Үкімет • 16 Ақпан, 2022

Басты мақсат – халықтың табысын арттыру

992 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі іс-шаралар қаралды.

Басты мақсат – халықтың табысын арттыру

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

44 тапсырма орындалды

Еліміздің экономикалық дамуы сала­сындағы тапсырмаларды іске асыру туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндады. Елдегі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыру мақсатында биыл қаңтар айынан бастап Мемлекет басшысы жедел және жүйелі сипаттағы 140 тапсырма берді. Бүгінгі таңда 44 тапсырма орындалды. 32 тапсырма аяқталу сатысында.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқаты мен табысын арттыру, теңсіздікті азайту және жұмыс орындарын ашу, инвестициялар тарту, шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде нақты міндеттер қойды. Осы міндеттер аясында Ұлттық экономика министрлігіне 5 тапсырма бекітілді. Олар – халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу; инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін әзірлеу; шағын бизнесті қолдауға, қорғауға және дамытуға бағыттай отырып, «Атамекен» ҰКП-ны реформалау; «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының тиімділігіне талдау жүргізу; майнингке салықты бірнеше есе арттыру.

Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу жөніндегі тапсырманы орындау шеңберінде еңбек нарығына, өмір сүру деңгейі мен кедейлік көрсеткіштеріне, халықтың кірістері мен шығыстарының құрылымына талдау жүргізілді. Талдау нәтижесінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға кедергі келтіретін негізгі себептер анықталды. «Анықталған мәселелерді жою мақсатында бағдарлама 4 бағыт бойынша кешенді шараларды іске асыруға бағытталатын болады: халықтың еңбек қызметінен түсетін табыстарын арттыру; кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыстарды арттыру; жоғары өнімді жұмыс орындарын құру; жұмыс күшінің дағдыларын арттыру», деді Ұлттық экономика министрі.

Халықтың табысын арттыру бағдар­­ламасын әзірлеу шеңберінде әртүрлі делдалдар мен монополиялық оператор­лардың комиссиялары мен тарифтерін төлеудегі халықтың қосымша шығыстарын қысқарту жөніндегі шаралар пысықталуда. Ә.Қуантыровтың айтуынша, бүгінде Үкімет кірме жолдарды ұсыну қызметтері бойынша тарифтерді төмендетуде жедел шаралар қабылдады. Осылайша, кірме жолдардың ірі теңгерім ұстаушысы болып табылатын «Көліктік сервис орталығы» АҚ үшін тарифтер 92%-ға төмендеді. Сондай-ақ Павлодар облысында кірме жолдарды ұсыну қызметтерін көрсететін «Arman Kala Limited» ЖШС үшін тарифтер 93%-ға төмендеді. «Көрсетілген шара «Богатырь көмір» ЖШС өндіретін көмірдің құнына жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, биылғы 1 ақпаннан бастап еліміздің бірқатар өңірінде кірме жолдарды ұсыну қызметтерін жүзеге асыратын 21 субъектіге тарифтер орта есеппен 80%-ға төмендеді. Бұл шара энергетикалық көмір құнына және әлеуметтік маңызы бар та­уарлар бағасына теріс әсерді болдырмауға мүмкіндік береді», деді Ұлттық экономика министрі. 

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев­тың айтуынша, Президент тапсырмасын орындау мақсатында кеден саласын тәртіпке келтіру жөнінде жедел және жүйелі шаралар қабылдануда. Оның ішінде, әсіресе, цифрландыру басым бағыт болады. Жедел шаралар бөлігінде декларацияларды бақылау және шығару жөніндегі кедендік функциялар орталықтандырылды. 9 уәкі­летті экономикалық операторға және басқа да ірі импорттаушыларға қатысты тексерулер аяқталуда. Шекарадағы электронды кезек жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Уәкілетті экономикалық операторларға қойылатын біліктілік талаптары заңнамалық түрде күшейтіледі. «АСТАНА-1 және Е-терезе ақпараттық жүйелері жетілдірілуде. Тәуекелдерді басқару жүйесіне субъектіге бағдарланған тәсіл және деректерді интеллектуалды талдау енгізіледі. Электронды шот-фактуралар негізінде тауарларды қа­дағалау жүйесін одан әрі дамыту жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Бұл импорттан бастап тұтынушыға дейінгі бар­лық өткізу тізбегі бойынша салықтық бақы­лау жасауға мүмкіндік береді», деді Е.Жа­мау­баев.

Сонымен қатар ҚХР-мен кедендік ста­тистиканың алшақтығын төмендету, сон­дай-ақ кедендік инфрақұрылымды жаң­ғырту бойынша кешенді шаралар қабыл­дануда. Жалпы, биыл кедендік әкімші­лендіруді күшейту есебінен респу­б­ликалық бюджетке қосымша шамамен 150 млрд теңге түседі деп жоспарлануда.

Шетелге заңсыз әкетілген қаражатты және онда сатып алынған активтерді қайтару жөніндегі ұсыныстар бойынша бүгінгі таңда салықтық әкімшілендіру мақсатында ақпарат алмасу бөлігінде халықаралық ынтымақтастықта құқықтық база дайындалды. Атап айтқанда, қаржылық шоттар бойынша автоматты түрде ақпарат алмасу туралы Көпжақты келісім шеңберінде 62 юрисдикциядан ақпарат алу рәсімделді. Бұл 2019 жылдан бергі кезеңді қамтиды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, барлық мүдделі мемлекеттік орган басшыларының қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Капиталды елге қайтару және шетелге, оның ішінде оффшорлық юрисдикцияларға қаражаттың кетуіне қарсы бағытталған шараларды күшейту жөнінде нақты ұсыныстар әзірленеді.

Мемлекеттік сатып алу процесі толығымен электронды форматқа көші­рілді. Бүкіл процесс айқын және бар­лығына қолжетімді. Қабылданған шара­лардың нәтижесінде соңғы жылдары бір көзден тікелей сатып алу үлесі 64%-дан 39%-ға дейін қысқарды.

Биылдан бастап «Самұрық-Қазына» қо­рын қоса алғанда, ұлттық компания­лар­дың сатып алуын реттейтін заң қол­данысқа енгізілді. Ұлттық компанияларда бір көзден сатып алудың 12 негізі, ал Қор бойынша 10 негіз қысқартылды. «Қордың сатып алу тәртібін қайта қарау жұмысы жүргізілуде. Бұл ретте, холдингішілік кооперация шеңберінде сатып алуды алып тас­тау ұсынылуда. Қормен бірлескен жұмыс жалғасуда», деді Е.Жамаубаев.

Субсидиялар әділ бөлінуі керек

Еліміздің агроөнеркәсіптік кеше­нін­дегі тапсырмаларды іске асыру туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саланы мемлекеттік қолдау жүйесін түзету бойынша ұсыныстар әзірленді, олар ең алдымен, жүйенің тетіктерін оңайлатуға және бағыттарды оңтайландыруға, шаруашылық жүргізудің мөлшері мен нысанына қарамастан, барлық субъекті үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталады. «Қазіргі уақытта ұсы­ныс­тарды құрылған агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыс тобы қарауда, оның төрт отырысы өтті», деді Е.Қарашөкеев. 

Жұмыс топтарының қорытындылары бойынша өңірлерден, салалық одақтар мен қауымдастықтардан, жұмыс тобы мүшелерінен агроөнеркәсіптік ке­шен­ді субсидиялаудың жаңа жүйесіне көп­теген ұсыныс мен ескерту түсті. Олар жүйелендіріледі және негізді болса, суб­сидиялау жүйесін пысықтау кезінде еске­ріледі. Жұмыс топтарын жүргізу қоры­тындысы бойынша, 2022 жылғы наурызда субсидиялау жүйесін жетілдіру бо­йынша түпкілікті өзгерістер топтамасын Үкіметтің қарауына енгізу жоспарлануда.

Субсидиялаудың жаңа жүйесінің басты жаңалықтарының бірі – цифрлы форматқа көшіру. Қазір субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесін әзірлеу жұмыстары аяқталуда. Оның негізгі функционалы автоматты режімде субсидия алушылардың тізілімін қалыптастыру, олардың Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы сыныптауышы бойынша ауыл шаруашылығы та­уарын өндірушілер санатына сәйкестігін тексеру, субсидия алушылардың қарсы міндеттемелерін тіркеу және олардың орындалу дәрежесін, субсидиялар алу кезектілігін және қанағаттандырылмаған өтінімдердің күту парағын бағалау болмақ.

Е.Қарашөкеевтің айтуынша, агро­өнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау жөніндегі іс-шараларды өткізу үшін «Кең дала» бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жеңілдікпен кредит беруге 70 млрд теңге бөлінді, ал Азық-түлік корпорациясының форвардтық сатып алу бағдарламасы арқылы 80 млрд теңге бағытталады, бұл өткен жылғыдан 2 есе көп.

Халықты жайылымдық алқаптармен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақ­сатында министрлік пайдаланылмайтын жерлерді мемлекеттік меншікке қай­тару бойынша тұрақты негізде шаралар қа­былдауда. «2021 жылғы 1 қаңтардан бас­тап барлық жерде ауыл шаруашылығы жер­лерін пайдаланудың ғарыштық мони­торингі енгізілді. Ғарыштық монито­рингтің алдын ала нәтижелеріне сәйкес республика бойынша 22,4 млн гектар ауыл шаруашылығы жері, оның ішінде 1,1 млн гектар егістік және 21,3 млн гектар жа­йылым анықталды, олардың 3,2 млн гектары мемлекеттік меншікке қайтарылды, мұның 3 млн гектары – жайылымдық, 223 мың гектары – егістік жерлер», деді Е.Қарашөкеев.

Денсаулық сақтау жүйесіндегі тап­сыр­малардың орындалуы туралы Ден­саулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндады. Мемлекет басшысы «СҚ-Фар­мация» ар­қылы барлық медициналық тех­никаны орталықтандырып сатып алуға көшуді тапсырды. Министрлік 2021 жылы барлық техника бойынша түгендеу жүргізді, оның қорытындысында денсаулық сақтау ұйымдарының жа­рақтандырылу деңгейі 83%-ды құрады, медициналық техниканың тозуы 49,6% деңгейінде болды.

Денсаулық сақтау министрлігі қол­даныстағы «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын іске асыру кезеңінде бірінші кезеңде 2025 жылға дейін 5 университеттік аурухана және 3 көпбейінді аурухана салуды жоспарлап отыр. Бұл ретте, қалған 12 жоба 2026 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізіледі.

Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрі Серікқали Брекешев кәдеге жарату алымы мәселесіне тоқталды. «Кәдеге жарату алымын әкімшілендіру және тиісті қаражатқа иелік ету функция­лары мемлекеттің 100% пайыздық үлесі бар ведомстволық бағынысты ұйым – «Жасыл даму» АҚ-ға берілді. Оның дирек­торлар құрамы бекітілді. Айта кету керек, директорлар құрамына қоғам өкілдері кірді. Сондай-ақ күн сайын «Атамекен» ҰКП алаңында кәдеге жарату алымының мөлшерлемесін қайта қарау мәселесі бойынша қоғамдастықтың, бизнестің және мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жұмыс тобының отырыстары өткізілді», деді С. Брекешев.

Ол қазір кабельді-өткізгіш өнімдерге кәдеге жарату алымын алуды 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтата тұру шеші­мі қабылданғанын еске салды. Мөлшер­ле­мелерді қайта қарау жұмысы Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, айдың соңына дейін аяқталады.

Су кодексін әзірлеу мақсатында ми­нистрлікпен реттеушілік саясаттың кон­сультативтік құжаты дайындалды. Бұл бойынша қоғамдық талқылау басталды. «Сарапшылардың қатысуымен тиісті жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ жаңа Су кодексінің тұжырымдамасын әзірлеуге кірістік», деді Экология министрі. 

Су кодексінің негізгі бағыттары мынадай: елдің су-ресурстық әлеуетін сақтау; су пайдаланушыларды су үнемдеу технологияларын пайдалануға ынталандыратын тетіктерді айқындау; су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуды қолдау үшін мемлекет-жекешелік әріптестікті қолдануды ынталандыратын тариф белгілеу моделін құру; Қазақ­стан­ның су ресурстары әлеуетін есепке алу және болжау, мониторингілеуді цифр­лан­дыру, сондай-ақ су ресурстарын бас­қа­­рудағы ғылымның рөлін арттыру; Ұлт­­тық заңнаманы халықаралық құқық қағи­дат­тарымен үйлестіру. Кодекс жобасын Пар­ламент Мәжілісіне келесі жылдың жел­тоқ­сан айында енгізу жоспарланып отыр.

Шұғыл шараларды қажет етеді

Мәселені Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қорытындылады. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің осы жылға арналған негізгі әлеуметтік-экономикалық даму ба­сым­дықтарын айқындап берді. Үкіметтің ең маңызды міндеттерінің бірі – халықтың табысын арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру», деді Ә.Смайылов.

Президенттің тарифтік жоспарлар жөніндегі тапсырмасын орындау аясында монополист операторлар мен дел­дал­дар алып отырған тарифтер мен комис­сияларға бір ай ішінде талдау жүргізіп, оны қайта қарау немесе алып тастау жө­нінде шешімдер дайындау тапсырылды.

Премьер-Министр Мемлекет бас­шы­сының тапсырмаларын іске асыру аясында тау-кен секторында пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық мөлшерлемесін, мұнай өнімдерін өндірушілерге арналған акциздерді, жер қойнауын пайда­ланушылардың дивиденттері бойынша жеңілдіктерді және трансферттік баға белгілеу тәртібін қайта қарау бойынша ұсыныстар әзірленгенін атап өтті. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу және диқандарды арзандатылған дизель отынымен, тұқыммен, тыңайтқыштармен және пестицидтермен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Қомақты мемлекеттік қаржыландыру мен қолдау шараларына қарамастан, Арнайы экономикалық аймақтардың ел эко­номикасына қосып отырған үлесі өте төмен деңгейде қалып отыр. «Басқа­рушы компаниялардың жұмысы тиімсіз. Әлеуетті инвесторлар арнайы эконо­ми­калық аймақтарға кіру, қажетті инфра­құ­рылымның болмауы, басқарушы компа­ниялардың салғырттығы сияқты үнемі түрлі кедергіге тап келеді», деген Ә.Сма­йылов тексеріс жүргізіп, 1 наурызға дейін нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Тауарлық және сұйытылған газ өнді­рісін ұлғайту, сондай-ақ мұнай-газ сала­сындағы инвесторлар үшін ынталандыру шараларын әзірлеу мақсатында Үкімет басшысы бір ай ішінде Үкіметке тиісті заңнамалық түзетулер топтамасын енгізуді тапсырды. «Ресурстық базаны ұлғайту мәселесі өте өзекті болмақ. Негізгі басымдық – ішкі нарықты, оның ішінде кәсіпорындарды газдандыру», деді Премьер-Министр отырыс барысында.

Сонымен қатар Үкімет басшысы ауру­ханалар салуда мемлекет-жеке­меншік әріптестігі жобасының бірыңғай және оңтайлы нұсқасын әзірлеуді, шұғыл түрде «СҚ-Фармация» базасында медициналық техниканы бір орталықтан сатып алу, оның ішінде өндірушілерден бүкіл пайдалану мерзіміне сервис ұсына отырып, тікелей сатып алу мәселелерін пысықтауды тапсырды. Сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін бұл процесті толы­ғымен автоматтандыру қажеттігін айтты. «Қазіргі жағдайда жұдырықтай жұмылып, нақты нәтиже көрсетуіміз қажет. Басты міндетіміз – халықтың табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту. Сонымен қатар бәсекеге қабілетті және әртараптандырылған экономиканы дамы­туға күш салуымыз қажет», деді Ә.Сма­йылов.