22 Наурыз, 2014

Пайдалы радиация деген бар ма?

1039 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Курчатов қаласындағы ядролық технологиялар паркі жаңаша инновациялық идеялардың отаны болып саналады. «Радиация, түптеп келгенде, пайдалы екен» деген сөзден, әрине, төбе шашың тік тұрып, құйқаң шымырлары сөзсіз. Дегенмен де, мұндай ұғым бар екен. Адамзатқа заман талабына сай пайдасын тигізер ғылымның жаңа саласы деуге болады. 03 (2)-1 Радиациядан пайдалы дүние жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Және де бұл үшін ғалым болу керек. «Ядролық технологиялар паркі» АҚ кеңесінің төрағасы Әділ Төлеуішовтің айтуынша, шығарып отырған өнімдері аса сапалы. Парктің радиациялық стерильдеу бөлімін аралап көргеннен кейін, бұл ғылыми фантастика емес, нағыз шындық екендігін байқадық. Мәселен, осында стерильдеу­ден өткен тамақ өнімдерінің қалбыр-қалыптарында сақталған өнім өзінің пайдалылығын ұзағынан сақтап, дәру­мендері бұзылмайды. Мұндай электронды стерильдеу көптеген дамы­ған елдерде қолға алынған. Олар микробтар мен зиянды заттарды 100 пайыз өлтіре­ді. Бұған жергілікті кәсіп­керлер қызығушылық танытуда, мәселен, қалбырға салып, өз өнімдерін жеткізуде, сақтауда пайдасы мол. – Мәселен, құлпынайды ала­йық, – деді Әділ Төлеуішов, – АҚШ, Оңтүс­тік-Шығыс Азия, Еуропаның бар­лық елдері дерлік осы тәсілді қол­данады. Бұл тиімді, яғни таза күйін­де құлпынай 3 күн сақталады, ал оны сәулеге ұшыратса, 1 ай сақта­лады. Өнімдерді сәулелен­діруге ұшы­рату арқылы шетел­дерге өзіміздің тауар­ларды сапалы түрде жеткізуге болады. Электронды стерильдейтін неме­се зарарсыздандыратын қон­дыр­ғының құны 1 млн. АҚШ доллары тұрады. Қондырғыны ойлап тапқан өзіміздің қа­зақ­стан­дық ғалымдар. «ҚазАгроИнновация» АҚ ауыл­шаруа­шылық өнімдерін қайта өңдеу бойынша бас ғылыми үйлестірушісі Серік Түменовтің айтқанындай, кур­чатовтық ғалым­дардың жаңалығын енді кеңінен пайдалануға болады. – Сіздер фитошай деп дәрі­ханадан алып ішіп жүрсіздер, – деді Серік Түменов, – ол құрғақ шөп, микробтары жеткілікті. Ал мына электронды тазартқыштан өткен шөп-шайлар денсаулыққа нағыз пайдалы. Жақында тағы бір тың дү­ниені қолға алмақ парк қыз­меткерлерінің айтқанындай, мұнай-газ құрылғыларын кешенді түрде тазалаудың химиялық-технологиялық бағдарламасы облыстың индустрияландыру картасына да енгізілген екен. Идея авторы, патент иесі – Әділ Төлеуішов. Бірақ та тіркетуге арналған ресми қағаз жұмыстары көп уақыт алуда. Жақында ғана Астана қаласында фармацевтикалық және медициналық бұйымдардың, азық-түліктердің электронды стерильденуі атты семинар өткен болатын. Осынау халықаралық жиынға қатысып келген «Ядро­лық технологиялар паркі» АҚ ке­ңесінің төрағасы Әділ Төлеуішов Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Украина сияқты 22 мемлекет ішінде Қазақстанның мәртебесі жоғары тұрғандығын ерекше атап өтті. Әсіресе, бір рет қана  пайдалануға болатын медициналық бұйымдарды стерильдеу сапасы барлығының көңілінен шыққан. Медициналық бұйымдарды зарарсыздандыратын құрал ИЛУ-10 электронды жылдамдатқышы деп аталады. – Бізде тағы бір жаңалық, жақында жылу, су құбырларын бекіту, жылыту мақсатында көбікті полиэтиленнен жасалған «Экоизолды» және термобекітуші лента – «Термоизол-Л» дегенді қолдану Павлодар қаласында алғаш рет қолға алынды, – дейді Әділ Төлеуішов. Нәтижесі жақсы көрінеді. – Осының барлығы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атом медици­наға, халық игілігіне қызмет етсін деген бастамасына орай қолға алынып отыр. Міне, қандай тың дүниелер бар, – деді жаңа дүниелерді тамашалау барысында «Семей-Невада» халықаралық антиядро­лық қозғалысының вице-президенті, «Құрмет» орденінің иегері Сұлтан Картоев. – Аталған жаңалықтар елімізде кеңінен қолданысқа шыққаны тиімді, әйтпесе, біз көбіне шетелдік зат­тарды пайдаланып, солардың өніміне тамсанып ауыз ашудан әрі аса алмай келеміз. Сондай-ақ, алдағы уақытта «Ядро­лық технологиялар паркі» АҚ Қазақстанға және шетелге таттанып кетпейтін құбырларды, оларды жылытып, бекітетін бұйымдар мен жылу бөлетін, ішке артық дыбыс жібермейтін бұйымдарды өндіріп, пайдалануға бермек. Тұрғын үй құрылысы саласында да кеңінен қолданылмақ. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА. Курчатов.