Қоғам • 16 Ақпан, 2022

Дарындылар дара шықты

464 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көкше жерінде өткен XVII республикалық «Зерде» байқауында 2-7-сынып оқушыларының зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстары сынға түс­кен болатын. Конкурс қоры­тындысында Қарағанды облысынан қатысқан 18 жас зерттеуші жоғары нәти­желерге қол жеткізді.

Дарындылар дара шықты

Нақтырақ айтар болсақ, Арқа төсінің дарынды өрендері екі алтын, бес күміс, үш қола жүлдеге және үш грамотаға иелік етті.

Білім және ғылым минис­трлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған байқаудың қа­зылар алқасы ұзын саны 62 ко­ман­даның, 423 оқушының ең­бегін, сондай-ақ  361 жұптық және 299 жеке жұмысты сараптау­дан өткізіп, тиісті бағасын берді.

Аталған конкурста Қара­ған­дыдағы №101 мектеп-ли­цей­дің 4-сынып оқушысы Мерей Жұмаділдина І дәрежелі дип­ломға ие болды. Жас зерттеушінің тәлімгері Рыскүл Манастың айтуынша, Мерей байқауда «Үш мың жылдық тарихы бар Сарыарқа» атты жобамен бақ сынаған.

– Қазіргі Қазақстан археологиясы тарихындағы айтулы жаңалықтың бірі – Орталық Қазақстан аумағынан табылған пирамида. Археологтар бұл ежелгі қорымды қола дәуірдің «Беғазы-Дәндібай» мәдениетіне жатқызады. Ғалымдардың па­йым­дауынша, үш мың жылдық қорым сол замандағы хандардың біріне арналып салынған. Пира­миданың құрылысы да ерекше. Жоба барысында Мерей «Қа­ражартас» қорымының сыртқы құрылысы туралы айтып берді, – дейді Р.Манас.

Сондай-ақ Мерей Жұма­діл­дина Сарыарқа пирамидасын Мысырдағы пирамидалармен салыстырып, түрлі бейне репортаждар жасаған.

 

Қарағанды облысы