Қолжазбаның қалай табылған тарихына тоқталмас бұрын азалы жырдағы:
Жас құйылып ағылып,
Бұлт қайғырды қамығып,
Ай тұтылды аспанда,
Азалы перде жамылып,
Күннің нұры ажырап,
Кірпіктен оты шашырап,
Күңгірт сәуле көңілсіз,
Күңіренді атырап, –
деп келетін зарлы жырдағы азалы жоқтауға бір дүркін көңіл аударған жөн сияқты. Жоғарыдағы шумақтарды тәпсірлер болсақ, бұл Ахат атамыздың қапыда қаза тапқан әкесі Шәкәрімді қайғыра еске алуы. Жырдың соңында «Бұлар неге жылады, Нені уайым қылады, Терең ойлы ақынның, Қаламы қолдан құлады» деп келетін жолдардан терең ойлы, кемел толғамды ақының қаламы қолынан мезгілсіз құлағанын аңдаймыз.
Осы бір азалы жырдың қолжазба нұсқасын бізге берген адам – елордадағы Ұлттық музейдің ғылыми қызметкері, шәкәрімтанумен азды-көпті айналысқан Ләззат Әлжан ханым. Бұл қарындасымыздың әкесі Тілеуқожа ағамыз жылымық жылдары Семей облысы, Абай ауданына қарасты «Абай» совхозында прораб болған екен. Оның сыртында көзі ашық, көненің сүрлеу-соқпағын жақсы білетін, әсіресе ел ішіндегі Абай мектебі мен дананың рухани қайнарына жақын адам болыпты. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары басында елге Ахат Шәкәрімұлы келеді. Бұл кісіні былайғы жұрт Абайдың тұқымы деп танып, үлкен лепеспен құрмет көрсетеді. Ахатты алқаушылар арасында Тілеуқожа Әлжанов та болады. Тіпті елден ерек құрмет көрсетеді. Қарапайым құрылысшының құрметіне сүйсінген Ахат атамыз қойнынан егіз қозыдай қос қолжазбаны суырып шығып, бірін совхоз директоры Санақбек Қасымжановқа, екіншісін Тілеуқожаға сыйлайды. Жарықтық Тікең ағамыз 2010 жылы дүниеден өтерінде Ахат сыйлаған қолжазбаны әдебиет пен мәдениеттен хабары мол қызы Ләззатқа тапсырады.
«Әкем жарықтық қатардағы қарапайым құрылысшы болғанымен, халқымыздың рухани қазынасына аса құрметпен қарайтын. Үйіміз толы кітап болды. Хат таныған сәттен бастап, бәріміз кітап оқуды әдет қылдық. Әкей Абай атамыздың шығармасын жатқа білетін. Соның әсері болар, ұлы ақынның ұрпағына деген құрметі де ерек еді. Ахат атаның қолжазбасын көзінің қарашығындай сақтады. Бұл мұра қазір менің қолымда тұр», дейді Ләззат Тілеуқожақызы.
Осы орайда, танымал абайтанушы сұңғыла қарт, абыз ақсақал марқұм Төкен Ибрагимовтің естелігінде: «Ахаңның тағы бір кісілігі қашан барсаң, әкесінің және өзінің қолжазбасын көшіріп отырады. Көшіргенін сенімді адамдарға таратады», дегені шындыққа сайып тұр.
Жалпы жоғарыдағы жыр Құрқұдықта 30 жыл жатқан әке мүрдесін қазып алғаннан кейін жазылған сияқты. Өйткені Төкен ақсақалдың естелігінде, қажы әкесінің мүрдесін қазып алып, қайта жерлеген соң Ахат жарықтық қатты тебіреністе болды. Күнделікті қаламы қолынан түспей жырсоқты күй кешті депті.
Реті келгенде айта кетейік, Төкен ағамыздың 2020 жылы 11 тамыз күні «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген естелік-эссесінде: «Ахат 1961 жылы шілде айының 27-сі күні әкесінің мүрдесін қазып, сүйегін тырнағына дейін түгендеп санап алды. Осы оқиға жайлы өзі 1992 жылы «Жұлдыз» журналына көлемді мақала жазды. Осы мақалада «...әкемнің сүйегін тастаған құдықты жалғыз қазып, алғашқы күні метрден артық қаза алмадым. Жаныма адам алмай жалғыз қазған себебім: біреу болса, ол асығып, сүйектің бір жерін сындырып алар деген ой келді», дей отырып, 28 шілде күні барлық сүйегін толық қазып алғанын, тек екі сүйегі бүлінгені жайлы айтушы еді жарықтық. Бүлінген сүйектің бірі – оң жақ тоқпан жіліктің басы екен. Дәл сол сүйектен оқ тиіпті. Екінші оқ төс сүйегін тесіп өтіп, оң жақ омыртқаның қанатын талқандапты. Ахаң өте ұқыпты адам еді. Әкесінің бас сүйегін өлшеп, шеңбері – 53, маңдайы қарақұсына дейін – 31, құлақ-шеке арасы – 30, ортан жілігі – 43, жіліншігі – 46, жамбасы – 26, басының биіктігі 19 сантиметр екенін жазып алғанын маған көрсетті.
Тамыздың 8-і күні Ахат әкесінің қазып алған сүйегін Жидебайға апарып, Абайдың зиратынан 60 метр жердегі дөңнің үстіне жерледі. Жаназаға 100-ге жуық адам қатысыпты. Ел-жұрт қажының жерлеу жабдығына 6 қой, 240 рубль ақша қосты дейтін Ахаң. Ахаттың өзі дүниеден өткенде дәл осы араға әкесінің қасына апарып өз қолыммен жерледім. Жарықтық текті адам еді. 1983 жылы желтоқсанның 23-і күні Ахатқа Ресейде тұратын баласы «Физули қайтыс болды» деген хабар келді. Қайым Мұқаметқан екеуіміз барып естірттік. Тура бір күннен кейін желтоқсанның 24-і күні менің баламның үйлену тойы болатын. Содан қайтті дейсіз ғой: «Сендер ешкімге айтпаңдар, мен сенің балаңның үйлену тойына қатысайын», деді. Тойға қатысып, ертеңінде өз баласын жерлеуге ұшып кетті» деген жолдар бар.
Жоғарыдағы жазбадан біз Ахат ақсақалдың қандай адам екенін байқай аламыз. Өйткені бұл кісі Абай мектебінің тәрбиесін көрген адам. Өзінің естелігінде: «Әкей Абай өзін қалай тәрбиелесе, бізді де солай тәрбиеледі. Соның негізгілері: Адам елге, не біреуге пайдасын тигізуі керек. Пайдасын тигізе алмаса, залалы тимесін. Онан соң, қатты тапсыратын нәрсесі – адалдық! Адал болыңдар, адалдың арқаны ұзын. Біреуді өткелге салып өтуден сақ болыңдар. Егер бұны істесеңдер, ырза емеспін дейтін. Адам баласын ұлтқа, руға бөлуден сақтан, алалай көрмеңдер. Бұлардан басқа да: Қайтсе адам адамшылық атқарады? Жазушы, ақын қандай болуы керек? Шын адам кім? Жаман нәрселер нелер? Адамның қай мүшесі қандай қызмет атқарады, қай мүшең артық? Адамшылық міндетін немен атқарады? Елге қалай еңбек ету керек? – Осылардың бәрін шешіп, көп-көп ақыл айтып ұқтырады. Осыларды жазыңдар деп тақырып беріп отыратын. Осы ақыл-кеңесінің арқасында мені мен Қабыш деген баласы: «Ақын», «Өлең айт!», «Жүрек», «Адам кім?», «Жаман не?» деген сияқты тақырыпта өлең жазып, айтқан әңгімесін, ертегісін қисса етіп жазып көреміз деп талпынатын болдық. Қабыш деген баласының қабілеті артық еді. Ол ағай өлеңді қолма-қол айтып, ойын дөп түсіретін, 33 жасында қайтыс болды. Біз де әкей сияқты ән шығарамыз деп те талаптандық, шығардық та, осының бәрі әкей тәрбиесінің нәтижесі. Біз әкейдің тәрбиесінің арқасында боқтық, арамдық дегенді білмедік. Кісі түгілі айуанды да боқтап көрген емеспіз. Малшыларды не оның балаларын бөтен санағанымыз жоқ. Олармен бірге жатып, бірге ойнадық. Олардың үлкендерінің аттарын атамайтынбыз. Ата, апа дейтінбіз. Олар бізді жанындай жақсы көретін» деп жазады («Жұлдыз» журналы, 1992 жыл, № 11).
Сол сияқты шәкәрімтануда белсенді еңбек етіп жүрген Ләззат Әлжан ханымның «Шәкәрім ұрпақтарының трагедиясы» атты еңбегінде Ахат Құдайбердиевтің 1957 жылы Абай мұражайына өз қолымен толтырып тапсырған құжатты ұсынады. Онда: Ахат Шәкәрімұлы 1900 жылы 10 шілдеде Семей облысы, Шыңғыстау ауданында туғандығы көрсетілген. 1922-1927 жылдар аралығында Семей педтехникумын бітіріп, 2-3 жыл өз елінде бастауыш мектеп мұғалімі болып істейді. Кейін бұл кісіге «халық жауының» тұқымы деген жалған айып тағылып, 1937 жылы 13 қарашада Сібірге айдалды. Күндіз-түні тергеу, ұрып-соғу, азаптау. Мұндай қорлыққа шыдамаған ол «жақындарымнан жаным артық па?» деп өз жүрегіне өзі ине сұғады. Бірақ ине жүрекке жетпей, жолда көк етке тіреліп, аман қалады. 1975 жылы ғалым-рентгенолог, медицина ғылымдарының докторы М.Әлиақпаров рентгенге түсіргенде ине көк етте әлі тұр екен. Өткен өмірінің куәсіндей болған сол ине Ахат атамен о дүниеге бірге аттанады. Айдалып, жер аударылып жүрсе де Ахат ұлы Абайдың ең талантты шәкірті болған әкесінің асыл мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, жинап жүрген. Ахаттың өзі де жастайынан өнерге, өлеңге құштар болған. Табиғат берген таланты бар дарынды ақын көптеген өлең, поэмалар жазып, өлеңдеріне ән шығарды. «Қазына» атты сазды-этнографиялық жинаққа басылып шықты. Данышпан Абайдың немере інісі Шәкәрімдей ұлы тұлғаның туған баласы Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиев 1984 жылы қайтыс болды, дейді.