Алдымен студенттердің датына тоқтала кеткен жөн.
«Студенттердің көбісі – көпбалалы ана, жалғыз басты аналар. Басқа облыстардан қатынауға тура келетін студенттеріміз бар. Олардың барлығы осы қаражатты әрең көтеріп жүр. Негізі шарт бойынша жылдық оқу ақшасы 336 мың теңге болған. Бірақ осы жиналыста бізге күндізгі оқу форматына көшіңдер деді, онда бұған 555 мың теңге көлемінде ақша қосылады», дейді студент Мерей Меркібай.
Қысқасы, қашықтан диплом алғысы келетін студенттердің алға тартқан тағы бір мәселесі – күндізгі оқу форматына көшумен бірге оқу ақысын бұрынғыдан едәуір көп төлеуі.
«Қашықтан оқуды бастадық па, қашықтан аяқтайық, сол үшін оқуға түсіп отырмыз. Енді аяқасты бізге ақпан айының 20-нан наурыздың 20-на дейін келіп оқыңдар деп жатыр. Көп қыздар келе алмайды. Сол үшін біз онлайн форматта оқиық, әрі қарай осылай аяқтайық деп сұрап келіп отырмыз», дейді студент Роза Тұрғымбекова.
Бірақ онлайн отырып, ұстаздық диплом алғысы келетін студенттерге университет басшылығының айтатын уәжі басқа. Жоғары оқу орнының ресми өкілі Жандар Асан төмендегідей түсініктеме берді.
«Бүгінде университетте қашықтан білім беру технологиясын қолдана отырып білім алатын студенттердің саны шамамен 1 700 адамды құрайды. Білім алушылар оқу бағдарламасының дәстүрлі, яғни оффлайн форматта өтуіне қарсылықтарын білдіруде. Осы орайда ерекше астын сызып өтетін нәрсе: Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңының 5-бабының 25-тармақшасына және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №137 бұйрығына (2021 жылғы 25 ақпандағы №34 өзгерістер мен толықтырулармен) сәйкес қашықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары бекітілді. Жоғарыда аталған Ереженің 25-тармағына сәйкес педагогикалық ғылымдар, құқық, хореография, аспаптық орындау, авиациялық техника және технологиялар, құрылыс, теңіз техникасы және технологиялар, денсаулық сақтау, әскери іс, ветеринария саласында кадрлар даярлау үшін жоғары кәсіптік оқыту ұйымдарында қашықтан білім беру технологиясын пайдалана отырып, пәндерді оқытуда академиялық кредиттердің жалпы көлемінің 20%-ы ғана көзделген. Нақтырақ айтқанда, оқу барысының қалған 80%-ы дәстүрлі (оффлайн) форматта өткізіледі. Бұл талаптар аталған бөлімде оқитын студенттермен 2021 жылғы 20 тамызда университетпен жасасқан келісім шартта егжей-тегжейлі көрсетілген», деді ол.
Оның ақпаратына сүйенер болсақ, аталған білім алу технологиясы арқылы оқитын студенттер университетте оқудың дәстүрлі форматта басталуы 2022 жылдың 21 ақпаны мен 20 наурызы аралығында, ал жазғы емтихан сессиялары 30 мамыр мен 26 маусым аралығында өткізілмек. Бұл туралы білім алушыларға алдын ала ескертілген екен.
«Күндізгі бөлімге қашықтан білім беру технологиясы арқылы түскен білім алушылардың жоғарыда аталған өзгерістерге байланысты түсініспеушілік пен өз тараптарынан келіспеушіліктің туындауына байланысты дүйсенбі күні университетте студенттермен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында университеттің басқарма төрағасы – ректоры Гүлмира Қанай білім алушылар тарапынан туындаған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, ұсыныстардың барлығын назарға алатынын жеткізді. Ең бастысы, студенттерге де, университетке де екіжақты өзара тиімді шешімдердің тетіктері қарастырылды. Университетіміздің басты мақсаты – білім алушылар алдындағы міндетімізді сапалы орындау. Студенттердің көп бөлігі жұмыс істеп жүрген мамандар болғандықтан, университет өз тарапынан мүмкіндігінше ыңғайлы күнтізбе қойып, төлемақыдағы күтілетін өзгерістерді де төменгі шекте ұстауға әрекет жасайды», деді Ж.Асан.
АЛМАТЫ