Аймақтар • 16 Ақпан, 2022

Жаңашыл қадам тірліктің тамырына қан жүгіртеді

211 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарағанды өңірінде қоғамдық көліктің мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Бұл бағытта қатаң шараларға бармаса, жағдайдың оңалатын түрі жоқ. Неге десеңіз, автопарк қожайындары кемшілікті жою туралы ауызбен орақ орғанымен, іске келгенде тайғанақтық танытып жүр.

Жаңашыл қадам тірліктің тамырына қан жүгіртеді

Алыстан арбалағанша...

Облыстағы ірі қалаларда авто­бустардың маршрутқа шығу кес­тесі сақтала бермейтіні де өзек­ті проблеманың бірі. Со­ның кесірінен адамдар барар жер­леріне үнемі кешігіп жүреді. Мәселен, Қарағанды қаласында жоспар бойынша 202 автобус маршрутқа шығуы тиіс болса, ал шын мәнісінде оның 160-қа жуығы ғана жолаушыларға қыз­мет көрсетеді екен.

Осыған орай облыс басшы­лы­ғы автопарктерге қойылар талапты күшейтуді ойластырып отыр. Яғни мынадай қағида жүзеге асырылатын болады: автопарктер көліктерді жаңасына ауыстырса, оларға маршруттар бе­ріледі. Ал ескі-құсқымен сал­дыр­латып жүре берер болса, онда маршрут атаулыдан қа­ғы­­лады.

Бір есептен мұндай талап­тың жөні бар. Неге десеңіз, об­лыста автобус шығаратын за­уыт жұмыс істейді, сапасы тәп-тәуір көлік шығарып тұр. Ал оның өнімін неге пайдаға жа­ратпасқа?!

Дегенмен, бұл салада да оң бағыттағы қимыл-қозғалыс бай­қа­лады. Қарағанды қала­сы­ның әкімі Ермағанбет Бөлекпаев берген мәліметке сүйенсек, қа­ла бойынша жолаушылар кө­лі­гінің 60%-ы жаңартылмақ. Яғни автопарктермен жаңа автобустар сатып алу жөніндегі келісімге қол жеткізілген.

Айта кету керек, Жолау­шы­­лар көлігі және автомобиль жол­дары басқармасының мә­лі­метіне сүйенсек, бүгінде Са­ранда жасалған 40 автобус Қа­рағандыда жолаушы тасып жүр. Сонымен қатар дәл сондай 20 автобус Теміртауда, тағы 20-сы Жезқазғанда және 11-і Саран қаласында қызмет көр­сетеді.

Алда тұрған маңызды мін­дет­тің бірі – электронды билет сату жүйесіне көшу. Түп­теп келгенде, мұның өзі жо­лау­шылардың нақты санын білуге мүмкіндік береді. Ал бұл дегеніңіз жолаушылар тасы­ма­лын қалыпты түрде субсидия­лау мәселесінде ескеретін ма­ңы­зы зор көрсеткіштің бірі бол­мақ.

Жалпы, облыс басшы­лы­ғының автобус парктерін жаңалау тұрғысындағы табанды әрекеті қолдауға тұрарлық саясат. Бұл біріншіден, жолау­шы­ларға сапалы қызмет көр­се­тудің алғышарты болса, екін­ші­ден, отандық өнімді қолдауға ба­ғыт­талған жанашырлық қа­дам. Бұдан тараптардың ұтыл­­масы анық. «Алыстан ар­ба­­лағанша, жақыннан дорбалау» тәмсілінің тиімділігі дәл осы отандық автобус мәсе­ле­сін­де маңызды рөл ойнайды-ақ.

Жалға алғанның жаны тыныш

Облыста әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа қағидаты қолданысқа енбек. Ма­мандардың айтуынша, бұл жерде баспананы жалға алуға баса назар аударылмақ. Бұл турасында облыс басшысы Жеңіс Қасымбек те өзінің кесімді пі­кі­рін білдірген.

– Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында Президент тұрғын үйді жалға беруді қолдауға баса назар аударылатынын айтты. Олар шектеулі мөлшерде салынатын болады. Ең бастысы, жалға беруге басты назар аудару қажет. Бүкіл әлемде осылай болып жатыр, сондықтан әкім­дік­тер өз жұмыстарын қай­та құруы тиіс, – деп түсін­дір­ді өңір басшысы.

Әлбетте, бұл ұзын сонар ке­зекте тұрғандардың қамы үшін жасалмақшы. Мұндағы іс-әрекеттің реті мынадай: мемлекет кезекте тұрған табысы төмен отбасылары үшін тұрғын үйді жалға алудың бір бөлігін өтейді. Ал Президенттің тапсырмасы бойынша тұрғын үй төлемдері жөніндегі бағдарлама 2022 жылдың мамыр айында іске қосылуы тиіс.

Алдағы уақытта облыста тұрғын үй құрылысы саласында бос тұрған үйлерді қалпына келтіруге, жалға берілетін және несиелік тұрғын үйді сатып алуға басымдықтар беріледі. Бұл туралы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Абзал Жайлыбаевтың мәлімдемесі бар.

Мысалы, былтыр облыста 500 пәтер сатып алынса, оның 350-і бастапқы нарыққа тие­сілі болған екен. Бұл жерде мер­ді­герлік ұйымдар тұрғын үй са­па­­сының жоғары болмағына өздері-ақ мүдделілік танытатын болады. Неге десеңіз, сапасы тө­мен үйді әкімдік енді сатып ал­майды.

Жалпы алғанда, Қарағанды облысында тұрғын үй құры­лы­с­ының қарқынды жүріп жат­қанын бұрын да айттық. Мысалы, өңірде «Нұр­лы жер» мемлекеттік бағдар­ла­масы аясында барлық қаржы­лан­дыру көзі есебінен 662 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 7 мыңға жуық пәтер пайда­ла­нуға берілген. Бұл шынында да бұрын-соңды болмаған же­тіс­тік. Ал алдағы міндет бұдан да зор. Биыл облыста 708,2 мың шаршы метр немесе 8 мыңға жуық пәтер салу жоспарда бар.

Дегенмен, мұның өзі де жақын арада баспана мәселесін түбегейлі шеше алмайды. Ал жал­ға беру қағидаты белсенді түрде іске асырылатын болса, онда жағдайдың біршама жеңілдері анық. Тұрғындар да жоқшылықтың беймаза тір­лі­гі­не­н арылып, жан тыныш­ты­ғын табар еді деген сенім бар.

 

Қарағанды облысы