Білім • 13 Ақпан, 2022

Студенттер Ресейден бөлек әлемнің 27 елінде білім алу мүмкіндігіне ие - вице министр

672 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Қазақстанда Ресей университеттері филиалдарын ашуға қатысты айтылған сыни пікірлерге үн қатты, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Студенттер Ресейден бөлек әлемнің 27 елінде білім алу мүмкіндігіне ие - вице министр

Ол өзінің Facebook-тегі парақшасы арқылы бұл мәселеге жан жақты тоқталды.

«Мен бұған дейін білім беру секторын жақсарту бойынша Қазақстан мен РФ арасындағы серіктестіктің бірқатар негізгі қағидаттарын түсіндіріп өткенмін. Осыған байланысты көзқарасыммен бірқатар толықтыруларды жеткізгім келіп отыр:

Біріншіден, стратегиялық серіктестік, ең алдымен, екі тарап үшін де өзара тиімді ортақ мақсаттар мен мүдделерге қол жеткізуге бағытталған. Өткен күндері Мемлекет басшысының жұмыс сапары аясында қазақстандық делегация құрамында Мәскеуге барып қайттым. Сапар барысында ресейлік әріптестермен бірқатар маңызды келісімге қол жеткізіп, соның ішінде ҚР Білім және ғылым министрлігі мен РФ ғылым және жоғары білім министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Меморандум ҚР аумағындағы жетекші ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды, сондай-ақ, өз кезегінде Ресейде де қазақстандық ЖОО өкілдіктерін тең негізде ашуды көздейді, бұл екі тарап үшін де тепе-тең құқықтар мен ортақ жағдайларды туғызады.

Екіншіден, мемлекет тарапынан білім беру қызметін лицензиялау ережелеріне сәйкес барлық стандарттар мен сапа деңгейі сақталады. Яғни, ҚР аумағында филиалдарды ашқан кезде ресейлік жоғары оқу орындары маман даярлау жөніндегі қазақстандық лицензиялау ережелерін ескере отырып, қос лицензиялау көзделетін болады. Бұл екі елдің өзара мүдделері ескерілетін екіжақты тиімді ынтымақтастықтың айқын көрінісі.

Үшіншіден, мен бұған дейін де инженерлік-техникалық бейіндегі жоғары білікті кадрлардың қажеттілігін ескере отырып, Қазақстандағы жетекші ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдар желісін кеңейту және Ресейде «Болашақ» бағдарламасы Centre for International Programmes - Bolashaq бойынша мамандар даярлау жоспарланғанын жазған едім. Алайда, бұл біздің студенттер әлемнің жетекші оқу орындарында оқи алмайды деген сөз емес. Қазақстандық студенттер ресейлік ЖОО қоса, әлемнің 27 елінің 200-ден астам университеттерінде үздік білім алу мүмкіндігіне ие. Яғни біздің студенттер үшін РФ университеттері ЖОО таңдау кезінде қосымша балама саналады», дейді ол.

Жалпы өзекті мәселені жан-жақты зерделеген ол алдағы уақытта жастардың ресейлік университеттердің білім сапасы мен деңгейіне іс жүзінде өздері баға беретінін тіліне тиек еткен.