Суретте: Шавкат Рахмонов Қарағанды облысы спортының басшысы Темірхан Абылаевпен бірге.
«Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» демекші, Шавкат Рахмоновтың Қарағанды қаласынан шыққанын спортсүйер қауымның көпшілігі біле бермеуі де мүмкін...
Дәлірек айтар болсақ, жекпе-жек шебері осыдан он жылдай бұрын анасы және екі ағасымен бірге Өзбекстаннан Қарағанды қаласына көшіп келген. Спортшының анасы Ташбибі Атамұратова қаладағы «Шығыс» базарында сауда жасап, ұлдары болса арба сүйреп, адал тірлік етіпті. Сөйтіп жүріп олар адал еңбек, маңдай тердің арқасында ел қатарына қосылған.
Қара жұмыс істеп, шымыр болып өскен Шавкат қолы қалт еткенде спортпен, оның ішінде әскери самбо, қоян-қолтық жекпе-жек түрлерімен шұғылдануға уақыт тауып жүріпті. Оның алғашқы жаттықтырушысы белгілі маман Владимир Фофанов болған.
Шавкаттың қарындасы Сора Рахмонова да ағасының ізін басты. Қайсар мінезді қыз қоян-қолтық жекпе-жектен 2021 жылы Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатында топ жарған. Қазіргі уақытта ол қоян-қолтық жекпе-жектен Қарағанды облысының аға бапкері Рахат Ысқақовтың қарамағында жаттығады.
Жалпы, Шавкат Рахмонов жол түскенде кеншілер астанасына келіп тұруды ұмытпайды. Облыс спортының басшылығы да атақты спортшыны сый-сияпаттан кенде қалдырмай, құшақ жая қарсы алады. Бұдан бөлек, спорт басқармасы шебердің өжет қарындасы Сораға да қолдан келген көмекті көрсетіп тұрады.
Еске салар болсақ, Шавкат Рахмонов «Вестник ММА» ұйымының мәліметі бойынша, кезекті жеңісі үшін 94 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алыпты.