тық университеті алдыңғы орында, Шым­кент қаласындағы А.Қуат­бе­ков атындағы Халықтар дос­тығы университеті, «Сырдария» уни­верситеті төменгі орында тұр. «Ақ­параттық-коммуникациялық тех­­нологиялар» бағытында ХАТУ, ал «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» бойынша М.Қозыбаев атындағы СҚУ алдыңғы орында тұр. «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика», «Өнер және гуманитарлық ғы­лым­дар» және «Әлеуметтік ғы­лым­дар, журналистика және ақпа­рат» сияқты үш бағыт бойынша С.Торай­ғыров университеті көш бас­тап келеді. Еліміздегі көп­­­са­­­­лалы жоғары оқу орындары ара­­­сындағы жалпы рейтингте Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­­тық университеті, С.Торайғыров уни­верситеті, Қазақстан-Неміс уни­­­вер­ситеті үздік атанды. Бейінді ЖОО арасында Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті үздік болды. Сондай-ақ Қазақстан-Британ университеті, Нархоз университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, КИМЭП уни­­вер­ситеті сияқты жоғары оқу орын­­дары алдыңғы қатарда тұр. Келесі жоғары оқу орындары әдет­­тегідей аутсайдерлер қа­тарында: академик А.Қуат­­бе­ков атындағы Халықтар дос­тығы уни­верситеті, Орталық Азия ин­но­­вация­лық уни­вер­ситеті, «Сыр­дария» уни­вер­си­теті, Шымкент уни­вер­ситеті.

Рейтинг қорытындысы білім беру бағдарламаларын жетілдіру бойынша жұмыс атқармаған жо­ға­ры оқу орындары аутсайдерлер қатарына қосылғанын көрсетіп отыр. Әдетте бұл университеттер білім беру бағ­дар­ламаларына инвестиция аз бө­леді, практик-оқытушыларды көп тартпайды және жыл сайын ҰБТ/КТ-да төмен балл жинаған абитуриенттерді оқу­ға қабылдайды.