Қоғам • 08 Ақпан, 2022

Темір генерал

1620 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеңес Одағының Батыры атағын үш дүркін иеленген даңқты ұшқыш А.И.Покрышкин «соғыс адам санын азайтады, есесіне батырларды көбейтеді» деген екен. Осы кісі айтқандай, 1941-1945 жылдары ғаламды дүрліктірген алапат соғыс қазақ ұлтына үш генерал сыйлады. Біріншісі – Сабыр Рахымов 1943 жылы 19 наурызда әскери жоғары шен генерал-майор атағына қол жеткізсе, екіншісі – Шәкір Жексенбаев 1943 жылы қазан айында, үшіншісі – Моңғолия әуе күштерінің бас қолбасшысы Жайсанып Мүдәрісұлы 1944 жылдың сәуір айында бұл атаққа ие болыпты. Биыл қазақтан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Омарұлының туғанына 120 жыл толып отыр.

 

Темір генерал

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазақ халқының даңқты ұлдарының бірі, генерал-майор Сабыр Рахымов 1902 жылы Оңтүстік өңірде туған. Ал нақты туған күні жайлы әртүрлі дата айтыл­ғанымен, майдан даласында гене­ралдың қасында болып, адъютант мін­детін атқарған, соғыстан кейін Сабыр Рахы­мов туралы деректі повесть жаз­ған Леонид Юсуповтың кітабында: «Родился Сабир 25 января 1902 года в Таш­кенте, на Тахтапуле, в доме номер 8, по улице Водопадной» деген нақты дерек бар (Л.Юсупов. «Из боя в бой», Москва – 1975, стр-83). Демек қазақ генералының туған күні осы.

Сабырдың балалық шағы жайлы зерт­теуші-қаламгер Бегімхан Керімханұлы­ның жазбасында, болашақ генерал ат айы­лын тартып мініп, ержеткенге де­йін жоқшылықтың қамытын киюмен бол­ған дейді. 1907 жылы әкесі Омар қайтыс болған. Жесір қалған Бахарайым жалғыз ұлын жетектеп, диірменші аға­сы Рахымның отбасын паналайды. Сөй­тіп, Сабыр көкеміздің фамилиясы «Рахы­мов» болып кеткен.

Генералдың ғұмырнамалық дерек­те­рінде жаңа өкімет Кеңес билігіне ол кісінің ықыласы жақсы болғаны айты­лады. Сөйтіп, жаңа низамның желі­мен бірге Сабыр ағамыз 1922 жылы Баку­дегі әскери мектепке қабылданып, оны үздік бітіреді. Тіпті 1925 жылы атақ­ты қолбасшы М.С.Фрунзе курсант Сабыр­дың ат үстіндегі соғыс өнеріне қатты риза болып, оған қолдан жасалған жыл­қы мүсінін сыйлаған екен.

Болашақ генерал әскери мектептен соң атты әскер взводының эскадрон командирі болып, Қарақұмда басма­шы­ларға қарсы күресте үлкен ерлік көрсе­теді. Нәтижесінде, ол 1927 жылы Қызыл Ту орденімен, 1930 жылы Қы­зыл Жұлдыз орденімен марапатталады. Осылай әскери қызметке түбегейлі бет бұрған жас офицер 1941 жылы майданға аттанады. Соғыстың алғашқы күндері С.Рахымов басқарған құрама жау қор­ша­уын бұзып шыққан батылдығы үшін полк командирі Рахымов екі дүркін Қызыл Ту орденімен марапатталып, полковник шенін алады. 1942 жылы дивизия командирі міндетін атқарушы болып тағайындалады. Осы кездегі бір әскери құжатта: «Рахымов басқарған дивизия 4 000 фашистің көзін жойып, немістің 100 солдатын тұтқынға түсірді, жаудың төрт ұшағын құлатты» делінген.

Майданның нағыз қызып тұрған ша­ғында, яғни 1943 жылы 19 наурызда әскери жоғары шен генерал-майор ата­ғына қол жеткізген қазақ баласы ке­шікпей Мәскеудегі Бас штаб Акаде­миясына оқуға шақырылады. Осы орайда атап өтерлік дерек, оқуға аттанған қазақ генералы туралы 12-ші Армияның Бас қолбасшысы А.Гречко: «Инабатты, ұстамды, тактикалық білімді, тәртіпті офицер. Шабуыл кезінде дивизияны дұрыс басқара алды» десе, 56-шы Армия­ның Бас қолбасшысы С.Рыжков: «Ше­шімді, ізденгіш, ойшыл командир. Рахымовтың қайсарлығы мен ер­жүректілігі оның қарамағындағы­лар­ға үлгі бола алады», деп бағалапты.

Осылай уақытша білім жетілдірудің қысқа оқуын аяқтаған соң 37-ші атқыш­тар дивизиясының тізгінін ұстаған генерал-майор Сабыр Омарұлы 2-ші Бело­рус майданында соғысып, фашистер­дің Польшадағы негізгі тірек пункттері – Дзядлова, Млава, Плоньск, Пултуск қа­ла­лары мен Цеханов-Модлин темір­жол желісін жаудан тазартады. Осылай екі аптаның ішінде Польшаның 124 елді мекенін жаудан азат етеді.

1945 жылы наурызда Староград қаласы маңында болған жаумен қиян-кескі шайқаста генерал-майор С.Рахымов қаза табады. Қазақ гене­ралының қа­засы жайлы әртүрлі нұс­қа көп. Соның ішінде генералдың жер­лесі һәм солдаты Кеңес Одағының Ба­тыры Тоғанбай аға Қауынбаевтың ес­те­лігінде: «Менің есімде қалғаны, дивизия саяси бөлімінің бастығы пол­ков­ник Смирнов, артиллерия құра­ма­сының қолбасшысы полковник Ру­денко, байланыс қызметінің бастығы подполковник Голованьды қасына ерткен Сабыр Омарұлы 1945 жы­лы 25 нау­рызда 109-шы полк шабуыл­дап жатқан шепке келді. Бір жағы жа­уынгерлерді жігерлендіріп, екіншіден, ұрыс даласын байқап қайтпақшы екен. Олар бақылау пунктін ауыстыру жайын еске салады да, қасындағы серіктерімен бүйірлеу бағытқа беттеді. Шақырымға жетер-жетпес жерге келіп, жайғаса бергенде, зыңылдай ұшқан мина дәл командирлер отырған жерге бұрқ етіп түсті. Жан ұшыра жүгіріп келсем, Смирнов пен Головань тіл тартпай көз жұмыпты. Руденко ауыр жараланыпты. Ал Сабыр аға көзін басып, қиналып жатыр екен.

– Сабыр аға, не болды? – деп тіл қаттым.

– Тоғанбаймысың? Не болғанын қайдам, әйтеуір мына көзім суырып алып барады.

Ол кісінің айтқаны осы болды. Жал­ма-жан аяулы ағаның жараланған көзін таңып, медсанбатқа хабарладық. Сол бетте далалық госпитальға апарылған Са­быр аға сол жерде соңғы сапарға аттанып­ты. 30 наурыз күні Рахымов және оның майдандас достары Белоруссия­ның Гродно қаласында жерленді» деп жазады.

Соғыс біткен соң 1945 жылдың ма­мыр айында Сабыр ағаның мәйіті Таш­кентке әкелінеді. Рахымовпен қош­та­суға арналған қайғылы митинг 25 ма­мырда болады. Мүрдесі Ташкенттегі Бауыр­­ластар мазаратына жерленіп, С.Рахымовқа 1965 жылы 6 мамырда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Қаулы­сымен Ұлы Отан соғысында көр­сет­кен ерлігі үшін Кеңес Одағының Ба­тыры атағы беріледі.

Ұлы Отан соғысының даңқты батыры, Орталық Азиядан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Омар­ұлы Рахымовқа арнап Өзбекстанда ес­керткіштер орнатты, есімі Ташкент­тегі метро станциясына берілді. 1949 жылы өзбек жазушысы Камиль Яшен «Генерал Рахымов» атты пьеса жазса, 1967 жылы «Өзбекфильм» киностудия­сы «Генерал Рахымов» атты көркем фильм түсірді.

Сол сияқты кейінгі жылдары қа­зақ генералының есімін ұлықтау еліміз кө­лемінде де кеңінен етек алды. Сабыр Рахымовтың құрметіне Алматы, Шым­кент, Тараз қалаларында көшелер, Қазы­ғұрт ауданында ауыл аты берілді. 2003 жы­лы Шымкенттегі республикалық әскери мектеп-интернатқа Сабыр Рахы­мовтың есімі беріліп, ескерткіш орна­тылды. 2002 жылы Түркістан қала­сында «Коммунизм» мектебіне Кеңес Ода­ғының Батыры генерал-майор С.Рахы­мов есімі берілді. С.Рахымовтың өмір­баянын зерттеген Ұлықпан Бәшенов­тің деректеріне қарағанда, генералдың әке­сі Омар (Омарқұл) қазақ, шешесі Ба­харайым өзбек қызы болған көрінеді.